30 Шілде, 2011

Қолдаймыз!

691 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 12 шілдесінде «Егемен Қазақстан» газеті Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төр­аға­сы, бас мүфти, шейх Әбсат­тар қажы Дербісәлінің кәсіпкерлер мен ел халқына жолдаған «Жарылқаушы айда жұртқа жеңілдік жасайық» атты үн­деуін жариялаған болатын. Біз бүгін сол үндеуге байланысты редак­цияға келген бір топ оқырман хатын жұрт назарына ұсынып отырмыз. Сауапты істер жасауға шақырады Барша Қазақстан халқын Отанымыз үшін айтулы кезең болып табылатын, мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны, қасиет нұры төгілген – Рамазан айының басталуымен құт­тық­таймыз. Егемендік алған аз жылдардың ішінде еліміз небір кедергілерге қарамастан, аяғынан тік тұрып, әр қадамын анық басып, қарқынды дамудың даңғыл жолымен алға бастап барады. Халқымыздың әлеуеті өсіп, дәулеті артты, ақ-ниеті оң болып, ынтымағы орнықты, ізгіліктің жолын таңдап мерейі тасыды. Қазақ елі шартарапты қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қарай бастады. Биыл, міне, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тізгінін қолға алып, ислам әлемі­нің бірлігін нығайтуға қажырлы күш жұмсауға бел буып отырмыз. Барша әлемді татулық пен ізгілікке шақырған қазақтың байтақ даласы бейбітшілік пен келісімнің алтын ұясына айналды. Тәуел­сіздік жылдары отандастарымыз тарихпен біте қайнасқан рухани бастауымызға ден қойып, ата дініміз – исламға етене бет бұрды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын әлем алдында абыроймен, то­ла­ғай табыстармен және береке-бірлік, ынтымақпен қарсы алып отыруымыз халқымыздың мәртебесін асқақтатып, әрбір отандасы­мыздың мақтаныш сезімі мен қуанышын тасытары сөзсіз. Біз осы табыстарға халқымыздың мейірімділігі мен иманды­лы­ғы, кеңпейіл де жомарт бейбітшіліксүйгіш дархандығы, әрбір Қазақстан азаматының өлшеусіз қажырлы еңбегі мен ел мұратына деген адал ниетінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Ежелден кемеңгер халқымыз Рамазан айында оразасын ұстап, елдің тыныштығын, ынтымағын, ырыс-берекесін тілеп, кедей мен жетімге, қаріп пен ауруға шалдыққандарға көмек көрсеткен. Бұл айда барша жұрт жат қылықтардан аулақ болып, айналасына мейірім мен шуағын төгіп, ауыз ашар дастарханын көпшілікпен бөлісуге асығады. Рамазан айы адамзатты қате жолдан сақтап, сенімін нығайтып, елдің бірлігі мен ынтымағын арттырады. Қазақстан халқы Ассамблеясы барша Қазақстан халқын, әрбір отандасымызды қасиетті айда ел ырысы үшін жақсы істер, сауапты амалдар жасауға шақырады. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі.   Дініміздің ажарын ашар қадам Дінбасымыз Әбсаттар қажының ел халқына үндеуінің әлеу­меттік терең астары, мәні мен мағынасы бар екені айдай ақиқат. Күмәні көп, бағыты бұлдыр әртүрлі діни ағымдар көбейе түскен бүгінгі кезеңде мұндай игі істер дәстүрлі дініміздің ажарын аша түседі деген ойдамыз. Сондай-ақ өз үндеуінде шейх мүмкіндігі бар отандастарымызды осынау қасиетті де берекеге толы айда ел-жұртқа шапағаты тиетін иманды істерді мейлінше көбірек жасауға шақырыпты. Ораза кезінде азық-түлік пен басқа да күнделікті тұтынатын тауар түрлері бағасының имантаразы болғаны жөн екенін жеткізіпті. Бұл тармақтың ел ырысын еселеуге үлес қосып жүрген біз секілді кәсіпкерлерге де қатысы бар деп түсінеміз. Әрі бас мүфти Әбсаттар Дербісәлінің үндеуін қолдауға респуб­ли­кадағы барша әріптестерімізді шақырамыз. Кәсіпкерлер:  Сәбит ӨТЕБАЛИЕВ, Ришат ХАЙРУЛЛИН, Хамзат ИСАЕВ, Біржан ҚОЖАҚОВ, Темірғали ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, Сағат ЫДЫРЫСОВ. Батыс Қазақстан облысы.   Рамазан айында жеңілдік жасайды Әбсаттар қажы Дербісәлінің еліміздегі кәсіпкер азаматтар мен мекеме бас­шыларына Рамазан айына байланысты зор сауапқа кенелер іс-шаралар ат­қаруға шақырып, бүкіл мұсылман атынан жолдаған өтініш-тілегінде жаны ізгілерге жомарттық жарасатынын айтқан еді. Міне, Алматы облысы­ның жұртшылығы үндеуде айтылған игі ұсыныстарды қуана қабыл алып, қуат­тайтындықтарын білдіріп,  қасиетті Рамазан айының құрметіне бір ай бойы халық тұтынатын азық-түлік, құрылыс материалдарын, жанар-жағар­майды, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орындарының бағасын төмендетіп жатыр. Былтыр да Рамазан айының құрметіне аудандағы «Рахат» сауда үйінде киім-кешек сататын кәсіпкер Бауыржан Сәрсенов, тәтті сусын өнімдерін шыға­ра­тын «Башенов» ЖШС басшысы Қасенхан Башенов өз тауарлары­ның құнын төмендетсе, «Ауылтехника» АҚ басшысы Сейілхан Беков мұқ­таж жан­дарға көмек қолын созып, халыққа саудалайтын көмірінің бағасын арзан­датып, екі мешітті көмірмен қамтамасыз етсе, «Үштөбе аудандық электр стансасының» бастығы Ырғайбек Жапарқұлов Рамазан айында аудандық орталық мешіттің электр төлемі қуатын толықтай өз мойнына алған болатын. Қаратал ауданының бір топ кәсіпкерлері биыл да бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің үндеуінен кейін бағаны арзандатып, тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсетіп, отын-көмірін арзан бағамен саудалап, халықты бір қуантып тастады. Нақтырақ айтсақ, «Ауылтехника» ЖШС басшысы Сейілхан Беков, «Тамас» ЖШС басшысы Асылбек Пұсырманов, «Башенов» ЖШС басшысы Қасенхан Башенов және тағы басқа иманжүзді азаматтарға жұртшылықтың алғыстан басқа айтары жоқ. Асхат Өмірбаев, журналист. Алматы облысы, Қаратал ауданы.   Қуаттаймыз Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі барша Қазақстан жұртшылығын рухани және саламаттылық тұрғыдан жақ­сы­лыққа шақырды. Өткен жұма нама­зын­да Жезқазған аймағының өкіл имамы Қондыбай қажы Серік­бай­ұлы­ның сол үндеуді халыққа та­ныс­тырып, Рамазан айындағы сауап­ты амалдар мен әрбір мұ­сылманның ол айға деген құрметі мен әдептері жайлы түсіндірді. Иә, шын мәнінде осы бір берекелі де қасиетті ай Рамазанда мүмкіндігі бар отандастары­мыздың ораза айы мен ораза ұстау­шы­ларды құрмет тұтып, ішкі­ліктің ішілмеуі, сонымен қатар, осы ай бойы мұсыл­ман қауымы мен барша көп­­шілікке дүкендер мен қо­нақ үй­лерде, шаштараздар мен түрлі қыз­мет көрсету орталықтарында, ком­­­мунал­дық төлемақылар мен теле­к­ом­муни­ка­ция­лық байланыс тарифтерін тө­мен­де­ту шараларын ұйымдас­тыру – өте сауап­­ты іс болар еді. Біз бір топ Жез­­қазған қаласының кәсіпкерлері Рамазан айы­ның құр­метіне өз кәсі­бі­міз саласы­нан 10 пайыз жеңіл­дік­пен қала мұсыл­ман­дарына қызмет көрсету ниетіндеміз. Айгүл ИШАНХАНҚЫЗЫ, Ғалымжан ҚАЛМАНБАЕВ, Дастан ЖАҚАЕВ, Жезқазған қаласының жеке кәсіпкерлері.   Адал іске асығайық Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Әбсаттар қажы Дербісәлінің бүкіл Қазақстан жұртшылығына Рамазан айында азық-түлік тауарларына 10 пайыз жеңілдіктер жасауға, дүкендерде ішімдіктерді сатпауға, ал мұсылман халқын харам әрекеттерден аулақ болуға шақырған үндеуін шын жүректен қолдай отырып, Алла тағаланың құдіретіне бүкіл иманымызбен бойұсынуға шақырамыз! Оразаларыңыз қабыл, имандарыңыз кәміл болсын, ағайын! Оразбек Сәрсенбайұлы, жазушы; Жарылқасын Нұсқа­байұлы, жазушы, «Білім» баспасының директоры; Әшірбек Көпіш, жазушы-публицист, «Өнер» баспасының директоры; Тәжігүл Серікбаева, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері; Жарылқасын Дәулет, сазгер-ақын, Мәдениет қайраткері.   Шапағатты айда шарапатты істер көбейсін! Міне, тәуелсіздікке деген сенім оты сөнбеген халықтың ақыры тамылжып таңы атты. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқына Аллатағаланың шапағаты түсті. Бүгінде Қа­зақ­стан Орталық Азия­ның аймаңдай еліне ай­налды. Біз халқымыз бұрын-соңды болмаған осынау игіліктерге тек тәуелсіздіктің арқа­сында ғана жете алғанын естен шығар­мауымыз керек. Би­ыл тәуелсіздікке 20 жыл толды. Ел­басы бас­таған қазақстандықтар 20 жылда ға­сырлар­дың үлесіне тән іс тындырды. Сары­арқа­ның төсі­нен сәулетті Астанасын тұрғы­зып, ата-бабадан қал­ған ұлан-ғайыр дала­ның шека­расын бекітті. Бұл біз­дің тарихы­мызда болма­ған керемет жетістік! Біз өртеңнен өнген қарағайдай зеңгір көк­ке шаншыла, жан-жағымызға жасыл жа­пы­рақ жайып, тереңге тамыр тартудамыз. Халқының 70 пайызы ислам дінін ұста­на­тын елімізде исламның өркендеуі де осы тәуелсіздік жылдарында. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік ата дініміздің де арқауы болды. Кеше Алланы ауызға алуға алаңдай­тын қазақ­стандық мұсылмандар бүгінде ата дінімен қайта қауышты. Ислам құндылық­та­ры өркен жайды. Биыл Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мының тізгінін өз қолына алды. Дүние­дегі бір миллиард мұсылманның басын қоса­тын ұйым­ның төріне көтерілуі еліміздің ислам әлеміндегі орнын айқындай түседі. Осын­дай елеулі оқиғалармен тұспа-тұс келген биыл­ғы қа­сиетті Рамазан айы орайымен Қазақстан мұсыл­мандары Діни басқар­масы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төраға­сы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет қасиетті Рамазан айына байланысты жол­­да­ған үн­деуін­де мүбәрак айын­да баға­лардың күрт қым­бат­тап ке­те­ті­ні­не қын­жы­ла­тынын білдіре келіп, кәсіп­кер­лерді азық-тү­лік пен қо­нақ үйлер жә­не қоғамдық қыз­мет­тер бағасын 10 па­йызға төмендетуге шақы­рады. Ол сондай-ақ, қасиетті Рамазан айын­да мейрамханалар мен жиын-той­ларда ішкі­ліктің ешбір түрі ішілмесе, сатылмаса деген тілегін де білдіреді. Біз жүрегі таза мұсылман әрі кәсіпкер ретінде бас мүфтидің үндеуін жан-тәнімізбен қолдап, өз тарапымыздан осы айда азық-түлік бағасын мүмкіндігінше төмендетіп сатуға ниеттіміз және басқа кәсіпкерлер де сауабы мол шара­патты істі қолдайды деп сенеміз. Ысқақ НҰРАХМЕТ,  Айшагүл САНДЫБАЕВА, Текелі қаласы.   Игі  Бастама Дінбасымыздың көтеріп отырған мәселесі өте орынды және уақытын­да қолға алынған игі бастама екені даусыз. Мұндай тың бастама облыс, аудан басшылары, кәсіпкерлер, түрлі мекеме жетекшілері тарапынан үл­кен қолдауды қажет етеді. Үндеуде ай­тылғандай, кәсіпкерлер мен мекеме басшылары аз да болса қара­пайым жандарға көңіл бөліп, халық­т­ың мүддесін ойласа, Алла алдында үлкен сауапқа ие болары сөзсіз. Біздің Көксу ауданының мұсыл­ман жама­ға­ты хазіреттің үндеуін қол­дап отырмыз. Алдағы уақытта үндеу өз қолдаушыларын тауып, жыл са­йынғы дәстүрге айналады деп сенеміз. Рамазан сауда емес, сауап айы екенін түсініп ел тұтынушылары үшін осы айда тиімді жағдайлар жа­сауды бастап кеткен иман­ды кә­сіп­керлерімізге Алланың нұры жаусын!   Көксу ауданының мұсылман жамағаты атынан: Дәулет Мұстафаев, кәсіпкер; Сайлау Урин, кәсіпкер; Манат Тастанов, мекеме бас­шысы; Еділбек Ерімбет, ауданның бас има­мы; Малгаждар Жылқышы­бай, найб имам; Мұхаметкерім Еділбаев, ақ­са­қал­дар алқасы­ның мүшесі; Асхат Иб­рагимов, ақсақал­дар алқа­сы­ның мүшесі; Шәріпхан Жұма­ділов, ақсақал­дар алқасының мүшесі. Алматы облысы.