Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен кеңес өтті.
Кеңес жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Астана, Алматы қалалары мен облыстардың әкімдері қатысты.
Кеңесте Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық дамуы жөнінде тиісті бағдарламаның әзірленгенін атап өтті. Ең алдымен, бұл үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, «Жұмыспен қамту», «Өнімділік», «Ауыз су», «Бизнестің жол картасы» және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысты. Осы бағдарламаларды іске асыруда, индустрияландыру бағдарламасына қазірдің өзінде мемлекет тарапынан 165 млрд. теңге бөлінген. Бұдан басқа бірқатар өзге бағдарламалар іске асырылуда. Президент өңірлер трансферт түрінде 1,5 трлн. теңге алғанын атап өтті.
– Біз жүзеге асырып жатқан барлық бағыттар, барлық бағдарламалар қаражатпен қамтамасыз етілген. Енді тек тапсырылған жұмыстардың орындалуын бақылау ғана қалды. Биылғы жылы экономиканың 7 пайыздық өсу қарқынын одан әрі жалғастыру міндеті қойылып отыр. Бұл – жеңіл міндет емес. Біз әлемдік экономиканың тұрақтылығына кепілдік бере алмаймыз. Кәсіпорынның іске қосылуы мен жұмыс істеуі, егер біздің ресурстарға қатысты баға конъюнктурасы өзгерген жағдайда демеу болмақ, деді Президент.
Еліміз бойынша экономиканың өсімі 7,1 пайызға жетті, өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 6 пайызға өсті. Астана қаласында (44,9 пайыз), Ақмола (38,9 пайыз), Жамбыл (28 пайыз) облыстарында және Алматы қаласында (22 пайыз) өнеркәсіп өндірісі көп өскені анықталды. Өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің төмендеу деңгейі Павлодар мен Қостанай облыстарында байқалды. Белсенді әрекет етуші шағын және орта бизнес нысандарының қатары 6 пайызға, сауда көлемі 15 пайызға артты. Халықтың орташа жан басына шаққандағы номиналды ақшалай кірісі 12,5 пайызға ұлғайды. Халықтың кірісінің ең көп өсімі Атырау (20 пайыз), Солтүстік Қазақстан (20 пайыз), Ақмола (17 пайыз) және Қарағанды (15,8 пайыз) облыстарында екені белгілі болып отыр. Номиналды ақшалай кірістің ең төменгі өсімі Жамбыл (2,4 пайыз) мен Батыс Қазақстан (2,6) облыстарында.
Биылғы жылдың басынан бері біз зейнетақыны 30 пайызға көтердік, ал соңғы 3 жылда екі есеге арттырдық, 1 шілдеден бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға артты. Біз дағдарысқа қарамастан осыны жасадық, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Өткен жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы басталды. Бірінші жылы 152 нысан берілді, 25 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Биылғы жылдың басынан бері 114 млрд. теңгені құрайтын 75 инвестициялық жоба іске асырылды. Жылдың соңына дейін тағы 129 жобаны іске қосу жоспарлануда. Сөйтіп, биылғы жылы 204 нысан іске қосылады. Жұмыс істеп тұрған бұл нысандар экономиканы дамуға салмақты үлес қоса бастады. Ең бастысы, олар біздің экономикамызды одан әрі әртараптандыру үшін жүйелі негіз қалайды, деп қадап айтты Президент.
Мемлекет басшысы индустриялық-инновациялық даму мәселесі мен әрбір нысанды экономиканы одан әрі дамыту жөніндегі маңызды мемлекеттік бағдарлама ретінде бақылауда ұстау қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ Президент жанар-жағармай материалдары мен азық-түлік бағаларына байланысты жағдайдың ерекше назар аударуды қажет ететіндігіне тоқталды. Жанар-жағармай бағасы бүкіл әлемде өсуде, өйткені мұнай мен газ бағасы өсуде.
Бұл мәселені адамдарға нақты түсіндіру керек. Өз көршілерімізбен салыстырғанда, ең арзан жанар-жағармай материалдары бізде. Ол әрі қарай жалғаса беруі мүмкін емес. Кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыру қажеттігін бәрі білулері керек. Ал баға өсе түседі, өйткені әлемде баға өсуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда.
Президент жыл басынан бері барлық өңірде азық-түлік тауарларына бағаның өскеніне тоқталды. Әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларына бағаның ең көп өсуі Жезқазған қаласында тіркелген. Атырау, Алматы, Талдықорған, Астана және Өскемен қалаларында баға 10-12 пайызға өскен.
Бірақ, оның себебі жанар-жағармай бағасының өсуімен түсіндірілуі ешқандай сын көтермейді, деді Н.Назарбаев. Үкімет пен әкімдер аталған мәселемен әзірше жүйелі түрде айналыспай отыр. Мәлімет үшін бірқатар дамыған елдерде тауарлар мен қызметтер көрсету тізбесіне баға белгілеу заңнама арқылы анықталады. АҚШ пен Австрияда – 10 пайызға дейін, Франция, Жапония, Грекияда 20 пайызға дейін мемлекет бақылауына алады. Осы ретте ауылшаруашылық өнімдерінің бағасына бақылау жасау 50 пайыздан 90 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайды. Мен өз Жолдауымда жаңа технологияны қолдана отырып, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2015 жылға қарай екі есеге арттыру міндетін қойдым.
Осылай деген Президент өзінің сапарлары кезіндегі көргендерімен бөлісті. Көп өңірлерде бұл іспен әзірге ешкім айналысып жатқан жоқ. Сіздер көрсін деп Қазақстанда жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізген өңірлерге сапармен барып жүрмін, деді Елбасы. Көптеген өңірде көкөніс пен картоп өнімділігі гектарына 15 тоннаны құрайды, ал тамшылатып суару негізінде 60-тан 100 тоннаға дейін өнім алуға болады. Ол көкөністерді барлық жерде – солтүстікте, оңтүстікте, батыста, шығыста өсіруге болады. Тамшылатып суару үшін жабдықтар шығарылуда, бізде технология бар, тәжірибе жетеді. Өткен аптада мен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында болдым. Шаруалар тамшылатып суару негізінде гектарына 100 тоннаға дейін томат алып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында – 120. Аталған технология өнімнің өзіндік құны мен бағасын тиісінше төмендетуге мүмкіндік туғызады.
Жеміс-көкөніс бағасының өсіп отыратыны бірінші жыл емес екені бәріңізге белгілі, деді Мемлекет басшысы одан әрі. Алайда, не әкімдер, не Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті қорытынды шығарған жоқ. Олар ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін кеңейтумен айналыспайды. Ағымдағы жылы республика аумағында көкөніс пен картоп егу көлемі ұлғайтылмақ түгілі, керісінше қысқарған. Осыған орай Елбасы Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарын мысалға келтірді.
Бұдан соң Мемлекет басшысы әр облыста тамшылатып суарудың заманауи технологиясын ендіру және жылыжай, көкөніс сақтау, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар құрылысын жеделдету жөніндегі жобаны бастау қажеттігін атап көрсетті. Және де алда тұрған астық жинау науқаны жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылы бюджеттен ауыл шаруашылығына 177 млрд. теңге, соның ішінде 55 млрд. теңге субсидия және 17 млрд. теңге өңірлерде азық-түлік өнімдерін тұрақтандыру қорын құруға бөлінгенін атап өтті. Егін жинау жұмыстары үшін 400 мың тоннадан астам жанармай жеңілдік бағамен бөлінген. Жиын-терім жұмыстарын табысты ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, 17-17,5 млн. тонна көлемінде астық жинау, соның ішінде 15 млн.тонна бидай жинау күтілуде.
Мен көп мөлшерде шетел техникасын сатып алуға тапсырма бердім. Бұл ауыл шаруашылығы техникаларын Қазақстанда құрастыру өндірісін түлету үшін қажет. Бұл маңызды мәселе, деді Президент кеңесте. Өсімдіктерді қорғау, зиянкестермен күрес, т.б. мәселелер жөніндегі жұмыстарды осы ай – тамызда күшейту керек. Сонымен қатар, ауылдардағы жолдарды жөндеуден өткізу ауыл шаруашылығын дамытумен тікелей байланысты. Далалық жерлерден бастап, элеваторға дейінгі тасымалдау жолдарын қарастырып, жөндеуден өткізу қажет, деді Президент осы туралы.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, келесі жылды да ойлау қажеттігін атап өтті. Бұл жақсы жыл болады. Барлық дақылдар бойынша жақсы өнім алуға мүмкіндіктер мол. Жәрмеңкені кең ауқымда өткізіп, көкөніс бағасын арзандатып, адамдардың қысқа дайындалуына жәрдемдесу керек. Аудандар қаламен бірлесіп жұмыс істеп, азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс.
Мемлекет басшысы басқа да өзекті мәселелерге назар аудартты. Қысқа дайындықты бақылауға алыңдар. Коммуналдық қызметке бағаны, Үкімет жүргізіп отырған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасының жүзеге асып жатқанын бақылаңыздар, деді Елбасы осы туралы. Бағдарламаны түсіндірген жерде, ол жұмыс істейді. Жеке меншік үйіңе жөндеу жүргізу үшін жеңілдіктер беріп отырған бізден басқа қандай мемлекет бар? Соны адамдар сезінген кезде бағдарлама жүзеге асады. Бір кварталды, бір ауданды, бір үйді алып, мысал келтіріңдер. Адамдарды әкеліңдер, сонда өз үйлерін жеңілдікпен жасап алған тұрғындарды көрсін. Егер біз бұл іспен шұғылданбасақ, онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта қалпына келтіруді көп жылға созып аламыз, деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Менің шақыруым бойынша жастар ауылға баруда, деді Президент. Алғашқы жылдары бәрі осы туралы айтты, жұмысқа тұрғызды. Алайда одан кейін тыныш бола қалды. Қазір ауылға қанша дәрігер, қанша мұғалім келгенін, онда олардың қалай жұмыс істеп жүргенін ешкім білмейді. Егер ол жерге білікті мұғалімдер бармаса, онда мектептерді неге салдық? Егер ол жерге білікті дәрігерлер бармаса, онда емхананы неге тұрғыздық?
Мамандар алмастыру бойынша біз орталықтан – Үкіметтен, министрліктерден 140 жас маманды жергілікті жерлерге – аудандық, облыстық әкімдіктерге жібердік, деп атап өтті Елбасы. Олар тек маманданып қоймай, өмірлік тәжірибе жинасын дедік. Ал орталыққа жергілікті жерлерде еңбек еткен, ауылда, ауданда, қалада нақты іспен айналысқандарды алу керек. Өңірлерге сапарым кезінде мен осы адамдармен кездескім келеді. Егер олар жұмыс істесе, жергілікті проблеманы терең түсінетін болады. Орталық органдарға тек Батыстың білімін алғандарды ғана емес, бірінші кезекте жергілікті жерлерде іс жүзінде тәжірибе жинақтағандарды шақыру керек.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жұмысына тоқталды. Корпорациясы туралы заңды қабылдадық, деді осы туралы Елбасы. Капиталдандыруға қажетті қаражатты бөлдік, ӘКК-ні жергілікті әкімдіктерге бердік. ӘКК ауылдық аудандарда немен айналысатыны жөнінде әкімдіктер есеп берулері қажет. Ауыл шаруашылығында бәрі қарапайым. Қала маңына орналасқан ауылдар сол қаланы азық-түлікпен жабдықтаулары керек. Ірі астықты өңірлер өз алқаптарын олар үшін тиімді пайдаланулары тиіс. Жеке қоныстарды дамытуға көмектесу керек. Көкөніс, жеміс жақсы өсетін болса, олар соны өсірумен айналыссын, ал астық өсіретіндер – астықпен, мал шаруашылығымен айналысатындар мал өсірумен айналысқаны жөн. Үкіметке және Президент Әкімшілігіне осы мәселелерді бақылауға алуды тапсырамын.
Кеңесте Мемлекет басшысы өңір басшыларынан өзекті өзге де мәселелердің қалай шешіліп жатқанын сұрап білді. Бүгінде жылу маусымына дайындық мәселесі жөнінде қазандықтың 66 пайызына, жылу трассасының 64 пайызына, сумен жабдықтау желісінің 57 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қысқы жағдайда жұмыс істеуге денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік саладағы өзге де мекемелер нысандарының 65 пайызы дайын.
Әкімдерге алда тұрған жылыту маусымына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын әзірлеу, олардың тұрақты қызмет жасауын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды мұқият жүргізуді тапсырамын. Семей мен Приозерскіде орын алған жағдай қайталанған жағдайда жеке жауапкершілік тиісті әкімдерге жүктелетін болады, деді Президент.
Президент кеңесте Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Негізгі жұмыс жергілікті жерде жүргізіледі. Адамдар әрбір ауылда, әрбір деревняда жол жағдайының, сумен жабдықтаудың, медициналық қызмет көрсету, білім беру ісінің жақсара түскенін сезінулері тиіс, деді Елбасы. Әрбір елді мекенде мерейтойлық жылдың лебі сезілуі керек. Барлық еңбек ұжымдарында жақсы ахуал болуы тиіс. Жас ұрпақ біз қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенімізді біле бермейді. Тәуелсіздік бізге үлкен қиындықпен келді. Абсолютті тәуелсіздік ешқашан болмайды. Интеграция, жаһандану мәселесіне келсек, біз әлеммен орасан байланыстамыз. Тәуелсіз мемлекет құрған кезде, біз біртұтас мемлекет ыдырау қиындықтарын өткердік. Дүкен сөрелері бос болушы еді, электр стансалары жұмыс істемейтін, зейнетақы мен еңбекақы төленбеді. Біз соңғы әлемдік дағдарыстан, Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысынан өттік. Елімізді бүкіл әлемге таныттық. Өткен жылы ЕҚЫҰ-ға басшылық жасадық. Биыл ИЫҰ-ға төраға болудамыз. Үлкен түсінік жұмыстары жүргізілуі тиіс. Тәуелсіздіктің 20 жылын ынтамен қарсы алу кезеңін пайдаланып, халық үшін, адамдар үшін жасауға тиістілердің бәрін жасауымыз керек. Мемлекет, тәуелсіздік, экономика, біздің бағдарламаларымыз – осылардың түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру. Сіздер әлемде не болып жатқанына көз салыңыздар деді, Президент, үлкен мемлекеттер дефолт алдында тұр, еңбекақыны, зейнетақыны төмендетуде, зауыттар тоқтап, кәсіпорындар жабылуда, мемлекеттік шығындар қысқаруда. Бізде де үнем әркімнің маңызды ісі болуға тиіс. Мәселен, бізде диодты шамдар шығарылады, оларды ең болмағанда көшелерді жарықтандыруға, әкімшілік ғимараттарға пайдалану керек. Бағдарламалардың бәрі әзірленді, қаржы бөлінді, енді жүзеге асыру керек. Іске қосылған нысандар жұмыс істеп, өнім шығаруға тиіс. Баршаңа жұмыста табыстар тілеймін, деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.
Кеңес соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.