Орал қаласында Абай, Райымбек батыр, Сырым, Махамбет, Исатай, Құрманғазы, Дина сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларының келбеті бейнеленген дәптерлер шығарыла бастады.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Нұр Отан» ХДП БҚОФ-тың «Жайық пресс» ЖШС-дағы бастауыш ұйымының мұрындық болуымен аталмыш серіктестіктің баспаханасында басылған бұл дәптерлердің әрқайсысы әзірге 500 данамен шығып, көпшілікке жол тартты. 36 беттік дәптердің бағасы – 65 теңге. «Қазір оқушылар негізінен шетелдік эстрада, спорт жұлдыздарының суреттері бейнеленген дәптерлерді алатыны рас. Ол болашақ ұрпағымыздың тәрбиесіне де әсер етеді, –деді осынау отандық өнімнің тұсаукесер шарасында «Жайық пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин. – Біз өзіміз оған балама ретінде ешнәрсе ұсынбай отырып, бұл жайтқа ренжи алмаймыз. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру бағытында жаңа істі қолға алып отырмыз».
Тұсаукесерге қатысқан Орал қалалық білім беру бөлімінің бастығы Жансұлу Төремұратова оқушының негізгі құралында бабалар бейнесінің салынуы отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға оң ықпал ететінін тілге тиек етті. Ал дәптер мұқабасындағы Абай мен Махамбет секілді ұлыларымыздың бір ауыз өлеңінің өзі жастарға ой салып, тұлғалардың өмірдерегі жайлы ақпараттар да балалардың жадында тез жатталатындығына мән берді.
Орал медициналық колледжінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Мақсот Берген сабақ кезінде оқушылардың алдында тұратын дәптерінің алғашқы бетінде даңқты ата-әжесінің кескін-келбеті бейнеленуі, олардың өнегелі өмірінен сыр шертілуі жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты дарытуға себепші болатынын айтты.
Отандық тауардың таныстырылымына «Нұр Отан» ХДП БҚОФ, облыстық тілдері дамыту басқармасының өкілдері, білім жүйесінің қызметкерлері, ата-аналар мен журналистер қатысты.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Батыс Қазақстан облысы.