Қарағандыда ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеу қолға алынды
Бұл алыс елді мекендерде тұратын жұртшылыққа қуанышты жаңалық болып отыр. Ол үш бағытта іске асырылу үстінде. Атап айтқанда, оқыту және қайта оқытуға, несиелік көмекке, тұрғын үймен қамтамасыз етуге негізделген. Онда көзделгендей, бірінші кезекте жұмыссыздар мен табысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіледі.
Біз білгеніміздей, қазір келешегі жоқ деп саналатын ауылдарды анықтау жүргізіліп жатыр. Ондайлардың қатарына жері құнарсыз, коммуникациялық құрылымы әлсіз, жол қатынасы күрделі аумақтар түкпіріндегі аз түтінді қоныстар енгізілуде. Облыс бойынша әзірге анықталған 9 елді мекеннің 5-уі Ұлытау, 2-уі Шет және бір-бірден Ақтоғай мен Нұра аудандарында орналасқан. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы Гүлбадан Сүлейменованың айтуынша, сондай-ақ, экономикалық күш-қабілеті төмен 63 село назарға алынған. Бұл тізімде Абай, Ақтоғай, Қарқаралы, Шет аудандарындағы Южный, Тораңғылық, Егіндібұлақ, Ақжал, Ақшатау, Мойынты кенттері де бар. Зерттеулер көрсеткеніндей, ондағы тұрғындардың көбі жұмыссыз, баспанасыз. Оларды аудан орталықтары мен қалаларға қоныстандырып, еңбекке қамту аталған бағдарламаның басты мақсаты.
Бұған байланысты қарастырылған іс-шаралар қандай? Солардың бірін ортаға салғанда, мәселен, қалаларға қоныс аударушы жұмыссыздарды қайта оқыту арқылы жаңа мамандықтар меңгертіледі. Сол үшін еңбекке орналастыру орталықтарына түсірілген өтініштер ескеріледі. Бүгінде Қарағандыдағы Қазыбек би және Октябрь аудандарында осындай 2 бөлім жұмыс істеуде. 400-ден астам азаматтың өтініштері қабылданып, жас айырмашылықтарына, кәсіптік бейімділіктеріне қарай біразы 6 айдан 1 жылға немесе 3 айдан 6 айға дейін оқытылуда. Бітіргеннен кейін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңадан ашылған кәсіпорындарда жұмыс істеуге жіберіледі. Сонымен бірге баспаналы болуларына мүмкіндік жасалады. Бұл ретте пәтерді жалға беру қолданылады. Ал 15 жылдан соң оны жекешелендіруге құқық беріледі. Егер қаржылық жағдайы жететін болса, 5 жыл ішінде пәтер біржола сатып алынады.
Айта кету керек, 2020 жылға дейінге арналған еңбекпен қамту бағдарламасының шарапаты мемлекеттік қолдауға тілеуқор басқа да жандарға тиеді. Соның нәтижесінде жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін 6 пайызға төмендету, әлеуметтік ахуалы әлжуаз топтағыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу көзделген.
Еліміз өз азаматтарына жақсылық жасаудан аянбай отыр. Осынау игілікті шаралар соның тағы бір жарқын көрінісі. Көңілдеріне қонған, тұрмыстық жағдайларын жақсартуға қолайлы қолдау талайын алға тартарына қарағандылықтар үміттері үлкен.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды.