Ардагерлерді ардақтау бағытындағы іс-шаралар өңірде мамыр айының алғашқы күндерінен басталып кетті деуге болады. Облыс әкімі Даниал Ахметов 5 мамыр күні Өскеменде өңірдегі Ұлы Отан соғысының 30 ардагеріне Елбасы атынан 500 мың теңгелік сертификатты салтанатты түрде тапсырып, мерекелік дастарқан жайып, осы күні қаладағы бірнеше соғыс ардагерін үйіне арнайы барып құттықтап, осындай сый-сияпатты табыс етті.
Ертеңінде Көкпекті ауданындағы 3 бірдей Кеңес Одағының батыры шыққан Подгорное ауылына барып, аудан-ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, бірнеше соғыс ардагеріне жоғарыда аталған 500 мың теңгелік сертификатты тапсырды. Сонымен қатар осы күні Семейдегі бірнеше соғыс ардагерінің үйіне барып, сый-құрмет көрсетті. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова мұндай сыйақы облыста тұратын 328 ардагерге тапсырылатынын айтты. Ал тыл ардагерлеріне қала мен аудан әкімдіктері мүмкіндігінше қаржылай және материалдық тұрғыдан қолдау көрсетеді.
Мереке қарсаңында аймақтың түкпір-түкпірінде өмірден өткен, ерлігімен ел есінде қалған ардагерлердің есімдерін ұлықтау мақсатында бірқатар тағылымды іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, Семейдегі Дальняя көшесіне Кеңес Одағының батыры Зәкәрия Белібаевтың, ал Катонқарағай ауылындағы Ленин атындағы орта мектепке Сейітқамза Ластаевтың есімі берілді.
Өскеменде Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың құрметіне көше мерекесі ұйымдастырылып, қала тұрғындары батырды еске алып, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар өткізді. Аягөз ауданында Кеңес Одағының батыры Мұқатай Әбеуұлының ғасырлық мерейтойына орай Сарықамыс ауылындағы батыр есімі берілген мектепте мұражай, елді мекенде «Ерлік даңқы» саябағы ашылды.
Ал енді бүгінгі күнге келсек. Өскемендіктер Ұлы Жеңіс мерекесін таң бозынан бері атап өтіп жатыр десек артық айтпаған болармыз.
«Даңқ полкі» акциясы аясында 10 мыңнан астам қала тұрғындары таңғы сағат 10-да Өзен вокзалына жиналып, «Даңқ» мемориалына дейінгі аралықты жаяу жүріп өтті. Майдангерлердің суреттерін көтеріп, шеруді бастаған тұрғындар арасында облыс әкімімен қатар өңірдің өзге де лауазымды тұлғалары болды. Ертіс жағасындағы алаңқайға жиналған қала жұртшылығын аймақ басшысы Даниал Ахметов мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Қымбатты ардагерлер! Құрметті шығысқазақстандықтар! Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Облысымыздың қалалары мен аудандарынан майданға 170 мыңнан астам адам шақырылған болатын. Шығыс Қазақстанның 109 жауынгері «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленді. Ұлы Отан соғысы жылдары алыстаған сайын әкелеріміз бен аталарымызға деген құрметіміз одан әрі арта түспесе кемімек емес. Отан үшін отқа түскен жандарға басымызды иеміз. Мерекелеріңіз құтты болсын, қымбатты жерлестер», - деді облыс әкімі.
Бұдан кейін аймақ басшысы бастаған лауазымды тұлғалар, басқарма, кәсіпорын басшылары мен әртүрлі ұйымдардың жетекшілері, ардагерлер мен жастар «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды.
Дәл осы жерде әскери техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, соғыс ардагерлеріне солдат ботқасы таратылды. Сонымен қатар театрдың актерлері тірі ескерткішке айналып, қала тұрғындарын ерекше қуанышқа бөледі.
Қаладағы мерекеге арналған іс-шаралар әлі де жалғасуда. Кешке қарай «Даңқ» мемориалында «Бұл тірілер үшін қажет» атты театрландырылған көрініс ұйымдастырылып, «Майшам жақ» акциясы өтетін болады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН