Адамның тағдыры деген қызық қой. Жоспарлап, сызып, жөндеп қоя алмайсың. Отағасым Жүрсін екеуміздің кездесуіміз де тағдырдың ісі деп ойлаймын. Мектепті бітіргеннен кейін Алматыға оқуға келдім. Жақсы оқитын едім. Екі сабақты ойдағыдай тапсырып, үшінші емтиханға дайындалып жүрген кез еді. Біздің ауылдан келген қыздардың біразы емтиханнан “құлап” ауылға кететін болды. Апамның бауырынан ұзап шығып көрмеген басым далада қалатындай көрініп, солармен еріп ауылға қайтып кеттім. Сол қылығым үшін Сайлау көкемнен әлі ұяламын. Сөйтіп, ауылға келген соң қыздармен бірге Жездідегі мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға түстім. Алғашқы демалыс та келді. Шешемнің сіңлісінің үйінде тұратынмын. Күздің суық күндері болатын. Көліксіз ауылға бара алмай қалып, жылап жатыр едім, жездем келіп өздері тұратын жердегі тойға шақырды, қайтарда өзім әкеліп саламын деп алып кетті.
Той “Байқоңыр” совхозының бөлімшесінде өтті. Ол кездің басқосуы қызық болатын, “вечер” дейміз ғой. Арақ ішіп, мас болу деген жоқ, жастар жиналып, түрлі ойын ойнайтынбыз. Сол күні “телефон” деген ойын ойнадық. Қағазға сұрағын жазып, қалаған адамына жібереді. Оны көпшілікке оқып беруің керек. Жездідегі аудандық газетте істеп жүрген бұйра шашты, әдемі жігіт Жүрсін сол тойда маған алғашқы хатын жазған. Ертесіне трактордың тіркемесіне шөп төсеп, “жайлы” көлікпен Жездіге бірге қайтқанбыз.
Жүрсінді көп сынадым. Киноға шақырса, келісіп тұрып, бармай қаламын. Бірде мынандай да жағдай болған. Жұрттың бәрі киноға барғыш па, білмеймін, ол кезде Жездінің кинотеатрында билет болмайды. Сабақтан үзіліске шыққан кезім еді. Жүрсін келіпті. Киноға шақырды. Келістім. Билетті екеумізге ғана алғанын білемін. Үйге келдім де, бөлем Нескенге Жүрсіннің үшеумізге билет алғанын айттым. Кешке екеуміз келе жатқанымызды көріп, Жүрсін не істерін білмей қыбыжықтады да қалды. Күндіз келгенде билеттерді мен алып қалғанмын. Нескенді ертіп кірдім де кеттім. Жүрсін состиып тұрып қалды. Кино біткен соң шыққанда көзім түсті, есіктің алдында күтіп жүр екен. Менің мұндай қызықтарым көп болды. Жүкең талай еркелігімді көтерді. Сөйтіп, жеңді ғой мені. Үйленгеннен кейін екеуміз Алматыға қол ұстасып келіп, оқуға түстік. Тұңғышымыз Қызғалдақ пен Дарханды ауылдағылар бақты да, Ардаққа аяғым ауыр кезінде Жезқазған басшылары Жүрсінді облыстық теледидарға шақырды. Үй берген соң Жезқазғанға көшіп келдік.
Иә, балам кішкентай, жұмысқа шығамын деген ойым болған жоқ. Бір күні теледидар қарап отырсам, Жезқазған облыстық теледидарына байқау жарияланып жатыр екен. Кешке Жүрсінге айтсам, “мырс” етіп күліп жіберді де, үндемей қалды. Босанғаннан кейін қатты жүдеп, бір шөкім болып қалғам, бетімнің сепкілі де тараған жоқ. “Дикторлықты маған қимай отыр ғой”, деген ой келіп, намыстанып кеттім. Демалыс күні Жүрсін қызметтес бір жігіттің үйіне қонаққа баратын еді. Соны пайдаланып “байқауға қатысып келейін” деген ой келді. Ерегессем, істемей қоймайтын мінезім бар. Дәл сол тұста маған дикторлық керек емес еді, ойымда жеңіп шығу ғана болды. Дауысымның ырғағы жақсы екенін білемін. Өңім де әжептәуір. Ақыры қатыстым. Жеңдім. Облыстық телерадио комитетінің бастығы көріпті. Ұнатыпты. Байқау біткеннен кейін балам жылап қалды ма деп алаңдап жүріп мекен-жай адресін қалдырмаппын. Кейін Бақытжамал Ерманова деп іздепті ғой. Мені танитындар Шәмкен дейтін. Бақытжамал дегеннің кім екенін білмейді. Жүрсінге мойындауға тура келіпті. Бір күні келіп тұр. “Бастық сені алып кел деп жатыр. Ұят болады, бар” деді. Бардым. Сөйтіп, өжеттілігімнің арқасында диктор болдым.
Кейін Қазақ телевизиясына арнайы шақырып, ауыстырып алды. Ол – менің жұлдызды шағым еді.
Әрине, теледидарға біз бүкіл жастығымызды, ақыл-ой, тәжірибемізді, былайша айтқанда, бүкіл өмірімізді бердік қой. Еңбек жолымды диктор болып бастап, редактор болып аяқтадым.
Жұмыс істеп жүрген кезде бәрін де тиянақтап, тез бітіріп тастайтыныма сондағы әріптестерім таң қалатын. Жұрт түскі асын ішіп алғаннан кейін қыдырыстап жүргенде мен қала сыртындағы, Калинин атындағы ауылдағы үйіме барып, тірлігімді тындырып, тауықтарыма жем салып, гүлдерді суарып келетінмін. Жаздың ыстығына қарамай, ерінбей-жалықпай жүріп, сол кезде үйді салған да Жүкең екеуміз едік. Әрине, Жүкеңдікі керек-жарағын тауып беру ғой. Үй тірлігі, бала тәрбиесі бар, келімді-кетімді қонақ та аз емес, соның бәріне бір өзің қалай үлгересің деп құрбыларым аң-таң қалатын еді.
Еркек деген үйдің киесі ғой. Оның үйіңнен таңертең кетіп, кешке келгенінің өзі – айбын. Қыздарыма айтып отырамын, “балаларыңның әкесі – шаңырағыңның киесі” деп. Біздің Жүкең қызық қой, үйде не бар, не жоғын да біліп көрген емес. Жалпы қазан-аяққа араласқан еркекті өз басым жек көремін. Еркектің ұсақ болуы – әйелден. Күйеуінің жүзі төмен, жағасы кір болып жүрсе ол да әйелдің кінәсі. Кейбір келіншектер күйеуі жолдастарымен отырса қосамжарланып, еркектердің сөзіне араласып білдімсіп отырады. Біздің Жүкең ондайды ұнатпайды. Қолыңнан келсе күйеуіңе орта жинауға көмектес. Үйіңді, дастарқаныңды қонақ түсетіндей етіп ұста. Берекесі ұйып отырған жерден қашатын еркек болмайды.
Енді айтуға болатын шығар, Жүрсін маған арнап талай өлең жазды ғой. “Сыңарым” соның ішінде ел арасына тарағаны. Композитор Марат Омаров Жүрсінге келіп: “Аға, бір тамаша әуен туып тұр, бұған жарына деген махаббаты лаулап тұрған өлең керек. Сізге сеніп әкеліп тұрмын”, депті. Біздің Жүрсін тапсырыспен өлең жазбайды. Кейбір ақындар “түні бойы толғанамын” дейді ғой. Оның өлең жазуы, тіпті басқа. Ой-толғауы ішінде жүреді. Әбден толғағы жеткенде туа салады. Оған өзі де, мен де балаша қуанамыз. Мараттың көңілін қимай, әуенін тыңдап көреді. Сөйтіп, маған арнаған ән дүниеге келді. Өзіме қатты ұнады. Жүрсінге де ұнаған болу керек, тыңдаған сайын қомпаңдап қалады.
Сыртынан қарасаң, Жүкеңнің түсі сұсты, көп сөйлеп, орынсыз күлгенін көрген емеспін. Халқымыздың ұлттық өнері – айтысты қайта тудырған да Жүкең ғой. Біреулер сынайды. Көпке жағу қашан да оңай болмаған. “Айтыс – қазақ болғалы жаратылған өнер”, дейді. “Оны Жүрсін иемденіп жүр”, дейді. Айтыс тұрмақ үйіндегі бір-екі баласы мен әйелінің басын қоса алмайтындардың сөзі. Біз, қазақ, сынауға келгенде алдымызға жан салмаймыз ғой. Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа. Дәл осындай атпал азаматтарды орынсыз сынағаннан “пайда тауыпты” дегенді естіген емеспін. Тек жүрегін ауыртады-ау. Жүрсін айтысты иемденген жоқ, қарт өнерді жасартты, қазіргі интернетке байланып қалған ұрпаққа “мынау сенің бабаңнан қалған мұра, біз де бір күні кетеміз, үйреніп ал, ие боп қал” деп шырылдап жүр. Атақтың құны бар кезде Мұқағалидай арқалы ақынның атындағы сыйлыққа ие болды, “Жүрсін” десең: “Ол кім еді?” деп ешкім сұрамайды, яғни “атынан ат үркетіндей” беделі бар. Айтыстың тауқыметін мойнына көтеріп жүрген азамат қой!..
Иә, Жүрсін бала сияқты аңғал адам. Әрине, “жамансың” дегенді кім жақсы көреді. Өкпелеп қалады. Бірақ кек сақтамайды. Өлең жазады, жігіттермен қыдырып кетеді. Әйтеуір, уақыт өте сабасына түседі. Негізі, өте мейірімді. Біреуді аяғыш. Онысы кейде өзіне соққы болып тиіп жатады. Бойына біткен мінез ғой, енді жер ортасына келгенде өзгере алмайды. Немерелерімен ойнағанды жақсы көреді. Екі қыз, бір ұлдан немерелеріміз бар.
Басқаны қайдам, өзім Жүрсіннің қартайдым дегеніне сенбеймін. Маған деген ықыласы көбеймесе, азайған жоқ. Сол баяғы қалпымен еркелігімді әлі көтеріп келеді. Сол үшін қатты қадірлеймін.
Бақытжамал ЕРМАНОВА, Қазақ телевизиясының бұрынғы дикторы, еңбек ардагері.
Астана.