Елді мекен, жер-су, көше аттарын заман талабына сай өзгерту жөніндегі жұртшылықтың ұсыныс-пікірлері уақыт талабы екенін ескеретін мезгіл жетті.
Ономастикалық атаулар жүйесін қоғам қалыптастыратыны белгілі. Облыстық мұрағаттар мен құжаттар басқармасы шығарған Петропавл қаласындағы көшелер тарихы жөніндегі анықтамалықта келтірілген деректерге қарасақ, талай ғасырлық бай тарихы бар ұлттық ономастикамыз патшалық Ресейдің отарлау саясатының өктемдігін көп көргенін байқауға болады. Онда қамал салынған кезден бастап пайда болған атаулар жөнінде мағлұматтар молынан келтірілген. Кеңестік жүйе ономастиканы тарихи-мәдени санаға әсер ететін саяси құрал ретінде пайдаланып, атауларды ретсіз тықпалай берген. Мәселен, 1924 жылы 26 шілдеде қалалық кеңес президиумының қаулысымен бірден 56 көше жаңаланған. 30-шы жылдары бұл үдеріс одан әрі жалғасып, революция мен азамат соғысының көсемдері мен батырларының есімдері қаптап кеткен. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде төл атауларымыз күшпен өзгеріске ұшырағаны байқалады. Қысқаша қайырып айтқанда, қоғамдық-саяси, мәдени-тәлімдік маңызы өлшеусіз ұлттық атаулар жөн-жосықсыз өзгертіліп, табиғатымыз мен болмысымызға үш қайнасы сорпасы қосылмайтын атаулар қаптап кеткен. Мәселен, Ақжар-Покровкаға, Арқалық-Андреевкаға, Қосағаш-Новомихайловкаға, Кегерін-Новоникольскийге, Жекекөл-Благовещенкаға, Құтырлыған-Екатериновкаға, Түлкіойнақ-Святодуховкаға, Кіндікті-Оседлоеге, Бақырілген-Петровкаға, Қоржынкөл-Спасовкаға айналдырылған. Өткен тарихымызды еске салатын атауларды қайтару – бүгінгі уақыт еншісінде. Мұхтар Әуезов «біздің қазақ – жер атауы, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан түзде кездескен бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деуінен атаулардың жергілікті шаруашылық, тұрмыстық өмірмен, салт-дәстүрмен біте қайнасып жатқанын аңғару қиын емес. Қазақстанның өз алдына тәуелсіздік алуына байланысты облыста әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын ретке келтіру, елді мекендерді қайта атау, тарихи-жағрапиялық атауларды бірізге түсіру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. 1992 жылдың 12 мамыры ел есінде ұмытылмастай қалды. Коммунист және 2-ші Коммунист көшелеріне алты алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімі беріліп, кейін Қазақстан Конституциясы, Жамбыл, Баян батыр, Г.Потанин, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсірепов, П.Васильев, Е.Бөкетов, Е. Брусиловский көшелері пайда болды. Алайда, алда ұлан-ғайыр міндеттер тұрғанын естен шығармауымыз керек. Өйткені, өз кезегі жетсе де, кешеуілдеп жатқан төл атаулар аз емес. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында ежелгі тарихи атауларды қайтару, мән-мағынасы жоқ күлдібадамдарын жаңалау уақыт талабы екенін ескеретін кез жетті.
Ономастика мәселесі – теріскей үшін әлі де өзекті. Облыс орталығындағы 300-ге тарта көшелердің 40 шақтысы ғана төл атауларға ие. Олардың біразының өңірімізге еш қатысы жоқ. Ал, 50-ге тарта көше әлі күнге дейін коммунистік дәуір мен кеңестік кезеңнің идеологиясын айғақтап тұр. Ең өкініштісі, кешегі патшалық отаршылдық пен тоталитарлық кезеңнің сарқыншақтары еңсемізді езіп, намысымызды жаншып тұратыны. «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деп текке айтылмаса керек. Демек, еліміздің қазіргі тыныс-тіршілігін сездіретін, айбынымызды асқақтататын елді мекен, жер-су аттары ұлттық нышандарымызды, халықтық қалпымызды танытары сөзсіз. Бірақ, жұртшылықтың ойға қонымды уәждерінін ескеріле бермейтіні өкінішті. Мәселен, Рига көшесін – Кенжебай Шалабаев, Олег Кошевойды – Смағұл Сәдуақасов, Володарды Ысқақ Ыбыраев аттарына ауыстыру туралы көпшіліктің ұсыныс-пікірлері тиісті орындар тарапынан қолдау таппай қалды. Осы орайда, кей депутаттардың ұстанымдары таңдандырмай қоймайды. Ұлттық мүдде таразыға түскенде кірпіше жиырыла қалатын бәзбіреулердің парасат-пайымының төмендігіне еріксіз күйінесің. Халық қалаулылары бір кездері көшелердің атын өзгертпеу жөнінде заңсыз мораторий қабылдап, ел-жұртты әбден ығыр еткен еді. Енді қаржы жоқ деген оңай сылтау ойлап тапты. Петропавл қаласындағы № 20 мектепті қазақ үшін шыбын жаны шырқыраған Жұмабек Тәшеновке беру туралы ұжымның шешімі жоғары орындарға жіберілгеніне бір жылдан асса да, жауап жоқ. «Халық жауы» ретінде атылған Нығмет Сырғабеков секілді Алаштың арыстары жоқтаушысы жоқтығынан көлеңкеде қалған жайы бар. Кеше ғана сүйегінің күлі Мәскеуден әкелініп, туған жер қойнына тапсырылған жерлесіміз Смағұл Сәдуақасовты таныстырудың өзі артық. Өңірде әр жылдары қызмет атқарған кезде ұлт жоқтаушысы ретінде танылып, халық жүрегінен орын алған Ілияс Омаров, Әнуарбек Шманов секілді мәдениет қайраткерлері де ұмытылып барады. Тізе берсе, еленбей жүрген есімдер аз емес. Солардың бірі – жерлесіміз Жұмағали Тілеулин. Республикамызда алғашқы фельдшерлердің бірі бола жүріп, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген «Алаш» партиясының белсенді қолдаушысының құжаттарын ономастика комиссиясы екі рет кері қайтарды. Себебі түсініксіз. Совет көшесі біразға дейін қазақ баспасөзінің қалыптасуына зор үлес қосқан, көрнекті ақын Ғалым Малдыбаевтың атымен аталып жүрді. Биыл ономастика комиссиясының ұсынысы сессияға жолданып, көпшілік жылы хабар күткен еді. Алайда, ескіні аңсаған кей депутаттар «Совет – өткен тарихымыз. Еш өзгертуге болмайды» деп, қасарыса қарсы шықты. Ақыры дегендерін орындатып тынды. Қызылжардың құйқалы топырағында туған Қожаберген жырау, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді қазақтың баршасына ортақ тұлғалар есімдері де ескерілмей келеді. Атақты балуан Қажымұқанның балалық шағы Қызылжарда өткені белгілі. Өзгені айтпайық, Абылайхан атында көше жоқ дегенге кім сенеді? Керісінше, кешегі партия, кеңес басшылары мен қызметкерлерін орынсыз көтермелеу, шүлен таратқандай көше атттарын ұсыну, ескерткіш тақталар орнату, адамды сіңірген еңбегіне емес, шен-шекпеніне қарап бағалау өріс алып бара жатқан сыңайлы. Қатарластарынан еш ерекшелене қоймаған Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы бірінші хатшысы В.Демиденкоға кезінде ұзындығы ат шаптырым Партизан көшесі бұйыра жаздаған болатын. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» демекші, ақыры Р.Люксембург көшесін алып берді. Осы орайда Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың Ақордада бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына берген сұхбатында /2008 жыл, 31 мамыр/ «Бұл істе ономастикалық комиссияларға жүктелер жауапкершілік ерекше. «Атамның атын ауылға, көкемнің атын көшеге» дегендей, қолдан келіп тұрғанда қоныштан басып, ел өмірінде ерекше із қалдыра қоймаған кісілердің орынсыз қолпашталуына тосқауыл қою керек», деген сөздері ойға оралады.
Жасыратыны жоқ, ономастика мәселесінде депутаттардың өздерін тығырыққа тіреп, көпшіліктің шешімі аяқасты болып жататын жайттардың да кезігіп тұратынын айта кеткен жөн. Бірде облыстық тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында кейбір елді мекендер мен ауылдық округтер атауларының транскрипциясын өзгерту және қайта атау мәселесі қаралды. Бұған дейін бір ғана облыстық мәслихат депутатының қарсылығымен Чапай селосын Ақбас деп өзгерту жөніндегі аудандық мәслихаттың, 200-ге жуық ауыл тұрғындарының шешімі аяқасты етілген болатын. Бұл жолы да өңірде абырой-беделі жоғары әлгі азамат «мәселені қарауды кейінге қалдырайық» деп, қаржының тапшылығын көлденең тартқан. Алайда, оның ұсынысы қолдау таппады. Қажетті қаражат та табыла кетті. Осылайша мемлекеттік тілдегі атауларды кері сырғытудың амал-айласы таусылар емес.
Біз елді мекендер мен көшелерді жаппай қазақыландыру деген ойдан аулақпыз. Алайда, ономастика комиссиясы мен сессия қарауына ұсынылған саусақпен санарлық төл атаулардың қарсылыққа ұшырап, мәселе шешімінің ащы ішекше шұбатыла беруінің сыры неде деген сауал ойландырады. Оның бір ұшығы ономастика комиссия мүшелерінің, депутаттардың өткен қазақтың тарихын, айтулы тұлғалардың өмірін, шығармашылығын, сіңірген еңбегін терең білмеуінде жатыр. Оның ақыры шолақ ойлап, келте кесе салуға ұрындырып жатады. Әйтпесе, жоғарыда мысал еткен тұлғалардың қай-қайсысы болсын білімімен де, ерлігімен де, өнерімен де, даналығымен де өшпес із қалдырған айтулы тұлғалар екені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Екінші себебі, мәселенің күн тәртібіне өткір қойылмауы, бюрократтық кедергілердің көптігі. Пархоменконы – Батыр Баян, К.Либкнехтті А.Шәжімбаев етіп өзгерту үшін бақандай бес жыл сарп етілді. Кей көше аттары ауыстырылғанымен, әлі күнге дейін жаңаша-ескіше қосарланған атауларға ие. Соған қарағанда, «Дорсигнал» мекемесі» өз міндетін атүсті атқарған сыңайлы. Жуырда жергілікті телеарнадан «Ермак көшесі» деген сөзді құлағымыз шалып қалды. Қазақша ат таппағандай оның «Малая» деп өзгертілгенін білуші едік. Содан бері арада 6 жыл өтсе де, көше аты жаңартылмағанға ұқсайды. Отаршылдық саясаттың көзіндей сақталып қалған атаулар бірлі-жарым болса, бір сәрі!
Ескі атауларды жаңғырту, жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, уақыт талабына сай өзгерту кезек күттірмес мәселелердің бірі екенін еске салу артықтық етпейді.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.