Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден сақтандыру мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізуде. Солардың бірі комитеттің «Бизнес тірегі» жобасы (www.pravstat.kz) болып табылады.
Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарында қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес, құқықтық актілерді міндетті түрде тексеруден өткізуді жүзеге асырады.
«Бизнес тірегі» жобасында тексеру өндірісі тексеруді тағайындау және тіркеу, тікелей тексеру жүргізу болып 2 кезеңге бөлінеді.
Тексеруді тағайындау және тіркеу кезінде комитет өз өкілеттігі шегінде, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тексеру актісін тіркеуден бас тартады. Қазіргі таңда тексеруді тіркеуден бас тартудың 15 негізі бар.
«Бизнес тірегінің» 2-ші кезең бойынша – Тікелей тексеру жүргізу кезінде жоғарыда көрсетілген сайттың «Кәсіпкерлерге тексеру жүргізуді тіркеу туралы ақпарат» бөлімінде мемлекеттік қызметкердің тексеруді тіркеу актісінің нөмірін енгізу арқылы, тексеру актісінің комитетте тіркелген, тіркелмегендігін, тексеру жүргізу уақытын, сонымен қатар кәсіпкер өзінің және тексеруші жақтың құқықтары мен міндеттерімен таныса алады.
Дәл осындай ақпаратты кәсіпкер ұялы сымтетігінен «1012» нөміріне хабарлама жіберу арқылы тез арада ала алады. Сонымен қатар кәсіпкерге тексеру барысындағы заң бұзушылықтар туралы ақпаратты жіберу мүмкіндігі де берілген. Хабарлама жіберу үшін, өзі туралы деректерді және жіберілген кемшіліктер мен заң бұзушылықтар туралы жазып жіберуі қажет.
Бақылау және қадағалау қызметтерін жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру жүргізудің мерзімдері мен нысанын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде отыз күн бұрын жоспарлы тексеру жүргізудің басталатыны туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабарлауға міндетті.
Бекбол АМАНГЕЛДІ, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аймақтық көліктік басқармасы құқықтық статистика бөлімінің аға прокуроры.