26 Шілде, 2011

Қашқындар

729 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
(Деректі хикая) Ақпан ақыртып келді. Сіреу болып сіресіп қалған қалың қар қасаттанып, көз жетер кеңістік алап көк мұздаққа айналғандай жүзінен ызғарлы күн шапағы шашырап тайғанап, ызыңдай ескен ескек жел ғана мына өңірдің өлі қалпына болар-болмас тірлік ты­нысын қосып тұр. Еңселерін етектері басқан тоқал үйлердің мыжырайған күйелеш-күйелеш кетік өңеш­терінен көтерілген көкала түтін екеш түтін де мына суықтан сескеніп көкке тамсынбай іргеге қарай сұласын алып жер бауырлап баяу сырғиды. Әртелдің ортасына түскен Битөле қажының он­шақты кіре тартқан жегін өгізін қос мая шөптің тө­бесіне сырғауыл тастап жаппа қора жасатып, қос қапталын бекітіп, қаматқан Ахметжанның сақыр-сұқыр етіп үйге енген беті. Үй іші ұядай жинақы қалпымен жылы ұшырағандай. «Шіркін Мүгүлсімім-ай, басқан ізіңнен жұмақтың лебі шалқиды-ау. Сені маған қосқан құдайға мың алғыс», деп іштей сүй­сінген Ахметжан сіреулене қалған байпақты сап­тамалы етігін шешіп жатты. – Әкел, шешіп жіберейін, – деп алдына келіп тізе бүге қалған Мүгүлсім ерінің бетіне тура қарай көр­кем жүзін төменшіктете берген. Үні ұяң, қимы­лында жарасымды ибалық бар. – Қой, Мүгүлсім, өзім де шешемін ғой. Рахмет, – деген Ахметжан жарының мына иманды әрекетіне риясыз разылығын білдіргенімен әңгіме әуенін басқа арнаға аудара сөйлеген. – Апыр-ай, күн суытып кет­ті-ау. Кейбір өгіздердің маңдай терілері айырылып кетіпті. Туғалы көрмеген жағдай. – Иә , суытып тұр. Айтары жоқ... – Ғайнылқия ұйықтап жатыр ма? – Атасының бауырында, күпінің ішінде, – деген Мүгүлсім орнынан жеңіл тұрып, ас қамына кіріскен. Мүгүлсімнің Ғайнылқиясын бесікке бөлеп атасын дастарқанға шақырған, ендігі бір сәтте бір үйлі жан­ның шүпірлесіп, дәмге қол соза бергендері сол еді, үйге құшақ-құшақ суық ілестіре біреу сарт-сұрт етіп кіріп келген. Мезгілсіз уақытта жүрген тосын мейман­ға дастарқан басындағылар аңтарыла, әрі үрке қара­сып қалған. Келген Атбасар аудандық милициясының бас­тығы Балтакескен Байтоғаевтың нақ өзі екен. Мына суық арқалаған суыт жүрістің жай еместігін сезінген Ахметжан сескеніп қалған. Белінде тапаншасы салақта­ған қайыс белбеумен кеудесін айқыш-ұйқыш тартып, таңып тастаған өкімет өкілі «жоғары шы­ғыңызды» естімегендей тізе бүкпеген қалпы сіресіп тұрды да қойды. – Балтеке, жайшылық па? Жүрісіңіз суыт қой, – деді Ахметжан дегбірсізденіп. – Қайдан жайшылық болсын. Аяз ақыртпаса арқардың Арқадан ауып несі бар дегендей... Мына аязда сонау Атбасардан түн жамылып келем бе? – Бәсе деймін-ау... – Бәсесі сол, Ахметжан, үстіңнен арыз түсті, – деді төбеден ұрғандай дүңк еткізіп. Сасқаны ма, Ахметжан: «Қайдан?» деді. – Қайдан болушы еді... Қаратоғайдан, тойыс «Қы­зыл таң» әртелінен... Өзіңнің күнде көріп жүр­ген­дерің... – Сонда не қылмайсың дейді? – Не деуші еді. Баяғы қазақбайский қыртыл. Тұ­қымы құлақ. Қажының туысы дейді де. – Қайдағы құлақ, Балтеке-ау. Басқа басқа емес, бір білсе Жайылғанның ішінен шыққан сен білуге тиіссің ғой менің кім екенімді. Әкем Көшімбайдың да, анам Қадишаның да ауқаттылығы көз алдыңда емес пе еді. Неге айтпадың білетіндеріңді... – Сен енді, Ахметжан, былай істе, – деді. – Осы маң­нан табаныңды тайдырмасаң басқа амал жоқ. Ағайын­дығың қымбат еді, не де болса бір хабарын берейін деп басымды бәйгеге тігіп келіп тұрмын. Ескертпесем ертең обалыңа қалмаймын ба?! Бүгін түннен қалсаң, өксікпен өтесің. Тіпті... атылып та... Ал хош, қажы аға, айыпқа бұйыра көрмеңіз. Мен сендерді, сендер мені көрген жоқсыңдар! Сарт етіп бұрылған өкімет өкілі құшақ-құшақ суықты бөлмеге лақтырып, тысқа ширай беттеген. Дастарқан басы қаңырап қалды. Дәм суып, шай ішілмей қаңтарылып ол қалды. Әлде неден шошынғандай бесіктегі сәби шыр ете қалған. Битөле қажы «Астағифиралла!» деп күбір етіп, қос жанарын жұмған қалпы ойға кетті. – Жә, жиылып жолға шығудың қамын жаса. Ертең алдарына салып айдап әкетсе өкініші кетпес. Қарап отырып қолдарында өлгеннен де бір қам жасаған абзал! – деп қажы бір мезетте қатулана қалды. – Атбасарға барып ақталсам қайтеді? – Пәлі, сол да сөз болып па? Алдарына барып аран­дал­мақпысың? Алдарына мойынсұнып барсаң жы­лыдай қолға алмай ма антұрғандар. Балтакескен жай келген жоқ. Дүмпуі күшті болғаны да... Бір сақтап, қорғаса Әбдісабыр сақтар. – Ойбай, ағатай-ау, қайдағы Әбдісабырды айта­сыз. Ит өлген Мақаншыдағы Әбекеңді ме? Ол менің мындағы күйімнен хабарсыз емес пе? – Иә, сол Әбдісабыр. Жайыңды өзің барып айта­сың да... Соның саясынан пана таппасаң бұл маңда сенің жөніңді жөндеп, сөзіңді сөйлер ешкімді тап басып таппай отырмын. – Сонда өзім кетемін бе? – Жоқ! Мүгүлсім мен сәбиіңді бірге алып кетесің. Бұлар мұнда қалса сенің қолға түсуің әп-сәтте. Ұясын алдырған көкжал сол маңнан ұзамай шиыр­лап, ақыры терісін алдырмаушы ма еді. Қой, мен жолға дайын­дайын сендерді. Қажы ауыр бір күрсініп алып тысқа беттеген. – Жәмали, кебежеңді қотар. Анадағы сойған қара ісектің құйрық майын білемдей турап дорбаңа сал. Жылқының қос қазысы мен малта құртыңды да ұмытпа. Анау іргедегі ораулы кигізіңді ал, – деді қатқыл үнмен бұйыра сөйлеген Битөле. – Сен, Ахметжан, қорадағы қыл арқанды шанаға байлап, бір ұшын тақымыңа бас. Құла қасқаның қол­қасы аман болса ертең түс әлетінде Жаңатуғанға да жетерсің. Ол жерде көп бөгелме. Елден тақымы мықты бір жігітті ертіп Мақаншыға аттан. Бағ­дарың­ды тек күншығысқа түзеп отырғайсың. Қараөткел, Көкшетау аймағынан ұзағанша елді мекенді айналып өтуге тырыс. Орнынан сүйретіле тұрған Мүгүлсімнің иығына Жамали кең пішілген көк тысты күпісін жапты, қажы төрде ілулі тұрған түлкі тымағын Ахметжанға ұсын­ды. Содан соң сандықты қоңыраулата ашып, ішінен ақ киіздің тұтамына ораған былғары қынға салынған селебені алып шықты. Сабы киік мүйізінен орна­тылып, балдағына күміс шеккен алмас қанжардың жүзі күң­гірт шам сәулесімен жарқ ете қалған. – Мынаны оңтайлы тұс қонышыңа сұға сал. Жол ұзақ. Ұры-қары, ит-құс дегендей. Бұлар сыртқа шыққанда мамағашқа байланған құла қасқа ат жер тарпып, тықыршып тұр екен. Ар­тында қалдайшасы бар табанына темір қаптаған сүйе­гі жеңіл шананың қос қапталына қос келтек сырық байланыпты. Ауып қалмасын дегендері болар. Төсел­ген мамық көрпешенің үстіне киізден күркеше жаса­лып, ішіне Мүгүлсім сәбиімен жайғасқан. – Бөпеңе құйрық майын әлсін әлі сорғызып отыр. Сонда тыныш ұйықтайды, күпіңді қымтап отыр. Омы­рауыңды суыққа ұрындырып алма. Ал жаратқан ием, жар бола гөр қос мұңлыққа, – деген Жәмали ер үстіне шиыршық атып ширақ мінген Ахметжанның қолының сыртынан сүйді. Мүгүлсімнің маңдайынан иіскей бергенде қос тамшы жас келіншектің жүзіне тиіп еді. Жұла тартқан құла қасқа қасат қардың бетімен жеңіл сырғыған шананы ұршықша үйіріп ала жөнел­ген... Жаңатуғанның қотанына таңмен таласа енген Ахметжан құла қасқаның басын туысы Жолаушының ба­ласы Мұқтайдың үйіне бұрған еді. Үсті-басын ақ қар, көк мұз кіреукелеген Ахметжан мен бауырына қысқан сәбиі бар Мүгүлсімнің үйге еніп келе жатқанын көрген Мұқтай шынымен-ақ шошып қал­ған еді. Аузына түскені: – Бауырларым-ау, жайшылық па? Жүрістерің тым суыт қой, – болды. – Ел аман. Үйдегілер де есендікте. Сәлем айтты қажы аға. – Ахметжан күпісін шешкен Мү­гүл­сімнің қо­лындағы сәбиін алып, бетіне үңілді. Танауы пы­сылдап, ұйықтап жатқан сәбиі бейкүнә қалыпта ештеңеге алаңсыз, ештеңені сезер емес. Дастарқан басына жиналғанда ғана барып суық жүрістің сырын ағытқан. – Кеше кешкілік Атбасардағы милиция бастығы Балтакескен келген, – деп бастады орағыта сөйлеген Ахметжан. – Е, әлгі өзіміздің Жайылғанның жігіті ме. Кештетіп неге жүр екен? – «Қызыл таң» колхозынан үстімнен арыз түсіріпті біреулер... – Түннен қалсаң тұтқындаласың деген соң, оның үстіне қажы ағаның кеңесімен қашып шыққан түріміз осы. Бұл арадан да күн көрсетпесі белгілі ғой. Не де болса мойны қашықтағы Мақаншыдағы Әбдісабырдан пана іздеп шығып қалдық, – деді Ахметжан. – Апырай, қиын іске қамалған екенсің. «Бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын» қазақтың бұл сорлылығы қашан қалар екен? Қытай түбіндегі Ма­қаншыңа есен-сау жетермісің? Мына Мүгүлсімді сә­биімен қалдырып кетсең қайтеді? – деген ағасы кәдім­гідей берекесі кетіп, абыржып қалған. – Ағатай, о не дегеніңіз. Өлсем сайда, тірі болсам бір төбеде боламын деп етегінен ұстадым емес пе? Не де болса Ақаңмен бірге боламын, – деген Мүгүлсім жыламсырап қоя берген. – Не көрсек те бірге көрелік. Алланың жазуы қырын келсе үйде отырып та... – Қой, шырағым, олай деме. Ахметжаннан айырып маған не көрініпті. Мына сәбиіңмен ұзақ жол қиын бола­ды дегенім де... Әйтеуір беттеп шыққан екен­сің­дер, қастарыңа біреуді қосқанымыз жөн болар. Жол азабы – көр азабы деген. – Мұқтай ойланып қалды. Жаңатуғаннан лайықты кім бар десіп ой екшеп отырып барып, ақыры Қамбайдың Ырысалдысына тоқ­талған. Жасынан ат құлағында ойнап өскен бұла жігіт­тің күш-қайратын, әрі ақкөңіл аңқылдаған адал­дығын білетін Ахметжан да Ырысалдыны ыңғайлы көрген... *** Мақаншыға сапар өрмек жүзінен ауып барады. Енді бір ұмтылсақ ұрымтал тұстан шығармыз деген ой бас көтерген сайын қашқындар үміті де ояна бастаған. Қайта тірілген табиғатпен тамырлас бұлардың да жаны жады­рай түскен. Жердің бедері де ілгері ендеген сайын өзгере берген. Еңіреген еңісті, өзек талдырар өрісті сары жазық бәкене төбелер мен көкқасқа шоңғал тастары қатпар-қатпар қаттала қаланған таулармен алмаса бастаған. Шана табанын қағар, тіпті шақыр-шұқыр шайнасып қалар жол үсті тастары көбейген сайын жүріс те өнбеуге айналған. Жарты айдан асып кеткен сапар қанша дилы дегенмен екі атқа да ауыр тигендей еді. Жұмырлана біткен жая еттері жұқарып, сауырлары суалып, қабырға­ла­ры ырсия бас­тапты. Аяқ алыстары да санап басар ман­дымас халге жеткен. Ішер суын қасат қарды қажалаумен ақтап келе жатқан аттарға деп алып шыққан бір пұттай сұлы баяғыда-ақ сарқылып, аз-кем тебіндетіп алғандары болмаса, жарытып талғажау етерлік азық жоқтың қасы еді. Ырысалдының да баяғы емен-жарқын әзілі тамам болған ба қалай, қоян терісінен тігілген тымағын бас­тыра киген қалпы тымырайып алған. Зорға тіл қатып, әрең жауаптасады. Ахмет­жанның да екі ұрты суалып, суық соғып, үсік шалған беті қабарып, қаспақталып қалыпты. Таң­дайына басқан малтасын талғамдай дәмдеп, екі ұртына кезек жүгіртеді. Ауа райы жеңіл етек желпең келіншектей тез бұзылып, жылдам айныды. Аспан жүзі манағы жадыраңқы қалыптан жаңыл­ғандай, теріскейден көтерілген тоқымдай бұлт бұлар­дың төбесіне жақындай жылжи жеткенде кереге қа­натын кең жайған, арасында сыналап енер сәуле де тұмсық сіңірмес жік-саңлауы жоқ тұтаса сірескен ауыр жамылғыға айналып алған еді. Қорғасын бұлт қана­тымен ілесіп суық жел де сумаң қағады. Ахметжан абыржиын деді. Ырысалдыға қарап: – Күннің сұрқын байқап келемісің? Бір жерден аялдар, пана іздемесек майып болармыз, – деген Ахметжан ызбарлана қалған бетпақ бетті терістікті мезгей. – Жаңа ғана жадырап тұр еді, жарықтық. Нілдей бұзылдау өзі, – деген Ырысалды ілгерілеп барып аял­да­ған да кері айналып дауыс салған. – Аха, анау сай­дың табанында бір­деңе көрінеді. Жоба­сы қора-ау деймін. Со­ған жетіп алайық. – Көзің қырағы екен. Баста ендеше. – Ахметжан қыл ар­қан­ды жұлқи тар­тып құла қасқаға тақым басты. Тырбық тобылғысы мен шеті ұйыса біткен сай та­банына құлдап ке­ліп түскен бұлар еш­қайда бұлтақтамай, тас қо­раға тұмсық тірескен. Екі аттың ерін сы­пы­рып, ықтасынға қаң­тарды да ішке енген. Тас қораның тө­бесі опырылып ішіне түс­­кен екен. Бұлар аман қалған бір бұ­рышқа барып жайғас­қандары сол екен, алай-дүлей ұйытқып, ескектеп, құ­­тырына соқ­қан боран бастал­ды да кетті. Шанасы­мен ішке енгізілген Мү­гүл­сім киіз күрке­ден бас шы­ғар­май, бұғына қал­ған. Ахметжан мен Ыры­салды бір-біріне ты­ғы­лысып, іштен тын­­ған қалпы бұ­рыш­та отыр. Тас қораның міз бақпас қабырғаларын аяусыз ұрғылап алып, ышқына жоғары шап­шыған қарлы боран төбенің опырылып түс­­­­кен тұсына келгенде, топан судай ішке құйыла лап қойысып, қораның ішінің әлем-тапырығын шыға­р­ар­дай зікір салып, қа­пыда қамалып қалған тас қапшықтан шыға алмай, бұғалық буған асаудай аласұрысады. Қуыс-қуысты ты­ным­сыз тінткен қарлы құ­йын жолаушыларды суық құшағына орап алып, екілене борай да орай соққан сайын тұншық­тырардай тұм­шалай түседі. – Мынаның екіленген түрі жаман. Қатып қалмасақ жарар еді, – деген Ырысалды әлсін-әлі үсті-басын сілкіп қояды. – Мүгүлсім, қа­лай­сыңдар? Баланы омы­­рауыңнан айыра көр­­ме. Күпіңмен қым­тана түс, – деді боранның ышқына соққан есірік үнін баса дауыстаған Ахметжан киіз күркенің үстіне қымтаған қарды тазартып жатып. Күрке ішінен Мүгүлсімнің: «Бізге алаң болма, ұядай жылы жерде отырмыз ғой. Өздерің қалайсыңдар? Жазғандар-ай, тоңдыңдар-ау» деген аянышты үні естілді. Екілене есіріктене соққан боранның басталуы қалай тосын болса, пышақ кесті тыйылуы да сондай шапшаң болды. Бірер сағатқа созылған қарлы боран құшырын тарқатқандай, мынау әлемге әмірін жүргізген жаңағы бір сәттегі сойқанды әрекет иесі емеспін дегендей, жер дүниені ақ манарлы кебін-жамылғыға орап алып, тым-тырыс, жым-жылас тына қалыпты. Манағы жадыраңқы күн қабағы қорғасын бұлтты қуып тастап, қайыра жылы шырай танытады. Ахметжан қар астынан сілкініп тұрғанда Ырыс­ал­дының отырған қалпы қозғалмағанын байқап шошып кетті. Иығынан жұлқып: «Ырысалды, тірімісің бауы­рым. Тұр орныңнан», – деді жан дауысы шығып. Анау қалғып кеткен бе, селк ете түсіп, өзіне төне қарап тұрған Ахметжанға сығырая көз қиығын тастаған. – Аха, бармын, тірімін. Қар астында кім қалып көрген. Өзі күпіге оранғандай жып-жылы болады екен ғой. Маужырап ұйықтап кетіппін, – деді ыржиып. – Адам сөйтіп жатып қатып қалатынын білмей­місің. Тұр жылдам, үсті-басыңды қағын, – деген Ахметжан ендігі кезекте шананы басып қалған оппа қарды аршып жатқан. Бұлар сыртқа шыққанда бәйге қара кер ат орнында жоқ болып шықты. Құла қасқа: «Барсыңдар ма?» дегендей майда мекіреніп қойды. Ырысалды ашаға байланған шылбырдың шешілмей қалған жұрнағын көріп: «Мынаны қалайша үзіп кетті екен» деп ойлаған. Ахметжан байланған шыл­бырдың бір тұтам жұрнағын шешіп жатып: – Адамнан келген екен. Міне, көрдің бе, шеше алмаған соң кесіп әкеткен, – деді күйіне сөйлеп. – Қап, енді не істедік. Жаяу қалдым ғой, – деген Ырысалды жыламсырап отыра кетті. – Ұрың құдайға қараған біреу екен. Екеуін бірдей алып кетсе не істер едік, – деді Ахметжан ренішін жасырғансып. *** Сонадайдан шана сүйреткен екі қара көрінеді. Бірі ат үстінде, бірі жаяу. Ілбіп басып, ілгерілеп келеді. Жүз­дерін үсік шалып, жалбырап қалған бет терілері қаспақ-қаспақ, астынан шып-шып шыққан қан бай­қалады. Өңдері өрт сөндіргеннен де әрі түтіліп, түксиіп кеткен. Суалған жақ сүйектері шодырайып, көздері ұясын тастап ішке түсіп кеткендей жабайы­лана ызғар шашады. Екеуінің де ұстара көрмеген сақал-мұрттары түрмеден қашқан қарақшылардікіндей тікірейісе қалған әлемта­пырық ұйпа-тұйпа. Бет қаратпас қорқыныш ұялатқан үңірейген үрейдей тым сұсты. «Адам арыса – аруақ» деген осы-ау. Айға жуық жарытып тамақ ішіп, жамбас жылытар жайлы жерге жатпаған үнемі жол үстінде жүріп келе жатқан Ахметжан мен Ырысалдының халі осындай еді. Күрке ішінде жайлы орында жайғасты демесең Мүгүлсімнің халі де көңіл көншітерліктей емес еді. Дөңгелене біткен бидай өңді жүзі сахараға салған сүйектей қуарып, қос ұрты суалып, жағы қусырыла түсіпті. Тек мөлдіреген қос жанарында ғана болмыс бітіміндегі бар мейір-мархабат шуағы келіп ұялағандай әрі мұңлы, әрі кіршіксіз таза қалыпта көрінеді. Басқа түскен нала қасіретке тал бойына туа біткен қайсарлығы қарсы тұрып, азапты сапардан сағы сынбай қасарысып келген жанның жасы­маған нұр сипаты байқалады. Не де болса шыдайын, төзейін, талмай, таусылмай, сар­қылмай қуатыма қуат қосайын. Сөйтіп тыста менен мың есе азап шегіп келе жатқан қос азаматқа осы қы­лығыммен жігер берейін дегенге бекінген сыңайлы. Құла қасқа кезектесіп мініп, кезектесіп жетекке алған мына екеуінің түпкі мақсатын түптеп танып, түсінгендей ме дерсің. Тері мен сүйегі ғана қал­ғанына қарамай ілгерілеп ентелей басып-ақ келеді. Әйткен­мен баяғы шабыс, сары желіс, текірек шо­қыту, бәрі-бәрі адыра қалған. Аяқтарын санап басып зорға келеді. Қуаты сарқылып біткенше осылай жүре берсем дейтіндей. Шананың темір табандары осыдан үш күн бұрын шақат таспен шайнаса қалғанда қақырап, сы­пы­рылып түскен. Өзі де биттің қабы­ғындай жұқарып бітіпті. Тағы бір қыр асқанда шананың табанға бекітілген шабақ ағаштары қирап, жүруге жарамай қалды. Ша­шылып қалған шанаға жыламсырай қараған Мүгүл­сім анандай барып отыра кетті. – Құдай-ай, құдай! Неден мұндай сорлы болдық! Бәрінен де тумай жатып осындай азапқа душар келген мына шарананы аясаң етті. – Жә, Мүгүлсім, налыма. Кел атқа отыр, – деген Ахметжан жарын қолтықтап құла қасқаға мінгізді. Ырысалдыға шылбырын ұстатып, ілгері жүр деп ишарат жасаған. Өзі қираған шанадағы оны-мұныны бір дорбаға салып, арқалап алды да жүргіншілер соңынан салпақтай басып, еріксіз ерген. Түс ауа ілбіп келе жатқан бұлардың соңынан пар ат жеккен шаналы қазақ қуып жеткен. Сыр етіп бұлардың қасына келіп тоқтаған жолаушы қасқыр ішіктің жағасынан басын қылқитып: – Уа, кімсіңдер? Жол болсын? – деді тарғыл дауысымен өктемдей сөйлеп. – Әлей болсын. Алыстан келеміз, – деді Ахметжан. – Алыс болғанда қай жақ? – Атбасар, Қараөткел... – Естімеген, көрмеген жерлерім... – Ойбай-ау, қайдан көресіз, осыдан екі мың ша­қырым болса, – деп Ырысалды бір түрлі ыза шақыра шар ете түскен. – Не дейді-ау. Сонда кімнен безіп, қайда бара­сыңдар? – Мақаншыға. – Онда кімдерің бар? – Әбдісабыр. – Әбдісабыр деймісің? Ол біздің райисполком ғой. Мен мына жолдағы «Жаңа жолдың» прседәтілімін. Әбекеңді жақсы білемін ғой. – Прседәтіл жұмсара сөй­леді: – Анау қырдың астында менің колхозым. – Мақаншыға қанша бар? – «Жаңа жол» ауданның аузында отыр емес пе? Жарқыным, енді былай істейік. Ана келін мен тағы біреуіңді ала кетейін. Бір өзің мына тулақпен же­терсің. Ертесіне өзім апарғызып саламын Әбе­ке­ңе. Сөйтейік. Ал келін, түс аттан, мін шанаға. Іштей қуанып: «Өлмегенге өлі балық». Мына прседәтілді қай құдай айдап әкелді бізге, деген Аметжан Мүгүлсім мен Ырысалдыны шанаға жай­ғас­тырып, өзі аттың жанында қала берген. Құла қасқа тұяғына тері саулап, теңселіп тұр екен. – Апырай, жануарым-ай! Енді саған аяқ артып болмас. Жетектесем жүрермісің? – деген Ахметжан ай бойы қанат-құйрығы, қанат-құйрығы емес, жан серігі болған құла қасқаның мойнынан құшақтап өксіп-өксіп жіберген. Неден көңілі босағанын өзі де білмейді. Кеудесін өртеп келіп, көмейіне лықси қотарылған өксікті күйік осы тұста қыстығып барып ағыл-тегіл ақтарылып кетіп еді. Жалғыз қалып, құла қасқаның мойнын құшақтап тұрып боркеміктене босап, егілгенін тіпті де ерсі, болмаса ұят көрмеген Ахметжан іштегі мұң-шері сарқылып біткенше жы­лаған. Ащы жас үсік шалған қаспақ жүзін жуып, у сепкендей дуыл­датса да өкси-өкси егілген. Егіліп барып тынған. Тынған да күйікті шерді жас етіп төгіп-төгіп алғанына бір түрлі көңілі сергіп, Мақаншы шылбыр шалым жерде екендігін естіп, қос иінінен ауыр жүк түскендей қунап шыға келген. Онысы қуанғаны еді. – Шу, жануарым! – Ахметжан шылбырдан алып құла қасқаны жетелей жөнелген. Жүз қадам жүрді ме, жүрмеді ме, шылбырын жұлқа шалқая тартқан құла қасқа төрт табандап тұрып барып, сең соқ­қандай теңселе түсіп, кесінді теректей құлап түскен. Ахметжан құла қасқаның зорығып барып жан тапсырғанын түсінген. Түсінген де терең күрсінген. Кәдімгідей маңдайынан иіскеп, жалын сипаған. Жылағысы келіп еді, арғы жағы қаңсып қалыпты. Тулаққа айналып кеткен атты жолдан былайырақ сүйрелеп апарды да ері мен жүгенін сыпырған. Ерді арқалап, жүгенді беліне байлаған қалпы, қарайламай ілгері жүріп кеткен. *** Міне, азапты сапар да аяқталды. Сонау Қаратоғайдан қашып, Жаңатуғанды басып, жол-жөнекей ондаған елді мекендерді айналсоқтай өтіп Мақаншыға жеткен Ахметжандар Әбдіса­быр­дың саясында жылға жуық болған. Жан жарасы жазыл­маса да азапты жолда – жұмақтан дозаққа қашқан жазық­сыз жандардың тән жарасы жазы­лардай болып еді. Әбдісабырдың Семей өңірінде де беделі биік, абыройы асқақ екен. Облыс басшылары бауыр­ла­рының тағдырына алаң азаматтың өтінішін жерге тастамай бір ай мұрсат берген. Ал ол болса Ахметжан Көшімбаевтың ел алдында еш кінәсі де, күнәсі де жоқ адалдығына сендіріп, бұрынғы қызметіне тағайын­датып кеткен. Менің қолыма қалам алдырған мәселе әу бастан кінәсіз Ахметжанның қызметке қайыра оралуында да, Әбдісабырдың ақиқаттың ажарын айқындап бергендігінде де емес. Тіпті сол тұстағы қоғамның қа­тыгездігі, ауылдастардың арамзалыққа толы мерезді қылығы да таңдандырмаған. Мені жұмақтан дозаққа қашқан, сол жолда темір майрылып, атан жілікті ат зорығып өлсе де адамның тізе бүкпегендігі таңдандырған. Сойқанды сапарды сәтті аяқтап, арманды биікке көтеріле алған қаш­қындар қаһармандығы көп ойлантты. Оларды осы жолдан тайдырмаған нендей қуат, нендей күш деген сұрақ жонымды әлі күнге шабақтайды. Көзсіз ерлік пе, әлде өмірге деген ерен құштарлық па? Басында кеу-кеулескен ет қызуымен жолға шығып кеткен қашқындар келе-келе бұл сапардың көзсіз ерлікке еш қатысы жоқтығын аңғарды. Аңғарды да азапты жолдан басқа шегінерге жер жоқтығын сезінді. Өмірге құштарлық дейін десең сол құштарлық кімнің басында жоқ. Бірақ оны әркім әр қалай түйсінеді де әр қалай атқарады ғой. Құмырсқа екеш ол да өлмес қамын ойлайды, сол үшін де күндіз-түні тыным жоқ оларда. Ал мына менің кейіпкерлерімді өлермендене алға жетелеген не нәрсе? Өмірге құштарлық деп қана қойсақ оңай шешім, келте қайырыс болар еді. Сонда не? Түсіне алмадым. Бірақ бұларға деген шексіз сүйіспеншілігімді жасыра алмаймын. Толық түсін­діре алмасам менде айып жоқ. Айып қоғам қай­шылығында, ізгілік пен жауыздық шайқасында болар бәлкім. Мендегі басты мақсат, оқушым өз таңдауын айтсын да өз қалау-түйсігінде қалсын деу еді. Төлеген ҚАЖЫБАЙ, Көкшетау.