Үкімет назарына
Екінші дүниежүзілік соғыс талайдың шаңырағын ортасына түсіріп, талайдың көз жасын көл еткені белгілі. Ол сол кездегі жалынды жастардың да жүрегін жаралап, отан үшін отқа түскен боздақтарға да өз кесір-кесапатын тигізбей қоймады. Солардың бірі мен едім.
Ел қатарлы майданға аттанып, жаумен соғысып, жеңісті көзбен көру сол кездегі әскерге жасы жеткен кез келген жігіттің азаматтық тілегі еді. Қолыма қару алып, жау шебіне аттануды тағдыр маған 1943 жылы жазыпты. Жиырмаға жетеқабыл жастағы мен фашистерге қарсы алғашқы ұрысымды сол жылдың 12 шілдесінде бастадым. Біздің рота неміс пулеметшілері мен әскерлеріне ұрыста тойтарыс беріп, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен еді сонда. Сол ұрыста: «Отан үшін, Сталин үшін!» деп шайқасқа көтеріле шыққанымда, неміс мергенінің оғы маңдайыма тиіп ауыр жарақаттандым.
Далалық госпитальға әкелгенде, айнадан екі көзімді де көріп тұрдым. Алайда, емдеуші дәрігер: «Оқ кірген тесік бар, бірақ ол шықпаған, сондықтан да оң көз арқылы тиген оқты аламыз», деді. Солай болды да. Сонымен не керек, оң көзім алынып, мен алғы шепте соғысты жалғастыра бердім. Тек үшінші жарақаттан кейін Курск бағытындағы шабуыл алдында сап түзеп тұрғанымызда тексеруші, Кеңес Одағының маршалы В.И.Чуйков менің көзімнің байланғанын көріп шақырып алды да, неге байлаулы тұрғанын сұрады. Мен көзімнің жоқ екенін айттым. Сонан соң ол мені өзімен бірге алғы шептен алып кетіп, 53-ші армияның саяси бөліміне орналастырды.
Әйтсе де менің бұл жұмысқа көңілім толмады. Қару алып майданға аттанғым келді. Бұл ойымды аталған бөлім командиріне айттым. Сонда сөзімді байыппен тыңдап болып ол: «Балалық жасама, маршал саған протез жасатуды бұйырған», деп қысқа қайырды. Салым суға кетіп мен қалдым. Хош, сонымен мен 1944 жылы сол уәде бойынша саяси бөлімнің жолдамасымен Крюков қаласына әскери госпитальға келіп, протез салдырттым. Обалы нешік, бұл жердегі бас дәрігер менің маршалдың бұйрығымен келгенімді ескеріп, қолдан келген көмегін аяған жоқ. Міне, содан бері көз протезін пайдаланып келемін.
Елге 1946 жылы оралып, протезімді уақытында ауыстырып тұрдым. 1958 жылы бір жолдасыммен қатарласып келе жатқанда, кенет аяғым тайып кетіп, оның қолы менің маңдайыма тигені бар. Енді мына қызыққа қараңыз, содан кейін мұрнымнан баяғы тиген неміс оғы түсе қалғаны. Ол кездегі өкінішті дұшпанымның басына бермесін. Сөйтіп бір көзден текке айырылғанымды арада он үш жыл өткенде бірақ біліп, аңырып қалдым. Амал не, тірі қалғанымды медет тұтып жүре бердім. Ал 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай облыстық музей қызметкерлері үйге келіп, әлгі оқты мұражай сөресіне қойды.
Бір көзімді соғысқа қалдырып, оның зардабын күні бүгінге дейін тартып келген маған бертінге дейін оны ауыстырып тұруда проблема болған жоқ-ты. Мені қынжылтқаны Үкіметтің арнайы қаулысына (№754, 2005 жылғы 20 шілде) көз протезінің кіргізілмегендігі болып отыр. Мұның себебін маған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау министрлігінің 2008 жылғы 22 мамыр, №13-21-322/ И хатына сүйене отырып, көз протезінің көруге пайдасы жоқ екенін айтады. Онда протез жасап не керек? Осыдан кейін протез салдыру қиямет-қайымға айналды. Бір есік бір есікке сілтейді. Жүйкем де жұқарып бітті. Әуре-сарсаң көбейді. Қартайған, өзі мүгедек жанға бұл айтарлықтай ауыр салмақ екені айтпаса да түсінікті.
Иә, мен қартайған адаммын. Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұр. Құдай бетін әрі қылсын, келешекте біздің сарбаздар жаттығу алаңдарында, тәртіп сақшылары төтенше қызметтерінде көз жарақатын алса не болмақ? Сонда да жоғарыдағыдай көз протезінің қажеті шамалы деген жауапты алдарына жайып отыра береміз бе? Міне, бұл қатты ойланатын шаруа. Алдағы уақытта Үкімет мұны бақылауға алып, арнайы қаулыға енгізбесе, жағдайдың қиыны сонда болмақ.
Ғизат ТОҚТАБАЕВ, Ұлы Отан соғысының 2-ші топтағы мүгедегі.
Ақтөбе.