Әлем • 09 Мамыр, 2017

Кристиан Костов. Нағашысына тартқан жиен

187 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мамыражай көктемнің шуағына шомған қарт Днепрдің жағасы кешелі бері ән-думанға бөленіп жатыр. Талайдың бағын ашқан «Еurovision-2017» халықаралық ән байқауы Киев қаласында салтанатты түрде ашылды. Бүгін кешке бірінші жартылай финалда 18 қатысушы өзара бақ сынасады.

Кристиан Костов. Нағашысына тартқан жиен

Үміткерлердің арасында болгарлық Кристиан Костов та бар. Жас әншінің байқауға әзірлігін білмек мақсатында хабарласқан болатынбыз. Кристиан уақытының өте тығыз екеніне қарамастан, біздің сауалымызға жауап беруге тырысты.

– 2015 жылы Болгарияда өткен X FACTOR байқауында екінші орын алған едім. Осы себепті де төрешілер ESC 2017 конкурсына қатысуымды құп көрді. Болгар Ұлттық телевидениесі «Еurovision-2017» байқауына іріктеу жариялап, үміткер ретінде таныстырылдым. Бүгінде басым көпшілік өзінің білгенін айтып, білмегенімді үйретіп, көмектесіп жатыр. Жастығым менің – басты көзірім. Дегенмен «саған әлі тәжірибе керек» дейтіндер де жоқ емес,– дейді Кристиан.

Кристиан Костов 2000 жылы Мәскеу қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан дарынымен көзге түскен балақайды ата-анасы Мәскеудегі атақты «Непоседы» балалар ансамбліне оқуға береді. 2012 жылы «Детская Новая Волна» халықаралық жасөспірімдер байқауына қатысуы оның өнер жолындағы жұлдызын жарқырата түсті. Дәл осы жылы Лина Арифулинаның «Школа музыки» балалар телевизиялық жобасына шақырту алған ол, байқауда Батырхан Шүкеновпен бірге өнер көрсетіп, көпшілік көзайымына айналды. Сол кезде оның жасы небәрі он екі жаста еді.

Отбасы туралы, анасының қазақ қызы екендігін естігенімізді айтып, жөн-жобасын сұрадық.

– Иә, менің анам Зәуреш қазақ қызы. Әкем мен анам Кеңес Одағы кезінде Мәскеуде институтта оқып жүргенде танысқан екен. Анам әкемді бір көргеннен ұнатып қалғандығын айтып отырады. Әкем Константин болса қазақстандық арудың жүрегін жаулап алғанына әлі күнге сене алар емес, – деп күледі Кристиан.

Осындайда «жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деген мақалдың бекер айтылмағанын түсінесің. Оны «өнер мен өнегені үйреткен атам мен әжем» деп Кристианның өзі де қуаттайды.

– Бойымдағы өнер атамнан берілген деп айтсам артық айтпаған болар едім. Сіздер менің Сейфолла атамды көрсеңіздер ғой, жүрген жері думан, кез келген отырыстың жұлдызына айналады. Жалпы, біз отбасымызбен өнерге жақынбыз. Анам мен тәтем екеуі караокенің ханшайымдары. Менің кіші бауырларым – Арман мен София Мәскеудегі атақты В.С. Локтев ансамблінің хорында өнер көрсетеді, – деп ақтарыла сөйледі.

Кристиан Бостондағы Беркли музыкалық колледжіне оқуға қабылданған. «Еurovision» байқауына қатысуы себепті оқуға келесі жылдан бастап толық кіріспек. Шығармашылығы туралы сөз болған тұста, америкалық әнші Бруно Марс пен британдық Эд Ширанның өнерін үнемі назарда ұстайтындығын айтады. Ол Димаш Құдайбергеннің де есімімен таныс болып шықты. «Димаштың техникалық базасы мықты әрі маңдайы жарқыраған тенор» деп бағалаған Кристиан әншінің Франциядағы табысы үшін ерекше қуаныпты. Ал әжесі мен атасы туралы айтқан бір ауыз лепесінен жиеннің нағашы жұртына деген ілтипаты мен сүйіспеншілігін сезіндік.

– Өкінішке қарай, Қазақстанға бармағалы көп болды. Бірақ туыстарымыз Мәскеуге жиі келетіндіктен, олар бізбен бірге тұрады деп айтсам да болады. Әжем мені бесік жырымен өсірді. Ал атам маған ертелі-кеш тарих пен география пәндерін оқытты. Ол әлем картасы мен астаналарын көзін жұмып тұрып жатқа соғады. Олар маған жақындарымды сүюді, жақсы көруді үйретті,– дейді.

Ел газеті «Егемен Қазақстан» атынан хабарласып жатқанымызға алғысын білдірген Кристиан басылымға өзінің тілектес екенін жеткізді: 
«Хабардармын, бірер жылдан кейін ғасырлық мерейтойын тойлайтын іргелі басылым ғой. Журналистиканың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан газет ұжымы мен басылым оқырмандарына барлық жақсылық атаулыны тілеймін». 

Ерке күннің қалықтаған ақ құсындай болған өрімдей өнерпаз Кристиан Костов «Beautiful mess» әнімен 11 мамыр күні екінші жартылай финалда өнер көрсетпек. Жүрек қылын шертетін мөлдір де тұнық дауысымен ән толқынына өзгеше леп әкелген нағашысына тартқан жиеннің ән әлеміндегі дүбірі түгесілмесін деп тілейік! 

Ая ӨМІРТАЙ, 
«Егемен Қазақстан»