Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының «Сезон» журналымен бірлесіп ұйымдастырған «Ақтөбе ханымы – 2011» байқауының финалы өтті. Сұлулық байқауының ақтық сынына іріктеу турынан өткен 15 ханым балаларымен келіп қатысып, өмірдегі ұстанымдарын айтты, балалары да өз өнерлерін көрсетті.
Қатысушылар қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен тарихы және басқа сұрақтарға қатысты жауап беріп, тапқырлығы мен білімін танытты.
Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Светлана Айтбаева «Ақтөбе ханымы – 2011» байқауының жеңімпазы атанды. Анасын көтермелеп келген үлкен ұлы Димаш пен қызы Раушан ән айтып, төрт жасар Әбілмансұры «Қазақстан ханымы» дегенді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қатесіз жазып берді. Байқаудың бірінші орынын облыс әкімі аппаратының бас маманы Динара Нұрманова иеленді. Енді олар «Қазақстан ханымы – 2011» байқауына қатысып, бақтарын сынайтын болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.