27 Шілде, 2011

Бірлігі жарасқан ауыл

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тоталитарлық режімнен көп жапа шеккен ха­лықтың бірі – поляктар.  Тайынша ауданы тұрғын­да­рының үштен бірін құрайтын поляк этносының ата-әжелері 1936 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Батыс Украинадан күшпен қоныс аударылған. Ұша­рын жел, қонарын сай ғана білген олар әлем карта­сының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес одағын көктей өтіп, Қызылжар өңірін тұрақтаған. Кең қолтық, жомарт көңіл қазақтардан пана тапқан. Содан бері  ағайын-туыстай біте қайнасып, Қазақ­станның өркен­деуіне өз үлестерін қосып келеді. Жуырда осы аудандағы  Зеленый Гай ауылы­ның құ­рылғанына 75 жыл толып, бір шаңырақ астында түтін түтетіп отырған түрлі ұлт өкілдері  бірлік, тату­лық күнін атап өтті. Салтанатты шараға  Поль­шаның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковски мен облыс әкімі Серік Біләлов қатысты. Құрметті мейман  ауданның тыныс-тірші­лігімен жан-жақты танысып, жайқала өсіп тұрған егін алқаптарын аралады. Тайынша стансасында салынып жатқан 280 орынды балабақша және 60 пәтерлі тұрғын үй  құрылысында болды. Зеленый Гай тұрғындарының 70 пайызға жуығы – поляктар. Мұнда негізінен саяси қуғын-сүргін кезінде еріксіз жер аударылған жандардың бірнеше ұрпағы өсіп-өнген. Олардың бірқатарына мақтау қағаздар, алғыс хаттар тапсырылды. Осы елді мекенді бір кездері Сигизмунд Багинский деген азамат көп жылдар бойы абыроймен басқарып, үлкен құрметке бөленген екен. Бір көшеге оның есімі беріліп, мұражай үйі есігін айқара ашты. Жұртшылық ел Тәуелсіздігі мерекесі құрметіне орай «20 игі іс» шарасы аясында атқарылып жатқан басқа да жан жадыратар шаралардың куәсі болды. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы.