30 Шілде, 2011

Кемелер соқтығысып қалды

394 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Конгодағы Тшуапа өзенінде 220 жолаушы мінген екі кеме соқтығысып, нәтижесінде 105 адам жағалауға жүзіп жеткен. Қалғаны суға батып кеткені белгілі болып отыр. Бұл елде жолдардың нашар болғаны соншалық, жолау­шылар көбінесе су көлігін таңдайды екен. Ал өзен қайық­тарының әбден тозығы жеткен. Өткен жылы да кеме төң­керіліп, 140 адам суға кеткен-ді. Оның үстіне бұл елде тырыс­қақ ауруы өршіп тұр. Соңғы төрт ай ішінде 279 адам осы аурудан көз жұмған.   Ливияда әскербасы өлтірілді Ливияда осы кезге дейін көтері­ліс­шілерді басқарып келген Абдель Фаттах Юнес ажал құшты. Бұрын Каддафиде министр болып қызмет атқарған ол өлерінен үш сағат бұрын Триполимен байланысы бар деген күдікпен тергелген көрінеді. Юнесті тасада жасырынған қарулы адамдар атып өл­тірген. Оны ұлттық өтпелі кеңес соғысып жүрген жерінен шақыртып алып, осы кезге дейін көтерілісшілер қо­лына тиіп келген қару-жарақтың Триполиге жөнелтілуін сұрап білген. Кезінде ішкі істер министрі болған Юнес әскерді халық жағына шығуға шақырған жоғары лауазым иесі де. Өзі әскери жасақтарға басшылық жасауға кіріскен еді.   Украинада шахта жарылды Украинаның Луганск облысына қарасты «Суходольская-Восточная» шахтасында орын алған жарылыстан 16 кенші қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілген. Жарылыс салдары әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Жарылыс 915 метр тереңдікте орын алған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне қарағанда, жарылыс кезінде шахтада 28 адам болған. Ал 10 шахтердің тағдыры белгісіз. Іздестіру-құтқару жұмыстарына кен-құтқару қызметінің 11 бөлімшесі кірісіп кеткен.   АҚШ Иранды тағы айыптады Барак Обама әкімшілігі Иранды «Әл-Каидамен» бай­ланысы бар деп айып­тады. АҚШ өкіметінің мәлі­ме­тіне қарағанда, Иран Ауғанстан мен Пәкс­танда содырларды дайындау үшін қаржыландырып отырған тер­рор­шыл­дық желі бөлімшесімен «құпия келісім» жасасқан. Аталған бөлімшенің алты мүшесі АҚШ қаржы министрлігі тарапынан терроршы деп танылды. Алайда олардың арасында бірде-бір ирандық жоқ болып шыққан. Сөйтсе де қаржы министрлігі   араб елдерінен жинақталған қаржыны Иранда «Әл-Каида» арқылы Пәкстанға қаржы жөнелтіп отыр­ған Эзедин Абдель-Азиз Халил тобының болғанын айтады.   Минск әрекетсіздікті заңмен  ауыздықтайды Белоруссияда соңғы кезде әр түрлі қарсылық акция­ларының орын алуына байланысты осы елдің парламенті жаппай ұйымдасқан әрекетсіздік үшін жауапкершілікке тартатын заң жобасын қабылдады. Аталған заңдық құжатқа сәйкес енді алдын-ала белгіленген қоғамдық орындарда азаматтардың жаппай қатысуы ереуілге теңестірілмек. Осыған байланысты мұндай акцияларды өткізу үшін биліктің рұқсаты қажет болады.   Токиода қолдан тіс өсірілді Токио ғылыми-зерттеу универ­си­тетінің ғалымдары діңгекті жасушадан тіс өсіруді үйренген. Қолдан өсі­рілген «тісте» кәдімгі тістегідей эмаль, нерв және қан тамырлары бар. Тіс өсіндісі кеміргіш бүйрегіндегі қаптамада жетілдіріліпті. Тіс өсіндісі екінші кеміргіштің жақ сүйегіне қон­ды­рылған. Қолдан қойылған тіс кеміргіштің өз тісіндей болып кетті, дейді доктор Такаси Цудзи. Алайда ғалымдар транс­план­тантты адамдар үшін қашан өсіруге боларын айтуға қиналуда. Жиырма жыл жеткілікті десе де ғалымдар мәселенің этикалық жағын да ұмыт қалдырғысы жоқ.  

Қысқа қайырып айтқанда:

*Ирак тарабы Украинаға аударылуы тиіс 21 миллион доллар қаржыдан қару-жарақты дер кезінде жеткізіп бермегені үшін 3 миллионын ұстап қалды. Екі ел арасындағы келісім-шарт 457,5 миллион долларға жасалған көрінеді. *Бернанд Мэддоф қаржылық пирамидасының өкілі алданып қалған Tremont Group Holdings салымшы-компаниясына 1 миллиард долларды қайтару туралы келісім жасады. Салымшылар жапа шеккен сома 60 миллиард доллардан асып жығылады. Боливияда осы елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының 90 пайызы мемлекеттік болады. Конгресс елдегі теле және радио арналарға жеке бизнестің ықпалын азайтатын заңды басым дауыспен қабылдады. Оппозиция ел президенті Эво Моралесті бұқаралық ақпарат құралдарын өз қолына алмақшы деп кінәласа, қарсы жақ ақпарат тарату сапасы артады деп отыр. *2012 жылы Кэтрин Бигелоу түсіріліміндегі Sony компаниясының «Әл-Каида» лидері Усама бен Ладеннің көзін жою жөніндегі фильмді прокатқа шығару ұйғарылып отыр.  Фильмді түсіруді америкалық әскердің Ирактағы соғысына арналған «Дауыл әміршісі» фильмі үшін 2010 жылы алты «Оскарды» жеңіп алған топ қолға алмақшы.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.