Иллюстрациялық фото: ЖИ көмегімен жасалған
ТЖМ мәліметінше, бүгінде су тасқыны тәуекелі жоғары өңірлердегі ашық учаскелер мен еріген қар сулары жиналуы ықтимал аймақтарда арнайы аспаптық қар өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ гидрометеорологиялық қызмет мамандарының мониторинг нәтижелері жіті назарға алынған.
Су тасқыны тәуекелі жоғары аймақтардағы ахуал қандай?
Палодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Казгидромет» филиалымен бірлесіп өңір аумағында тексеру жұмыстарын қолға алған. Облыста еріген қар сулары мәселе тудыруы мүмкін Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының аумағы мен Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Успен, Павлодар, Шарбақты, Аққулы және Тереңкөл аудандары ерекше бақылауға алынған. Әкімдік ықтимал тәуекелдерді барынша азайтып, қардың белсенді еру кезеңінде өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында су тасқыны қаупі Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендері мен олардың Аққанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық, Жембарақ, Иманбұрлық салаларында көлдердің толып, арнасынан асуы және қардың еруінен пайда болатын жерүсті ағын суларынан тууы мүмкін. Жергілікті атқарушы орган тасқынның алдын алу үшін «Инженерлік жұмыстар жоспарын» әзірлеген.
«Жоспар аясында өңір аумағында 23 шақырымнан астам қорғаныш бөгеттері салынып, нығайтылды. 15 су өткізу құбыры мен тюбинг орнатылды, 14 шақырымнан астам арықтар тереңдетіліп, тазартылды. Шағын өзендердің 2 шақырым арнасы тазартылды, сондай-ақ Кіші Торанғұл көлінің ұшындағы 1,5 шақырымды құрайтын жағалау бекітілді», делінген облыстық ТЖД-ның редакциямызға жолдаған жауабында.
Өткен жылдардың тәжірибесін ескерген өңір су тасқыны қаупі бар учаскелерде алдын ала шоғырландыру үшін 8 бағыт бойынша күштер мен құралдар тобын жасақтап, тасқын қаупіне жедел ден қою үшін 2223 адам мен 1428 бірлік техникадан тұратын ТЖД, Апаттар медицинасы орталығының СҚО филиалы, Ұлттық ұлан, қорғаныс министрлігі және полиция департаментінің қызметкерлерінен құралған күштер мен құралдар тобын жасақтап отыр.
Президент су тасқыны мен құрғақшылық қаупіне алдын ала дайындалуды тапсырды
Ал Қостанай облысында «Қазгидрометтің» болжамынша, наурыз, сәуір айлары жауын-шашынды болып, ауа райы күрт жылынуы мүмкін. Осыған орай облыс әкімдігі бүгінге дейін 1 млрд теңгеге 50 арнайы техника сатып алынғанын, сондай-ақ 32 қорғаныс бөгеті тұрғызылып, авкөлік жолдарының бойында 38 су өткізу құбыры орнатылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Құндызды, Обаған өзендерінің арнасы тереңдетіліп, 9 гидротехникалық нысан жөнделген. Қыс бойы елді мекендердің аумағынан 1,3 млн текше метрден астам қар шығарылған.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өңірде алдағы су тасқынының деңгейі орташа деп бағаланғанымен, Ресей және көршілес өңірлерімен ақпарат алмасуды жандандыру қажет екенін қадап айтып отыр. Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандары Ұлытау облысының көршілес аудандарымен өзара іс-қимылды ширатуы тиіс.
Шығыс Қазақстан облысындағы 5 елді мекенде тасқын қаупі сақталып отыр. «Қазгидромет» дерегінше, өңірдің жазық аумағының басым бөлігінде суық кезеңдегі жауын-шашын мөлшері қалыпты нормадан 112-146%-ға жоғары болған. Сондай-ақ Алтай, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Ұлан және Үлкен Нарын аудандарында су тасқыны тәуекелінің жоғары деңгейі болжанып отыр.
Еліміздің оңтүстік аймақтарында су тасқыны қаупі бар ма?
Республикамыздың оңтүстік бөлігінде салыстырмалы түрде қар мөлшерінің аз түсуіне байланысты жоғары қауіп аймағына енбеуі мүмкін. Десе де «жау жоқ» деп жайбарақат жатуға негіз жоқ. Себебі жер тоңының еруі мен трансшекаралық өзендердің су деңгейін бақылап отыру маңызды. Сондықтан өңір әкімдіктері арықтарды тазарту, су өткізу құбырларының жайын бақылау, елді мекен аумақтарынан қарды шығару жұмыстарына ден қойған.
Қанат Бозымбаев өңірлердің су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық барысын тексерді
Алматы облысында 45,7 км арық, 31 км канал, 4,2 км өзен арнасы, сондай-ақ автомобиль және теміржол жолдарының астындағы 21 су өткізу құбыры тазартылған. Қонаев және Алатау қалаларында қар полигондары белгіленіп, мердігер ұйым көмегімен қар тазалау жұмыстары қолға алынған.
Жамбыл облысында Шу өзенінің су тасқыны қаупі бар учаскесіне маусымдық гидрологиялық бекет орнатылып, су деңгейін тұрақты бақыланып отыр.
Жетісу облысы да су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарына кіріскен. Аймақтағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде 14 км су ағызу каналдары қазылып, тазартылған. 3 км қорғаныш бөгеттері жөнделіп, 11 км өзен арналары механикалық түрде тазартылған. Сонымен қатар 13 км өзен арналарының жағалауларын тереңдету және нығайту жұмыстары жүргізілген. Инженерлік шаралар облыс аумағындағы 17 елді мекеннің су басу тәуекелін елеулі түрде азайтуға мүмкіндік береді.
Министрлік: Су қоймаларының жұмыс режимі 10 күн сайын қайта есептеледі
Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде еліміздегі барлық су қоймасы бекітілген режимге сәйкес жұмыс істеп тұр. Солтүстік аймақтарда су қоймаларының орташа толу деңгейі – 70% , Орталық Қазақстанда – 68%, батыс аймақтарда – 48%, шығыс өңірлерде – 86% және оңтүстік аймақтарда – 60% көлемінде.
«Су тасқыны кезеңінде суды тиімді өткізу мақсатында су қоймаларының оңтайлы жұмыс режимі он күн сайын қайта есептеледі. «Қазгидрометтің» 1 ақпандағы деректеріне негізделген алдын ала болжамына сәйкес, 2026 жылы барлық негізгі су қоймаларына келетін жалпы су көлемі 9 103-13 897 миллион текше метрге дейін болуы ықтимал. Жобалық сыйымдылығы 57 329 миллион текше метр болатын ірі су қоймаларының нақты сыйымдылығы 43 412 миллион текше метр. 13 917,6 миллион текше метр бос сыйымдылық бар, бұл тасқын суын қабылдау үшін айтарлықтай қорды және су тасқынын басқарудағы икемділікті қамтамасыз етеді», делінген министрлік жауабында.
Ресейдің Ириклі су қоймасынан төнетін қауіп бар ма?
Министрлік көршілес Ресей, Қытай елдерімен бірлесіп, су қоймалары мен трансшекаралық өзендердің ахуалын бағамдап отыруға ден қойған. Мәселен Қазақстан – Ресей тараптары Жайық өзені бассейнінің су болжамын 1 наурызға дейін жария етпек. 16 ақпандағы жағдай бойынша Ириклі су қоймасының көлемі 2 736 миллион текше метрді құрап, келіп түсетін су мөлшері – 11,6 м³/с, ал жіберілетін су – 139 м³/с екені анықталған.
«Ресей тарапының мәліметі бойынша, су тасқыны кезеңінде Ириклі су қоймасынан жіберілетін су көлемі 200 м³/с аспайды деп жоспарланып отыр. Бұл мөлшер Жайық өзені бойында су деңгейінің көтерілу қаупі жоқ екенін көрсетеді», делінген министрлік жауабында.
Сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен төтенше жағдайлар туралы хабарлау және трансшекаралық сулардың сапасын бақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Оған кейбір гидрологиялық бекеттерде байланыс арналарын жаттығулар мен сынақтан өткізу кіреді. Мысалы, Ертіс өзеніндегі су ағынының жылдамдығы 1400 м³/секундтан асқан кезде Нанвань гидробекеті арқылы хабарлама түседі.