Тәуелсіздік таңы атып келе жатқанда атамекенге түзелген көштің бүлдіршін буыны бүгінде Нұра ауданындағы ең астықты шаруашылықтың берекесі
Көз жептес көкжиекпен көмкерілген шетсіз-шексіз телегей егін төсіндегі бұл ауыл қазір аса бір алабөтен қарбалас шақ алдында. Айналасы сары алтын шашып тастағандай қырман-қырман астықпен күн сайын аспандап, жарқырап көрінетін кез жақын. Кеудені атып бұрқыраған дән иісі, жүректерді билеген тәтті үміт қуанышы күтілген тамаша сәтті сездіретіндей. Таңның атысынан күннің батысына дейінгі тізе бүкпес азаматтардың еңбегіне тілеуқор тұрғыластарының үлкені Қуаныш Шерубай қария да үйінде отыра алмайды. Теңіздей тербелген ырыс асылына ұзақ сүйсіне қарап, қолын ысқылап қояды. Береке көзін жасаушылардың бел ортасында бес баласы бірдей жүргеніне көңілі өсіп қалады. Өткен елестеп, бүгінгіге көз жібергенде өмірлеріндегі өзгеріске қуанып тұрады.
Уақыт ағысы да жылдам-ау. Бұдан жиырма жыл бұрын осы жаққа табан тірегенде тау-тау астықты алғаш көріп еді. Енді соны үюші балалары сол кезде екі-үш жастағы балдырған болатын. Алпыстан асқанында атқан Тәуелсіздіктің арқасында арманы қабыл болып ұрпағын атажұртпен табыстырды. Бұл күнде ауылдағы 800 тұрғынның тең жартысы ұлы көшпен бірге келіп, тамыр тереңдеткен кешегі тағдырлас ағайындары. Нұраның жалпақ шұрайлы қиырында тың игеру дүбірінде отау тіккен шаруашылықтың бет-бейнесін өзгертіп, қазақы қан жүгіртіп, алтын бесікке айналдырып отырған осы қауым екеніне ел сүйсінісі ерекше.
Иә, сол оқиға қалай ұмытылсын, бәрі естерінде. Ата жерден, Нұра деген өңірінен бір топ азамат арнайы келіп, бауырлар ортасына оралуды қолқалағанда 9 балалы шаңырағын бастап, көш керуеніне бірден қосылғандардың бірі болған-ды. Атауы да құлаққа оғаштау, тұрғындарының түр-түсі де өзгешелеу жаңа мекеннің белді жігіттері бір тәуірі өз қандастары екен. Солардың ішінде, әсіресе, Баянөлгейден бергі сапарда сыр жарасып кеткен Қанатбек Балтабаев жанашырлығы, көмек-қолдауы зор сүйеніш етілген. Ол кезде әбден әлсіреуге айналған экономикалық дағдарысқа, әркім күнкөріс қамымен әлекке қарамастан ауыздағы жырылып түтін басына баспана, алдарына бір-бірден сиыр, жылқы, бес-алты қой мен ешкі бөліп берілді. «Тағы не бересіңдер» демеді. Көппен бірге қиындықты бөлісіп, еңбекке бел шешіп кірісіп кетті әрқайсысы.
Сонда үлкені 19-дағы, кішісі 2-дегі балаларының бәрі бүгінде, шүкір, елмен бірге есейіп өскен, алды үйлі-баранды азаматтар. Азатханы інілері Тілейхан, Қадірбек жанында, ауыл тірегі «Пржеваль» ЖШС қырманында слесарь. Кенжесі Базарханы жақында жоғары білімді маман атанады.
Қуаныш замандасы сияқты бабалары кіндік қаны тамған топыраққа үбірлі-шүбірлі отбасын қондырғандар қатарында Жайнар Сарыүбген ақсақал да болды. Бәйбішесі Бижамалдың айтуынша әйгілі Халхин гол шайқасының ардагері түптің түбінде Қазақстанның азаттық алып, еркіндік тізгіні өз қолына тиетіндігін болжай білген көрінеді. Сондай күн туғанда ұрпағының қамы үшін Баянөлгей аймағындағы Тұлба ауылынан атажұртқа ат басын алғаш түзепті, басқаларды да қозғапты. Отанына оралған соң дүниеден өткен бұл кісінің бес ұл, бес қызы әке арманы орындалуын көріп отыр. Бауырлардың үлкені, сол көш кезінде жасы 40-тағы Қаршыға қазір 60-та. Ортасына құрметті, сөзімен де, ісімен де ауылдастарына сыйлы жан еңбектен қол үзе қоймаған. Атамекенге аяқ басқанда он жастағы Володя отыздағы азамат еді. Жоғарыда аталған серіктестіктің бүкіл электр жүйесін үйлестіруші білікті маман. Акбар мен Мұрат жеке шаруаны үйірген кәсіпкерлер. Көш үстінде жөргектегі нәресте Әуелбек Қарағанды политехникалық техникумының шәкірті.
– Ата-ана бақыты балаларының аман-есендігі, шат-шадыман тұрмысы ғой. Жаратушының құдіреті жазып, мемлекетіміз қамқорлығы, шапағаты тиіп келеді айналайындарға. Біз ағайындар ортасына қосылғанда ауылдың жағдайы аса ауыр болатын. Анау жақта да қиыншылықты аз көрмеген едік. Үйірімізді қайта тапқан қуаныш бәрін басып ертеңгі күнге сендірді, жетеледі. Соған алдымен туысқандық ниет, көмек тірек болды. Сондықтан қолдарындағысын аянбай барынша бауырға тартқан тұрғылықты жұртқа, құшағын жайған елімізге алғысымыз шексіз, –дейді «Алтын алқа» кеудесінде жарқыраған Бижамал әжей айналасында шүбірлеген немере-шөберелерін аймалай ағынан жарылып.
Осындағы оралмандар өміріне ортақ мұндай жайт қай отбасыға да тән. Мәселен, Марат Егеубай шаңырағы береке-шуағы соның тағы бір жарқын айғағы. Жастайынан аңсаған арманына жетуге мүмкіндік ашылған Мәкең Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген бетте бабалар жерінен табылады. Атақты оқу орнының электроншы түлегі ретінде алдында Улан-Баторға шақырылғанымен жүрек әмірі қазақ еліне бүйрек бұрғызады. Мұнда алыс түкпірдегі ауылда мамандығына сай жұмыс табылмағанымен жылдар бойғы мақсат-аңсары жүзеге асқаны бәрінен қымбат тұтылады. Қандай жұмыс бұйырса, соған араласып кетеді.
Отызында атақоныспен табысқан ол бірге көшіп келген жары Кәсима екеуі үш бала тәрбиелеп, өсіріп тәуелсіз Қазақстанның өнегелі өрендері қатарына қосты. Қарағандыдағы онкологиялық орталықтың дәрігері Базарбегі, Қаржы министрлігінің жауапты қызметкері Айдосы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шәкірті Розасы өздері ғана емес, ауыл мерейін өсірген жастар екеніне іштен шүкіршілік етеді.
Мараттың негізгі кәсібінің пайдасы шаруашылыққа көмегін көп тигізіп жүр қазір. Кейінгі кезде тұқым себуге, егін егуге көптеп қолданыла бастаған шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларының электрлі жүйелерін жөндеумен айналысатын жеке құрылымның жетекшісі. Тапсырмалар тыңғылықты орындалады. Бұлар Қазақстан Үкіметі көрегендік жасап, 1991-92 жылдары Моңғолиядан көшіріп алынған 44 мың қандастың бірінші легінде келгендерін мақтанышпен айтады. Бұлайша айту орынды. Шынында алда не күтіп тұрғаны белгісіз, тәуелсіздік жариялана қоймаған, бәрі күйреп тұрған кезге қарамастан артқа қарайламай аттану сырттағы ағайынның ерлігі еді.
Бүкіл халықтың рухын дүр сілкіндірген бұл оқиғаның ықпал-әсері қандайлық болғандығы аян. Мұның нақты көрінісі жоғарыда алға тартылғандай осынау ауыл тыныс-тіршілігінен байқалар жақтары көп. Бұрын саусақпен санарлық тұрғылықты жұрт саны күрт өсті. Бұған дейін болып көрмеген қазақ мектебі есік ашты. Ұлттық салт-дәстүр, өнер жаңғырды. Тарихи отандарына қоныс аударғандардың орны жоқтатылмай шаруашылық тасы өрге басты. Қат мамандықтар меңгеріліп, іс тетігі ағайындардың жас буынына ауысты. Компьютермен басқарылатын шетелдік комбайндар мен дән сепкіштер тілінде ойнайтын Абай Құрманғазы, Хасен Ербөкен тәрізді бесаспап оператор-механизаторлар шеберлігін үйренуші ізбасарлар жеткілікті. Егін орағы науқанында жан-жақтан жұмыс күшін шақырып әуреге түсетін шаруашылық, міне, бірнеше жылдан бері сырт көмекке зәру емес. «Пржеваль» ЖШС-нің негізгі арқа сүйері де оралған қандастар ұрпақтары.
– Мен елге ел қосылған шақта 6 жаста едім. Жаңа ауылымыз көз алдымызда дамып, өркендеді. Жиырма жылдағы өзгерісі жер мен көктей. Біз де өстік. Оны өркендетуге өзіндік үлесіміз барын мақтанышпен айта аламыз. Аудан орталығындағы кәсіптік мектепті бітіріп, механизаторлықты серік еткеннен бері еңбектің бел ортасындамын. Биыл 2 миллион пұт алтын дән өндіруге үміттіміз. Осы мақсат үшін күш саламыз. Өйткені, басты байлығымыз еселенген сайын әл-ауқатымыз да көтеріңкі, – деген Қуанбек Батырбектің сөзін әріптес құрбылары қостап, жақсы несібе жолындағы іске жұмыла кіріскендіктерін жеткізді.
Жалпы Пржеваль ауылын құтты мекен еткен туысқандардың қай-қайсысы да белсенді өмір сапында. Диқандар жұбайларының 13 -і мектепте, 2-уі фельдшерлік пунктте, 4-уі клубта, 2-уі кітапханада жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті дөңгелетушілер және бар. Мұның өзінен оралмандар 30 отбасының екі мүшесі жұмыспен қамтамасыз етіліп отырғандығы білінеді. Тұрақты кәсіппен қатар кезіндегі 1 сиыр, 1 жылқы, 5 қойдан өрбіген түлік тұяғы әр қорада айтарлықтай. 20 отбасының жүрдек жеңіл көліктердің таңдаулыларын мініп жүруі берекелі тұрмыстың айдай анық белгісі, әрине.
Сөз орайында ырыс қонған, дәулеті нығайған ауылдың ынтымағын жарастырушы жан туралы айтып өтпеске болмайды. Ал оның есімі мен еңбегі алысқа танымал. Аудандағы «Амантау» кеңшарының директоры, уағында Баянөлгейден 10 отбасыны өзі барып, көшіріп әкелген ол ағайындарға бауырмалдық қасиетінен айнымай келеді. Туысқандардың ұжыммен ұйысқан береке-бірлігі бір жағынан осы Ықсан Тәттібаевтың азаматтық парызына адалдығына байланысты десек, артық бағалағандығымыз болмас. Бұл жұрт пікірі екенін білеміз.
Елбасы қабылдауында болып, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы ізденістер жөнінде ойын бөліскен оның басқаруындағы «Пржеваль» ЖШС егін көлемін 30 мың гектарға дейін жеткізуші аймақтағы бірден-бір астықты шаруашылық ретінде мәлім. Миллионер шаруашылық деуге болады. Шын мәнінде солай. Қамбасы жыл сайын 1 миллион пұт сары бидайға толады. Ал жоғарыда диқан жігіттер атағандай, осы күз жемісі 2 миллион пұтқа жетіп қалуы мүмкін. Иә, сәтін салғай.
Аңсаған атақоныста, онда да дәл төріндегі, әсем Астана іргесіндегі егіні тербелген шағын ауылда армандарына гүл біткен кешегі оралмандар, бүгінгі отандастар тыныс-тіршілігі осындай. Ата-аналары бастап келіп, қасиетті мекенге қондырған көбі тәуелсіз Қазақстанмен құрдас. Ертеңіне үміттері үлкен, асқаралы асуларға жалынды жас буын жетілгеніне қуанады жерлестері. Елдерінің өсіп, көркейе беруіне өзіндік үлес қосу әрқайсысы бойындағы биік талап. Содан ұшқындаған қайрат пен жігер мол астық үшін күресті екпіндетіп жатыр.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы.
Суретте: он балалы Бижамал ана немерелері мен шөберелерінің ортасында.