Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің демалысы уақытында жұмыс сапарымен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы шаруа қожалықтарының іргелі істерімен танысып, Асы жайлауындағы малшылар жиынына қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жетісу өңіріндегі жұмыс сапары Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылындағы «Ким А. Г.» көкөніс өсіретін жылыжай жұмысымен танысудан басталды.
Ал Алматы облысының бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына көз жіберсек, биылғы жартыжылдықта өнеркәсіпте 190,6 млрд. теңгенің, ауыл шаруашылығында 69,8 млрд. теңгенің өнімдері өндіріліп, өнім көлемі едәуір өскен. Сонымен қатар, жаңадан 29 өнеркәсіп нысандары іске қосылып, жұмыс жасап тұрған 6 өндіріс кеңейтіліп, қосымша 813 жұмыс орны құрылған. Өткен мерзімде жалпы аумағы 407,5 мың шаршы метр 2727 тұрғын үй пайдалануға берілген. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 265,1 мың адам еңбек етсе, осы мерзімде тұтынушыға 203,9 млрд. теңгенің қызметі көрсетіліп, сапалы өнім өндіріліпті. Мал басы өз төлінен өсіріліп, өнімділігі де арту үстінде.
Елбасының тапсырмасына орай қаңтар-маусым айларында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 147,2 млрд. теңгені құраған. Жұмыссыздықтың алдын алу, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де оңтайлы шешілген. Жас ұрпаққа бәсекеге қабілетті білім беру, халықтың денсаулығын жақсарту, тағы басқа салалардағы жұмыс нәтижесі де қанағаттанарлық.
Облыстың қарқынды дамуына Еңбекшіқазақ ауданының қосып отырған үлесі қомақты. Соңғы жылдары аталған аудан экономикасы қарқынды дамып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени дамуы шешімін тапқанын атап өткен орынды. Биылғы жылдың өткен мерзімінде өнеркәсіп саласында 7557,6 млн. теңгенің өнімі өндірілсе, экономиканың дамуына биылғы алты айдағы тартылған инвестиция көлемі едәуір. Мәселен, осы мерзімде 21348,1 млн. теңге қаржы тартылып, сүт өнімдерін шығаратын «Компания Фудмастер», «АПК Адал» акционерлік қоғамдары, асептикалық сүт өнімдерін шығаратын «Компания «Фудмастер-Асептик» серіктестігі, жүзім шараптары мен сусындарын, шырын және минералды суларды, көкөніс өнімдерінің консервілерін шығаратын «Голд Продукт» акционерлік қоғамдары тұтынушыға сапалы қызметін ұсынумен қатар экологиялық жағынан таза өнім шығаруды жолға қойған.
Қазіргі кезде шағын кәсіпкерлік нысандарының саны 15539 бірлікті құраса, осы салада 45087 адам жұмыспен қамтылған. Ауданда алты айда ғана 23 972,7 млн. теңге инвестиция тартылып, алға басқандықты байқау қиын емес. Осындай іргелі істерімен танылған аудандағы «Ким А. Г.» шаруа қожалығы 2007 жылы құрылса, бүгінде қанатын кеңге жайған. Сапар барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қожалық басшысы Олег Григорьевич Ким өндірісті жүргізуге 12 млн. теңге жеке қаражатын жұмсағанын және алқаптағы жұмыс ырғағы жайлы айтты.
Жалпы көлемі 4 гектар жерге орналасқан қожалық екі гектар жерге 19 жылыжай салған. Мұнда бұрыштың бірнеше түрі мен баклажан өсірілуде. Жайқалған өнімге көңіл сүйсінгендей. Қияр мен қызанақ және көкөніс түрлері егілген алқапта тамшылата суару әдісі қолданылған. Көкөністен мол өнім алудағы ұтымды ұйымдастыру шешімін тапқан. Тұтынушыны экологиялық жағынан таза өніммен қамтамасыз етуде өткен жылы бір гектар көкөніс алқабынан 100 тоннадан астам өнім жинапты. Елбасына қожалық жетекшісі іс-тәжірибесі, қияр мен қызанақ, көкөніс түрлерін өсіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоспарлары біртіндеп жүзеге асқанын, әлі де атқарылатын жұмыстар бар екенін баяндады. Негізінен Алматы қаласы тұрғындарын көкөніспен қамтуды алға қойған шаруа қожалығында 20-дан астам адам еңбек етуде. Айлықтары 45-50 мың теңге аралығында, басқа да әлеуметтік мәселелер шешімін тауыпты.
Бұдан кейінгі Мемлекет басшысының сапары шаруасы шалқыған «Айдарбаев» шаруа қожалығындағы іргелі істерді көрумен жалғасты. Саймасай және Қырбалтабай селолық округ аумағынан жер телімін алып, гектар берекелілігіне жол ашқан Айдарбаев Ерік Серікұлы басқарған ұжым мүшелері бидай, арпа, жүгері, соя, жоңышқа, қызылшаны агротехникалық шараларға сай күтіп-баптап жатқандарын айтты. Олар 70 гектарға алма бағы, 6 гектарға жүзім, 14 гектарға тәтті түбір егіп, жан-жақты күтімге алған. Және 330 гектар жердегі қызанақ пен қияр тамшылата суарылып, қазіргі кезде жиналған өнім тұтынушыға жөнелтілуде. Мұнда да 110 адам еңбек етіп, іргеден табылған жұмысқа құлшына кіріскен.
Шет елден әкелінген алманың 7, жеміс-жидектің 35 түрі күтіп, бапталуда. Ерте көктемде 230 түп алма көшеттері, 3000 түп алмұрт, 10 000 түп қарақатпен қатар, 1,5 мың түп жеміс көшеттерін сатып, ауылдастарының қажетін шығарыпты. Бұл да олар үшін табыс көзі саналады. Қожалық «ҚазАгроФинанс» АҚ-тан 270 млн. теңге несие алып, тауарлы сүт фермасын қайта жарақтандыруды жолға қойған. Жыл сайын өндіріс көлемін арттырумен бірге, айдарбаевтықтар мал шаруашылығын дамытуға ден қойғаны осының дәлелі. Мұнда 474 бас ірі қара, 170 жылқы, 300 бас қой-ешкі өз төлі есебінен өсірілуде. Тауарлы сүт фермасында 20 адам еңбек етеді. Мал тұқымын асылдандырудағы жұмыс та жақсы жалғасқан.
Қожалық жеміс ағаштарының тәлімбағын құрып, 50 гектар алқапқа алманың 25 түрін өсірсе, қалған алқаптағы ағашты-бұталы өсімдіктердің түрлері көбейтілуде. Және 4 гектар тәлімбақта Германиядан әкелінген алманың сирек түрлері бапталып өсірілуде. Биылғы жыл соңына қарай 500 мыңға дейін жеміс-жидек көшетін отырғызу жалғасуда. Осындағы атқарылған іргелі істерді көріп, жұмысшылармен әңгімелескен Нұрсұлтан Назарбаев интенсивті технологияны тиімді пайдаланғандардың еңбегі жанатынын, әрі табысқа жол ашатынын атап өтті.
Қазақстан көкөніс пен жемісті тасымалдаушы елден, бұл тауарларды экспорттаушы елге айналуы керек, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорынның жұмысшыларымен кездесу кезінде. Бұл үшін барлық жағдай жасалған, ең бастысы, істі дұрыс ойластыру керек.
Біз көкөніс пен жемісті тасымалдаушыдан экспорттаушы мемлекетке айналуымыз қажет, Кеден одағы арқасында шекара ашық. Орасан экспорттық мүмкіндіктер пайда болуда. Енді мұнда көкөністерді, жеміс-жидектерді, жеміс ағаштарын өсіру міндетін алға қоюмен бірге, апортты қалпына келтіру керек. Ол Алматы облысының бренді болады. Апорт көп еңбекті қажет етеді, 700-ден 1000 метрге дейінгі биіктікте өседі, ерекше күтімді, тазалықты қажетсінеді, алайда, ондай алма әлемде жоқ деуге болады.
Республиканың әр облысында климаттық және ауа-райының ерекшеліктерін ескере отырып, өңірлерде нақты дақылдарды өсіру қажеттігіне көңіл бөлу керек. Мұндай саясат ауыл шаруашылығында өзінің тиімділігін көрсетті, деп атап өтті Президент. Алматы облысын осыған бағдарлау керек, ал Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына біз солтүстіктен тасымалдайтын астықты суару арқылы өсірудің қажеті жоқ, Маңғыстау облысында астық өсіруге тырысудың қажеті шамалы, ол жерде балық өсіру керек және ол өз нәтижесін береді, ал қалғанын тасымалдайтын болады, яғни әр облыс қайта бағдарлануы тиіс, әр облыс бәрін бірдей қолға алуға ұмтылмауы керек. Астық бізде солтүстікте жеткілікті, ал солтүстік пен батыс өңірлерде не алма, не мынадай қызанақтар өспейтіні белгілі.
Шаруагерлер балық шаруашылығын өркендетуге де ден қойған. Бүгінде ол шешімін тауыпты. Балықтың бекіре және форель түрлерін өсіру цехының жалпы алаңы 114 шаршы метр. Оның ішінде 38 текше метр су сыятын бассейн бар. Мұндағы шабақтар мерзімі жеткенде бағалы тағам өніміне айналатынын да айта кеткен орынды. Қазіргі кезде 300 адамды жұмыспен қамтыған шаруа қожалығының алдағы жоспарлары да жеткілікті. Балық өсіру цехтары жылына 30 тоннаға дейін өнім шығаруды жоспарласа, бүгінгі қарқынды қимыл оған нақты дәлел бола алады. Жалпы, жаңаға бетбұрыс, озық технологияны пайдаланудағы алға қойған жоспарлар серіктестіктің алдағы экономикалық дамуына жарқын жол ашады.
Елбасы «Есік жеміс-консерві зауыты» серіктестігі ұжымымен де дидарласты. Зауыт директоры Қанат Желдікбаевтың мамандығы агроном. Ол 2009 жылы зауыт құрылысын қолға алыпты. Тартылған инвестиция көлемі 600 млн. теңге. Зауыттың жалпы аумағы – 500 шаршы метр. Кәсіпорынның негізгі бағыты – томат өңдеу мен томат сықпасын өндіру. Және бір қызығы, зауыт жылына 70 тәулік қана жұмыс істейді. Осы қысқа мерзімде 40 мың тонна өнім өңдеп, одан 4 мың тонна дайын өнім шығарады. Серіктестік биыл егістік көлемін 500 гектарға жеткізіп, тамшылата суару әдісін қолдану арқылы жұмыстарын жүйелеген. Қажетті құрал-жабдықтар Италиядан әкелінсе, зауыт индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша өткен жылы пайдалануға беріліпті. Елбасы алқаптағы қызу жұмысқа жоғары баға берді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан соң Есік қаласына келді. Шаһардағы аудандық орталық аурухананың алдында ыстық ықыласпен қарсы алған ақ халатты дәрігер қауымымен кездесті. Аурухананы аралады. Ондағы заманауи құрал-жабдықтарды көрді. Емхананың бас дәрігері Болат Балақойшиев аудандық орталық аурухана 2008 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен құрылысы басталып, өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілгенінен хабардар етті. 250 төсектік аурухана мен ауысымына 500 адамды қабылдайтын емханада 700-ге жуық дәрігер, мейірбике, кіші медицина қызметкерлері халыққа мінсіз қызмет көрсетуде.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Төле би ауылдық амбулаториясында терапевт-дәрігер болып жұмысын жалғастырған Айша Манапованың лебізі ерекше әсерлі болды.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен өзімнің Тәуелсіз Қазақстанның азаматы екендігімді бақыт санаймын. Әлемге аты танылған Президентіміз жастардың жан-жақты білім алуына барлық жағдайларды жасап отыр. Сол қамқорлыққа бөленген мыңдаған жастардың қатарында аудан жұртшылығының денсаулығын қырағы күзетіп келемін. Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Барша қазақстандықтар Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтеді. Осы екі аралықтағы жеткен жетістігіміз көкірегіме мақтаныш сезімін ұялатады. Бақытымызды қолымызда ұстап, жарқын болашаққа ұмтылуымыз қажет», – деп ол Елбасына арнаған өлеңін оқып, жастар атынан алғысын айтты. Игі тілек, ыстық ілтипатқа толы лебіздерін жас дәрігер Дидар Айтжанов, тағы басқалар да білдірді. Ауданда жас мамандарды баспанамен қамту жайы да оң шешілген. Бұған қосымша таяу уақытта ұжымдағы 60 отбасы қоныс тойын тойлайтын көрінеді.
Нұрсұлтан Назарбаев аудандық аурухана дәрігерлеріне жаңа ғасырда адам өмірін мейлінше ұзарту, ана мен бала өліміне жол бермеу қажеттігін алға қойды. Өйткені, аталған салаға жыл өткен сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен жаңа нысандар бой көтергеніне және 1 шілдеден бастап медицина қызметкерлерінің айлықтары 30 пайызға өскеніне тоқталды. Елбасы, сондай-ақ соңғы кезде көп кездесетін жүрек-қан тамырлары мен қауіпті дерттердің алдын алып, оған жол бермеу қажеттігін де еске салды. Аудан орталығында дәл осындай медицинаның барлық жетістігімен қамтылған ғимарат болмағандығын атап, әр адам саламатты өмір салтын ұстанумен қатар, сапалы қызметті пайдалануы қажеттігін нақтылады.
Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту үшін жасалып жатқан істің бәрі де қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзарту үшін қолға алынып отыр. Жаңа туылған нәрестелер шетінемеуі және аналар өлімі азая түсуі үшін ауыр соғатын негізгі ауру түрлері, яғни жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, туберкулез аурулары азайып, нақты нәтиже болуы үшін жұмыстар жасалып жатыр. Бұл медицинаға, жалпы алғанда, сіздерге қойылатын талап. Өзге елдердегі аудан орталықтарында осындай жабдықтармен жабдықталған аурухана жоқтың қасы. Қазір әлемде дағдарыстан кейін барлық дәрігерлердің, мұғалімдердің еңбекақылары қысқартылуда, бірде-бір нысан салынып жатқан жоқ, ал біз бұған, керісінше, әлеуметтік саясатқа зор көңіл бөліп отырмыз, деп атап өтті Мемлекет басшысы медициналық орталықтың қызметкерлерімен кездесуінде.
Президент кеше аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықтағы Асы жайлауындағы малшылар слетіне қатысты. Мұнда малшы қауымы қыстан аман-есен шыққанын, өрісі малға толғанын атап өту үшін жиналған. Мерекеге Еңбекшіқазақ ауданымен бірге талғарлық әріптестер де қосылыпты. Жайлау төсіндегі тойға қатысқандар Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы келуін шын пейілмен қабылдады.
Бүгінгі күні екі ауданда да түлік санына шаққанда асыл тұқымды малдың үлес салмағы артып, қолда бар тұқымның гендік қорын сақтауда нәтижелі жұмыстар қолға алынған. Еңбекшіқазақ ауданында 200-ге тарта асыл тұқымды мал шаруашылығы бар болса, жыл сайын мемлекеттен қомақты мөлшерде субсидия төленіп келеді. Асы жайлауындағы дүбірлі тойда Президент Нұрсұлтан Назарбаев мал шаруашылығын дамытудың бүгіні мен келешегіне, атакәсіптің абыройын арттырып, төрт түліктен алынатын өнімді молайту, тағы басқа мәселелерді жиналғандар назарына салды. Жұмыс сапарында шаруа қожалықтарының озық технологияны пайдалану арқылы азық-түлік молшылығын жасаудағы қолға алған игіліктері құптарлық екенін атап көрсетті. Сонымен бірге, өңірде экономиканы әртараптандыру, бәсекеге қабілеттілік пен инвестиция тарту, өңір дамуының негізгі бағыттарына айналғанын нақтылап, жауапты міндеттерді жұмыла орындау қажеттігін атап өтті.
Халқымыздың әр қуанышы ұлттық ат спорты ойындарынсыз өткен бе! Бұл жолы да Асы төрінде ат жарыстырылып, жүлдеге бәйге тіккен жұртшылық көкпар тартып, палуан күрестірді. Қазақ эстрадасының жұлдыздары да әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашты.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.