Әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсатты кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игеруші «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) халықаралық консорциумы Қазақстан астанасында жобаларды дамыту директоратының офисін ашты. Компанияның операциялық офисі Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында орналасқан. Оны ашу рәсімінде ҚПО бас директоры Джузеппе Пази «жаңа офис Астананың дәл ортасында қоныс теуіп, барлық өкілетті органдармен бірге ҚПО мен Қазақстан Республикасының арасындағы үнқатысудың жаңа кезеңін дамытуға жәрдемдесетін және Қарашығанақ кен орнын одан әрі игерудің жоспарларын талқылау шеңберіндегі байланыстарды жеңілдететін болады» деді.
Офистің ашылу рәсіміне ҚПО басшылығымен бірге «PSA» ЖШС бас директоры Болат Ақшолақов, консорциум қызметкерлері және қазақстандық мердігер компаниялар қатысты. Жобаларды дамыту директоратының жаңа офисі «Астана Тауэр» бизнес орталығының оныншы қабатында орналасқан.
Оның ашылу рәсімінде Джузеппе Пази ҚПО-ның жобаларды дамыту жөніндегі директоры лауазымына таяуда тағайындалған Альберто Меантиді таныстырды. Ол жауық арада Астанаға өзінің отбасымен бірге көшіп келмек. Жақын күндері офис тұрақты қызметкерлермен толық жасақталып, жұмыстарын бастайтын болады.
Өнімдерді бөлу бойынша негізгі келісімге қол қойылған сәттен бастап, ҚПО консорциумының қатысушы-компаниялары ең озық өнеркәсіптік технологияларды пайдалана отырып, Қарашығанақ кен орнын игеруге 16 миллиард доллардай инвестиция құйды. 2010 жылы кен орнында 133,4 миллион баррель мұнай эквиваленті өндірілді.
ҚПО «Би Джи Групп» (қатысудың 32,5%), «Эни» (32,5%), «Шеврон» (20%) және «ЛУКОЙЛ» (15%) бірлескен кәсіпорны болып табылады. ҚПО Қарашығанақ кен орнын игеруге және дамытуға басшылық жасайды.
Марат АҚҚҰЛ.