Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың төрағалығымен «Учебник» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың қызметін жетілдіру мәселесі жөнінде кеңес өтті. Орталықтың қызметін талдау нәтижесі көрсеткендей, оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерді әзірлеу және шығару, отандық жүйені қатаң жетілдіру талабы күн тәртібіне қойылып отыр десек, бүгінде ең басты шешілмеген мәселе оқулықтарды сараптау сапасы болып тұр.
Иә, көптеген оқулықтар сапасы ата-аналар мен жұртшылықтың қана емес, сонымен бірге педагогтардың да ренішін тудырып отыр. Соған орай өткен жылдың қараша айында сараптау процедурасын жетілдіру мақсатында шаралар кешені қабылданған болса, енді міне, тәуелсіз сараптау жүйесі еңгізіліп отырғанын да айта кетсек дейміз.
Тағы бір маңызды мәселе – ол жылдан жылға оқулық авторларының өзгермеуі. Үстіміздегі жылдың мамыр айында математика мұғалімдерінің І съезінде министр жаңа формациядағы авторлар мен сарапшыларды даярлау және оқулықтар мен оқу-әдістемелердің сапасына эксперттік қорытынды берген авторлар толық жауап беретін ұстанымды қамтамасыз ету қажеттілігін айтқан болатын. Бүгінгі жиын осы шешімнің дұрыстығын байқатты. Қазақстанда эксперттерді және оқулықтардың авторлары мен шығарушылар мектебін құру уақыты келді. Осы орайда, алдағы айдың басында Астана, Алматы, Атырау, Тараз қалаларында оқулықтар сапасының мәселелері бойынша аймақтық жиындар өткізілетін болса, бұл мәселе 25 тамызда Астанада өтетін республикалық педагогтар форумында талқыланатын негізгі тақырып болмақ деп, хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі.