30 Шілде, 2011

Ауыл азаматын ұмытпайды

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Торғайдың даңқын шығарған тұлғалар жетеді. Кеңес одағы кезінде еңбек адамдары да жоғары дәріптелген еді. Соның бірі – Қа­зақ КСР ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер, КСРО халық шаруашылығы көрмесінің жүлде­гері, КОКП ХХІІІ съезінің деле­га­ты, Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңесінің депутаты, ауылдық, Жангелдин ау­дандық және Торғай об­лыстық ком­сомол, партия және кеңес ор­ган­дарының жұмыста­ры­на ұзақ жылдар бойы тұрақты қа­тысқан майталман шопан, Торғай елінің аяулы азаматы Аңсаған Қоң­қа­бай­ұлы болатын. Жақында оның туға­нына 70 жыл толуына орай Жангелдин ауданындағы Ақ­көлде еске алу кеші өтті. Аталған шараға аудан басшылары, еңбек ардагерлері, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мүшелері, Аңсаған­ның сыйлас, қызметтес болған за­мандастары, бірге оқып, жақын ара­ласқан достары, ауыл­дас­тары мен мектеп оқушылары қатысып, жылы лебіздерімен бөлісті. Жиналғандар алдымен Аңса­ған Қоңқабайұлы атындағы орта мектеп алдындағы оның ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Аудандық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Орекен Алмат құт­тық­тау сөз сөйлеп, замандасы жай­­ында өткен күндерден сыр шертті. Еске алу шарасы ауылдағы білім ұясының Аңсаған Қоң­қа­бай­ұлы жайында жазылған «Тау­тұл­ға» естеліктер жинағының тұ­сау­кесер рәсімімен жалғасты. Жангелдин ауданының әкімі Нариман Төлепов өзінің жүрекжарды құт­тық­тауын жеткізді. Тұсаукесер рәсімі кезінде қай­раткердің өмірі мен атқарған қыз­меті туралы дайындалған бейнематериал көрсетілді. «Жақсының аты өшпес» атты конференция болып, азаматтың өскен ортасы, қызметі, жасаған еңбектері жай­ын­да жылы лебіз-естеліктер ай­тыл­ды. Жинал­ғандар мектеп оқу­шы­лары дай­ын­даған «Бала Аңсаған» сахналық қойылымын тамашалады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Ақкөл ауылы.