Кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ағымдағы бірінші жартыжылдықтың жұмысын қорытындылады. Олардың мәліметі бойынша осы кезең ішінде 4,5 мыңға жуық қылмыстар анықталып, 4 мыңнан астам іс сотқа жолданды. Мемлекетке келтірілген 160 млрд.теңге залалдың 133,5 млрд. теңгесі қайтарылды. Мыңнан аса сыбайлас жемқорлық қылмыс анықталды, 700-ге жуық қылмыстық іс сотқа жіберілді. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің жартысынан көбін парақорлық пен бюджет қаражатын талан-таражға салу құраған.
Осы жарты жыл ішінде ғана 3 мыңнан астам экономикалық қылмыстың жолы кесіліп, олардың үштен бірі салық төлеуден жалтару мен жалған кәсіпкерлік болған. Жалған кәсіпорындардың есеп-шоттары арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға заңсыз ауыстырумен айналысатын 23 қылмыстық топ қолға түсті.
«Қорғас» және «Қалжат» кедендік бекеттері арқылы тауарларды контрабандалық жолмен өткізумен ұзақ уақыт айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты қылмыстық істе жаңа мән-жайлар ашылыпты. Материалдық сыйақы үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қамқорлық жасаған құқық қорғау және кедендік органдардың кейбір лауазымды түлғалары да қамауға алынған. Әрбір көліктен алынатын заңсыз төлемнің мөлшері 25-30 мың АҚШ долларын құраған, оның тек 5 мың доллары ғана бюджетке түсіп, қалғаны қылмыстық топ мүшелері мен олардың қамқоршыларына берілетін параға жіберілген.
Бір жылдың ішінде ғана қылмыстық топ мүшелері мен құқық қорғау органдарының жеке лауазымды тұлғаларының контрабандалық тауарды кедергісіз алып кіруі үшін алған материалдық сыйақысы 100 млн. долларға дейін жеткен.
Ал бұдан бұрын Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Ташенова мен Жоғарғы Сот судьясы Жәкішевке қатысты мемлекетке 495 млн.теңге залал келтіру және қызмет өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Енді Ташеноваға қатысты аса ірі мөлшерде 70 мың АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша, ал Жәкішевке қатысты – аталған сомада пара беру фактісі бойынша қылмыстық істер қосымша қозғалды. Бұған қоса тағы да Ташеноваға қатысты бюджетке 386,6 млн.теңге көлемінде салықты түсірмеуге себеп болған қадағалау өндірісін қозғаудан бас тарту қаулысын шығару фактісі бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалған.
Жалпы аталған мерзім ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін 14 орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен 200-ден астам жергілікті органдардың лауазымды тұлғалары жауапқа тартылған көрінеді. Алқа отырысында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров Елбасының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа және «көлеңкелі экономикаға» жүйелі түрде қарсы тұру, азаматтар мен мемлекеттің құқықтарын қорғау, кіші және орта бизнес субъектілерін олардың қызметіне заңсыз араласудан қорғау қаржы полициясы органдарының қызметіндегі басымдықтар болып табылатындығын атап өтті.
АлександрТАСБОЛАТОВ.