06 Тамыз, 2011

Сөз сойыл

420 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ашылмайтын есіктер Кезінде сауып ішіп отырған жалғыз сиырын сатып баласын оқытқан апалар, аталар болды. Ол кезде, әлде сиыр қымбат па, әлде оқу арзан ба, оқимын деп жұлқынған бала, сол жал­­­ғыз сиырдың ақшасына талай «нәрсе» алатын: бірінші, білім алады, екінші, мынаның білімі бар деп растайтын куәлік (диплом) алады және дипломы бар екенін рас­тай­­тын ромбик алады. Оны ол дипломын қолына ұстамай жа­­тып-ақ төсіне тағып алады. Мі­­не, көрдіңіз бе, ол кездегі бір сиырдың қанша құнды екенін. Сол сиырдың қазір өзі бол­маса да, үрім-бұтағы бар. Бі­рақ бүгінгінің сиырын «әуле­ті­мен» (бұзауымен, бұқасымен) қоса сатсаңыз да ромбик таға алмайсыз. Ал оқу керек! Сіз де құлшынып, жұлқынып тұрсыз. Міне, осы мұқтаждық пен талпынысты айна-қатесіз біле қойған жоғарғы жақтағы аға­лар­дың басына: «Оқимын дегендерге жалғыз сиырын сат­тырмайық, бәрібір ол еш­нәр­се­ге жетпейді. Ал мұндай тал­пы­ныстағы балалар «шылбыр шіріте» қоймас, бұларға несие берейік» деген ой келеді. Ол ойды ортаға салады, тіптен қағазға түсіріп, заңдастырады. Сонымен, Білім, Қаржы жә­не Денсаулық сақтау министрліктері «Самұрық-Қазына» ак­ционерлік қоғамымен шарт­қа отырады, онда екінші дең­гей­дегі банкілер балаларға ақ­ша береді, ал «Қаржы ортал­ы­ғы» деп аталатын акционерлік қоғам алынған ақшаға кепілдік береді деп көрсетеді. Бірақ, «ақша топырақ емес, үкімет ақымақ емес» деген ма­қал тағы бар. «Сонымен, не­сие­ні кімге беру керек?» деген сұ­рақ туындайды. Сұрыптап-сұ­рып­тап келгенде, несие алу­ға құқығы барларға мыналар жат­қызылады: жетім және мү­ге­дек балалар, ата-аналарынан қам­қор­лық жоқ балалар, көп­ба­­ла­лы, жалғызілікті, жұпыны отба­сы­­ның балалары, ата-анасы мү­гедек немесе зейнеткер балалар. Дұрыс-ақ! Ал енді, «ата-ана­лары шөлін сүт қатқан шай­ға қандырып жатса, балалар, әзірше болса да «пәшти тегін» білім бұлағынан сусындап жүр­се, бұдан артық қамқорлық бар ма?» дейсіз ғой. Ойы­ңыз дұрыс-ақ. Бірақ іс жүзінде олай болмай тұрған көрінеді. Мәжіліс депутаты Бекен Әл­імжановтың айтуына қара­ған­да (депутат сөзіне сенбеске болмайды), осыдан үш жыл бұрын «төс қағысып, қол алы­сып»  жасалған шарт «буксует». Несие алуына болатын 40 мыңдай баланың осы күнге дейін 4 мыңға жетер-жетпесі ғана «пәшти тегін» оқып жүр­ген көрінеді. Ал, қалғандары «өліп-талып» өз қалтасынан төлеп жатса керек. «Оларға өліп кетсек те өз қалтасынан төлетпейміз» деп ант-су ішкен, мойнына жауапкершілік алған кейбір «ағалар» кеңсесінің есігін кең ашпай отыр» дейді депутат. Ал депутаттарға барлық жер­де есік ашық екенін білеміз. Сондықтан да олар әлгі кеңсе­лердің есіктерін айқара ашты­рып, өздерімен бірге балаларды да ала кірер деген үміттеміз. Сағаділда ӘЖІБАЕВ. Алматы.   Бастықтың есебі Ауылдың емес өсегі, Бұл өткен іс кешегі. Халықты жинап клубқа Бастықтың өтті есебі.   Сөзін-ай сөзін көшелі, Шіркіннің, пай-пай, шешені. Іскерлігін айтып бастықтың Мақтады: «бәрін шешеді!»   Автодордың Есені: Пәлен куб асфальт төседі. Лампышке іліп бағанға, Жайнатып қойды көшені.   Білімнің сөз ап Асаны, Баяндама жасады. Қамқорлықты сезген ұрпақтар, Әрқашан өрге басады.   Шалдардың шығып біреуі, Көнеден қозғап шіреді. Сөзінің сарқып аяғын, Бастыққа ғұмыр тіледі.   Қоржыны сөздің сөгіліп, Мақтаулар жатыр төгіліп. Залдағы кейбір апалар, Жіберді жылап, егіліп.   Тыңдадым, келді иланғым, Жайсыздық жайлап қиналдым. Жиналыс болды кәдімгі Мысалындай Крылов Иванның. Қойшыбай ШӘНИЕВ. Солтүстік Қазақстан облысы.   Бұндай да болады Екінші дәрежелі сантехник Пықып Асабас ішкені бір бөтелке арақтан асқан соң өмір, заман, тіршілік туралы толғанысқа берілгені сонша, өзі де Кант, Конфуций, Гете сияқты ойшыл­дардың қатарынан ойып тұ­рып орын алады. *** Германиядан келген соғыс ардагерлері біздегі Ұлы Отан соғысы музейін аралап, одан өздерінің документтерін алып риза болды. *** Үйге келіп,  астан-кестеңі шық-қан зат-мү­лкімнен үйіме ұры түс­кен екен деп ойла­­­дым. Со­дан есімді жи­ып, ер­тең­гілік өзім шұ­лы­ғы­м­ды іздегенім есіме түсті... *** Дәрігерлер бір ай бо­йы жұмысқа шықпай ереуіл жасап, соның «кесірінен» еліміз бой­ын­ша өлім-жітім 20 пайызға төмендеді... *** Келіншегімнің са­­тып алған көйлегінің түсінің ашықтығы сон­ша, үңіле қараған адамға ар жағынан бүйрегі де көрініп тұрады...   Шүкіршілік (Сәуегей сатира) Дүниеде бар жаратылыс мүл­дем жоғалып кетпей, тіршілік иесінің уақыты келгенде өліп барып қайта тірілетініне шү­­кір­шілік. Бір заманда мен де пенде болып жаратылғанмын. Қауым болып қауымдасып тірлік ететінбіз... Білетінім – тас дәуірі артта қалып, «айна­лай­ын темірден алғашқы құрал-сай­ман сайлап, біз аңнан емес, аң атаулы бізден қашып-пы­­сып  жүретін заман болатын. Ол дәуірге де шүкір­ші­лік. Жазмыш бұйырған жа­сын жасап, арман-мақсат қой­­ып өмір сүретіндей ке­зең болмаса да, жарық дү­ние сыйлаған Жаратушыға риза кейіппен дәм-тұз біткен күні жаз­мыш­қа мойын ұсынғанбыз. Енді, міне, Алла жар бо­лып, «кезегім келіп», та­ғы да жарық дүниеге ке­луімнің орайы келіпті... Пен­де емеспін бе, жара­ты­латыным ан­ық, не де болса деп Жара­ту­шыға алдағы ғұ­мырда «өйте көріңіз, бүйте көріңіз» деп жалбарынып бақтым. Сондағым, алдымен ғұ­мыр жасты ұзарта көріңізші дедім. Содан соң, тамақ атау­­лыны талғамай-ақ бұй­ыр­ты­ңыз, құрт-құмырсқа, шөп-ша­ламға дейінгілер менің үле­сімде болса дедім. Тағы да жаурап-қалты­ра­май­ын, негізі – жауым жоққа жуық болып, аш көздердің қанша қар­ма­ғына ілінсем де оларға нәпақа болудан сақ­та­са деп тіледім. Жал­ба­рын­ғанымды жа­ра­ту­шы қабыл алып... пәлекеттікі, қарға болып жаратыла қалма­сым  бар ма... Кінә өзімнен! Ал­дымен адам ете гөр демеген өзім... Адам болмағаныма өкін­ген­мен, ал өтініш-тілегімді қа­был еткен Жаратушыға айта­рым жоқ... Та­ғам талғамаймын. Тәубе, жейтінім алдымда, жемей кергитінім онан да көп... Мұндағылардың: «Қарға қаң­қыл­дап кетті, күн суытып қар түсетін шығар» дейтіні бекер емес... Көбіне қалғып-мүлгіп тал-теректе отыра­мын. Ке­рек кезде төменге түсіп тал­таңдап жүріп кеп те беремін. Қауіп-қатер аз, етім ана әдірем қапқыр мысық болмаса, мені еріккендерде ермек ете қой­­майды. Ойһой, қанат бітіргені қандай ғажап!.. Қау­іп-қатерді қапы қалды­ра­ды... Бағытым «Балқан тау» болса да бара аламын... Ең ғажабы, ғұмырымның ұз­ақ­тығы... Үш жүз жылдай жасайды екенмін!.. Ал, айналама көз салсам... Пенде, яғни адам етіп жаратпағанына тәубе! Кей-кей тірлігіне өрем жете бер­мес, ал олардың құл­қын үшін таң азаннан кеш бат­қанға дейінгі тепең-те­пең тірлігін көріп түңі­лемін. «Қар­ға қарғаның көзін шұ­қымайды». Ал пен­дең біз­дің кезіміздегі адамдардай емес, тірлік үшін бірін-бірі өлтіруден тайынбайды. Кө­бі аш-құр­сақ, тағам үш­­ін атыс-шабыс, қылмыс... Қит еткен қылмыс үшін қа­ма­лып темір торда отыра­сың... Табиғатты бітірген. Тау-тасты қопарып, өзен-көлді лайлап, түтінмен тұм­­шаланып алған... Ері қай­сы, әйелі қайсы біліп бол­майсың. Бір-екі баламен бі­теліп, күн өт­кен сайын тұ­қы­мы құрып құрдымға кетіп жат­қан елді мекен... Қайсыбірін айтай­ын, осындай-осындай оспа­дар­лы­ғына бола аз күнде топан су қаптап тіршілік атаулы тып-типыл болатын көрінеді...  Өз ба­сым ондай бола қалғанда, айналайын қанатымның ар­қа­сын­да қалықтап ұшып жан сақтар алып шыңның төбесінен табы­лармын. Айтарым, мына замандағы Адам­ның көрерін пенде басына бермесін... Адам етпей, Қарға етіп жаратқан Жаратушыма құлдық!.. Ерсұлтан МАҒЖАН. Алматы облысы.   Мақал-мәтелдің мәйегі «Өсер үйдің иті оттайды». Байып қалдық, Қанатты кеңге жайып қалдық, Өзіміз биікте тұрғасын, Әлсізді кемсітіп айыптадық. Итіміз оттады, Ұмытылды аштық соқпағы. *     *    * «Өшер үйдің келіні ұрлық қылады». Жұрттың бәрі ұры деп, Ұрлай білмесең құры деп, Сөзі өтер қақсады. Мысалдап айтты басқаны. Ұры келін ұсталды, Байлығы тәркіленіп тасталды. Шаңырақ оты сөнді, Қайғы бұлты төнді. Бала мен келін, Түрмеден табылып тұр, «Шатыр» іздеп жанашыр, Ұйқы қашып сабылып жүр. *     *     * «Ғұмырыңды қыстың күнгі кештей ғып, Қысқартады тойымсыздық, мешкейлік». Өзін-өзі түсінбейтін жандай боп, Ақыл тыңдар мына бізде жағдай жоқ. Тойымсыз ғып жаратқасын пендені, Жұта беріп, семіреміз жардай боп. Армандамай басқаны, Ойлайтыны олжалау мен бас қамы, Бармын дейтін, баймын дейтін бірің жоқ, Ақша аздырды дөкейлерді, қасқаны. Табыл ҚҰЛЫЯС. Астана.   Өркешті өнер Сот қылмыскерден жауап алып жатыр. – Айыпталушы, шегемен орындықты кертуіңізді қойы­ңыз! Андағы нән шегені қай­дан алдыңыз? – Аяқ астымда жатыр екен... – Айыпталушы, істікпен қабырғаны түрткілеуіңізді до­ғарыңыз! Істік қайдан сіздің қолға түсіп жүр? – Жеңімнен шыға келді... – Айыпталушы, қолыңыз­дағы пышақпен күзетшіге айбат шегуіңізді қалай түсі­не­міз! Ол пәлекетті сізге кім берген? – Өзім де білмеймін... Ала­қанымды ашсам, қолымда тұр... – Айыпталушы! Арамен кісенді кескілеуді доғарыңыз! Ол пәлекеттер сізде қайдан пайда болды дей жалықтым!.. Сонымен бұрынғы сиқыршы-фокусниктің ісін қарауға кө­ше­лік... Өй, жаңа ғана ал­дымда жатқан «Қылмыстық іс» папкім қайда кетті?!. Ай­ып­кер, мына қаптап кеткен қо­яндар мен тауықтардың кө­зін құртыңыз! Өй, жаңағы қыл­мыскердің өзі қайда-ей!?.. Владимир ЧХАН. Аударған Б.ЖҰМАДІЛДИН.   Қожанасыр айтқан екен Бірде Қожанасыр қараңғыда бір баймен ұшырасып қалыпты. Бай Қожекеңді мұқатпақ болып: – Қожеке, сен бе едің? Мен сені ит екен деп қалсам, – депті. Сонда Қожа: – А-а, тақсыр, сіз екенсіз ғой. Мен сізді адам екен деп қалсам, – деп жауап беріпті. Қожанасырдың жұмыссыз жүргенін көрген патша: – Бүгіннен бастап менің аспаздарымның бастығы бол, – дейді. – Құп болады, тақсыр! – дейді Қожанасыр. Бірнеше ай өткен соң, патша оны шақыртады. Қожанасыр домаланып семірген. – Үйіңіздің есігі сізге көп ұзамай тар бола ма деп қорқамын, – дейді патша. – Тақсыр, есік уайым бола қоймас, оны кеңейтуге болады ғой, тек мен сізден үлкен үй сұраймын ба деп жүрмін, – депті Қожанасыр.

 Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР.

Мынаны кесіп... Сонан соң «табиғатты қорғауды» қолға аламыз...