Онда бір мезетте 5 мың мұсылман мінәжат ететін болады
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Алайда Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан мемлекетіміз мұсылман елдері қатарынан саналады. Биылғы жылы еліміз Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуде. Бұл Қазақстанның ислам әлемінде алатын орнының маңыздылығын білдіреді. Осы орайда айта кетер бір жәйт, соңғы мәліметтерге қарағанда Қазақстанда мұсылмандыққа бет бұрған жандар мен Алланың жердегі үйі – мешіттер саны күннен-күнге артып келеді. Ал мешіттің көбеюі халқымыздың имандылық ишаратының бекіп келе жатқандығын көрсетеді. Жалпы, мешіт салудың сауаптылығы жөнінде Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) заманынан бізге мынадай әңгіме жеткен. «Осман ибн Аффаннан (р.а) риуаят еткен хадис шарифте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Кім Алланың дидарын қалап, оның жердегі үйін тұрғызса, Алла тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады» дегенін естідім», деген екен. Мешіт салу сауабының зор екенін осыдан байқауға болады. Әрине, елордамызда мешіттер жоқ емес, бар. Алайда «Нұр-Астана», Сәдуақас қажы Ғылмани мешіттерінде жұма намазына қатысушылар саны бұл мешіттердің сыйымдылығынан бірнеше есе асып түседі. Оның үстіне Астана халқының көбеюі мен имандылық парызын өтеуге бет бұрған жандар санының артқандығы тағы бар. Аталмыш мешіттерге жиналған, бірақ сыймаған жандар сыртта тұрып құлшылық жасайды. Жалпы, Қазақстан бойынша 2200-ден астам мешіт бар екен. Ал Астана қаласындағы мешіттер саны тағы бірге көбейетіні туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып келеді. Атап айтсақ, 2009 жылдың 29 маусымында елордада жаңа Орталық мешіттің іргетасы қаланды. Осыдан екі жыл бұрын бес мың адамға арналып салынатын жаңа мешіттің орнында болып, оның алғашқы естелік құтысын өз қолымен орналастырған Елбасы оның Қазақстанның және Астана қаласының шежіресіне енетін ерекше оқиға екендігін айтқан еді. Алуан діндер үйлесімінде тату-тәтті өмір кешіп отырған Қазақстан халқының болашағы жарқын, бірлігі мығым, діні берік болсын деген ниетпен осы жаңа мешіттің іргетасын қалап отырмыз, деген болатын. Содан бері Мемлекет басшысы осы мешіт құрылысы алаңына жиі соғып, бақылап, назарында ұстап келеді. Жаңа мешіттің сәулеті республикалық ашық сәулет конкурсының қорытындысында ұсынылған 26 жұмыстың ішінен ең үздік деп танылған жоба. Астана қаласының бас жобасында жаңа мешіт қалалық құрылыс ансамблінің солтүстік-шығысында орналасқан. Онда жаңа құрылысқа дейін Тәуелсіздік сарайы және «Қазақ елі» монументі алаңы, Шығармашылық үйі, Археология және этнография музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы бой көтеріп, ұқыпты орналасқан. Мешітке тапсырыс беруші «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қарамағындағы корпоративтік қордың берген мәліметіне орай, орталық мешітке бір уақытта 5 мыңнан астам адам сыя алады екен. Мешіт құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қарамағындағы корпоративтік қор тапсырысымен 2010 жылдың жазынан түріктің «Сембол» компаниясы бастап кетті. «Сембол» компаниясының басқарма төрағасы Айтекин Туффанның айтуынша, жоба құны 10 млрд. теңгені құрайды. Мешіт сәулетіне жарияланған байқауға жер-жерден өтінімдер келіп түскен. Ал оның құрылысын жобалау құқығын «Санар» компаниясы жеңіп алған болатын. Мешіттің жалпы құрылысына кеңірек тоқталсақ, оның басты намаз оқитын орталық залы күмбезбен көмкеріледі. Жаңа мешіт дәстүрлі ислам стилінде салынуда. Дегенмен ұлттық реңк те жоқ емес. Жоба классикалық ислам стилі мен дәстүрлі қазақ орнаменті және декоративті элементтер қосындысы ретінде құрастырылған. Сәулеттік ансамбль шартты түрде екі блоктан тұрады. Онда негізгі мешіт ғимараты және оған жалғасатын стилобатқа орналасқан вестибюльді алаңдар тобы. Негізгі блок екі қабаттан тұрады, ал вестибюльді бөлігі үш қабатты. Ғимараттың жалпы ауданы 17,7 мың шаршы метр, ал жалпы құрылыс аумағы 20,6 мың шаршы метрді құрайды. Мешіт кешеніне мешіттің өзі, оқу-ағарту тобы, құран оқитын зал, мейрамхана, ас бөлмесі, ерлер мен әйелдерге арналған дәрет алатын орын, Имам орын-жайлары, некелесу мен вип орындары кіреді. Мешіт ғимараты жоспарда симметриялы, ось көлемі 78.00 х 137.40 м. Қасбеттің сыртқы қабырғалары табиғи таспен, фибробетонмен қапталған, сондай-ақ ашық түсті декоративті плиталармен қапталады. Ал темір-бетонды күмбездер металмен өріледі. Бас күмбездің нөлдік белгіден санағандағы биіктігі 51 м., ал диаметрі 28,1 м. Оны жиектеуші күмбездер саны – 8, диаметрлері 10,45 м. Вестибюль күмбезінің диаметрі 15,2м. Бұл ерекше ғимараттың соңғы қорытынды аккордтарын ортасынан есептегенде тең қашықтықта орналасқан төрт жақтан төрт мұнараның орналасуы толықтыра түседі. Олардың әрқайсысының биіктігі – 77 метр. Жұмыс жобасында мешіт айналасын көгалдандыру мен абаттандыру, гүл көшеттерін отырғызу, 5 субұрқақты қосқанда шағын сәулет формаларын орнату, түнгі мезгілде оның қабырғаларын декоративті жарықтандыру қарастырылған. Жолдар мен жаяу жүргінші жүретін жолдарға гранит плиталар төселмек. Кешеннің жанынан келушілерге арналған 745 мәшине сиятындай ашық автотұрақ салу жоспарланыпты. Жалпы, Алланың жердегі үйін салу оңай дүние емес, оған қоса ұлттық реңк бере отырып жобасын салу асқан нәзіктікті қажет етеді. Осы орайда Астанадағы зәулім жаңа мешіт ғимаратының бас дизайнері, туынды авторы Сағындық Жамболатовтың еңбегін айтып өткен жөн. Мешіттің салыну қаржысы қайырымдылықтан түскен. Бір айта кетерлігі, мешіт мемлекеттің емес, жеке азаматтардың қаржысына салынатынын Елбасының өзі де атап өтті. Мешіт құрылысының бітуі басқа уақытқа жоспарланғанмен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында тарту ретінде қолданысқа берілмек. Соған байланысты мешіт құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Астана қаласындағы ғимарат ансамбльдерінің сұлу әрі қолайлы болып орын тебуі заңдылық. Бір себептен бас қаланың бейнесі Қазақстанмен ұғымдасып, жымдасып кетсе, екінші себептен әуел бастан-ақ үйлесімді, мақсатты түрде Елбасы ойында тұрғызылған жаңа Астана идеясының шынайы көрінісі. Қазақстанның тәуелсіз тарихында жаңа ерекше оқиға болып табылатын бұл жаңа мешіт еліміздің берік ұстанымы мен болашағының сипаты секілді. Сәні мен абыройы асқақ Астанамыздың үлгі болар бейнесі асқақтай берсін деп тілейік, ағайын! Венера ТҮГЕЛБАЙ. Суреттерде: мешіт макетінен көріністер.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше