Сіз не дейсіз?
Табиғат байлығы шексіз емес. Одан алғаныңның орнын толтырып отырмасаң, келер ұрпақты несібесінен қағуың бек мүмкін. Қазір елімізде егістік алқаптың топырақ құнарлылығының кеміп бара жатқаны алаңдаушылық туғызуда. Жалпы облыс өңіріндегі топырақтың құнарлылығы қай деңгейде? Топырақ құнарлылығын қалпына келтіру үшін қандай жұмыстар жасалуда?
«Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Агрохимия қызметі» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің өкілі Тілекқабыл ЕРМЕКБАЕВҚА:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Бүгінгі таңда болып жатқан ғаламдық құбылыстар, табиғи ресурстардың шектеулілігі, ауа райының өзгеруі ауыл шаруашылығы саласында ылғал және ресурс үнемдеу технологиясын пайдалануды алға тартып отыр. Біздің орталықтың мамандары облыстың егістік алқабына агрохимиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Әйтеке би ауданында – 198,25 мың, Қарғалы ауданында -116,44 мың және Хромтау ауданында – 119,02 мың гектар жер мамандардың бақылауына алынды. Бұл алқаптар топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
Облыс аумағындағы егістік алқаптың 87,9 пайызында қарашірік көлемі өте төменгі деңгейде екендігі анықталды. 776,44 мың гектар жерде топырақ құрамында қоректік заттар азайып кеткені белгілі болды.Осы алқаптардың 23,9 пайызында жылжымалы фосфор кеміген. Мұның өзі егістік алқаптарында минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың кемшін соғып жатқанын көрсетеді. Көп жағдайда егіннің бітік өспеуі топырақ құрамында фосфор, азот және басқа минералды тыңайтқыштардың жетіспеушілігінен болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ылғал жинау және сақтау, топырақтың құнарлылығын сақтау мен қалпына келтіру шараларын жүйелі жүргізу өнімділікті тұрақтандырады және арттырады. Жылдық орташа жауын-шашын көлемі 250-300 миллиметр түсетін қызыл қоңыр топырақты біздің өңірде жаңа технологияларды қолдану 25 пайыздан 50 пайызға дейін артуы әбден мүмкін.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында облысқа биыл 61 тонна аммофос, 209 тонна аммиак селитрасын алуға арнайы квота бөлінді. Дегенмен, мамандар топырақты ылғалдандыратын, қоректендіретін тыңайтқыштардың әлі де аздық ететінін алға тартуда. Сұранысты толық қамтамасыз ету үшін қосымша 10040,0 тонна азот, 18627 тонна фосфор қажет. Біз егіншіліктен жөнді өнім ала алмасақ, оны бірыңғай ауа райының қуаңшылығына жаба салмай, топырақ құнарлылығын арттыру шараларын да қолға алуымыз қажеттігін түсінуіміз керек. Біздің облыстың егістік алқаптарында калий көп болғанмен, фосфор тапшылығы белгілі. Ал еліміз фосфор қоры жағынан әлемде бесінші орында. Облыста Шилісай кен орнындағы фосфорды Мамыттың қоңыр көмірімен араластыру арқылы тыңайтқыш алып, оны егістікке қолдансақ, ұтпасақ ұтылмаймыз. Сондай-ақ, құнарлылығы кеміген жерлерге көпжылдық екпе шөптер егу оны биологиялық тыңайтуға мүмкіндік береді. Әзірге мұндай игілікті іске көптеген шаруашылық құрылымдары басы артық шаруа, қаржы кетеді деп қарайды. Бұл дұрыс емес. Жалпы, топырақ құнарлылығын қалпына келтіруге түбегейлі кірісетін кез жетті.
Ақтөбе облысы.