29 Шілде, 2011

Мемлекетаралық көрме

402 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ол ТМД-ның 20 жылдығына арналды

Иә, өтіп бара жатқан уақыт. Жарты әлемді жайлаған кеңестік империя құлап, тарих сахнасына тәуелсіз мемлекеттердің жаңа қоғамдастығы – ТМД-ның шыққанына да 20 жыл болыпты. Жақында осы бір тарихи күнге байланысты Мәскеу қаласында ТМД мемлекеттерінің барлығы дерлік қатысқан мемлекет­аралық көрме ұйымдастырылды. Бұл көрме Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері үшін мұндай байланыстың ауадай қажет екендігін тағы да іс жүзінде дәлелдеді. Көрмеге ТМД мемлекет­терінің барлығы өздерінің жетекші кәсіпорындарының өнім­дерін қойып, әрбір ел озық жо­ба­ларын насихаттады. Осы көр­ме аясында Достастық елдері өздерінің ұлттық күндерін өткіз­ді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдары ішінде жет­кен жетістіктерін «ҚазМұ­найГаз», «Қазақстан темір жо­лы», «Қазақстан инжиниринг», «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» ұлттық компания­лары, «Қазақтелеком», «Қазфос­фат» акционерлік қоғамдары және басқа да ірі компаниялар насихаттады. Халықаралық көрме аясында өткен Қазақстанның Ұлттық күні бағдарламасы «Тәуелсіздік жылдары және Ынтымақтастық: қорытындылар және болашақ» атты конференциямен ашылды. Онда Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен ынтымақтастық бай­ланыстарының жетістіктері, бо­лашағы және күн тәртібіндегі келелі мәселелері тілге тиек етіл­ді. Республикамыздың Ұлт­тық күнін Қазақстан Республи­касының Ресей Федерация­сын­дағы елшісі Зауытбек Тұрыс­беков ашты. Конференция жұ­мы­сына 200-ден астам адам қа­тысты. Пікір алмасу сәттерінде Достастық елдерінен келген өн­діріс саласы­ның мамандары, сау­да-өнеркәсіп палаталарының өкілдері, ғылы­ми және кәсіп­кер­лік топтардың мүшелері ерекше белсенділік танытты. Кон­ференция жұмысына Баш­­құрт­стан, Татарстан, Ингушетия, Солтүстік Осетия – Алания, Якутия өлкелерінің өкіл­дері, сонымен бірге Ресейдің елімізбен көршілес орналасқан 28 өңірінің басшылары ерекше қызығушылық танытты. Ресей­дің «Сбербанк», «Россельхозбанк», «Росбанк» сияқты банктері және «Standard & Poor’s» сияқты халықаралық рейтинг агенттіктері де белсенді жұмыс атқарды. Басқосуларда Қазақ­стан және Ресей мемлекеттері арасындағы экономикалық даму мәселелері, ТМД, Біртұтас эко­но­микалық кеңістік және Кеден одағы шеңберіндегі мемлекет­аралық және өңіраралық байла­ныстарды дамытудың жаңа мүм­кіндіктері талқыланды. Сондай-ақ, Достастық мемлекеттеріндегі тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында білім мен денсаулық сақтау салаларының атқаратын рөлі және оны дамы­тудың жолдары да жан-жақты сөз болды. Конференция Ресей және ТМД мемлекеттерінен келген көр­меге қатысушылар үшін қа­зақ­стандық әріптестерімен сауда экономикалық байланыстарды ны­ғайту үшін мол мағлұматтар беріп, жаңа мүмкіндіктер ашты. Достастық мем­лекеттерінің ма­ман­дары Бі­ртұтас экон­омикалық ке­ңіс­тік аясында тауар­­лардың, қыз­мет­тер­дің, капитал­дың жә­не жұмыс күші­нің бірыңғай рыногын құру және оны да­мы­ту мәселелері жө­нінде пікірлерін ор­та­ға салып, тәжірибе алмасты. – Ұлттық күн аясында қазақстандық тауар биржасының өкілдері ТМД мемлекетаралық көрмесіне қатысушылармен сау­да-саттық жұмыстарын жасады. Біздің ресейлік және беларустік әріптестеріміз тауар биржасын­дағы озық ақпараттық-комму­ни­кациялық технологиямызға ерек­­ше қызығушылық танытты, – дейді Экономикалық даму және сауда министрлігінің сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев. ТМД мемлекеттері арасын­дағы ақпараттық-маркетингтік ор­талық жүйесін одан әрі дамыту шең­берінде Қазақстан Респуб­ли­касы Экономикалық даму және сауда министрлігінің сауда комитеті мен Беларусь Респуб­лика­сының Сыртқы істер министр­лі­гі­нің маркетинг және баға конъюн­к­­­турасы жөніндегі ұлттық орта­лы­ғы арасында меморандумға қол қойылды. Меморандум шең­берінде екі ел kazimc.kz және export.by ақпараттық ресурстар порталдарын интеграциялау ар­қылы ортақ жүйе құру жөнінде келісімге қол жеткізді. Мемлекетаралық көрме ая­сын­да келушілердің ерекше на­зарын аударған еліміздің «Астана «ЕХРО-2017» экспозициялық жобасы болды. Бұл елдік жоба­ның ақпараттық жәдігерлері көр­мені тамашалаушыларды бей-жай қалдырмады. 2017 жылы Астана қаласында Халықаралық мамандандырылған ЕХРО көр­ме­сін өткізу жөніндегі Прези­дентіміздің бұл жаһандық баста­масы ТМД мемлекетаралық көрмесіне келушілердің назарын айрықша аударды. Біздің көрме қызметкерлері әрбір көрмені тамашалаушыларға ел тарихы мен дәстүрінен сыр шертетін ескерткіштерді тапсырды. Қонақ­тар «ЕХРО-2017» ұсыныс-тілек­тер кітабына» өздерінің жүре­к­жарды пікірлерін қалдырып отырды. Көрме күндерінде бұл кітапқа жүзден астам адам өз­дерінің Қазақстанға деген ыстық ықыласы мен шынайы пікірлерін жазған екен. Ресей Федерациясы эконо­микалық даму және сауда министрі Эльвира Набиуллина өз қолтаңбасында «Қазақстанның жетістіктерін паш еткен көрмені аралау ерекше ұмытылмас әсер қалдырды. Мен қазақ­стан­дық­тарға «ЕХРО-2017»-де жеңіс тілеймін!» десе, «Сіздерге бай­қауда шын жеңіс тілеймін, ел­деріңіз гүлденіп, дами берсін!», деп жазады Украина мә­дениет министрінің орын­басары Виктория Лесничая. «Сәлем, Астана! «ЕХРО-2017»-ге Қазақ­стан ұсы­нып отырған «Болашақ энер­гиясы» деген тақырып бүкіл адамзат үшін өте маңызды. Ендеше сіздер бұл байқауда жеңіс­ке жетсеңіздер біздің бәріміздің мерейіміз үстем болмақ», дейді Беларусь Республикасының эко­номика министрі Елена Малиновская. ТМД-ның 20 жылдығына арналған мемлекетаралық көр­ме шеңберінде жүзден астам кәсіби өнер шеберлері мен өнер­паздар Қазақстан мәде­ниеті мен өнерін барлық қыры­нан паш етті. Елімізге кеңінен танымал «Құлан­саз» ән және би фольклорлық-этнография­лық ансамблі, «Ақ­же­лең», «Мұ­рагер» ансамбль­дерінің, басқа да өнер шебер­лерінің концерті қонақтарға ұмы­­тылмас әсер қалдырды. – Кез келген адамның ТМД мемлекеттерін аралап, жетістіктерімен танысуға мүмкіндіктері бола бермейді. Осы реттен келгенде бұл Мемлекетаралық көрменің танымдық және тағы­лымдық пайдасы өте зор. Мені Қазақстан павильоны, оның ішінде «Астана «ЕХРО-2017» көр­месі ұмытылмас әсерге бөле­ді, – деп бөлісті өз пікірімін Тәжікстан Республикасындағы «Атлас» АҚ-тың бас директоры Мәлика Шадиматова. Жарас САДУАҚАСОВ.