27 Шілде, 2011

Жыр презенті

491 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеңдікке құштар еді қайран ақын! Теңіздей тербелетін, ойланатын. Әлемді құшағына сыйдырса да, Кіндігі Қарасазға байланатын. Өлеңнің сапарына сайланатын, Әрқашан алдаспандай қайралатын. Шабыттың томағасын сыпырғанда, Шарықтап қазақ жерін айналатын. Ер қайда сертін толық орындайтын?! Іздеді – пейілдерді тарылмайтын. Іздеді – қасиетті қарияларды, Қазақтың дәстүрімен қабылдайтын. Аяды ол адамдарды сағынбайтын, Тамшы боп сақалдарға дамылдайтын. Байқады дүниенің бәрін де айқын, Кесір мен кесапатқа бағынбайтын. Туса деп нағыз өнер тамсанатын, Іздеді – кеңістікті ән салатын. Іздеді – інілер мен келіндерді, Қабақтан шуақ шашып қарсы алатын. Абайдың болмысына сонша жақын, Талантты жолықтырса қол соғатын. Шалқытып сезімдердің айна көлін, Жүректер арасына жол салатын. Іздеді – жетімдер мен жесірлерді, Кіндігі қиындықта кесілгенді. Тағдыры қыл үстінде шешілгенді, Іздеді – іздерінен есімдерді. Адамдар дүниеге не үшін келді?! Нені алды, қарымтаға несін берді?! Көз қадап көкжиекке үңілгенде, Өмірдің құдіретті көшін көрді. Кезетін – биіктерді, төмендерді, Сезетін – тұңғиықты, тереңдерді. Іздеді – құны бірге құрдастарын, Іздеді – өрге ұмтылған өрендерді. Үміт пен армандарын сенен көрді, Іздеді – елін сүйген кемеңгерді. Іздеді – адамдардың арасынан, Өзімен бірге өлмейтін өлеңдерді! * * * Ақын боп ғұмыр кешу қиын қандай?! Арпалыс маңдайына бұйырғандай. Ғажайып толқындары тіршіліктің, Жаны мен жүрегіне жиылғандай! Қарсылық қалады екен бұйым болмай, Қайықты қара дауыл жиі ұрғандай! Балқыған қорғасындай қазақы ұйқас, Лапылдап өңешінен құйылғандай! Бұл күйден құтылады қайда барып?! Қиялын сүңгітеді ойға малып. Тұр әне – қарсы алдында қағаз, қалам, Жаз дейді орындыққа байлап алып. Тағдырын жырға теліп қойғаны анық, Өткірле қаруыңды, қайра, жанып! Мәңгілік сағыныштар жетелейді, Ақын боп туғаныңды пайдаланып. Ұйқыдан оятып ап сілкілеген, Періште, періште ғой шіркін, өлең! Кеудесі жақсылардың алтын сандық, Ашылар ақындықтың кілтіменен. Аспанның араласып бұлтыменен, Жаңбырға айналасың сіркіреген. Мезгілдің алмағайып сәттеріндей, Мінезді жаратқаннан кім тілеген?! Лебізің шалқытады көңілді өскен, Ұшқының қоздатады сенімді өшкен. Азабын, тіршіліктің ақиқатын, Баяндау мүмкін емес егілместен! Даулы өмір, дауыл өмір – керілдескен! Бәріне шыдау керек жеңілместен. «Айтарын айтып қалған абайламай», Қиын ғой ақын болып өмір кешкен! * * * Байлықты, басқаны да сұрамадың, Тіледің – сөндірме деп жыр алауын. Тек қана қағаз, қалам, уақыт керек, Табасың қалғанының бір амалын. Толғадың ғашықтардың ұнар әнін, Бір ұшқын, нұр ұшқынды қуаладың. «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз», Кезіп бір кеткен кезде жыр аралын. Жұмысын қайталадың бал араның, Керемет кеңістікті араладың! Басқансың көкірекке тауып алып, Ұмытқан он сегіздің орамалын. Тарқаттың ғажайыптың сан орамын, Тірлікке жырсыз күнді баламадың. Шарпыды тұлабойды нелер ағын, Осы еді – дүниеден қалағаның! * * * Халқы үшін өлең жазды, адам үшін, Тек соған бағыттады сана күшін. Сөйледі келе жатқан ұрпаққа арнап, Сомдады қара өлеңнен дара мүсін. Өнердің отырып ап арбасына, Неше рет барып келді бармасыңа. Айналу ақын үшін адал парыз, Мағжанның, Махамбеттің жалғасына. Сақтады Сәкендерін ол басына, Жайғасты Ілиястың дәл қасына. Әбділда, Тайырларға мұңын шағып, Қосылды Қасымдарға – қандасына. Ұйыды ақиқатты жақтап бәрі, Түйісті ұлы жолда соқпақтары. Тік тұрып жыр сарайын күзетті олар, Қарауды есігінен аттатпады. Абайдың отын жақты, жоқтатпады, Сол үшін кейде олар бақ таппады. Ұрпаққа кезек-кезек жол көрсетіп, Керуенін нағыз жырдың тоқтатпады. Өлеңді кие тұтты, құрметтеді, Самғады болашаққа жыр кептері. Өнердің бейнетіне төзу керек, Бусанып ай маңдайы, бір кеппеді. Ақ туын ақындардың құрметтеді, Төгілді шумақтарға нұр көктегі. Таланттың абыройы – арлы болу, Осыған барлығы да міндеттеді! Шабыт па шалқығанда орталанған?! Ақындықтың қазынасы – шалқар арман. Ұяласты табатын самғағанда, Атыраудан, Алтайдан, қарт Оралдан. Алашына сүйеніп арқаланған, Қаймыққан да еместі, қалқаланған. Қазақстан – анасы қасында жүр, Анасы бар ақындар ерке болған! * * * Ақын күйін ұқпадық, түсінбедік, Сәлемдестік саусақтың ұшын беріп. Әкімдіктің сезсек те келтелігін, Ақындықтың алдында кішірмедік. Қызғаншақтың пиғылы ішінде өліп, Мансапқорлар көрсетті күшін неғып?! Танауларын көтерді байғұс пенде, Таланттардың әлсіздеу тұсын көріп. Тазалықтан, талғамнан алыс тұрдық, Мәстектер мен тұлпарды жарыстырдық. Түлкілерді қолпаштап жылмаңдаған, Қарғаларды сұңқармен салыстырдық. Үйренгендер қолпаштап ұлықтарды, Пайдасы жоқ «жазғыштан» бұғып қалды. Жетіп жатыр жадағай тамсанғыштар, Табу қиын, әрине, жыр ұққанды! Кімге керек ақынның жылағаны?! Кімге керек ақ сөйлеп, сынағаны?! Қолтығынан демеді тауы ғана, Ойларына қосылды бұлақ әні. Тау атасы: –  Келе ғой, ұлым – деді, Айғыздалып әжімі күлімдеді. Қара судың айдыны дірілдеді, Қарағайлар қапталда күбірледі. Безбүйректер «Ол менің кімім?» деді, Өлшеміне шындықтың жүгінбеді. Айтып, айтпай не керек, күні ілгері, Құлагердің шапқаны білінбеді! * * * Жоқ! Өр ақын шабыстан жаңылмапты, Ойлағанын бәрібір орындапты. Жазғандарын – қазағы, қалың елі, Жүрегімен, жанымен қабылдапты. Ел таныса – егінің жайқалады, Халық қана ақын деп айта алады. Нағыз ақын әрлейді қара өлеңді, Шекпен жауып халқына қайтарады. Жырлады ол – тек қана кісілікті, Күйі бөлек сондықтан, күші мықты! Оятады нағыз жыр жердің бетін, Ақын даусы бәріне түсінікті! * * * Уақыт бәрін өлшейді, алданбайды, Сол күйінде айтады болған жайды. Естеліктің барлығы оған таныс, Таныс жайды өзгертсең – таңданбайды. Ал, кейбіреу сөйлесе жанды арбайды, Арбағанмен, жоқ нәрсе бар болмайды. Әңгіменің тиегін ағытам деп, Әсірелеп кеткенін аңғармайды. Бірі ақынмен сырласқан, қоғамдасқан, Құрметтепті бірі оны сонау бастан. Енді бірі әдейі іздеп келіп, Аяғынан тік тұрып саламдасқан. Қызметтес, пікірлес, қаламдас жан, Ақын үшін барлығы алаңдасқан. Нағашылар, жиендер, туысқандар, Жамырап кеп сөйлейді демалмастан. Кейде тіпті кетсе де тым ұшқары, Осым ұят болар деп ығыспады. Бір ағасы ақынға ақыл айтып, Үйретіпті өлеңді бір «ұстазы». Не деген көп інілер – ырыс, бағы!? Бауырмалдық ғұрпымен тыныстады. Ажырата алмайсың тіпті ақынның, Атын байлап, шылбырын кім ұстады?! Нағыз білгір қайда екен, ақылды, ойлы?! Толғаңдаршы қанеки, ақын жайлы! «Менің нәзік жанымды кім ұғар» деп, Шың басында найзағай шатырлайды! * * * Қуаттады ғасырлар алып ісін, Жанартаудың зерттейміз жарылысын. Мұқағалиды оқиды күллі қазақ, Өміріне ғибрат алу үшін. Сөз маржанын адамның бәріне ұсын! Сынасыншы жүйріктер тағы күшін. Туған халқы ақынға той жасайды, Өзін-өзі дұрыстап тану үшін. Аяулы жыр – өмірдің гүлімісің?! Ұлылықтың нәрісің, ұрығысың! Кемеңгер кеуделердің жылуысың, Сағыныш саздарының тұнығысың! Періште сәбиімнің қылығысың, Бабамның айнасының сынығысың. Ақынын ұмытпайды ұрпақтары, Алаштың қасиетін білу үшін! Шалқысын, шарықтасын, көкке өрлесін! Жүректі өлең дейтін от кернесін. Бұл тойға күндестікті жолатпаңдар, Таланттар бірін-бірі жек көрмесін. Жұлып ал аярлықтың бет пердесін! Араға сына қағам деп келмесін. Ақындар – ақыл-ойдың өкілдері, Қазақтың парасаты шектелмесін! Батық МӘЖИТҰЛЫ. Алматы.