20 Шілде, 2011

Жаңға жайлы үй – еркек үшін жұмақ

931 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Адамның тағдыры деген қызық қой. Жоспарлап, сызып, жөндеп қоя алмайсың. Отағасым Жүрсін екеу­міздің кездесуіміз де тағдырдың ісі деп ойлай­мын. Мектепті бітіргеннен кейін Алматыға оқуға келдім. Жақсы оқитын едім. Екі сабақты ойдағыдай тапсы­рып, үшінші емтиханға дайындалып жүрген кез еді. Біздің ауылдан келген қыздардың біразы емтиханнан “құлап” ауылға кететін болды. Апамның бауырынан ұзап шығып көрмеген ба­сым далада қалатындай көрініп, солармен еріп ауылға қайтып кеттім. Сол қылығым үшін Сайлау көкемнен әлі ұяламын. Сөй­тіп, ауылға келген соң қыздармен бірге Жездідегі мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға түс­тім. Алғаш­қы демалыс та келді. Шешемнің сіңлісінің үйінде тұра­тынмын. Күздің суық күндері болатын. Көліксіз ауылға бара алмай қалып, жылап жатыр едім, жездем келіп өздері тұратын жердегі тойға шақырды, қайтарда өзім әкеліп саламын деп алып кетті. Той “Байқоңыр” совхозының бөлімшесінде өтті. Ол кездің басқосуы қызық бола­тын, “вечер” дейміз ғой. Арақ ішіп, мас болу деген жоқ, жастар жиналып, түрлі ойын ойнай­тынбыз. Сол күні “телефон” деген ойын ойна­дық. Қағазға сұрағын жазып, қа­ла­ған адамына жібереді. Оны көпшілікке оқып беруің керек. Жездідегі аудандық газетте істеп жүрген бұйра шашты, әдемі жігіт Жүрсін сол тойда маған алғашқы хатын жазған. Ертесіне трактордың тіркемесіне шөп төсеп, “жайлы” көлікпен Жездіге бірге қайтқанбыз. Жүрсінді көп сынадым. Киноға шақырса, келісіп тұ­рып, бармай қаламын. Бірде мынандай да жағдай бол­ған. Жұрттың бәрі киноға барғыш па, білмеймін, ол кезде Жездінің кинотеатрында билет болмайды. Сабақтан үзіліске шыққан кезім еді. Жүрсін келіпті. Киноға ша­қыр­ды. Келістім. Билетті екеумізге ғана алғанын білемін. Үй­ге келдім де, бөлем Нескенге Жүрсіннің үшеумізге би­­лет алғанын айттым. Кешке екеуміз келе жатқаны­мыз­ды көріп, Жүрсін не істерін білмей қыбыжықтады да қал­ды. Күндіз келгенде билеттерді мен алып қалғанмын. Нес­кенді ертіп кірдім де кеттім. Жүрсін состиып тұрып қалды. Кино біткен соң шыққанда көзім түсті, есіктің ал­дында күтіп жүр екен. Менің мұндай қызықтарым көп бол­ды. Жүкең талай еркелігімді көтерді. Сөйтіп, жеңді ғой мені. Үйленгеннен кейін екеуміз Алматыға қол ұста­сып келіп, оқуға түстік. Тұңғышымыз Қызғалдақ пен Дар­ханды ауылдағылар бақты да, Ардаққа аяғым ауыр кезінде Жезқазған басшылары Жүрсінді облыстық теле­ди­дарға шақырды. Үй берген соң Жезқазғанға көшіп келдік. Иә, балам кішкентай, жұмысқа шығамын деген ойым болған жоқ. Бір күні теледидар қарап отырсам, Жез­қазған облыстық теледидарына байқау жарияланып жа­тыр екен. Кешке Жүрсінге айтсам, “мырс” етіп күліп жіберді де, үндемей қалды. Босанғаннан кейін қатты жүдеп, бір шөкім болып қалғам, бетімнің сепкілі де тараған жоқ. “Дикторлықты маған қимай отыр ғой”, деген ой келіп, намыстанып кеттім. Демалыс күні Жүрсін қызметтес бір жігіттің үйіне қонаққа баратын еді. Соны пайдаланып “байқауға қатысып келейін” деген ой келді. Ерегессем, істемей қоймайтын мінезім бар. Дәл сол тұста маған дикторлық керек емес еді, ойымда жеңіп шығу ғана болды. Дауысымның ырғағы жақсы екенін білемін. Өңім де әжептәуір. Ақыры қатыстым. Жеңдім. Облыстық телерадио комитетінің бастығы көріпті. Ұнатыпты. Байқау біткеннен кейін балам жылап қал­ды ма деп алаңдап жүріп мекен-жай адресін қалдыр­мап­пын. Кейін Бақытжамал Ерманова деп іздепті ғой. Мені танитындар Шәмкен дейтін. Бақытжамал дегеннің кім екенін білмейді. Жүрсінге мойындауға тура келіпті. Бір күні келіп тұр. “Бастық сені алып кел деп жатыр. Ұят болады, бар” деді. Бардым. Сөйтіп, өжеттілігімнің арқасында диктор болдым. Кейін Қазақ телевизиясына арнайы шақырып, ауыстырып алды. Ол – менің жұлдызды шағым еді. Әрине, теледидарға біз бүкіл жастығымызды, ақыл-ой, тәжірибемізді, былайша айтқанда, бүкіл өмірімізді бердік қой. Еңбек жолымды диктор болып бастап, редактор болып аяқтадым. Жұмыс істеп жүрген кезде бәрін де тиянақтап, тез бітіріп тастайтыныма сондағы әріптестерім таң қа­ла­тын. Жұрт түскі асын ішіп алғаннан кейін қы­ды­рыс­тап жүргенде мен қала сыртындағы, Калинин атын­дағы ауылдағы үйіме барып, тірлігімді тындырып, тауық­тары­ма жем салып, гүлдерді суарып келетінмін. Жаздың ыстығына қарамай, ерінбей-жалықпай жүріп, сол кезде үйді салған да Жүкең екеуміз едік. Әрине, Жүкеңдікі керек-жарағын тауып беру ғой. Үй тірлігі, бала тәр­биесі бар, келімді-кетімді қо­нақ та аз емес, соның бә­ріне бір өзің қалай үлгересің деп құрбы­ларым аң-таң қа­латын еді. Еркек деген үйдің киесі ғой. Оның үйіңнен таңер­тең кетіп, кешке келгенінің өзі – айбын. Қыз­дарыма айтып отырамын, “балаларыңның әкесі – шаң­ырағың­ның киесі” деп. Біздің Жүкең қызық қой, үйде не бар, не жоғын да біліп көрген емес. Жалпы қазан-аяққа араласқан еркекті өз басым жек көремін. Еркектің ұсақ болуы – әйелден. Күйеуінің жүзі тө­мен, жағасы кір бо­лып жүр­се ол да әйелдің кінәсі. Кейбір келіншектер күйеуі жолдастарымен отыр­са қо­сам­жар­ланып, еркек­тер­дің сөзіне ара­ла­сып білдімсіп отыра­ды. Біздің Жү­кең ондайды ұнатпайды. Қолыңнан келсе күйеуіңе орта жинауға көмектес. Үйіңді, дас­тар­­қаныңды қонақ түсетіндей етіп ұста. Берекесі ұйып отырған жерден қашатын еркек болмайды. Енді айтуға болатын шығар, Жүрсін маған арнап талай өлең жазды ғой. “Сыңарым” соның ішінде ел арасына тарағаны. Композитор Марат Омаров Жүр­сінге келіп: “Аға, бір тамаша әуен туып тұр, бұған жарына деген махаббаты лаулап тұрған өлең керек. Сізге сеніп әкеліп тұрмын”, депті. Біздің Жүр­сін тапсырыспен өлең жазбайды. Кейбір ақындар “түні бойы толғанамын” дейді ғой. Оның өлең жазуы, тіпті басқа. Ой-толғауы ішінде жүреді. Әбден толғағы жеткенде туа салады. Оған өзі де, мен де балаша қуанамыз. Мараттың көңілін қимай, әуенін тыңдап көреді. Сөйтіп, маған арнаған ән дүниеге келді. Өзіме қатты ұнады. Жүрсінге де ұнаған болу керек, тыңдаған сайын қомпаңдап қалады. Сыртынан қарасаң, Жүкеңнің түсі сұсты, көп сөй­леп, орынсыз күлгенін көрген емеспін. Халқы­мыз­дың ұлттық өнері – айтысты қайта тудырған да Жүкең ғой. Біреулер сынайды. Көпке жағу қашан да оңай бол­маған. “Айтыс – қазақ болғалы жаратылған өнер”, дейді. “Оны Жүрсін иемденіп жүр”, дейді. Айтыс тұрмақ үйіндегі бір-екі баласы мен әйелінің басын қоса алмай­тындардың сөзі. Біз, қазақ, сынауға келгенде алдымызға жан салмаймыз ғой. Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа. Дәл осындай атпал азама­т­тарды орынсыз сынағаннан “пайда тауыпты” дегенді естіген емеспін. Тек жүрегін ауыртады-ау. Жүрсін айтысты иемденген жоқ, қарт өнерді жасартты, қазіргі интернетке байла­нып қалған ұрпаққа “мынау сенің бабаңнан қалған мұра, біз де бір күні кетеміз, үйреніп ал, ие боп қал” деп шырылдап жүр. Атақтың құны бар кезде Мұқағалидай арқалы ақынның атындағы сыйлыққа ие болды, “Жүрсін” десең: “Ол кім еді?” деп ешкім сұрамайды, яғни “аты­нан ат үркетіндей” беделі бар. Айтыстың тауқыметін мойнына көтеріп жүрген азамат қой!.. Иә, Жүрсін бала сияқты аңғал адам. Әрине, “жамансың” дегенді кім жақсы көреді. Өкпелеп қалады. Бірақ кек сақтамайды. Өлең жазады, жігіттермен қыдырып кетеді. Әйтеуір, уақыт өте сабасына түседі. Негізі, өте мейірімді. Біреуді аяғыш. Онысы кейде өзіне соққы болып тиіп жатады. Бойына біткен мінез ғой, енді жер ортасына келгенде өзгере алмайды. Немерелерімен ойнағанды жақсы көреді. Екі қыз, бір ұлдан немерелеріміз бар. Басқаны қайдам, өзім Жүрсіннің қартайдым дегеніне сенбеймін. Маған деген ықыласы көбеймесе, азайған жоқ. Сол баяғы қалпымен еркелігімді әлі көтеріп келеді. Сол үшін қатты қадірлеймін. Бақытжамал ЕРМАНОВА, Қазақ телевизиясының бұрынғы дикторы, еңбек ардагері. Астана.