Мынау жарық дүниеде Жаратқанның өзінің әрбір пендесіне беретін ең үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімі мен қайырымдылығы! Шығыстың атақты ойшылы Сағди айтқан бұл ұлағат арада қаншама уақыт өтсе де өзекті. Шын мәнісінде де, әрбір пенде үшін дүниеге адам болып келіп, адам болып кетуден артық қандай мақсат, қандай арман болуы мүмкін?! «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ғұлама Абай айтқанындай, соңында өнегелі ғұмыры, оны әрдайым қимастықпен еске алатын дос-жарандары мен әріптестері, ағайын-туысы қалған абыройлы азаматты өлді деуге аузың бармайды.
Алматы қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы университеттің Экономикалық колледжінің бұрынғы бас директоры Кәрім Есмұқанұлы артында жақсы аты қалған абыройлы азамат екендігін оның әріптестері ғана емес, шәкірттері де айтады. Ұзақ уақыт бойы Тұтынушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Кәрім Есмұқанұлы соңғы жылдары колледж басшылығын қолға алған еді. Ұзақ жылдар жинақталған мол тәжірибе, кәсіби біліктілік пен іскерлік нәтижесінде Алматы экономикалық колледжі қаладағы жетпіс колледждің арасынан оқу-тәрбие бағытындағы барлық көрсеткіштер бойынша озып шығып, алғы шептен көрінді. Ең бастысы, басшы ұстаз ретінде шәкірттерінің сапалы білім алуымен бірге, олардың әлеуметтік жағдайына да басты назар аударатындығы қазірге дейін көпшіліктің есінде сақталып қалуы көп нәрседен хабар берсе керек.
Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданының Мектеп ауылында дүниеге келген Кәрім бес жасында анасынан, он жасында әкесінен айырылып, жетімдік тақсіретін тартса да, басына түскен қиындықты жеңіп шықты. Иә, қатал тағдыр оны еркелеткен жоқ, дегенмен, ол ерік-жігерінің мықтылығының арқасында жастайынан алға ұмтылып, көздеген мақсатына жетті. Әттең, дүние! Өмірлік қосағы, сүйікті жары Розамен бірге ағайынға көл-көсір дастарқан жайып, алпысын алдыңғы жылы ғана тойлаған атпал азамат ойда жоқта көз жұмады деп кім ойлаған! Алайда, Алланың ісіне не айтарсың?! Айтпай келген ауыртпалық Кәрімнің сүттей ұйып отырған отбасына, ағайын-туысына, жақын достарына ғана емес, оның көмегін, қамқорлығын, жақсылығын көрген бір қауым жұртқа да ауыр тиді.
Кәрім Есмұқанұлының әріптестері де, достары да, шәкірттері де оның бойындағы адамгершілік асыл қасиеттерді, азаматтық парасат-пайымды айтып тауыса алмайтындығы таңғалдырады. Кәрім өзінің өмірлік қосағы Роза екеуі де алысты жақын қылатын, бөтенді бауыр қылатын жаны жарқын, кішіпейіл де қарапайым, жан-дүниесі мөлдір бұлақтай таза жандар екендігі көңілге қуаныш ұялатады. «Мың құбылған тіршіліктің қандай да бір ауыртпалығына, қиындығына тап болғандардың қай-қайсысына болмасын көмектесіп, қолтығынан демеу Кәрім Есмұқанұлының бойындағы ең басты қасиет десе де болады. Сірә, оның өмірлік өлшемі де жан-дүниесінің тазалығы екендігі дау тудырмаса керек. Біздің ең жақын, жанымыздай жақсы көріп, сыйлап, қадірлейтін достарымыз Кәрім мен Розаға өзгелердің де құрметі мен ықыласы ерекше» дейді ерлі-зайыпты Мәрияш пен Болат Тюлкиндер өз ойларын ортаға салып.
Шындығында да, бүгінгідей күрмеуі көп заманда өзгені сыйлап, өзін де сыйлата білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, біреу ерте, біреу кеш бір құлайды» деп ақын жырында айтылғанындай, жаны жайсаң, нар тұлғалы азамат көз жұмғалы да бір жылдың жүзі болып қалыпты. Уақыт не деген жүйрік десеңізші, халқымыз бес күндік тірлік деп бекер айтпаса керек. Әрине, Кәрім Есмұқанұлының көзін көрген, сыйлас, сырлас болған әріптестері, достары, ертегідегідей ғажайып сұлу өлке – солтүстіктегі ағайындарымен бірге шәкірттері де оны сағынуда. Жүзіне мейірім тұнған ұстаздары, жымия күліп, бір сәт аудиторияға кіріп келетіндей көреді.
Қашан да «тас түскен жеріне ауыр», өз басына ауыртпалық түспегендер көп нәрсені жете ұғына бермейді. Қалай айтқанда да, өмірдің ешқашан бұзылмайтын, ешқашан өзгермейтін өз заңдылығы бар. Тіршілік бір орында тұрмайды, асау өзен толқынындай алға қарай жылжи бермек. Сыңарынан айырылып, өмірінің қызығы ортайған Роза үшін де, Кәрімнің көзінің ағы мен қарашығындай қос балапаны – Әлия мен Әлима үшін де асқар таудай әке орны ешқашан толмайтыны, оған деген сағыныштың ешқашан басылмай, керісінше, одан әрі үдей түсетіндігі айтпаса да түсінікті. Дегенмен, жүректегі мұңды сейілтетін, көңілге медеу болатын бір ақиқат бар. Кәрім Есмұқанұлының соңында үлкен шаңырағы, өнегелі ұрпағы қалды. «Әке ұрпағымен мың жасайды» деген ғой дана халқымыз.
Бақыт БАЛҒАРИНА,
Алматы.