Бұл өңірде биылғы көктеміңіз жүдә ерте шығатындай елгезектік танытқанымен, алғашқы айлары кезеріңкіреп, құрғағына кеткен. Тек сәуірдің жиырмасына таман жылы жаңбырын төккен. Қаратау мен Алатаудың һәм Қазығұрттың түйіскен төрі реңденіп сала берген. Сондай күндердің бірінде Төле би ауданы орталығының биік белесіндегі 1200 орындық, заманауи, зау-заңғар, жап-жаңа, жарқыраған мектепте ұрпақтар сабақтастығына арналған басқосу өткен.
Сонда ғой, бір кісінің нысай-ниетіне таңғалғанбыз. Пайғамбар жасына жақындаңқырап қалыпты. Ой-пікірін ашық айтады екен. Аты-жөні – Әтірхан Шыңғысбаев. Титімдейінен тірлікке араласқан. Қара жұмыстан, білім алмақтан, үйренбектен қашпаған. Бейнетті аз кешпеген. Күрделі шаруашылықтарды да басқарған. Кездесудің алдында әлгі, әйдік алтын ұяның басшысы Зәйділлә Темірбеков мектепті меймандарға мақтана, мерейлене аралатып, тамылжыта таныстырған.
«Қандай ғажайып ғимарат! Ауылдар мен аудандарда осындай оқу орындары орнайды деп ойладық па бір кездері?! Қайран, балалық шаққа қайта оралып, қайтадан оқығың келеді», – деді Әтірхан бауыр жанарлары жасаурап.
«Кешелі бері біржарым күндей жауған жаңбыр жерге де, елге де береке дарытты, – деді Әтірхан мырза сәлден соң. – Бүгін елең-алаңнан егістіктерді араладым. Топырақ жарықтыққа ылғалдың қаншалықты сіңгенін өлшедім. Одан кейін облыстың барлық аудандарына түгелдей телефон соғып, жаңбырдың қалай жауғанын сұрап шықтым. Барлығына жаман жаумапты. Қуанып қалдым».
Шыңғысбаев шын шаттанып, шын толқып, шын тебіреніп тұрды. Сол бір сәтте. Ақсары жүзі алабұртып.
Әтірхан мырза – аядай ғана ауданның тұрғыны. Аудандық мәслихаттың хатшысы ғана. Байқайсыз ба, қуаңшылық, құрғақшылық болып кете ме деп уайымдап, күллі күнгейіңіз бен теріскейіңіздің, бүкіл байтағыңыздың берекесін ойлайды. Кенет осы Әтірхан мырзаңыз жөнінде жуырда естіген жағдай ойға оралған. «Әтеке, сіз сегізінші сәуірде Астанаға барып, Елбасымызды ұлықтауға қатыстыңыз ғой. Сонда Тәуелсіздік сарайының зәулім залында түрегеп тұрып, ағыл-тегіл жылағаныңыз рас па?» – дейміз. «Рас, – дейді Шыңғысбаев. – Кейбіреулер ерсілеу көретіндей күліңкірейді қазір. Сол салтанат өткен Сарайдың алдындағы тізіле тігіліп желбіреген, көкке өрлеген көгілдір туларға қарағаннан-ақ қатты толқыдым. Ал, Президентіміз ант беріп болып, тізерлеп, мемлекеттік туымызды сүйгенде... Жылағанымды... Жасырмаймын...»
Осыны айтқан Әтірханның дауысы дірілдеңкіреді. «Күлгендер күле берсін, төгіле егілгенім рас», – деді тағы да.
Осындай адамдарды көргенде: «Шіркін-ай, пейілі қандай таза еді, жан-жүрегі неткен мөлдір еді?!» – дейсіз. Оңтүстігіңізде осындай адамдар тіпті де аз емес.
Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арналып, алтын құрсақты аймағыңызда алуан-алуан шаруалар мен шаралар шабыттана атқарылып жатыр. Әр апта сайын, жұма және сенбі күндері Шымкент шаһарының «Шәмші әлемі» гүлзарында облыстың екі ауданы кезектесіп концерт қояды. «Тәуелсіздік – мерейім» фестивалінің аясында. Күні кеше ғана Мақтаарал өнерпаздары есеп берді. «Мырзашөл – Оңтүстіктің жүрегі» деген ғой Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Мақтааралдықтардың концертінде біз жоғарыда келтірген Әтірхан Шыңғысбаев сияқты аңқылдақ азамат, композитор Бөрі Исаның «Желтоқсан», «Егемен Қазақстан» сынды күйлері орындалды. «Жетісай сазы» оркестрінің күшімен. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Мақтааралдың Бөрі Исасы – Мырзашөлдің Нұрғисасы» деген. Тәуелсіздіктің әуелгі жылдарында. Сол Бөрі Исаңыздың өзі «Шәмші әлемінің» биік сахнасындағы «Жетісай сазына» жетекшілік жасап, дирижерлік етіп тұрды. Нұрғиса ағасынша. Қанаттана. Шаттана. Шабыттана.
Концерттің алдында және өн бойында, сондай-ақ аудан жетістіктері жайындағы көрмеде, бейнефильмде бірталай табыстар паш етілді. Қадырлар мен Тұманбайлар, Сабырхандар жырға қосқан Жетісайыңыз жиырма жылдың ішінде жасарып кеткен. Бұрынырақта Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрымен қайран қалдыратын қалада бүгінде «Сырдария» университеті қанатын кеңге жайып келеді. Игі дәстүрге, ізгі салтқа айналып үлгерген облыстық «Ырыс алды – ынтымақ» басқосуы биыл сол «Сырдария» университетінің сән-салтанаты жарасқан Жастар сарайында өткен.
Иә, Жетісайыңыз жайнайды-ақ. «Жыр» болып жүрген аудандық аурухана да ақыры іске қосылды. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 игі бастама» атты ұран көтерілді. Медицина ғылымдарының докторы, Астанадағы радиобиология ғылыми орталығының директоры Полат Қазымбет мырза Шаблан ауылынан арнайы кітапхана ғимаратын салдырды. Наурызда ашылған кітапханада жеті мыңға жуық кітап қоры, электронды оқу құралдары бар. Үш қақпасы мен өрнектері де өзгеше назар аудартады. Мұндай кітапхана меценаттық мәселедегі мәністі мәнер мәнзелдес.
Мақтааралыңызда биыл 100 мың гектардан аса алқапқа мақта егілді. Бұл былтырғыдан бес мың гектардай артық. Тарихта тұңғыш рет мақта он бес күнде ғана егіліп бітті. Мырзашөлде қоңыр мақта өсіріле бастады. Биофабрика іске кіріскен. Ливерпуль биржасында таза талшықты мақта бағасы қымбаттады. Мақтааралдық мақташыларыңыздың көңіл-күйі көтеріле түсті. Ғасыр құрылысы атанған Көксарай су реттегішінің арқасында Шардара теңізінде сақталатын судың есебінен Мақтааралдың 84 мың гектар алқабына су сорғылармен су айдау жобасы жүзеленіп жатыр. Бұл нысаныңызға 14 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралып, қазірге дейін 12 млрд. теңгеге жуығы игеріліпті. Тұсаукесер өткізер күн де алыс емес. Аудан аумағындағы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мақтаның бәсекеге қабілетті отандық жаңа сорттарын шығаруда, «ақ алтын» өндірудің тиімділігін арттыруда, суды үнемдеуде айтарлықтай алымдылық, ғылыми ізденімпаздық, зиятты зерделілік танытып келеді. Аталмыш институтты ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ибадулла Үмбетаев басқарады. Қазақ мақтасын марқайтқан бүгінгі дала академигі осы.
Мақтааралыңыздың бір шаһары, үш кенті мен жиырмадан аса ауылында 300 мыңға жуық халық өмір сүріп, еңбек етеді. Сайрам ауданының тұрғындары да осы шамада. Дәлірек келтірсек, 295 мың. Сарыағаш дей-тұғын ауданда 286550 адам бар. Оңтүстік Қазақстаныңызда ел халқының 16 пайыздан астамы тұрады. Шымкентіңіздің тұрғындары таяу жылдары миллиондық межеден асады деген болжам бар. Аллаға шүкір, соңғы үш жылды алып қарасаңыз, орта есеппен әр жыл сайын алтын құрсақты аймағыңызда, яки ұлысыңыздың ұйытқысы атанған Оңтүстігіңізде 70 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Бүкіл байтағыңыз, егемен еліңіз бойынша әрбір төртінші бала бізде туылады. 2010 жылы 75967 сәбидің кіндігі кесілген. Бұл – бүкіл ел бойынша туылған балалардың 20,7 пайызы деген сөз. Бір қызықтылау әңгімені һәм келтіре кетсек, айып көрмегейсіздер. Сайрам дей-тұғын ауданыңыздың Сайрам дей-тұғын бір ғана ауылында отыз бес мыңдай, Қарабұлақ ауылында қырық мыңдай адам тұрады. Өзбек бауырларымыз. Сол Қарабұлақтағы бұрыннан таныс апамыз Нишоной Умарова қалжыңдайды: «Біздің бір ғана Қарабұлақта қырық мың өзбек болғанда, бүйіріміздегі бүкіл Бәйдібек ауданында елу мыңнан сәл ғана астам халық өмір кешіп жатыпты-ай. Қазақтар демография діңгегіне айналмай ма қайта?!» Деп, қайрап қояды.
Қайткенде де демография жөнінде Оңтүстіктің орны бөлек. Биыл облыстың орта мектептерін 38 612 оқушы тәмамдады. Оның 28 479-ы қазақ, 6400-і өзбек, 3543-і орыс, 187-і тәжік балалары. Облыста 14 пен 29 жас аралығындағы жастар 730 мыңнан асады. Бұл – барлық тұрғындардың 31 пайызы. 569 мыңы, яғни 78 пайызы – ауылдың жастары. Оңтүстіктегі 13 жоғары, 74 арнаулы орта оқу орындарында 160 мыңдай студент оқиды.
Бір қуанарлығы, облыстың орталығында ғана емес, аудандар мен ауылдарда да дене тәрбиесі мен спортқа баса назар аударылып келеді. Жақында ғана қазақша күрестен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің дәстүрлі турнирі Отырар ауданында өткізілді. Барлық салмақ категориялары бойынша жүлделі орындарды отырарлықтар иеленді. Түйе палуан да – отырарлық. Аудандағы екі спорт мектебіне, дене шынықтыру залдары мен алаңдарына қатты қызыққандар көп болды.
Айта кеткен абзал-ау, Оңтүстік Қазақстан облысынан 1996 жылы Атланта олимпиадасына 4 спортшы, 2000 жылы Сидней Олимпиадасына –16, 2004 жылы Афиныдағы Олимпиадаға –21, ал 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына 22 спортшы қатысты. Алпыс үш спортшының алтауы тәуелсіз қазақ елінің көгілдір байрағын желбіретті. Олар – Бекзат Саттарханов, Мұхтархан Ділдәбеков, Геннадий Лалиев, Алла Важенина, Елена Шалыгина, Еркебұлан Шынәлиев. Азия ойындарында облыс спортшылары 25 алтын, 29 күміс, 34 қола медальға қол артты.
Жастар жайында жаза отырып, облыста 1021 жалпы білім беретін мектеп бар екенін, оларда 525 мыңға жуық өскін білім алатынын, ауыл мектептерінің саны 830 екенін сыр етіп шертпеске болмайды. 2010 жылы облыстың білім саласы үшін 99,3 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығындағы көрсеткіш бұдан әлдеқайда көбейер. Жаңадан салынып жатқан мектептер аз емес.
Биыл АҚШ, Бразилия, Кипр, Румыния, Чехия, Грекия, Испания, Ресей, Түркия, Әзербайжан мемлекеттерінде өткізілген рейтингілік халықаралық ғылыми жобалар жарыстары мен олимпиадаларға қатысқан 32 оқушының 5-і алтын, 10-ы күміс, 12-сі қола медальдарды жеңіп алды. Республиканың жетекші университеттері ұйымдастыратын жыл сайынғы жарыстар мен олимпиадаларда да Оңтүстік мектептерінің өрендері өнеге танытып, оза шауып жүр.
Қарабұлақтағы қалжыңқойлау апамыз Нишоной Умарова айтқандай, Созақтың қазақтары да демографиялық көрсеткіштерден кенжелеп келеді. Аудан бойынша халық саны елу мыңнан сәл ғана асады. Кәрібеков Төлеген осыған күрсінеді. Созақтың Төлегені де – Төле би ауданындағы Әтірханыңыз, Мақтааралдағы Бөріңіз сынды адал, ақжарылқап, ақжүрек азамат. Жастайынан жетімдік көрген. Кісі есігінде де жүрген. Азап тартқан. Рухын жықпай, өрге ұмтылған. Мал баққан. Қазақтың намыс туына айналған атақты Бауыржан Момышұлын көбірек оқыған. Тоқыған. Баукең батырыңыз: «Қысым көрмей, өнер қонбайды» деген ғой. Төлеген – тағдырлы өнер иесі. Қылқалам шеберіне айналған. Созақтың арғы-бергісін сырбаз сипаттап, сурет салған. Ел-жұртқа танылған. Бірсін-бірсін жыр жаза бастаған. «Құт мекен Созағым; Қастерлі ғажабым. Өзіңде мәңгілік; Бақытым-базарым. Жаныма сіңірдің; Адамдық таза ұғым», – деп өлең өрнектейді. Жырларында жасандылық жоқ. «Қой бағып жүріп жазамын, сурет саламын», – дейді Төлеген. Өзі бүгінгі көрсеткіштер бойынша көп балалы отбасының отағасы саналады. Баяғыда кәдуілгі күйшілер Сүгір, Төлеген (Момбеков), Генерал, прозадағы күйшілер Тәкен, Сәуірбек, Асқар, сындағы күйші Төлеген (Тоқбергенов) талай-талай қыдырып, табандарының табы қалған Шолаққорғанда тұрады. Шолаққорғанның көріктене түскеніне шаттанады. «Жастар» саябағын, «Достар» стадионын, «Даңқ» саяжолын аралатады. «Басты көрсеткіш – жалпы өнім. 2000 жылы ол 2,6 миллиард теңге еді, 2010 жылы 80,8 миллиард теңгеге жетті», – деп қояды экономистерше таңғалтып, есепке жүйріктігін аңғартып.
Сонау Созақтан сайрап жатқан, жаңғырған, жаңарған жолыңызбен Кентауыңызға соғасыз. Кемеңгеріңіз Мұхтар Әуезов «Қаратау тәжі – Кентау» атаған. 2005 жылы Елбасы Кентау трансформатор зауытын көрген. «Болашағы зор» деген. Мінекиіңіз, қазір Ресей, Италия, Қытай, Украина, Қырғызстан сияқты елдерге трансформатордың түр-түрін шығарады. Зауытта 1200 адам еңбек етеді. Сексен жылдан бермен қарата жұрт аңсаған жолыңыз Теріскей мен Түркістанды жалғап жатыпты. Түркістаныңызда да бүгінде отыздан аса кәсіпорын жұмыс істейді. 2011 жылдың өзінде екі өндіріс орны ашылды. Түркістандықтар жыл сайын 30 мың тонна көлемінде шитті мақта өндіреді. 2007-2010 жылдары 2750 гектар жерге жеміс ағаштары мен жүзім отырғызған. Биыл жүзімнен 2000 тоннадан аса өнім жиналмақ. Келер жылы жеміс ағаштары да нышан көрсетер. Түркі дүниесінің текті төрі, рухани астанасы саналар шаһарыңызда жаңадан ашылған тарихи-мәдени этнографиялық орталық – өзгеше әлем. Түркістаннан қайтып келе жатып, Бәйдібек ауданының бір пұшпағын басып өтерсіз. Бәйдібек ауданында 1994 жылмен салыстырғанда ірі қара мал саны 9 есе, қой мен ешкі 1,7 есе, жылқы 4 есе, түйе 2 есе өскенін жол жиегіндегі көрнекі ақпараттардан-ақ аңғарарсыз. Одан соң Ордабасыны аралайсыз. «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деген ғой Тұңғыш Президентіміз. 1993 жылғы мамыра-жай мамырдың соңына таман Ордабасы биігінде ұлы жиын өткен. Оған жүз елу мың адам қатысқан. Үш елдің Президенттері, ондаған мемлекеттің үкімет мүшелері мен өкілдері, елшілер болған. Елбасымыздың Тутөбеге өрлеп барып ту тіккеніне, «Береке басы – бірлік» атты атақты баяндама жасағанына жүз елу мың адам куә болған. Қалың жұртыңыз: «Тәуелсіздікке тәубе!» деп тебіренген. Биыл Тәуелсіздігімізге 20 жыл, ал осынау Ордабасыдағы Бірлік байрағының тұңғыш мәрте желбірегеніне 285 жыл толады.
Ордабасыдан Қазық жұртыңыз – Қазығұртыңыз қылаңытып көрінер. Асан Қайғы атамыз «Қаражамбас Қазығұрт» атаған. «Тау болсаң болсайшы; Қазығұрт секілді. Білмейтін астамсып; Асқақтық етуді. Әнеки, отыр ол жайланып; Абайдың өзінше ойланып. Аспанмен арбасқан; Шыңдарын қар басқан; Алатаудың шетінде», – деп суреттейді Әбділда Тәжібаев. «Тәңіртау – жаным; Қазығұрт – қаным!» – дейді Болат Шарахымбай. Күні кеше Ленин атанған Қазығұрт ауданы ғой бұл. Рейтингтік көрсеткіштер бойынша алғы орында. 103489 гектарды иеленген агроқұрылымдардың 50 пайызы іріленіп, бірге қимылдауда. Сағидолла Батырбай, Нұржан Әшіров, Нұрлан Құралов сияқты серіктестік жетекшілері жердің тілін тауып, елге қызмет етуде. Құраловтың МТС-ына мың да бір рахмет дейтіндер көп. Баян Төлешова, Ерсін Әбдірахманов, Мүсірәлі Арапбаевтар жылыжай жөнінде өзгелерге өнеге танытуда. Осы ауданда он сегіз асыл тұқымды мал фермасы жұмыс істеуде. Қой, жылқы және сиыр фермалары.
Асан Қайғы атаңыз «Екі Келес, бір Талас; Бал татыған жерің-ай! Ағайының аралас; Тату екен елің-ай! Желмаяға өңгеріп; Алып кетер едім-ай! Сыймаған соң алдыма; «Қап, дүние-ай!» – дедім-ай», дегендегі екі Келесі осы Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аймақтары ғой. Келесіңіз де Сарыағашқа қарайды бүгінде. Кеңес кезінде Келес пен Сарыағаш жұрты ауыз суға жарымаған. 2011 жылдың өзінде 14 ауылдың ауыз су жүйесі үшін 1,4 млрд. теңге бөлінді. Тамшылатып суару технологиясын игеруден де осы аймағыңыз алда. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығында 160 жоба мақұлданып, «Ырыс» шағын несие ұйымы арқылы 145,5 млн. теңгемен қаржыландырылды. Ержан Иманбаев, Мұстафа Сүлейменов, Сағындық Кенжебаев, Байбек Қонысбаев секілді кәсіпкерлер істің көзін тауып жүр. Келестің белестерінен асып өтсеңіз, Шардараға ілінерсіз. Мұнда мың тонналық көкөніс қоймасы салынып жатыпты. Қаппар Жұмабеков күріш зауытының қабырғасын қалауда. Шардараңызда сондай-ақ май-жем комбинаты, май сығу зауыты, «Шардарабалық» зауыты іске қосылар күн алыс емес. Асан Әділбеков, Тұрғанбек Қанаев, Қайрат Қалыбеков сынды қайраттылар мен қажырлылар «ақ алтын» өндірмектен алдыңғы сапта, алпыс центнерлік межеден асып жүр.
Шымкентіңізден шығысқа қарата жақұттайын жайнаған, диқаншылық қайнаған Сайрамды сансыз бабтың мекені деп мақтанады. Ұлыстың ұйытқысы – Оңтүстік жұрты. 130516 гектар. Құйқасы құнарлы, ауыл шаруашылығына арналған жері осынша. Егістік көлемі – 85400 гектар тегістік. Мұның 25 300 гектары суармалы. Жиырма гектарға жуық жылыжай жасап тастаған. Тәуелсіздік жылдарында талай мектеп жаңарды. Ондаған мектеп салынды. Апаттылары азайды. Үш ауысымда оқытудан біржолата арылды. Тек «Балапан» бағдарламасы бойынша ғана 29 балабақша іске қосылды. Тиіп тұрған Түлкібас ауданында кешегі кеңестік кезеңде ауылдардың атаулары түгелдей орысша-тұғын. Ванновкадан Антоновкаға дейін. Балабақшаларының бәрі басқаша аталатын. Енді қараңызшы: «Айшуақ», «Ажар», «Алтын дән», «Алтын ұя», «Астана», «Балапан», «Балауса», «Балдырған», «Жансая», «Нұршуақ», «Қарлығаш»... Машат ауылында кеше ғана ел игілігіне берілген, жас өскіннің мерейіне айналған спорт кешеніне қалалықтар қайран қалар. Айтпақшы, КСРО кезінде осы Түлкібасыңызда (дұрысы Түркібасы ғой) мешіттердің бәрі әуелі қоймаға, қораға айналып, артынша қиратылып, тып-типылданған еді. Бірде-біреуі қалмаған-тұғын. Тәуелсіздік жылдарында 46 мешіт пайда болды.
Ұлысыңыздың ұйытқысы – Оңтүстікте ата тарихыңыздың ашылмаған сырлары жетіп-артылып жатыпты. Төле би ауданының тау бөктерінен төрт-бес жыл бұрын жұмбақ шаһардың ежелгі ескерткіштері, қорған қалдықтары табылған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» делініп жүрген даңқты дәлізіңіздің салынуы кезінде Сайрам ауданының аумағынан көне замандардың куәсі – Құрлық қаласының орасан зор орны шыға келді. Қайран Қайнарбұлақ ойпаңының оң қапталынан. Құрлық қаласы хақында қаламгерлер қашаннан-ақ қазып жазып жүрген-ді. Елбасы еліміздегі ең үлкен, ең көркем үш қаланың бірі болады деп бағалаған Шымкентіңіздің де тарихын тым тайыздатып жіберген едік. «Не дейсің, Шымкент КСРО жүрегі, алып елдің тірегі Мәскеумен жасты екен», десетінбіз. Сөйтсек, Шымкентшаһарыңызға 2200 жыл толып қапты. Археологтар айқын айғақтар тапты. Мәскеуіңіз Шымқаланың шөбересіндей ғана екен. Мінекиіңіз, облыс орталығындағы Ордабасы алаңында бір-екі жыл бұрын Тәуелсіздік монументі орнатылып, Президентіміздің өзі ашқан. Осыдан бірер апта бұрын «Кешеден бүгінге» атты Алтын көпір және «Мемлекеттік рәміздер алаңы» салтанатты түрде ашылды. Алтын көпіріңіз бен рәміздер алаңы – «Шымқала» мемориалдық кешенінің бедерлі бірер бәдізі ғана. Жаңа жоба бойынша кешен құрамында «Тәуелсіздік саябағы» болады. Аумағы сегіз гектарды алады. Саябақ ортасында «Ел бірлігі» монументі бой көтереді. Ырыс алды – ынтымақ пен бірлікті, татулықты бейнелейтін «Шаңырақ» композициясы кешеннің көркі мен мазмұнын биіктете түспек.
– Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық мерекесін «Шымқала» кешенімен қарсы аламыз, – дейді облыс әкімі Асқар Мырзахметов кең-байтақ Қазақстанның көрікті картасы алдында тұрып, отыз метр биікте желбіреген көк байраққа байыппен көз жіберіп. – Аталмыш мемориалдық кешен – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылып жатқан игілікті де ізгілікті істердің бірегейі.
Даңқы бүкіл республикаға жайылған «Даңқ» мемориалы мен «Шәмші әлемі» гүлзары, «Неке сарайы», тағысын-тағы тарту-таралғылардың бәрі дерлік Шымкентіңіздің шырайына шырай, райына рай үстеп, үйлесім мен ұнасым және жарасым еселене түсуде. Шымшаһардың шат-шадыман табыстарын тізбелесек, тым ұзап кетерміз. Ең ерекше жеңістердің бірі ретінде бұрынғы фосфор алыбының аумағында индустриялық аймақ құрылып, қызғын қарқынмен игеріліп жатқанын айтқан абзал шығар. Осынау индустриялық-инновациялық аймағыңызда заманауи талаптарға жоғары деңгейлерде жауап бере алатын, сан-салалы сұраныстарға орай аса керекті тауарлар өндіретін кәсіпорындар салынуда. Қазірдің өзінде мұнда алуан бағыттағы 20-дан астам үлкенді-кішілі кәсіпорын жұмыс істейді. Тағы да жаңадан жиырма жоба инновациялық-индустриялық бағдарлама талаптарына сәйкес жүзеленбек.
Ұлыстың ұйытқысы Оңтүстік қай-қай тараптардан да өнеге танытар. Үлгі көрсетер. Көп нәрселер, көкейкесті тірліктер Оңтүстіктен басталар. «Оңтүстік» ӘКК, индустриялық аймақ, қаржы институттары келелі жобалардың кемел жолдарын ашуда. Мақта-мата жіптерін шығаратын «Ютекс» АҚ және «Меланж» АҚ; цементтің барлық маркасын шығаратын «Стандартцемент» ЖШС; жылына 2,5 млн. шаршы метр керамогранит өндіретін «Азиякерамик» ЖШС; тамшылатып суару арқылы қызанақ өсіріп-өңдейтін «Жаңа Ақдала» ЖШС және басқалар.
Негізгі қорға бағытталған инвестициялар көлемі 2000 жылғы 15,6 млрд. теңгеден 2010 жылы 262,5 млрд. теңгеге дейін өсті. 2000-2010 жылдар арасында облыстың сыртқы сауда айналымы 5 есе артты, оның ішінде экспорттық әлеуеті 444,3 млн. АҚШ долларынан 1826,8 млн. АҚШ долларына дейін немесе төрт есе көбейді.
«Сөйлеңдер, цифрлар!» дегіңіз келеді-ай кейде. Жалпы, өңірлік өнім соңғы он жылда 6,4 есе, ауыл шаруашылығында 3,3 есе, өнеркәсіпте 3,3 есе, құрылыс көлемі 36 есе, негізгі қорға бағытталған инвестициялар 16,8 есе, сыртқы сауда айналымы 5 есе, орташа жалақы 6,2 есе ұлғайды.
Оңтүстік Қазақстан облысы негізінен аграрлық өңір ғой. 2003-2008 жылдары агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы тұрақсыз болды. Мемлекеттің үлкен қолдауы нәтижесінде ғана жағдай жақсара бастады. 2010 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсуі 162,5 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,9 пайызды құрады.
2009 жылдан егіс алқаптарын толыққанды игермекке бетбұрыс жасала бастады. Сол кезде 641 мың гектар пайдаланылған болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 765 мың гектарға жуықтады. Тамшылатып суару әдісі 2008 жылы 1010 гектарда ғана, 2009 жылы 2136 гектарда қолданылса, 2010 жылы 7235 гектарға жетті. Жылыжайлар көлемі 2009 жылы 124,1 гектар еді. 2011 жылы 370 гектардан асты. Бұл – республика бойынша алғанда 70 пайыздан көбірек көлем. Тамшылатып суару мен жылыжайлар жөнінде Оңтүстігіңіз бірінші орында.
Күллі кең-байтақ Қазақстаныңыз, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан жасампаздыққа толы жиырма жылда талай-талай асулардан асты. Тағылымды жолдардан өтті. Елбасымыз айтқандай, алдағы асулар әлдеқайда биік. Аса жауапты. Тойды да тойлай білмек, ойды да ойлай білмек ләзім-дүр. «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қыбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың қарашаңырағы!» деді Президентіміз Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайында.
Ал Оңтүстік – сол қыбыланың, сол қарашаңырақтың, ұлы ұлыстың ұйытқысы. Оңтүстік жұрты осынау айбынды да айшықты атқа қай заманда да лайық болған, әмәнда лайық бола береді.
Мархабат БАЙҒҰТ, Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерді түсірген Қайсар Шерім.