27 Шілде, 2011

«Драйв-водка-апельсин» ішкен балалар болашағы мен денсаулығы не болмақ?

491 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақында Ресей елінің Ханты-Мансы автономиялық округына қарасты Нижневартовск қаласында бір оқушының бірнеше банкі энергетикалық коктейль ішіп, жүрек ауруынан кенеттен көз жұмғаны туралы жазылды. Мұндай сусындар біздің елдің дүкен­дерінде де көптеп сатылуда. Оны шығара­тын кәсіпорын да алыста емес,  Алматы облысындағы Іле ауданына қарасты Боралдай ауылының Менделеев көшесіндегі 17-ші үйге орналасқан. Анықтап айтсақ, осы мекен-жайдағы  «Рис ЛТД» ЖШС-і спирті аз газдалған сусындарды тұтыну­шыларға жәшіктеп өткеріп жатыр. Әлсіз алкогольды сусындарды, әдетте, ересектердің онша елеп-ескере бермейтіні белгілі. Сонда оның ең негізгі тұтынушысы кімдер? Әрине, балалар мен жасөспірімдер! Жазғы каникул алдында Тараз қаласындағы бір ұстаз лицей оқушысының қолынан «Джин-тоник-лимон», «Драйв водка-апельсин» деп ата­ла­тын сусындарды көріп қалып, ата-ан­а­сымен сөйлесуге мәжбүр болды. Анықтай келе, оқушыны дүкеннен энергети­калық сусын әкелуге жұмсаған сыныптас достары екені белгілі болды. Ал: «Сендерге мұндай сусынды ішу не үшін қажет болды?» деген сауалға олардан: «Емтихан алдындағы дайындыққа күш-қуат жинау үшін» деген тұрғыда жауап алынды... Біз аталған сусындардың «мінездемесін» ел Үкіметінің, оның ішінде Денсау­лық сақтау, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктері басшыларының және Пар­ламент депутаттарының назарына ұсы­нау үшін құты бүйіріндегі өте майда жазуларды ерінбестен оқып, көшіріп алдық. Оқиық: «Джин-тоник-лимон. Әл­сіз алкогольды газдалған сусын. Құрамы: арнайы дайындалған су, көмірқышқыл газы, «Люкс» спирті, қышқыл реттеуші (лимон қышқылы), табиғи тоник, лимон экстраты, қант, «Джин» табиғи хош иісі, консервант (натрий бензолы). Калория­лы­лығы: 72кхал/100 мл кем емес. Сақтау мерзімі 12 ай». Дәл осы мазмұндас жап­сырма қағазы бар екінші құтының сыр­тына тіпті... «Драйв. Водка-апельсин. Әл­сіз алкогольды газдалған сусын» деп жазудан да тартынбапты. Осы ретте айтайық дегеніміз, балалар мен жасөспірімдердің организмі тез елітеді, тез уланады және тез «жеңіледі». Сондықтан балалар немесе олардың ата-аналары «әлсіз алкогольды газдалған су­сын» деген жарнаманы малданып сусын­ды үздіксіз пайдалана берсе, олардың бірнеше жылдан кейін әлгі құтыдағы судың құлақкесті құлына айналатыны анық. Оны місе тұтпай нағыз спирттің өзіне ауыз салуы да мүмкін. Ал бұл ден­сау­лыққа өте зиян. Балалардың мінез-құлқы мен жүйкесіне де кері әсер етері сөзсіз. Мысалы, жоғарыда айтылған Ханты-Мансы автономиялық округіндегі көз жұмған 15 жасар оқушы бірнеше банкі алкогольсіз (!) коктейль ішкеннің өзінде өмірімен қоштасса (медицина қызмет­кер­лері осындай қорытындыға келіп отыр), біздің оқушылар «Люкс» спирті қосылған газдалған сусынмен көңілі қалағанынша «шөл» басып, «күш» жинауда. Ендеше, бұл мәселе  ата-ана мен ұстазды да алаң­датпай қоймайды. Ал біз олардың жанай­қайын жоғарыға жеткізбейінше жайбара­қат отыра алмадық. Соңғы кездері Алматы, Шымкент, Тараз және тағы басқа қалаларда оқушылар арасындағы төбелес жиілеп, оның аяғы он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей балалардың өліміне ұласуда. Әлбетте, оның басқа да түрлі себептері мен салдарлары бар екені белгілі. Дегенмен, «Драйв. Водка-апельсин» сусынының қанды ойнататын «қызуын» да жоққа шығара алмасақ керек. Сондықтан аты аталған министрлік бас­шылары, халық сөзін сөйлеп жүрген де­путаттар мен сенаторлар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, аталған сусындардың адам өміріне, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер ағза­сына қанша­лықты пайдасы мен зияны барына мұқият сараптама жасауға және оның еліміз бо­йын­ша кімдерге, қанша жастағы тұтыну­шы­ларға өткерілуі керектігін анықтауда мүдделілік танытса дейміз. Өйткені, ел болашағы – балалар мен жасөс­пірімдер өмірі мем­лекет үшін бәрінен қымбат. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.