28 Шілде, 2011

Википедия қазақша «сөйлейді»

700 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Көлемді «қағаз» энциклопедияға қанша мақала сиғызуға болады? Бірнеше  он мыңдай. Ал кітап­ханаға барып, қажетті томдарды іздеу әрине қыруар уақытты алады. Сондықтан Джимми Уэльстің  қолжетімді онлайн режімінде  интернет-энциклопедия құру жөніндегі идеясы әлемді тез арада жаулап алды. Осыдан он жыл бұрын идея авторы мен оның досы Лари Сэнгер ашқан «Википедия» атты сайтта алғашқы мақалалар пайда болды. 2011 жылдан Википедия 281 тілде жарық көреді. Онлайн энциклопедиядағы ағылшын тіліндегі мақалар саны 3,5 миллионға жетіп, ағылшын  және  француз  тарауларында  миллионнан астам, ал орыс тілінде 730 мақала жарияланды. Тіпті Британ энциклопедиясы сияқты кең көлемді академиялық кітап басылымының  өзі ауқымдылығы мен контенттің әртүрлілігіне келгенде осындай жаһандық интернет-ресурспен теңесе алмайды. Wiki-технология кез келген интернет пайдаланушы үшін білімдерді алмасу мен алудың ең тамаша тәсілі. Іс жүзінде Википедия – шексіз көлемдегі ақпараттарды алмасудың бүкіләлемдік желісі, ал энци­клопедияшылар клубына әлемдік интеллектуалдық қауымдастықтың кез келген мүшесі ене алады. Академиялық редакциясы жоқ, сапасы мен ақиқаттығы тек олардың авторларына ғана байланысты болатын интернет-сайттарға қатыс­ты белгілі сенімсіз көзқарастың өзі Википе­дияның танымалдылығын төмендете алған жоқ. Оның мазмұны жанды организм ретінде үнемі даму үстінде, қателерді өзге редакторлар жөндеп отырады, ақпараттар көзіне сілтеме жасау – міндетті ереже болып табылады. Ақпараттық дәуірдің перзенті – Википедия туындатушысы бүкіл адамзат болып табылатын теңдесі жоқ білім беру базасына, планеталық өркениеттің тұрпаты мен мазмұнын  бейнелейтін матрицаға айналуда. Қазақстан  да  әлемдік Википедия құра­мы­нан лайықты орын алу үшін өз өтінішін берді. 2011 жылдың маусымынан  бастап  біздің республикамызда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен «Қазақша Википедия» жобасы мемлекеттік тілде жүзеге асыры­луда. Қазақша Википедияның авторы әрі меншік иесі «Wikimedia Foundation Ink.» халықаралық қоры болып табылады, ал әкімші мәртебесіне  «Wikibilim» қазақстандық қоғамдық қоры ие болды. Республиканың Байланыс және ақпарат министрлігі мен «Қазконтент» АҚ жобаға ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп отыр. Ол басталған 16 маусымнан бастап 16 жел­тоқсанға, яғни Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 20 жылдық мерейтойын тойлау күніне дейін жобаның бірінші сатысында қазақша онлайн-энциклопедиядағы мақалалар саны 200 мыңға жетуі тиіс! Мұндай, орындалуы қиын көрінетін міндет жобаға бастама білдірушілерді қаймықтырып отырған жоқ – өйткені белсенді пайдаланушылар қатары күн санап өсіп келеді, ал мақалалар  саны қазірдің өзінде 60 мыңға жеткен. Отандық Википедияны жасауға ұлттық энци­клопедия редак­циясының сыртында өңірлік, салалық энцикло­педиялар мен анықтамалықтар тартылған. Сол сияқты жобаға бастама жасау­шылар шет тілдеріндегі көздердегі ақпараттарды қазақ тіліне жаппай аудару жөнінен де бұрын-соңды болмаған нау­қанды бастауға дайындалуда. Википедия рейтингінде Қазақстан қысқа мерзімде 125-інші орыннан 49-ыншы орынға көтерілді. Бірақ мәселенің мәні рейтингтік көрсеткіште емес. Wiki-технология көмегімен елдегі әрбір интернет пайдаланушы қазақ тіліндегі әмбебап мәліметтерге қол жеткізетін болады. «Қазақша Википедия» Президент Н.Назар­баевтың азамат­тардың мемлекеттік тілді меңгеруі жөнінде қой­ған міндетін нәтижелі түрде алға бастыратын интеллектуалдық желілік тұғырнама болу мақсатын көздейді. «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Тимур Құлыбаев жобаға қатысушыларға арналған үн­деуінде былай деп атап көрсеткен: «Бүкіләлемдік желіде қазақ тіліндегі ауқымды контенттің болуы тілді сақтау мен дамытудың шешуші факторына айналуда. Сөз жоқ, Википедия сол сияқты халықтың сауаттылық деңгейінің өсуіне де елеулі үлес қосып, қоғамның ақ­параттануында ықпалды құралға айналатын болады. Мәні жағынан осындай зор мақсатқа қол жеткізуде «Самұрық-Қазына» қоры мүмкін деген ықпалын барынша тигібек. Біз ол үшін көптеген адамдардың – интеллектуалдар мен патриот­тардың күш-жігерлері қажет екенін жақсы түсінеміз және іске бейтарап қарамайтын азаматтарды, әсіресе білімді жастарды қазақша Википе­дияның энтузиастары болуға шақырамыз». Экономикалық әлеуеттің, ғылым мен білім­нің дамуы, елдің ұлттық идеясы мен идеология­сының қалыптасуы, патриотизмге тәрбиелеу ақпараттардың негізгі жеткізушісі – мемлекеттік тілді дамытпайынша мүмкін емес. Қазақ тілі іс жүргізуден бастап, тұрмыстық қызмет көрсетуге дейін өмірдің барлық салаларын жедел қар­қынмен қамтуда. Бірақ ол қазіргі заманғы коммуникация құралына айналып, өзінің көкейкестілігі мен ақпараттық мазмұны жағынан күн сайын қажет болып, Қазақстандағы барлық өмірлік маңызды үдерістердің лингвистикалық тұғырна­масына айналған кезде ғана оның рөлі талас ту­дырмайтын болады. Ана тілінің дамуына неғұр­лым мүдделі қазақ ұлты үшін «Қазақша Википедия» туған тілдің қолдану аясын кеңейту жө­ніндегі міндеттердің төңірегіне кең ауқымда  бірлесудің нағыз құралы болып табылмақ. «Қазақша Википедия» тағы бір маңызға ие – ол Қазақстанның ақпараттық егемендігін ны­ғайтуға жағдай жасайды, қазірдің өзінде интер­нет-қауымдастығына кіретін барлық қазақ­стан­дықтар үшін шешуші коммуникациялық фак­торға айналып отырған  интернет-байланы­сын­дағы  оның тілдік бәсекеге  қабілеттілігін  арттырады. Жоба авторларының келесі бір ой-мақсаты – қазақша Википедияны толықтырумен айналы­сатын ынталылар қауымдастығын қалыптастыру. Ол онлайн-энциклопедияның  сапалы өсуі үшін өте қажет, өйткені уақыт өте келе жүздеген мың мақалаларды мазмұндық және құрылымдық жаңарту қажет болады, ал оған шағын редак­цияның күші жете бермейді. Мемлекеттік тілді білетін және ғылыми, сондай-ақ қоғамдық-пайдалы білімдердің кең ауқымын меңгерген әрбір интернет пайдаланушының жеке қатысуы ғана  Википедияны сұранысқа ие энциклопе­диялық ресурсқа, сол сияқты Қазақстанның бұқаралық әлеуметтік желісіне айналдыра алады. Егер Сіздерді қазақша Википедияны дамы­туға, демек қазақ тілін қолдауға да  өз үлесіңді қосу мүмкіндігі қызықтырса, http://kk.wikipedia.org. сайтына кіріп, жаңа мақалалар жазуға қатысыңыздар немесе бұрыннан барларын редакциялаңыздар. Әрине, сол сияқты «Қазақша Википедиядан» әр кезде де сан-алуан сауалдарға өте кең көлемде жауаптар алуға болады. Есенбай ТАҢАТАРОВ.