30 Шілде, 2011

Көнеден жеткен көмей үн

1574 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ұлт аспаптары мен күй, ән – қазақтың жаны. Олар ықылым заманнан бері ұлы даланы өзінің тылсым сиқырымен тербеткен. Дастандар мен аңыз-ертегілерде де өзгеше өріліп, өрнегін тапқан. Ұлтымыздың шынайы болмысы мен ішкі әлемімен біте қайнасқан. Сондықтан да дәстүрлі саз өнерінің сиқыры, ең алдымен, көне түркілер заманына жетелегендей әсер береді.  Ал бүгінгідей жаһандану заманында сол ұлттық әуезіміз бен әуенімізді, түптамырлық саз жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап, көнеден тамыр тартатын дәстүрлі аспаптарымыздың құлағында ойнайтын жанды көргенде, оған ерекше құрметпен қарайтынымыз заңдылық. Мультиаспапкер, фольклоршы, этно­саз­­герлік симбиоз үлгісін кеңінен насихаттау арқылы өзгеге рухани азық сыйлап жүрген Еділ ҚҰСАЙЫНОВ, міне, дәл сондай жан. Біздің кейіпкеріміз тарих қой­науынан жеткен ежелгі саз өнерін қазіргі заманға сай үйлес­тіріп, өткен күннің сырлы бояуын өшір­мей, оны бүгінгі күннің та­биғатына сай шебер шендестіріп жүрген, ықылым заманның сәу­лелі сарынын санаға ұялата білген өнерпаз. Бір сөзбен айтсақ, ол бағзыдағы көшпелі түркі­лер­дің өнерін де, өмір салтын да идеал тұтатын азамат. «Тегіне тартқан», дейді қазақ. Еділ Құсайыновқа дәл осы сөзді айтсақ, жарасатындай. Ол өнер киесі қонған отбасынан шыққан. Әкесі Атыраудағы музыка учи­ли­щесінің негізін қалаған және сонда 20 жылдай директор бол­ған, Дина Нұрпейісова атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бас­тауында тұрған, сондай-ақ, өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары бүгінгі тілмен айтқанда «хитке» айналған, қазірдің өзінде жиі орындалатын «Мереке» күйінің авторы, белгілі күйші – Сейілхан Құсайынов. Ал, анасы танымал қобызшы, еліміздің батыс өңі­рін­дегі қобыз мектебінің негізін қалаған – Раушан Нұрпейісова. Олардың екеуі де Алматыдағы Құрманғазы атындағы консер­ва­торияны бітірген. Ахмет Жұ­банов, Фуат Мансұров сынды тұлғалардың шәкірттері болған. Тағы бір атап өтерлігі, оның ата-анасы өздерінің шығармашылық жолдарын Құрманғазы атындағы оркестрде бастапты. Бір қызығы, қазақтың саз өне­рін бар санасы мен бүкіл жан-дүниесімен сезінетін, дала тыны­сы мен тылсымына табиға­ты сон­шалықты жақын Еділ Сейіл­хан­ұлының ауылда өспегендігі. Ол – көкорай шалғында асыр са­лып, көкше белде белуардан шық кешкен қыр баласы емес. Десек те, ол қанша қалада өс­кені­мен де бала кезінен бойына құт болып дарыған қабілеті, ата-ананың тә­лім-тәрбиесі арқылы дархан да­ла­ның кеңдігін, саз өнерінің тыл­сымын тереңнен түйсінген. «Қалада өскендіктен бе, әлде сол кезеңдердің әсері ме, мен әйгілі «Битлзді» тыңдап, сол топ­тың айтқан әуендеріне ай­рық­ша құмартатынмын. Алайда, ұлттық саз иіріміне толы әуендерді әсте есімнен шығармадым. Уақыт өте келе фольклорлық туындыларға деген қызығушылығым арта түс­ті. Фольклоршы, музыкант, әкем­­нің досы Болат Сарыбаев менің сазсырнай, шаңқобыз, жетіген сынды кейбір көне аспаптарға деген қызығушылығымды оят­ты. Болат аға: «Қазақтың ертеден келе жатқан музыкалық ас­паптары тек домбыра мен қобыз ғана емес», – деп басқа да аспап­тардың ерекшелігін бүге-шіге­сі­не дейін айтып, олардың әрқай­сы­сының өзіне тән иірімдерін түсіндірді», – дейді Еділ. Осы­лай­ша, ұлттық музыкаға әуестігі артқан ол ежелгі түркілер сары­нын жаңғыртуға шындап бел байлайды. Бәлкім, Алматыдағы консерваторияда оқып жүрген кезінде Еділ Сейілханұлы өзінің тағдыры мен шығармашылық жо­лын ежелгі аспаптармен бай­ла­ныстырамын деп әсте ойла­маған болар. Бүгінде ол дом­бы­ра, қобыздан басқа қазақ аспап­тарының 30-дан астам түрін мең­герген. Алайда, сазсырнай, сы­бызғы, жетіген, шаңқобыз – ол үшін басты музыкалық аспаптар. Батыста мультиинструментализм бағыты кеңінен танымал. Бұл ағымды ұстанғандардың арасынан Брайан Джонс, Джон Пол Джонс, Майк Олдфилд, Дан Сване секілді музыканттарды атау­ға болады. Еділ Құсайынов та осы мультиинструментализмнің өзімізге тән дәстүрлі жолын таң­дау арқылы көптің ықыла­сына бөленіп үлгерген жан. Оған «му­зы­ка саласындағы ерекше құбы­лыс», «оркестр адам», «бір өзі бір оркестр», «белгілі мультиа­с­папшы» деген бағалаулардың берілуін де осымен байланыс­тыр­ғанымыз дұрыс болар. «Көп аспапты меңгеру оңай емес. Ол үлкен еңбек пен қыруар ізденісті қажет етеді. Мәселен, мен шаң­қо­бызды үйрену үшін Якутияға бардым. Сыбызғыны башқұрт елінен үйрендім. Ал жетігенді меңгеру үшін хакастардан көп дәріс алдым», – дейді мультиас­папшы. Еділ Құсайыновты білетін, өнерін сүйсіне тамашалайтын кез келген жан оның бойындағы ерекше бір қасиетті жаңылмай табар еді. Ол – көмеймен ән ай­ту­дың кәнігі шебері. Әрине, бізге көне бір замандар тыл­сымынан жеткендей әсер беретін мұндай әуеннің алғашында көп­ке таңсық болғаны жасырын емес. Алайда, кез келген өнерге жоғары эстетикалық талғам биігінен қарай білетін жандарға көмеймен ән айтудың түпта­мы­ры бағзыдағы бақсылық өнермен тікелей байланысты екені белгілі болар. «Көмей өнерінің бір ерекшелігі, ол атадан балаға мұра ретінде жалғасып келеді. Бұрынғы өткен заманда қазақ бақсылары көмеймен арбау әуендерін айт­қан ғой. Сырдарияда жыршылар, жыраулар қазірдің өзінде көмей­мен жыр айтады. Ол қазақтың ежелгі көне өнері. Бірақ, бақсы­лардың көмеймен ән айту тәжі­ри­бесінде музыка болғанымен, олар­дың негізгі мақсаты – ауыр­ған жанды емдеу болатын. Ал мен адамды емдемеймін. Тек му­зыкалық аспектісін ғана аламын. Яғни, емдеу жағына, бақсылық жағына бармаймын. Десек те, музыканың өзі адамды емдейді емес пе?! Ол да бір өзгеше терапия. Яғни, дәстүрлі музыка сары­нын естіген кез келген жан өзіне рухани ләззат алады», – дейді ол. Еділ Құсайынов көмеймен ән айту өнерін алтайлықтардан, моң­ғол­дардан, тувалықтардан үйре­ніп­ті. Сондай-ақ, оның түркі тілдес елдерде көп достары бар екен. Олар кейіпкерімізді көмей­мен ән айтудың терең иіріміне бойлатқан. Кәсіби орындаушы болуына да солардың көмегі ора­сан болған. «Бір халықаралық фестивальде Алтай жұлдызы Болот Байрышев­пен жақынырақ та­ныстым. Кейіннен екеуміз жақ­­сы араласып кеттік. Ол маған көмеймен ән айту­дың қыр-сырын үйретті. Басқа да осы бағыттағы орындаушылардан дәріс алдым. Көмеймен ән айту кезінде негізінен қазақтың ескі сөздерін, ха­лық нақылын алып, орын­дай­мын. Көбінесе сөз емес, дыбыс жағын қосамын. Бүгінде якут халықтары, тувалықтар, хакастар да көмеймен ән айтады», – дейді Еділ. «Сегіз қырлы, бір сырлы» кейіпкеріміздің шынайы болмы­сын танытатын енді бір қыры – оның композиторлығы. Еділ Се­йілханұлының өзге композиторлардан ерекшелігі – өзінің төл туындыларын өзі орындайды. Елі­міздегі кейбір кинотуын­ды­ларды музыка әуенімен әрлеуі де осы бір қасиетін айқын көрсетіп беретіндей. Режиссер Ермек Тұр­сыновтың «Келін» фильмінің өн бойынан өрілетін музыканы жазған да осы Еділ. Оның пікірінше, кинодағы көне аспаптар мен симфониялық оркестрдің қос­пасымен шыққан музыкалық әуен өте жақсы әрі сәтті көрініс. Ол сондай-ақ, «Құрақ көрпе», «Аңшы бала» фильмдеріне де арнайы музыка жазыпты. Мәсе­лен, алғашқы фильмдегі музыка фольклорлық жанр мен эстрада­лық жанрдың үйлесімінен туса, екіншісінен де көне аспаптар мен эстрада жанрының қос­па­сын анық байқауға болатын көрі­неді. Музыка тылсымына өзгеше түрде елітетін Еділ Құсайынов кезінде «Көшпенділер» фильмінде де екі-үш секөндтік сюжетте шаңқобыз аспабында шебер ой­найтын қазақтың бейнесін сом­дапты. Оны мұндай көрініске тү­суге режиссер Сергей Бодровтың өзі арнайы шақыртқан екен. Ал жақында Венгрияда түсірілген режиссер И. Вовнянконың «Урано қарақұйыны» киносына тү­сіп­ті. Бұл да қазақтың көне ас­пап­тары­ның құдіретін таныту тұрғы­сындағы ізгі ойдан туса керек. Бүгінде ұлтымыздың бірнеше ежелгі аспаптарын жетік меңгер­ген, көмеймен ән айту шебері, композитор Еділ Құсайыновтың түрлі музыкалық ағымдарды біріктіріп, синтездеп, алыс және жа­қын шетелге таныстырып, ежел­гі түркілер сарыны мен шы­ғыс музыкасын жаңғыртып жүр­гені­не біраз жылға жуық уақыт өткен. Сол арқылы ол ежелгі ата-бабаларымыздан келе жатқан кө­не аспаптарды, ұлттық өнері­міз­ді шетелдіктерге дәріптеп келеді. Мәселен, оның екі жеке шығар­машылық кешінің бірі АҚШ-тың Вирджиния штатында, екіншісі Жапонияның Токио қаласында өт­кен. Бүгінгі күнге дейін әлем­нің көптеген елдерінде, атап айт­қанда, Нью-Йорктегі «Карнеги Холл», Токиодағы «Сантори Холл», Лондондағы «Роял Фестиваль Холл» секілді әлемдік сахналарда өнер көрсеткен Еділ Құ­сайынов өзінің шығармашы­лы­ғымен өзге жұрттың тыңдарман­дарын таңдай қаққызып, талай рет тамсандырған. Мұндай құр­мет пен қошемет ең алдымен ұлты­мыз­дың фольклорына, оны әлем­дік музыка ағымдарымен шебер үйлестіріп, ұштастырып жүр­ген қарапайым қазақ бала­сы­на деген шынайы ықыластан ту­ған десек, артық айтқандық емес. «Біздің музыкамыз, ешқан­дай елдің музы­к­асынан кем соқ­пайды. Сондық­тан, оны әлемдік деңгейде насихаттау керек. Әсі­ре­се фольклор жағынан деңгей­і­міз жоғары, бірақ түсінетін адам аз. Сондықтан, шетелдің көрер­мен­деріне тыңдату үшін фольклор­ды джаз-рок тілінде жеткізіп, көне аспаптарды сим­фониялық оркестрлермен бірге қолданып келемін. Сол арқылы «қазақта осын­дай аспаптар бар» дегенді та­ныт­қым келеді», – дейді мультиаспапшы. Ол өзін табысты музыкант санайды. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. 2008 жылы оның алғаш­қы «Ілбіс елі» атты жеке аль­бо­мы жарық көріп, оған 18 фольк­лор­лық және 9 арт-рок бағытын­дағы шығармалары енгізілген бо­латын. Ал бұдан кейінгі жыл­дары ол осы бір ізденісінен жаңылмай, ұлттық аспаптар мен симфониялық оркестрлерге, ансамбльдерге арнап шығармалар жазған. Бүгінде «Күлтегін» балетіне арнайы музыка жазу үстінде жүр. Біз өз тарапымыздан өрке­ниет заманына ежелгі көшпен­ді­лердің, көненің сарынын жеткізіп жүрген Еділ Құсайыновқа шығармашылық табыс тілейміз. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.   Суретте: Еділ ҚҰСАЙЫНОВ.