Тамыз айы тамылжып, дала жұмыстарының қарбаластығымен ерекшеленуде. Диқандар ас атасы – нанның молдығы үшін тер төгіп, көктемнің әр күнін тиімді пайдаланды. Нәтижесінде 391094 гектарға себілген дәнді-дақылдың қазіргі кезде 133243 гектарына орақ түскен. Және 254707 тонна алтын дән бастырылып, қамбаға құйылды. Қазір береке бастауы саналатын жауапты науқан өңірдің барлық аудандарында қауырт жүргізілуде. Мәселен, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Талғар, Көксу, Іле аудандарының диқандары өзгелерден алда.
Орақ түскен сәттен бастап, келесі жылға тұқым құю жұмысы да қарқын алды. Келесі жылға қажетті 92429 тонна тұқымның алды тиісті орындарға жеткізілгені осының дәлелі.
Жетісудың топырағы торқа, жапырағы қамқа екені белгілі. Құнарлы жерге отырғызылған масақты дақылдан кейінгі бағалы тағам – картоп жинау барлық аудандарда жалғасқан. Ағымдағы жылы облыстағы 35278 гектарға себілген картоптың 4300 гектары жиналды. Өнім Алматы мен Талдықорған қаласының тұтынушыларына ұсынылып, базар сөрелерінен орын алды. Орта есеппен әр гектардан 138,3 центнерден түсім жиналуда. Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Ескелді, Талғар аудандары мен Текелі қаласының диқандары аталған дақылды жинауда белсенділік танытса, картоптың жалпы түсімі 38511 тоннаға жетті.
Биыл жетісулықтар 27175 гектарға көкөніс түрлерін орналастырса, 5236 гектар алқаптың өнімі жиналды. Жалпы түсім 128150 тоннаны құрады. Бақша дақылдарынан алынатын өнім де жоғары. Осылайша жазғы дала жұмыстары ұйымшылдықпен атқарылып, диқан қауымы оны ысырапқа ұшыратпай, дер кезінде жинап алуға кіріскен.
Қазіргі таңда облыста алтын астықты сақтап, өндіріске жеткізетін 28 кәсіпорын мен элеватор бар. Талапқа сай жыл сайын астық қабылдау мекемелерінің біліктілігі және жаңа астық қабылдауға дайындығы тексерілген.
Оңтүстік аймақ өкілдігі бойынша Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы 2010 жылы тендерлік негізде Көксу ауданында орналасқан «Боздақ» астық қабылдау кәсіпорнын мемлекеттік астық қорын сақтауға таңдап алған еді. Онда 200 тонна екінші класты арпа сақталған.
Қазіргі кезде облыстағы астық қабылдау кәсіпорындары жаңа астықты қабылдау кезінде материалдық-техникалық базаларды, оның ішінде астық сақтайтын қоймаларды, астық кептіргіштерді, астық тазарту өлшеу құралдарын, зертханаларды, таразыларды және тағы басқа қажеттіліктерді толық дайындап, іскерлік танытқанын да атап өтуге болады.
Нан болса, береке мен байлыққа берік негіз қаланады. Осыны ескерген жетісулық диқандар ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып, алқаптағы қызу еңбекті жалғастыруда.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.