Құт-береке дарыған Қаратал ауданының орталығы тоғыз жолдың торабы саналатын Үштөбе қаласының инфрақұрылымы су жаңа спорттық-сауықтыру кешенімен толықты. Жергілікті кәсіпкер есімі республикамызға кеңінен танымал азамат, 2010 жылғы республикалық «Парыз» конкурсының жүлдегері «Тамас» ЖШС-ның директоры Асылбек Пұсырманов. Аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға бағытталған кешенді ашу салтанатындағы жиында ол: «Бұл біздің ұжымның туған ауданымызға Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған сый тартуы», – деп мақтаныш сезіммен айтты.
Қазіргі заманауи үлгіде жарақтандырылып жабдықталған екі қабатты еңселі де көрікті кешен футбол, волейбол, баскетбол, тренажер, аэробика және шейпингпен айналысатын залдардан, жүзу бассейнінен, массаж жасау бөлмесінен, балалар ойын алаңынан тұрады. Аптасына алты күн жұмыс істейтін орталықтың қызмет көрсету ақысы да пәлендей қымбат емес. Енді аудан тұрғындары денсаулығын нығайту үшін бұған дейінгідей облыс орталығы – Талдықорған қаласына барып, сабылмайтын болады. Ең бір құптарлығы – зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне де айтарлықтай жеңілдік жасалады.
Үштөбе қаласы ежелден-ақ қазақ спортының әр жылдағы мақтаншы, атақты боксшылар А.Жапсарбаев, Б.Сағындықов, М.Юрченко, ауыр атлеттер С.Филимонов, В.Седов, Н.Ногайдың отаны. Қала ажарын шырайландырған сәнді кешеннің әлі де талай жас спортшылардың қанаттанып, ұшуына септігі тиетіндігіне сенім зор.
Қараша ҚАРАМАН.
Алматы облысы,
Қаратал ауданы.