03 Тамыз, 2011

Әскери оқу орындары мемлекеттік білім бағдарламасы аясында жұмыс істейді

1848 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Президент Нұрсұлтан Назарбаев ха­лыққа би­ылғы Жолдауында: «Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деп атап өткені мәлім. Шынында, үздіксіз білім алу тәуелсіз елдің әрбір азаматының бас­ты парызы болса керек. «Білімді мыңды жы­ғады» деген аталы сөз де тегін айтылмаған ғой. Осы тұрғыдан келгенде, елдігімізді алып, еңсемізді тіктеген күннен бастап Елбасы әскери білім беру ісін де алдыңғы орынға қойып, соның арқасында Отанымыздың қарулы күштері білімді де білікті сарбаздармен толығып отыр. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігіне бес жоғары, бір техника­лық және кәсіптік оқу орны мен жалпы білім беретін бір орта мектеп қараса, бұлардың бәрі тәуел­сіз­дік алған күннен бастап әскери білім беру жүйесінде өзіндік қолтаң­басын қалыптастырды. Тек қана өз Отанымызда ғана емес, шетелдерге де танылып үлгерді. Бұрын-соңды мұндай оқу мекемелері болмаған мемлекетіміздегі әскери оқу орын­да­рының өзіндік тарихы қалыпта­сып, даму кезеңдері бекемденіп келеді. Мен газет оқырмандарына осы оқу орындарын таратып айта кетсем деймін. Ұлттық қорғаныс университеті Прези­дент­тің 2002 жылғы 27 ақпандағы №815 Жарлығымен Қарулы Күштер Әскери акаде­миясы болып жарияланды. Бір жылдан кейін, яғни 2003 жылғы 21 тамыздағы Мемлекет басшысының Жарлығымен ел Қарулы Күштерінің Әскери академиясы «Ұлттық қорғаныс университеті» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Бұл білім ор­дасы Қазақ елі Қарулы Күштері, басқа әс­керлер мен әскери құрылымдарына жоғары кәсіби білім беру бағдарламасы негізінде 6 мамандық бойынша кадрлар дайындайды. Құрлық әскерлерінің әскери институты­ның негізі 1970 жылы құрылған Алматы жо­ға­ры жалпы әскери командалық училищеден бастау алады. Бұл іргелі білім ұясы 1997 жы­лы Президенттің арнайы Жарлығымен Республика Қарулы Күштерінің Әскери ака­де­мия­сы болып бой тіктеген болса, кейін осы ака­де­мияның құрамынан Қазақстан Рес­публи­ка­сы Қарулы Күштерінің Алматы жо­ғары әс­кери училищесі болып бөлінді. Ал Үкіметтің 2003 жылғы 31 қазандағы № 1080 қаулы­сы­мен ҚР ҚК Алматы жоғары әскери училищесі Құрлық әскерлерінің Әскери инс­титуты бо­лып жасақталды. Бұл институт жо­ғары әс­кери кәсіби білім беру бағдарламасы бойы­н­ша 11 мамандықтан кадрлар дайындайды. 8 мамандық бойынша кадр дайындайтын екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күш­терінің Әскери институты алғашында Ақ­төбе жоғары азаматтық авиациясының ұш­қыштар училищесі болғаны белгілі. Мұнымен қатар, 2001 жылдан бері 5 мамандыққа сай әскери мамандар дайындап келе жатқан Радиоэлектроника және бай­ланыс әскери-инженерлік және Отанымызда бұрын әзірленбейтін тың мамандарды дай­ындайтын Әскери-теңіз институттарының жөні бөлек. Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы бастапқы әскери білім бағдарламасы бойын­ша отандық Қарулы Күштерге сержанттық құрамды жасақтау бойынша мамандықтар дайындаса, Армия генералы Сағадат Нұр­ма­ғамбетов атындағы «Жас ұлан» республи­калық мектебі мемлекеттік және шетел тілдерін, әскери пәндерді терең оқытумен және күшейтілген дене даярлығымен жалпы орта білім берумен айналысады. Осы арада бұл мектептің бір ерекшелігін айта кеткеніміз жөн секілді. Ол осы аталмыш білім ұясына өткен жылдан бері 7-сыныптан бастап оқу­шы қабылдау еді. Әскери білім беру және кадрларды даярлау әлеуетін нығайту Қазақстан Республи­ка­сының Қарулы Күштерінің басым бағыт­та­рының бірі болып табылады. Бұл бағытта министрлікке бағынысты жоғарыдағы оқу орындары «әскер мен білім» атты ұғымды қатар ұштастырып келеді. Ұжымдық қауіп­сіз­дік туралы шарт ұйымына қосылған мем­лекеттердің Қарулы Күштеріне жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім бағдарламасы бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның қатарында әскери кадрларды бірлесіп дайындау да бар. Сондай оқу орындарының тізбесіне жоғарыда таратып айтқан Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің Әскери институты және Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институттарының енгізілуі үлкен жетістік деуге тұрарлық. Әскери оқу орындарындағы білім беру ісін заман талабына сай жүргізу ісінде Президент бекіткен 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік білім бағдарламасының ор­ны ерекше деп білемін. Бұл бағдарлама Қа­зақстандағы білім беру жүйесін жаңа әлеу­меттік-экономикалық ортаға бейімдеуде ма­ңыз­ды рөл атқаратыны белгілі. Біз бұл жерде әскери оқу орындарында болып жатқан өз­герістер туралы бір-екі пікір білдіре кетсек дейміз. Бағдарламада «Жоғары оқу орындарын кадрлармен қамтамасыз етуде кері үрдіс орын алған: профессор-оқытушы құрамын жүйелі даярлау жоқ, қоса жұмыс атқару кеңінен таралған», – деп атап көрсеткен. Бұл барлық жоо-ға тән құбылыс. Біздіңше, бұл кері үрдісті болдырмау үшін, мысалы, Қа­зақ­­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қарулы Күштерге бағынысты оқу орындарын аттестаттауда немесе лицензиялауда өзіндік ерекшеліктерін ескеріп, аза­мат­тық жоо-ға қойылатын талаптармен қа­тар қарауға болмайтындығын назарда ұста­ға­ны жөн секілді. Өйткені, ғылым докторы не кандидаты атағы жоқ, бірақ ол әскери академияны бітірген, не арнайы курстан өт­кен тәжірибесі мол полковникті немесе спорт шеберін қай топқа жатқызуға болады? Келешекте лицензиялау заңына өзгерістер енгізіліп жатса, Қарулы Күштерге бағы­ныс­ты әрбір оқу орындарының өзіндік бейінін ескеріп, олардың кадрлармен қамтамасыз еті­луіне, ғылыми әлеуетін жақсартуына ық­пал етіп, жоғарыда аталған кері үрдістің одан әрі орын алмауына жәрдемдесері хақ деген ойдамыз. Республикалық білім беру жүйесінде оқу деңгейінің сабақтастығын қамтамасыз ететін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және білім беретін оқу бағдарламаларына негізделгені баршаға белгілі. Сондықтан да қазіргі таңда респуб­ликаның азаматтық жоо-да кредиттік оқыту жүйесі енгізілуі арқылы инклюзивті білім беру үрдісі қалыптасу үстінде. Бұл тұрғыдан келгенде, Қарулы Күштерге бағынысты оқу орындары жүйесінде бұрыннан инклюзивті білім берудің үрдісі аз да болса бар екенін айта кеткім келеді. Мысалы, Қорғаныс министрлігіне бағынысты әскери оқу орында­рын (ӘОО) уақыт талабына қарай қажетті мамандықтар болашақ сарбаздарға инклюзивті білім берудің элементтері арқылы жү­зеге асырылады. Бұдан, ӘОО бағдарлама­сын­да инклюзивті білім беру жүйесі толық қолданыста деген ұғым-түсінік тумаса керек. Осы бағытта міндетті (линейное) білім беру және кредиттік оқыту технологиясын зерделей келгенде, қазіргі заман талабына сай кредиттік оқыту жүйесінің артықшы­лығын уақыт көрсетіп отыр. Осы орайда, Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 22 қарашадағы № 566 бұйрығымен бекітілген «Кредиттік оқыту технологиясы жөнін­дегі оқу процесін ұйымдастыру ережесіне» сәйкес ӘОО-да эксперимент ретінде кредиттік оқыту жүйесін енгізу мәселесі жан-жақты талқылануда. Осы жерде ескеретін нәрсе, кредиттік оқу үрдісі кезеңіндегі бағалауды бір ғана Қа­рулы Күштеріне бағынысты оқу орындарын­да­ғы күнделікті оқу-жаттығу барысын баға­лаумен қатар қоюға болмайды. Болашақта Қарулы Күштерге бағынысты оқу орындары үшін кредиттік оқыту жүйесі енгізілген жағдайда, оның бағалау үрдісіне де өзге­рістер енгізуді қажет етеді. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігі кредиттік оқыту технологиясына байланысты әскери оқу орындарымен бірлесіп жұмыс жасағанда оң нәтиже береді деген ойдамыз. Білім беру жүйесіндегі «жалпы орта және жоғары білім мазмұнының бірігуі, жо­ғары білім мен ғылымның ықпалдасуының жоқтығы» деген мәселелердің оң шешімін табудағы бірден-бір жол – ӘОО-да кредиттік оқыту жүйесін міндетті (линейное) білім беру жүйесімен қатар қолданса дұрыс болар еді. Бұл оқу бағдарламаларындағы жалпы орта және жоғары білім мазмұнының бірігуінде және жоғары білім мен ғылымның ықпалдасуында болатын кедергілерді жоюға, сондай-ақ азаматтық жоо мен әскери оқу орындары арасында да өзара байланысты жақындастыруға жәрдемдеспек. Осы орайда, Қорғаныс министрлігі әске­ри оқу орындары үшін Қазақстан Республи­касында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­масын іске асыру жөніндегі әскери білім беру және әскери кадрларды даярлау жүйесін дамытуда басым бағыттардың бірі ретінде стра­тегиялық білім берудің мемлекеттік бағ­дарламасының 2011-2015 жылдарға арна­л­ған іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңі қолға алынуда. Сөз соңында, жаңа бағдарлама стратегия­лық білім берудің тиянақты іс-шарасын айқындеп беріп отыр. Мұны әскери оқу орындары да қолдауда. Бұған қоса осы сала­дағы білім беру және әскери кадрларды даярлау жүйесін дамытуда Болон процесі та­лаптарына сай еуропалық білім беру кеңіс­тігіне бірте-бірте жақындасуға мүмкіндіктің жасалуы да жақсы үрдіс деп білеміз. Дәурен КЕНЖЕБАЕВ, полковник.