06 Тамыз, 2011

Тайландта тұңғыш рет әйел премьерлікке сайланды

424 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тайланд парламенті тағынан тайдырылған премьер-министр Таксин Чинаваттың туған қарындасы Йннглку Чинаватты үкімет басшысы етіп сайлады. Оған депу­таттардың жартысынан астамы өз дауыстарын берді. 44 жастағы кәсіпкер осы елдегі тұңғыш әйел премьер-министр болып отыр. SC Asset Corp девелоперлік ком­пания­сының президенті болған Й.Чинават оппозициялық партияны басқарып, сайлауда жеңіп шықты. Сөйтіп Тайланд парламентінде 265 депутаттық орынға ие болды. Ал қазіргі премьер-министр Абхисит Ветчавива өз партия­сының жеңіліске ұшырауына байланысты отставкаға кететінін мәлімдеді. Испанияда тыныштық бұзыла бастады Испания астанасы – Мадридтің ор­талық алаңында көшеге шығып, қар­сылық білдірушілер мен полиция ара­сында орын алған қақтығыстан жи­ырмаға жуық адам жарақат алған. Мұндай жағдай мамыр айында да орын алған болатын. Сол кезде екі мыңға тарта адам Пуэрта дель Соль алаңына жиналып, бір ай бойы палаталы қалашықта жатып алған-ды. Қазір жағдай қайтадан ушығып тұр. Елдегі жұмыссыздық пен өмір сүру деңгейінің төмендігіне наразы  топты полиция орталық алаңға жібермеген. Ішкі істер министрлігіне бағыт алған оларды тоқтатпақ болған кезде полициямен қақтығыс орын алған. Хакерлер шабуылды белсендіре түсті Қытайдың People s Daily газеті халықаралық ұйым­дар мен үкіметтер сайттарына шабуыл жасаған хакерлік әрекеттерге Қытайдың еш қатысы жоқ деп мәлімдеді. Аталған газет Қытай компартиясы ОК басы­лымы болып табылғанымен, ресми тұлғалар тара­пынан ешқандай мәлімдеме жасалмай отыр. Mc Afee компаниясы тарихта бірінші рет осындай ірі хакерлік шабуыл барысын тіркеу мүмкін болғандығын хабарлаған. Мұндай шабуылдан 72 құрылым жапа шексе, солардың қатарында Халықаралық олимпиада комитеті, БҰҰ, АҚШ, Үндістан, Вьетнам және Оңтүстік Корея да бар. Компания сарапшылары хакерлік шабуылдың артын­да жалғыз тапсырыс беруші тұрғандығын жария еткенімен, оның кім екенін әзірге айтпай отыр. Бірақ көптеген сарапшылар оны Қытай үкіметімен байланыстыруда. Атлант мұхиты тұңғиығын зерттемек БҰҰ-ның Теңіз табаны жөніндегі халықаралық органы Атлант мұхи­тының табанынан алтын мен мыс қорын зерттеу үшін Ресей тарапына рұқсат берді. Осылайша Ресейдің әлем­дік мұхит ас­тынан минералды ресурс­тарды барлау туралы өтініші қанағат­тандырылды. Аталған орган тарихта бірінші рет ешбір елдің экономикалық аймағына жатпайтын мұхит табанын бар­лауға рұқсат беріп отыр. Ресей тарапы зерттейтін учаскенің аумағы 100 шаршы шақырымды құрайды. Негізгі кен көздері 2-4 шақырымдық тереңдікте жатыр деген болжам бар. Сондай-ақ Ресейден өзге Қытай, Тынық мұхитындағы Тонго мен Науру аралдық мемлекеттері тапсырыстары қанағаттандырылған. Бір апта Сирия тағдырын шеше ме? Сирияға Ливияның тағдырын қайталамау мүмкіншілігі беріліп отыр. Мәскеудің ұсынысымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінде осы мәселе қолдау тапқанымен, Сириядағы жағдай бойынша қызу пікірлер ортаға салынған. Соңғы үш күн ішінде жағдайдың ушығып кеткені соншылықты, көптеген бейбіт қарсылық білдірушілер оққа ұшқан. Ал Дамаск  елді бастан бақайшығына дейін қаруланып алған лаңкесшілерден тазарту операциясы жүргізіліп жатқандығымен түсіндіруде. Батыс елдері Дамаскіге қысым көрсету керек десе, кейбір елдер бұған қарсы. Қалай болған күнде Сирия мәселесін талқылау бір аптаға шегерілді. Марстан өзгеріс байқалды Ғалымдар Марста ұзын қара дақ­тарды анықтады. Планета бетінде созбаланып жатқан мұндай сызық­тар ағып жатқан тұзды су болуы да мүмкін. Америкалық және швейца­риялық ғалымдардың жаңалығы ор­ганизм­дердің өмір сүруіне қажетті судың аталған қызыл планетада болуы мүмкін деген пайымын растағандай әсер қалдырып отыр. Жұқа созылмалар төбешіктерден төмен сырғып, жазықтарға жайылып жатыр. Оның үстіне аталған сұйықтықтар жазғы мезгілде пайда болып, қысқа таман қайтадан көрінбей кетеді екен. Қалай болғанда да, ғалымдар соншалықты суықта тұщы судың болуы мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. Алайда биологтар лайлы ағында тұзды жерлерде өмір сүре беретін галобактериялардың болуы мүмкін деген жорамалдар да айтып жүр.

Қысқа қайырып айтқанда:

*Түркіменстан президентінің сайлауы 2012 жылы 12 ақпанда өтеді деп белгіленіп отыр. Ел парламенті (меджлис) осындай шешім қабылдады. Түркімен президенттігіне осы елде туған, жасы 40-тан асқан, бірақ 70-ті еңсермеген, мемлекеттік тілді білетін, 15 жылдан бері Түркіменстанда тұратын азамат қана өз кан­дидатурасын ұсына алады. *Италия рейтингісінің құлдырап кетуіне байланысты осы елдің прокуратурасы тарапынан Moody’s и S&P офистерінде тін­ту жүргізілді. Ел билігі Италиядағы қарыздық дағдарыс­тың салдарын аталған рейтинг агенттіктері әдейі қолдан жасады деп күдіктенуде. *Ливия басшысы Муаммар Каддафидің ұлы Хамис НАТО тара­пынан болған әуе шабуылы кезінде қаза тапты, деп мәлімдеді бүлікшілер өкілі. Сонымен бірге Злитен қаласында тағы 32 адам қаза тапқан.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.