XXI ғасыр басында әлемде жағдайларды жақсарту үмітінің орнына, жалпыөркениеттік дағдарыс деп бағалауға болатын байбаламдар мен шақырулар жалғасын табуда. Осылайша дағдарыстың өндірістік, энергетикалық, экологиялық, әлеуметтік, тіпті саяси түрлері орын алды. Олардың негізінде қаржылық архитектураның кемшіліктерінен туындаған (әлемдік қаржылық жүйе) жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс жатыр. Біз бір-бірімізді тыңдамайынша, үнқатысу мен ынтымақтастық қарым-қатынасымызды орнатпайынша, келеңсіз жағдайлар өрши береді.
Қазақстан бейбітшілікті қолдау және қауіпсіздікті нығайтудың негізі болып табылатын қағидаларды, халықаралық проблемаларды шешуде әріптестікті пайдалана отырып, халықтар арасында достық қарым-қатынастарды дамытуды берік ұстанып келеді. Бұл еліміздің тек қана прагматикалық таңдауы емес, керісінше, келешек әлем құрылысын көре білуі деп таныған жөн. Бұл ұстаным Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде айқын белгілі болды. Осы тұғырлы орында біздің ел әлемдік тұрғыда халықаралық құқық нормалары негізінде Ұйымға мүше мемлекеттер арасында қатынастардың бір ізге түсуі мен көпполярлы әлемдік құрылыстың қалыптасуы жолында беделді ұйымның шешуші тұтқа болуына атсалысты.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде біздің елдің басты межесі еуроатлантикалық және еуразиялық құндылықтарды біріктіріп, Еуропа мен Азияның қауіпсіздігін бөліп-жармау қағидатын бекітіп, Ұйымға еуразиялық рух енгізуге тырысу болып табылды. Бұл қару-жарақты қадағалау режіміне және сенім шараларын нығайту мәселелеріне, ұлтаралық қақтығыстар және байбаламдармен күрестерге, соның ішінде ЕҚЫҰ жауапкершілігі шеңберінен шыққандарға, сондай-ақ Ауғанстан, Ирак, Тунис, Сомали және басқа мұсылмандар әлемі елдерінде тұрақтылықты орнатуға қатысты.
Қазақстан зайырлы мемлекет бола отырып, өркениеттік және мәдени жоспарында мұсылмандық әлемнің бөлшегі болып табылады. Қазақстан әлімсақтан бері батыс пен шығыс өркениетінің түйіскен жері болатын, өзара қарым-қатынас байланыстарына Таяу және Алдыңғы Шығыс елдері, Ежелгі Грекия мен Рим империясы, Персия (Иран), Көне Қытай мен Үндістан елдері енді.
Қазақстан – жергілікті басқа сенімдер мен мәдениеттер өзара әрекеттесе отырып, ислам діні VIII ғасырдан бастап таралған аймақтардың бірі. Бұрыннан бар географиялық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар осы үрдістерге ыңғайлы болды. Халықтың полиэтникалық құрамы және әртүрлі сенімдер, тілдер мен мәдениеттердің әрқилылығы, аймақтың тарихи Жібек жолы бойында орналасуы, осының барлығы көптеген жүзжылдықтар ағымында аймақтың дамуы мен гүлденуіне өз үлесін қосты. Ислам бұл аймақтарға ерте уақыттарда келді де, оның гүлденуіне себеп болды.
Қазақстан жерінде туған мұсылман ғалымдарының жетістіктері мен шығармашылығы әлемдік өркениеттің маңызды үлесі болып табылады. Әйгілі Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби туған, Қожа Ахмет Ясcауи мекен еткен, өлшеусіз құнды мұра қалдырған Қараханидтер мен Алтын Орда мемлекеттері, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар арқылы ислам өркениеті кеңінен таралып дамыған Қазақ даласы – бүгінгі таңда Орталық Азияның тоқтаусыз дамып келе жатқан мемлекетіне айналды. Шығыстың ұлы мәдениеті, атап айтсақ, араб, парсы, түркі және қытай мәдениеттері Орталық Азиямен байланысты. Осы мәдениетаралық ықпалдастықта аймақтарға лайықталған өркениеттің ерекше түрі пайда болды.
Араб, түркі және парсы мәдениетінің синтезі біздің аймақта мұсылман мәдениеті дамуының ерекше сипаттарын анықтады. Осы дамуда негізгі рөл ойнаған – аймақтағы әртүрлі діндер мен мәдениеттердің пайда болу факторларына қоса, олардың бір-бірімен бейбітқатар дамуы, әрқайсысы өздерінің өзгеше жолдармен жүре тұра біріккен жемісті өркениетті өмірге әкелуі діндер мен мәдениет үнқатысу орнауы тәжірибесі болды. Бұл жағдайда исламдық өркениет ғалымдық, ғылыми және өнер саласында гүлдене түсті.
Әлемге әйгілі мұсылман ғұламалары, заңгерлері, астрономдары мен математиктері, гуманитарлық ғылымдардың ғалымдары мен әдебиетшілері дәл осы жерден шыққан. Олардың шығармашылықтары әлемдік өркениетке архитектуралық ескерткіштер, ғылыми еңбектер, әдеби шығармалар мен поэзия жауһарлары түрінде аймаққа керемет мәдени мұра қалдырды.
Қазақстан тарихи тұрғыда өркениетті өзара байытудың, мәдени үлгілерді енгізудің, әрқилы халықтардың қауымдастығын құрудың мекені болды. Ол өзін мемлекеттілігінің тәуелсіздігін нығайтуға жол бастаған, бостандық, теңдік, қоғамдағы тұрақтылық, қауіпсіздік және азаматтық келісім қағидаттарына негізделген полиэтникалық мемелекет ретінде көрсетті.
Тәуелсіздік алған жылдардың көшінде діннің рөлі рухани сенім қайнары, мәдениет қабаты мен елдің халықтары дамуының тарихи факторы ретінде айтарлықтай өсті. Бұл тек жалпы әлемдік қана емес, сондай-ақ болып жатқан экономикалық, саяси және идеологиялық қайта құрылудың нәтижелеріндегі ішкі беталыстардың көрінісі болып табылды. Қазақстанда діннің рөлін көтеру үшін үнқатысу, өзара сыйластық пен шыдамдылық қағидаттарына негізделген барлық діндердің бірлігін қолдайтын ғылыми дәлелденеген тұжырымдама жасалды және ол жүргізіліп келеді.
Біз полиэтникалық және поликонфессионалдық қоғамның өмірінде діннің рөлі паблисистидегі олардың зайырлылық пен ықпалдастық тұжырымдамаларын дұрыс қабылдауына кедергі келтірмейтініне шын жүректен сенеміз, себебі басқа этностар, діндер мен мәдениеттермен үнқатысудың қажеттілігін теріске шығару өтірік жолға апарып соғады, ол әлемдік өркениет жүйесіне жаһандастыру үрдісіне қосылу үшін мүмкіндіктерді жабады. Біз мұны әлемде болып жатқан діни және этносаралық соғыстар мен қақтығыстар мысалдарынан көре аламыз.
1990 жылдан бастап елімізде өз алдына дербес Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жұмыс істейді. 2001 жылы Имамдардың біліктілігін жетілдіретін Ислам институты және «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті Египет университеті ашылды. Оның ұстаздары Египет пен біздің елдің жетекші профессорлары болып табылады. Діни оқу орындарының желісі ұзартылды.
Қазақстанның ырыс-ынтымағы, саяси және экономикалық тұрақтылығы, толеранттылығы – бұл біздің тәуелсіздік жылдары жасағандарымыз. Біз еліміздің экономикалық дамуы мен жетістіктерінің негізі болып табылатын бейбітшілік пен келісімге мақтанамыз және бағалаймыз. Қазақстандағы этносаралық келісім мемелекеттік саясатпен қамтамасыз етіледі. Барлық азаматтарды, оның этностық түріне және діни сеніміне қарамастан, елдің саяси өміріне белсенді түрде тартуға бағытталған. Халықтардың тұтастыққа тартылуына 1995 жылы құрылған этностық мәселелер жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келген күнінен бастап, мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруда маңызды институт болып қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің елде тұратын барлық этностық топтар өкілдерін біріктіреді. Оның қызметі этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары өзара әрекеттестігін тиімді қамтамасыз етуге бағытталған, қазақстандық қоғамда этносаралық келісім мен толеранттылықты әрі қарай нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Баршаға мәлім, Қазақстанда 2003 жылдан бері ұлысаралық пікір алмасудың бірегей амалына жол салған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізіліп келеді. Өзінің ұлысаралық тікелей маңыздылығымен бірге, жоғары деңгейдегі бұл форум ортақ планетамыздағы тұрақтылық пен бейбіт өмірдің нығаюына, өркениеттерді, халықтар мен елдерді біріктіруге бағытталған саяси және діни қайраткерлердің талпыныстарын біріктіруге қызмет ету үшін қалыптасқан маңызды да тиімді халықаралық саяси құрал болып беки түсті.
Елімізде 3259 діни бірлестік әрекет етуде, соның ішінде: исламдық – 1766, орыс православие шіркеулері – 255, римдік-католик шіркеулері – 90. Бүгінгі күні Қазақстанда 1800 мешіт бар, ал республика халқының 70 пайызы мұсылмандар.
Өркениеттердің, мәдениеттер мен діндердің пікір алмасуы заман талабы. Егер де қай жағынан болсын, соншалықты алуан түрлі адамдарды біріктіруді мақсат тұтсақ, онда мұндай пікір алмасу нендей негізде қалануы тиіс болатынын түсініп, ұғынғанымыз жөн. Мәдениетаралық, ұлтаралық және дінаралық пікір алмасуды ретке келтіру, заманның келеңсіз жағдайларына қарсы тұруға арналған бірден-бір құралы болмаса да, ең маңызды біріктіруші бастама бола алары хақ және солай болуға тиіс.
Өткен 2010 жыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен есте қалды, соның нәтижесі ретінде «Қоғамдастық қауіпсіздігі алдында» атты Астана Декларациясына қол қойылғандығына ел басшылығы баса назар аударды.
Батыс пен мұсылмандық Шығыстың өзара қарым-қатынастарындағы проблемалар бүгінде аса өзекті болуда. Сол себептен өркениеттер өздерінің араласу аумақтарын кеңейте түсуге мүдделілік танытуда. Дегенмен де, қазіргі кезде осындай араласу аумақтарындағы мәселенің өзегі – өркениеттер бірін-бірі ұғыну арқылы, әлемдегі өзара іс-қимылдарды күшейте отырып, батыс пен ислам әлемінің өздерінің бет бейнелерін жоғалтпай, қайта керісінше идеяларды арттыра түсуге апаратын мәдениеттерді жақындастыру арқылы кеңейе түсуіне деген қажеттілікке әкеліп отыр.
Қазіргі уақытта бар әлемде тұрақтылықтың нығаюына және әлеуметтің интеграциялануына септігін тигізетін фактор ретінде дінаралық және мәдениетаралық пікір алмасудың ауадай қажет екендігін мойындау белең алып келеді. Мұсылман әлемі мен Батыс мемлекеттерін жақындастыру жолдарын іздестіруде саясат пен зияткерлік қоғамдастыққа үлкен үміт артылып отыр. Бүтіндей алып қарағанда, болып жатқан өзгерістерді түсінуге және туындап отырған проблемалардың бейбіт шешілуіне мүмкіндік туғызуға талпынушылық саясаткерлерге «гуманизм», «адамгершілік», «дінаралық пікір алмасу» сияқты ұғымдарды аса кеңінен қолдануға итермелейді.
Осылайша, тең құқылы пікір алмасу жаңа ғасырдағы әлемді дамытудың қажеттігі болып келе жатыр. Тек қана талпыныстарын бірлестіре отырып, мемлекеттер технологиялық және зияткерлік жетістіктерін жүзеге асыруға, қоғамдағы адамның дамуына қол жеткізуге мүмкіншілік ала алады. Ол үшін жекелеген мемлекеттердің мүдделері мен аймақтық мүдделер арасында тепе-теңдік орнауын көздейтіндей саяси келісімдер, төзімшілдік қажет болады.
Қазіргі уақытта көптеген мұсылман елдеріне тән негізгі проблемалар: саяз білім деңгейі, денсаулық сақтаудың дамымаған саласы, игілік пен әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіз деңгейі (Парсы шығанағының елдерінен өзгесі) азық-түліктің жетіспеушілігі, діни экстремизм көріністері, қарулы қақтығыстар мен саяси тұрақсыздық. Атаулы проблемалардың жиынтығы әлемдегі ислам қауымдастығының пәрменді дамуына қолбайлау болып отыр, өйтпегенде заманына қарай өркениетке ілесіп, өздерінің жетістіктерімен адам баласының дамуына лайықты үлес қосатындықтарына күмән жоқ еді.
Айналамыздағы шындық тірліктің қарқынды түрде аумалы-төкпелі жағдайлары бізге мұсылман елдерін дамытудың жолына белгілі бір түзетулер енгізудің қажет екендігін еске салып жүреді. Жекелеген бағыттарымыз бен көзқарастарымызды қайта қарастырып, оларды заманның талаптарына қарай үйлесімді бейімдеудің уақыты келді. Десек те, бұл ежелден бері қалыптасып келген гумандық және өте нәзік мұсылмандық әлемтану мен исламдық құндылықтардан бас тарту дегенді білдірмейді. Осыған байланысты әлемдегі исламдық қоғамды модернизациялаудың тиімді тәсілдері туралы, оның қалыптасып келе жатқан жаһандық саяси-экономикалық жүйеге сәтті түрде кірігуін ойластыру керек болады.
Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының төрағасы ретінде мұсылман елдеріндегі ғылымның рөлін жоғарылату мен білім беру деңгейін көтеру жөнінде бірлескен жұмысты бастауды ұсынып отыр. Ол үшін мұсылман мемлекеттерін ғылыми, экономикалық жағынан дамыту мен мәдени интеграциялауда маманданып отырған ИЫҰ бөлімшелерінің бар әлеуетін және де мүмкіншіліктерін кеңінен қолдану жөн болатындығы айтылуда. Мұсылман елдеріндегі тұрғындардың игіліктерін арттыруға тиісті назар аудару да қажет болады. Бұл мәселені елемегендік ислам әлеміндегі бірнеше елде орын алған келеңсіздіктерге апаратындығы анық көрініс табуда.
Аталған міндеттерді сәтті түрде шешу үшін Қазақстан қазіргі заманғы мұсылман зияткер зиялыларының, әрі ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының талпыныс ниеттерін біріктіруді ұсынып отыр. Мұсылман әлеміне бірегей «Жол картасы» деп аталған 2006-2016 жылдарға арналған ИЫҰ Онжылдық іс-қимылдар жоспары, интеграциялану мен экономиканы әртараптандыру үдерістерін жандандыруға бағытталған. 2011 жылдың 7-9 маусымы күндері барша мұсылман әлемінің іскер топтарының қатысуымен Астана қаласында VII Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы болып өтті. Бұл экономикалық форумның міндеттерінің бірі – ИЫҰ аясына мұсылман әрі мұсылман емес елдердің арасында жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықтың нығаюына септігін тигізетін факторларды анықтау және жұмылдыру. Исламдық банкингті, қаржылық инфрақұрылымды, халал индустриясын, шағын және орта бизнесті, энергия алудың баламалы көздерін дамытуға қатысы бар мәселелерді талқылау және басқалары, ИЫҰ елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды аса терең түсінуге және олардың түйіндерінің үйлесімді түрде шешілу жолдарын табуға себепші болады.
ИЫҰ-дағы төрағалық қызмет Қазақстанға шапшаң дамып келе жатқан елімізді көрсетуге деген, әр бағыттағы ынтымақтастықтарды айтарлықтай кеңейтуге берілген мүмкіншілік қана емес, осынау зор нарықты аса белсенді түрде меңгеруге қосымша мүмкіндіктер береді. Жауапты да құрметті міндетті орындаумен қатар, Қазақстан ИЫҰ-ға кіретін барша халықтардың игілігіне сауда-экономикалық ынтымақтастықты айтарлықтай ұлғайтуға, интеграциялық үдерістерді арттыра түсуге деген жақсы себепке ие болары сөзсіз.
Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА, Білім және ғылым министрлігі Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.