16 Шілде, 2011

Сандық басқару жүйесі бүгінгі күн талабынан шығып отыр

653 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Орал өңірінде биылғы бірінші жартыжылдықта іске қосыл­ған инвестициялық жобалардың арасында газ айдау агре­гат­та­ры­на арналған турбиналы және ком­прессорлы қалақтар өнді­рі­сі­нің орны айрықша. Осы арқылы ол еліміздің индустрияландыру картасының бел ортасынан ойып орын алып отыр. Сонымен бірге жаңа өндіріс соңғы кезде өріс ала бастаған «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасын іс­ке асырудағы іргелі қадам болуы­мен де ерекшелене алады. – Аталмыш жобаны өндіріске енгізу арқылы республикада тұң­ғыш рет турбиналы және ком­прес­сорлы қалақтар шығару мүм­кіндігі жасалды. Оған гер­ма­ниялық қондырғылар қойылған. Ең бастысы, ол сандық жүйе арқылы басқарылады. Әлемдік өлшемдерге сай келетін жаңа жоба ірі кәсіпорындардың ма­ңа­йынан шағын және кіші өн­ді­рістер құру жөніндегі Елбасы тапсырмасына сай іске асты, –деді газет тілшісіне Батыс Қазақ­стан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев. Елімізде баламасы жоқ бірегей жобаның тағы бір артық­шы­лығы – аса қатты, мызғымас металдарды өңдеуге жол аша­тын­дығы. Осы күрделі үрдіске қолданылатындығы. Осынау тең­десі жоқ шетелдік қондырғыны өндіріске орнықтыру арқылы мұн­таздай тазалықтың шын мә­ніндегі жоғарғы сатысына және металды өңдеудің микрондық дәлдігіне қол жеткізуге бола­тын­дығы өз алдына бір бөлек әңгіме. Жаңа технологияның соңғы үлгісі бойынша жұмыс істейтін нысан өндірісшілерден жоғары біліктілік пен кәсіби шеберлікті қа­жет ететіні айтпаса да белгілі. Осы орайда мұнда биік өнді­рістік талаптар деңгейіне жауап бере ала­тын қазақстандық ма­ман­дар­дың жұмыс істеп жат­қа­нын атап ай­ту­ға тұрарлық мәселе. Олардың бәрі де Германияда ар­найы оқу курс­тары мен әзірлік­тен өткізілген. Турбиналы және компрес­сор­лы қалақтар өндірісі тұтастай ел өнеркәсібіне нендей үлес қосып, нендей ықпалын тигізе алады? Бұл сауалдың жауабы да мейлінше қарапайым. Әрі оған қайта­рылар жауап та қазірдің өзінде әзір деуге болады. Яғни рес­пуб­ликадағы сарапшы мамандар жо­ғарыда аталған өнім түрі бой­ынша жаңа инвестициялық жоба Қазақстанның ұлттық компа­ния­ларының қажеттілігін толықтай өтей алады деп ұйғарым жасап отыр. Сонымен бірге оны экс­портқа шығарудың тиімді де оң­тайлы жолдары қарастырылған. Дәл қазіргі күні жаңа өндіріс өнімі, соның ішінде тепловоз­дардың двигательдеріне арнал­ған қалақтар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа жөнелтілуде. Сондай-ақ алдағы уақытта тур­биналы қалақтармен «Интергаз Орталық Азия» АҚ жүйесін жаб­дықтау жағы да ойластырылған дейді мұн­дағы өндіріс жетекшілері. Бірегей өндіріс орнының жыл­­дық өндірістік қуаты бес мың дана турбиналы қалақтар шығаруға лайықталған. Мұны құндық ұғ­ым-түсінікке сайғанда 600 миллионнан астам теңгені құрамақ. Жо­баның құны 414 миллион теңге. Тауар өндірудегі қазақстандық үлестің көлемі жетпіс пайыз құ­райды. Бүгінгі күнге дейін жаңа жұмыс ор­нын­да үш мыңнан астам турбиналы қалақтар шыға­рыл­ған. Егер осы қарқынынан тө­мендемесе, жоба­ны іске асыру­шы­лар жылдық межені арты­ғы­мен алатыны аңғарылады. Түйіп айтқанда, инновация­лық өңірде тұсауы кесілген қа­нат­қақты инвестициялық жоба им­портта­ла­тын тауарлар көлемін едәуір қыс­қартуға жол ашты. Сонымен бірге экспортқа лайық­талған өнім­дер­дің үлес салма­ғының артуына ал­ғышарттар қа­лады. Бұған қоса жаңа жұмыс орындары ашылуына әрі са­лық­тық түсімдер арқылы бюджет қоржынын толықтыруға септігін тигізді. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Суретте: жобаға сәйкес ор­натылған қондырғы.