Үйірінен қапияда адасып, саяқ қалған аталық сарыала қаз – отүйрек жападан-жалғыз ұзақ ұшты. Қарлы шыңдары заңғар көкке қарай асқақтаған тауларды бетке ұстап, қанаты талғанша ұшты. Бағдары – жылдағы мекені Мыңжылқы шатқалындағы аядай ғана көл еді.
Бұл мезгіл ерте көктемнің жылымық лебі енді-енді сезіле бастаған наурыз айының орталап қалған шағы болатын. Адаспай, ауытқымай жеткен тұста отүйрек таудың түстік беткейінде тұтасып, шөгіп қалған қалың тұманға кез болды. Шатқалдың ортасында бұйығып жатқан аядай көлді саңылаусыз бозғыл мұнар көзден мүлдем тасалап тастады. Қанат серпіні марғау тартқан жалғыз қаз үлкен қаланың тау баурайына таман орын тепкен шеткі үйлерінің төбесінен айнала ұшып, шағындау бір тып-тыныш аулаға кеп қонды...
* * *
Тып-тыныш ауладағы жасыл шатырлы, бір қабатты бәкене үйдің иесі – жасы биыл мүшелге шыққан, қырық тоғыздағы жігіт ағасы Мұрсәлім суретші болатын. Жалғызбасты тіршілігіне әрі шығармашылық кәсібіне ыңғайлы болғасын қаланың орталығындағы екі бөлмелі пәтерін сатып, осында қоныс аударғанына да үш жылға жуық уақыт өткен еді. Шеберханасы да, тұратын жәйі де – осы үй. Апталап, кейде тіпті айлап үйінен шықпай жұмыс істейтін ол жалқы басының осы бірөңкей тіршілігіне әбден көндігіп кеткен-ді.
Әйелі Күнайым Астанада жоғары биліктегі мемлекеттік қызметті жағалап жүрген жалғыз ұлдары Арысбектің қолына көшіп барғалы бұған көп қарайлағысы жоқ тәрізді.Өзімен-өзі бұйығы жүруге көбірек бейім, момын Мұрсәлім оның өмірінен алыстап бара жатқандай еді. Суретшілік шығармашылықта дара шауып, аты озған, көрмелері жыл сайын Қазақстанда, шет елдерде бірінен соң бірі өтіп жатқан әлдекімдердей емес, қарапайым ғана тіршілік кешкенін қанағат тұтатын Мұрсәлім – Күнайым үшін өмірде ол жолы болмаған жан. Осы жасқа келгенше бір де бір атағы жоқ, оқта-текте ғана ортақ көрмелерге бір-екі картинасы ілінетін, санда бар да, санатта жоқ күйеуінің мардымсыз тірлігіне жүдеген Күнайым екеуінің арасындағы жалғыз дәнекер Арысбек үшін ғана онымен ерлі-зайыптылық тіршілігін бұзбауға мәжбүр.
Әйелінің жанын күйзелткен жәйтқа таусылып күйремей, тек қана күле қарайтын Мұрсәлімнің адам болып өмір сүру туралы ішкі ұстанымы өзгелерден мүлдем бөлек. Атақ пен даңқ үшін ғана өнерге қызмет етуді пендешелік санайтын оған атағы шыққан пәленшекеңдердің мықтыларға тәуелді тіршілігі аянышты көрінеді. Әлдебір күштілердің елеп-ескеруіне зәру адамның өнердегі жолы ерте ме, кеш пе, бәрібір тұйыққа тірелетініне өз басы кәміл сенімді.
Өзінің жеке пайымынан айнымай өмір кешкен Мұрсәлім тіршілігінде ешқашан да, ештеңеге өкінген жан емес. Күнделікті дағдысынан жаңылмай, бояу әлемінің ішіне еніп, жан-дүниесі таңғажайып күй кешеді.
Жұмыстан азырақ тыныстағысы келгендей болған сәттерде, шағын ауланың түп жағындағы кәрі үйеңкінің жанындағы сәкі-орындыққа жайғасып, темекі шегеді. Темекінің түтінін ширата отырып әлдебір ұзақ-ұзақ ойларға берілу де – оның ала-бөтен дағдысы. Ұзақ ойдың дәйегі өзінің рухани кәсібі – кескіндеме өнерінде таңдаған тақырыбы адам мен табиғаттың үйлесіміне кеп саяды....
Бейуақта келген ойлардан қажыған әрі түн жарымына дейін шеберханасында отырып, «Шарын құбылысы» циклінен жазылып жатқан триптихтің соңғы картинасының штрих-бояуларын дәлдеумен көп әуреленген Мұрсәлім сілесі қата қалжырап, ескі диванға қисайған күйі қалың ұйқыға шомған болатын. Таң атар-атпастан тік құлақ кәрі төбет Принцтің әлденеге мазасызданып қайта-қайта әупілдеп үргені де оны селт еткізбеді. Сәскеге тырмыса келген мезгілде ғана мең-зең күйде басын зорға көтерді. Ұйқыдан оянған мезеттегі қашанғы дағдысынша сигаретін іздеп еді, бояудан сағал-сағал болған көне джинси-шалбарының қалтасынан қолына темекінің қаудырлаған бос қорабы ілінді. Толық серги алмай, қауғадай басын салбырап, ұйпа-тұйпа ақбоз шашының шүйде тұсы дудырап, шекесі құрыстанған күйі сыртқа шықты.
Үйшігінен атып шыққан Принц қарғыбауынан байланған ұзын шынжырын сүйретіп, құйрығын бұлғаңдатып иесіне қарай арсалаңдай ұмтыла түсті де, ауланың түкпір жағындағы үлкен қойтастың үстінде тұмсығын қанатының астына тығып, қорғалап отырған жабайы қаз – отүйрекке селт ете қарап, ызалана ырылдады. Аула төңірегіне өзі ғана қожалық ететін тік құлақ төбет бұл араға бөгде жан иесінің тосыннан келіп кіріккеніне наразы еді. Таңертеңгісін ұшып келгеннен бері сол орыннан мызғымаған сарыала қаз тік құлақ төбеттің жүйкесін кәдімгідей-ақ ширықтырып біткендей.
Мұрсәлім таң-тамаша болды. Жан-жақтағы көршілердің ауласынан адасып кірген үй құсы ма деп еді әуелі, бірақ сыртқы түр-тұрқын қолдың асыранды үйрек-қазына ұқсатыңқырамады. Қанаты, бауыры, құйрығы – тұтас сарғыш қызыл, басы, мойны – ақшыл, қызыл тұмсықты, аяғы үйректікіндей онша қысқа да емес құстың кейпі қазға да, үйрекке де келіңкірейтін сияқты ма, қалай?! Және өзінің адамнан үркіп, үргелектемейтінін қайтерсің.
Күн төбеден ауғанша қойтастың үстінен тапжылмаған сарыала қаз ұзақ қиырдан әбден қалжырап талған қанатына дамыл берді. Оқта-текте ғана дүр сілкініп, мойнын қылт-қылт еткізіп айналасына қарағыштап қойғаны болмаса, сол қалпынан айнымады. Ызалы көздерінің зәрін жасырмай, үнемі ырылдаумен болған мақұлықтан ғана секемі бар, әйтпесе ауық-ауық өзіне жақын келіп, қарағыштап кетіп жүрген адамнан төнер қауіп-қатер жоқ екенін түйсіктегендей, сарыала қаз тыныш ауланы күнұзағына қаннен-қаперсіз паналады.
Мұрсәлім тауық, үйрек сияқты үй құстарын ұстайтын қарсы беттегі көршісі татар шалы Ғабдрахимнан бір тостақтай арпа-жем сұрап алып, сарыала қаз отырған тұғыр-қойтастың қасына шашып тастады. Шөлдесе ішер деп кішкене шұңғылша ыдысқа су да құйып қойды.
Итаяғына екі-үш мәрте ас құйып кеткені болмаса, күндегідей бір мезгіл еркелетіп, мұны шынжырдан босату қаперіне кірмеген иесіне Принц мүләйім жалынышпен қарап қанша қыңсыласа да, назарын өзіне аударта алмады. Иесі әлгі құстың маңайын төңіректей бергесін, төбет үйшігіне кіріп бүк түсіп жатып алды.
Өзінің үйреншікті орны – кәрі үйеңкінің түбіндегі сәкі-орындыққа барып ауық-ауық темекі шеккен Мұрсәлім, сарыала қаздың аула ішіндегі жаңа тіршілігіне көз тастап, сырттай бақылаумен болды.
Қойтастың айналасында шашылып жатқан арпаны теріп жеп, жемсауын тоғайтқан отүйрек аяғын байпаңдай бір басып,екі басып, сенектің алдына барды. Сенектің алдындағы табалдырыққа шығып, есіктің сыртынан дыбыс аңдығандай басын оңға, солға бұрып, елең-құлаң етті. Содан соң, қанатын сәл серпіп, дене тұрқын құйрығымен демеп табалдырықтан ырғып түскен құс: «Е, бұл үйде тұратын сенбісің?» дегендей, мойнын қылт-қылт еткізіп Мұрсәлім жаққа қарағыштап қойды.
Ойда жоқта ұшып кеп қонған қайдағы бір құсқа бола күнделікті үйреншікті тіршілігінің дағдысынан жаңылып, көңілі бей-берекет елеңдей бергеніне Мұрсәлімнің өзі де қайран.
Сол күні кешқұрым үй иесі сарыала қаздан көз жазып қалды. Ғайыптан-ғайып ұшып келген құс аяқ астынан ғайыптан-ғайып жоқ болды.
«Е, солай болса керекті, – деп ұйғарды Мұрсәлім. – Бауыр басқан өз мекеніне қайтып оралған ғой, байғұс құс. Бұл араны паналауға ұшып келмеген болар-ау!? Суы жоқ, нуы жоқ жадағай жерді неғылсын түздің құсы?!»
Келесі күні ертеңгісін Мұрсәлім өз көзіне өзі сенбей, тағы да таң-тамаша болып аңтарылып қалды. Сарыала қаз – отүйрек сол кәрі үйеңкенің түбінде, кешегі орнында қорғалап отырды...
Осылайша күнде кешқұрым әлдеқайда ұшып кетіп, таңертеңгісін Мұрсәлімнің ауласына ұшып келу сарыала қаздың күнделікті жаңылмас дағдысына айнала бастады. Құстың мұндай тіршілігіне Мұрсәлімнің де көзі үйреніп алды. Оның бұдан былайғы күнделікті дағдылы тіршілігіне, ауласына ғайыптан пайда болған құсты жемдеп асыраудың қамы қосылды. Бір күні арнайы шаруа қылып, Тастақ базарына барып бір қап арпа сатып алды.
Көршісі Ғабдрахимның мұның құстың жемін тасып, абың-күбің болып жүрген тірлігіне жымия күліп:
– Е, Мұрсәлім, бұ отуйрәк-қаз сизгә келіп, басыңызға қунған бақ құс боларға керәк, сірә. Ошуған бек қуанғайсиз. Бұдан әри күндәриңизда жулыңыз болар, миң билсәм, – деп жасаған сәуегейлігін ол шегір көз, ақшұнақ татар шалдың қашандағы қалжыңбастығына сайған.
Бір күні кешкілік Астанадан қоңырау шалып, мұның тірлігінен хабар алғысы келген Күнайым күйеуінің аулаға ойда-жоқта өзі ұшып келіп қонған қаз туралы айтқанына:
– Қондырған құсың құтты болсын, енді жолың ашылар, – деді кекесін араластыра мырс етіп күліп. – Ендігі жетпегені саңғырығы сасыған қайдағы бір құс еді, жақсы болған екен. Келесі аптада Арысбек қызметінің бір реттерімен Алматыға барып қайтады. Баланың жағдайына қара, далбасалай бермей.
Әйелінің қит етсе кекеп, мінеп сөйлейтініне еті өліп кеткен ол қанша мән бергісі келмесе де, құсқа қатысты әлгіндей айтқаны басында зыңылдап тұрып алды.
«Апыр-ай, ә, бұл, сірә, шынымен-ақ тегін құс емес шығар, – деп кәдімгідей ойға қалды Мұрсәлім. – Әйтпесе мына Ғабдрахим шалдың немесе, асабалық жасап тапқан ақшасын казинода ұттырудан көз ашпайтын әлгі әнші, серісымақ Бекметтің ауласына барып неге қонбаған?! Біржола ұшып кетпей, біздің аулаға келіп қонақтап жүргені бекер емес, құдай біледі, бекер емес...»
Мұрсәлімнің сарыала қазға деген ықыласы өзінше бір мәнге ие болды. Бояуының кейбір тұстағы шынайы реңін таба алмай, қайта-қайта оралып соғып, сәтті бітіруге әрекет еткен триптихінің ақыры ойдағыдай шыққанын да ол осы құстың ұшып келуімен байланыстырып, іштей өзін осыған иландырғысы келді.
Алғаш көргенінде атақты Шарын шатқалының өн-бойы тұнған өмірдің сырлы жұмбағы, табиғат құдіретімен мүсінделіп қалған нешеме түрлі бейнетаста әрқилы жанды образ менмұндалағандай әсерімен баураған еді Мұрсәлімді. Содан бері әркез арнайы барып, апталап, айлап жүріп, қағазға түсірген, тұнып тұрған бояудың реңін жадына сіңірген оның бұл үлкен жұмысты жасай бастағанына бірталай уақыт өтсе де, тұтастай тиянағын таба алмай жүрген болатын. Шын мәнінде Шарын тақырыбы тасқа айналып, сөйлеп тұрған мына жаһандық болмыс туралы өзіндік бір өміршең ойы бар шығармаға айналуға тиіс деген суреткерлік ынтасы ақыры өз діттегенінен шыққанына Мұрсәлім айрықша қуанды.
Триптихтың соңғы нүктесін қойған ол бұл күнді өмірінің ерекше бір сәтті оқиғасы деп санады да, бірер саптыаяқ сыра ішіп, көңілін сергітуді ойлады.
... Кәрі үйеңкенің түбіндегі сәкіде қонақтап отырған сарыала қаз қақпа алдында әлдекімнің Мұрсәліммен әнтек көңілдене сөйлесіп келе жатқан дабыра-дыбысына елеңдеп, мойнын қылтың-қылтың еткізді.
– Бұл жеңісіңді, енді шеберханаңда жуамыз Мұрсаға! – Бекмет желкесіне жалбырай түскен ұзын шашы одан сайын сопайтқан сопақ басын бір шалқалақтатып қойды. – Мұндай оқиға күнде бола бермейді!..
Көшенің төменгі жағындағы сыраханада бас қосып әжептәуір қызған Мұрсәлім мен Бекмет кеш түскенше гөй-гөйлеумен болды.
Аула иесінің күнделікті бертін бір тостақ арпасын күткен сарыала қаз сыртқы табалдырықтың алдына келіп, бауырын жерге төсеп жатып алды.
– Еһ, шіркін, осындай бір бақ құсы менің аулама келіп қонса ғой! –деп қиялданды аздап масая бастаған Бекмет. – Қонса ғой, шіркін!..
– Қонса, «казинодан жолым болар еді» дегің келеді ғой, ә, қу бала!?.. – Мұрсәлім кезекті шишаның түбіндегіні екеуіне бөліп құйып, Бекметке ыржия қарады. – Ертең сенің аулаңа қарай ұшырып жіберейін бақ құсын...
– Тек казинодан ғана емес, бәрінен де жолым болар еді, Мұрсаға. Бәрінен де! Ешкімге керегі болмай, қаңғып қалған әнші Бекмет бұрынғы жолына қайтып түсер еді. Қошамет-құрмет, халыққа танымал болудың бақыты, бәрі-бәрі үйіріліп басыма қайта қонар еді-ау, білсеңіз!..
Бекметтің көңіліндегіні шала-мұла түйсіктегендей болған Мұрсәлім басын қайта-қайта изеп, оны мақұлдағандай кейіп танытты.
– Міне, міне, енді түсіндіңіз. Бірақ бұл үшін ақша керек алдымен. Ал ақшаны мына мен өзімнің тірлігіммен ғана тауып жүрмін, өзімнің тірлігіммен, бірақ бәрібір жолым болар емес... Мені құртқан қарғыс атқыр казино ғой, казино!.. Егер бір рет, бар-жоғы бір рет қана ұтсам, бір-ақ рет жолым болса, адам айтқысыз байып, өзіме-өзім келер ем-ау, адам құсап! Осындай бақ құсы маған да қонып, бір-ақ мәрте сәттілік сыйласа ғой, шіркін-ай!.. Еһ, шіркін-ай, шіркін-ай! Құрып кеткір, өмір-ай!
Қолымен бетін басып, екі иығы селкілдеп өңкілдей жылаған Бекметті қапелімде жұбатудың амалын таппай дағдарған Мұрсәлім басы салбырап сәл үнсіз отырды да, қолын бір сілтей салып, орнынан тұрып сыртқы есікке қарай беттеді.
Жазғы ұзақ кештің жарығы әлі толық семе қоймаған, түн қойнауы бүркемеленбеген қоңырқай шақта дәл табалдырықтың алдында тұмсығын қанатының астына тығып, қорғалап отырған сарыала қазды көргенде Мұрсәлім мастығынан айығып кетті.
– Бүгін ұшып кетпепсің ғой, бақ құсым-ау! Неғып ұшпағансың, а? – Мұрсәлім таңғалған күйі құсқа қарай қолын соза түсіп, қалт тұрып қалды. Бүгін мұны да жемдемегені, Принцтің де итаяғына ас құймағаны осы сәтте есіне сап ете түсті. Үйге дереу қайта кіріп, бір тостақ арпа алып шыққанша, отүйрек ауладан күндегі ұшып жүрген бағытымен шатқалдың арасындағы көлге қарай қанатымен сусыл қағып, самғап кете барды.
Мұрсәлім ауланың ортасында аңтарылып, көңілі әлем-жәлем болып, самсоз тұрып қалды. «Осы жолы біржола, бұл араға ендігәрі қайтып оралмастай болып ұшып кеткен шығар. Қуанған көңілін ащы судың буымен есірткенді қанағат тұтар, тіршілігі берекесіз, жолы болмай жүрген адамның басына бақ құсы болып жарытпайтынын білгесін ұшып кеттің-ау қасиетіңнің айналайын, құсым-ау!»
Көңіл сарайы желпініп,сәтті басталған күннің бұлайша көңілсіздеу тәмамдалғанына ол кәдімгідей налыды. Тозығы жеткен ескі диванда отырған күйі, жақтауына басын қисайта салып қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан Бекметті иығынан әрі-бері түрткілеп оятқысы келіп еді, оянбады....
... Оянса, талма түстің шаңқима күні тесірейіп талмаураған кез екен. Басы қорғасын құйып қойғандай, зіл батпан. Бекмет тұрып кетіпті. Шеберхананың іші темекінің ысы мен арақтың кермек аралас жағымсыздау күйік исіне бығып тұр. Орнынан ырғала тұрып, кеудесін зорға көтеріп, есеңгіреген қалпы есік алдына шыққаны сол еді, кәрі үйеңкінің түбіндегі сәкі жақтан «ғақ-құр, ғақ-құр» деген сарыала қаздың тамағынан сәл жыртыла шыққан дыбысы құлағына шалынды.
«Міне, ғажап! Бақ құсы қайтып оралыпты аулаға, біржола ұшып кетпепті». Мұрсәлімнің көңіл-сарайы кенеттен жайма-шуақ күйге бөленіп, жадырап сала берді...
Сол күні ол «Шарын құбылысы» триптихын Бейнелеу өнері музейіндегі өнертанушы, ескі танысы Құрышжанға көрсетуді ұйғарып, қоңырау шалды. Мұрсәлімді талантты, өзіндік қолтаңбасы бар кескіндемеші деп бағалайтын еді ол.
– Қайда жоғалып кетті деп ойлап жүргем, хабарласқаның жақсы болды, – деп Құрышжан мұның шақыруын құба-құп алды. – «ЮНЕСКО» аясында үлкен халықаралық конкурс жарияланды, қазір соған дайындық жұмысы жүріп жатыр, Қазақстан кескіндемешілерінің жаңа суреттерін іріктеу үшін арнайы комиссия құрылған, жаңа жұмысың сәтті шықса, соған ұсынып көрмеймісің...
– Алдымен мұны сен көруге тиіссің. Лайықты десең ғана ойланып көруге болады...
Триптихтың Құрышжанға ұнағаны соншалық, бұны осы беделді конкурсқа жіберу жұмысына қолынан келгенше көмек беруді өз мойнына алды. Мұрсәлім бұған кәдімгідей марқайып қалды. Халықаралық конкурсқа қатысты деген атақтың өзі кейін өзінің жеке көрмесін ұйымдастыруға да жол ашып қалар деген дәмеден де құр алақан емес еді.
Суретшілік қарекетіндегі осындай аз-мұз сәттіліктерге көңілі өскен Мұрсәлім өз-өзімен оңашаланған бұйығылау тірлігінен кәдімгідей сейіліп, ауладағы оны-мұны тірлікпен айналысты.
Кәрі үйеңкенің көлеңкесіндегі тозығы жеткен сәкіні жөндеді.
Жаз шыққалы тым жадау тартып, бөксесі майысып, басы салбырап, үйшігінде сұлқ жата беретін Принцті қаланың бір шетіндегі ветеринарлық емханаға апаруға да бір күнін арнады.
Жез мұртты, кекселеу орыс ветеринар итті олай қарап, бұлай қарап, ешқандай ауруы жоқ деген ұйғарым жасады.
– Итіңіз әбден қартайған, бұған қолдан келер ешбір шара жоқ. Байлауда тұрса, бұдан былай қарғыбауын ағытып, жақсылап тамақ беріп, күтіңіз. Бәлкім, сонда ғана біразға дейін жүре тұрар есігіңіздің көзінде серік болып...
Бұрынғы қожайыны сатқан үйінің жұртына, Мұрсәлімге тастап кеткен бұл ит оған кәдімгідей-ақ ес еді. Үш жылдан бері өзіне серік әрі үйге адал күзетші болған тілсіз мақұлықтың мүләйім кейпі оның жүрегін еріксіз шым еткізді.
Шынжырдан босанған Принц үйшігін тастап, үйдің кіре берісіндегі жайпақ ағаш табалдырықты өзіне жатын орны етіп алды. О бастан екеуінің жұлдызы жараспаған сарыала қаз бұның үйшігінің маңына мүлдем жуымайтын еді, ол да енді, неге екені, осы жерге келіп иттің қасына келіп қонақтайтын болды. Және ғажабы, бақ құсы бұрынғыдай кешке ұшып кетуін сиретіп, үнемі Принцтің төңірегінен ұзамады.
Мұрсәлім қос мақұлықтың – құс пен иттің бұл үндестігіне еріксіз қайран қалды. «Табиғаттың бұл да бір адам санасына бимәлім тылсым-жұмбағы болар, – деп ойға қалды бір сәт – мүсіркеу мен аяушылық түйсігі, сірә, бұларға да ерекше тән екен-ау. Ғажап!..»
Ас ішуден қалып, бүйірі қабысқан Принц екі-үш күн бойы тапжылмай жатып алды. Сарыала қаз да бұл күндері иттің жанында жатып, бауырын көтермеді.
Итшілік тірлігінің соңғы мезеттерін тым-тырс мүлги күткен Принц сол түні ақырғы дәрменімен тірсектері тәлтіректеп, сүйретілген күйі табалдырықтан ұзап, қақпа сыртынан былайырақ шыға бере, көшенің арғы бет жиегіне жетіп жантәсілім болды.
Табалдырықтың алдында жетімсіреп жалғыз қалған отүйрек-сарыала қаз таң бозарғанша тамағын жыртып, дамылсыз «ғақ-құр, ғақ-құр» деп қиқулап шықты.
Әлденеге тынышсызданып, жайсыз ұйықтаған Мұрсәлім таң сыз бере қаздың қиқуынан селт етіп оянып кетті де, кірпігі ілінбей қойды. Төсегінде әрі аунақшып, бері аунақшып жатты да, күннің ілкім шапағы терезеден сығалай бастаған кезде орнынан тұрып, сыртқа шықты.
Итті ауланың ішінен іздеп таба алмай қақпаның сыртына шыққан Мұрсәлімге қарсы алдынан Ғабдрахим шал кезікті. Сарыла қаздың қиқуы оны да ұйықтатпапты.
– Бұ құс нигә осунша қиқу салад дисәм, ана иттің мерттиккәнін сизип қиқулаган екан да, о, қудрат! Айттым ғой сизга, бұ қасиетті қус, тигин емес, қасиетті қус! – Татар шал қолындағы ұзын таяғымен нұсқап, көшенің арғы жиегінде өліп жатқан Принцті көрсетті. – Жақсы ит боларға кирәк, үйден узап өліпті...
– «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді», деуші еді біздің қазақта, сөйткісі келіп, бірақ әл-дәрмені жетпегені ғой байғұстың. Қайтерсің енді...
Сарыала қаз Принц жатқан табалдырықтың маңынан кетпей, бірнеше күн бойы оны жоқтағандай түйсікпен сол жерде қонақтап, қорғалап жүрді.
Күн артынан күн өткізумен сылбыр жүрген мезгілдерінің бірінде Мұрсәлімге сонау Еуропа төріндегі Парижден сүйіншілетіп, мүлдем күтпеген ғажайып жақсы хабар жетті. Халықаралық конкурстың бас жүлдесін алған қазақ суретшісінің «Шарын құбылысы» триптихы туралы хабар төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне тарап, Мұрсәлімнің атағы бас-аяғы бір-екі күннің ішінде зорайып шыға келді. Баспасөз, ғаламтор арналары бұрын-соңды есімі мәлім болмаған жаңа таланттың кескіндеме өнеріндегі ғажайып туындысын мадақтаумен болды.
Сол күндері тау баурайындағы үлкен қаланың шетіндегі жасыл шатырлы бәкене үйдің ауласына келіп-кетушілердің тасқыны толас таппай қойды. Журналистер, камера және тағы басқа асай-мүсейлерін артынған телеарналардың өкілдері, киношылар, көптен бері араласпай жүрген, оның бар- жоғынан хабарсыз қалған Мұрсәлімнің көп достары мен атақты әріптестері күн құрғатпай дамылсыз келумен болды.
Бақса, бұл өзінің өмірде, өнерде кім екенін білмей жүріпті... Мұрсәлім сынды тума таланттар жүз жылда бір туады екен... Бақса, оның керемет талант екені оны танитын жұрттың бәріне о бастан мәлім екен!
Ал журналистерді мұндай шедевр тудырудың сыры неде, оны қалай жаздыңыз, қанша уақыт жаздыңыз, бұрын-соңды неліктен жеке көрмелеріңіз болмаған, бұдан басқа атақты суреттеріңіз қай музейде тұр деген сияқты сауалдар ынтықтырды. Не десін, бәрін де қаз-қалпында айтып берді. Шедевр тудырам деген ой үш ұйықтаса да, түсіне кірмегенін жасырмады. Жеке көрме жасау үшін әркімдерге барып, бас иіп жүргісі келмегенін де бүкпей ашық айтты. Бұл жауап репортерлерге ұнамады. Олардың суретшіден күткені сенсациялық пафос еді. «Барым осы, – деді қылқалам иесі. Сендер үшін желпініп өтірік сөйлей алмаймын».
Күйеуінің атын шығарып жатқан ел аузындағы жаңалық хабарға сенерін де, сенбесін де білмеген Күнайым Астанадан жеделдетіп ұшып келді. Жәй келген жоқ, алыстағы, жақындағы осы қалай деген ағайын-туысты хабардар етіп, қуаныштарын бөлісуге шақыра келді.
Мұрсәлім әйелінің той жасаймын деп желіккеніне үзілді-кесілді қарсы болды.
– Өмірінде өліп-талып қолы жеткен бір болмашы жетістігі екен, тыраштануын қара байғұстың деп алдымен сол ағайындарың табалайды. Дабыра-шу ғып той жасайтын болсаң, менсіз өзің жаса. Мен кетіп қалам, қалада болмаймын...
– Омай-ай деген, бұл қарсы болады екен, кетіп қалады екен ұялып, енді қайттік?! – деп мырс-мырс күліп кекеткен әйеліне қолын жұлқына бір-ақ сілтеген Мұрсәлім есікті тарс жауып шығып кетті.
Кәрі үйеңкінің түбіне барып, асықпай отырып темекісін тұтатқан ол, осы күндері өзінің әбден қалжырағанын сезгендей болды. Көңілі түспегір әлденеге орнықпай-ақ қойды. Өзіне, бас жүлдені үкілеген картинасына қатысты айтылған сөздердің бәрі мұның адам ретіндегі табиғи мықтылығын сынау үшін жасалған әлдекімдердің қасақана әрекетіндей көрінді. Бәлкім, даңқты болуға да адамның ерекше күш-жігері қажет шығар, ал мен сол ерекшеліктен ада-күде таза боп жаралған пендемін. Сол үшін неге зардап шегуім керек?! Осы жұрттың менен ала алмай жүрген есесі бардай, жан-жақтан анталауы неліктен. Әлгі бір шикі бозөкпе, өзіңіз жөнінде шын сөйлемей, жұртқа керек сөзді айтуыңыз керек деп ақыл үйретеді маған. Ал парықсыз қатынның сиқы мынау. Менен күдерін үзіп, баланы сағалаған ақылсыз неме алып-ұшып жетіп кепті. Той жасамақшы. Бос тірлікпен сандалған бейшаралар. Жә, жетті. Соларға бола бас қатырудың жөні болмас. Онан да Бекметті ертіп сыраханадан екі-үш саптыаяқтан тартып жібергеннен артық ештеңе жоқ!
Ұйқыдан басы ісіп, көзі қанталаған Бекмет Мұрсәлімнің сыраханаға шақырғанына балаша қуанды. Шолақжең тар жейдесін қушық иығына тырыстыра киіп, сандалшасын жалаң аяғына іліп алып, мұның соңынан ілесіп жүре берді.
Сыраның екі саптаяғын бірінен соң бірін сімірген Бекметтің маңдайы тершіп, көзі демде жайнап шыға келді.
– Әй, дегенмен де жарадың сен! Кім екеніңді дәлелдедің. Ана бақ құсы саған кеп бекер қонбапты. Мәладес, Мұрсаға! – деп еліре бергені сол еді, Мұрсәлім оған ажырая қарап, шалт қимылмен бүріп, оны жағадан алды.
– Өй, сен-н, немене жынданғанбысың өзің! – деп қапелімде сасқалақтап қалған Бекмет өң-түсі бозарып шыға келді.
– Мен сені сыраға кім екенімді айтқызу үшін шақырғам жоқ, осыны ұқ, игроман неме!..
– Кім «игроман», не деп сандалап тұрсың өзің! Бүйткен сыраңның тап әкесінің аузын...
Жаны күйіп кеткен Мұрсәлім өн-бойын кенет керней жөнелген ашуды игере алмады. Мұрнынан саулаған қаннан Бекметтің тар жидесінің өңірі қып-қызыл болды. Арашаға түскендер екеуін екі жаққа айырып жіберді.
– Жолы болмаған сорлы бояушы. Қарай гөр өзінің күшеюін. Атағың шықпай жүр екенсің ғой...
Мұрсәлім оның байбайлам салып, қатынша бажылдаған даусын естігісі келмей құлағын басып, мойнын бұрмастан кете барды.
Төсегіне келіп сұлқ түсіп жатып, тұла-бойы қалтырап, біразға шейін өз-өзіне келе алмады. Сөйтіп жатып жүйкесі әбден қалжыраған ол кеш бойы, түнімен тұяқ серіппестен, қалың ұйқыға бас қойды.
Ал таңертеңгісін Күнайым тұр-тұрлап дігірлемегенде тапа-тал түске шейін ояна қоюы да неғайбыл еді.
Шай үстінде әйелі:
– Ана асыранды құсың саңғырып, ауланың ішін әбден бүлдіріпті, кеше кеш бойы аула тазаладым, – деді құдды бір үлкен шаруа тындырғандай екпінмен. – Қарамағансың тіпті. Ит те осының саңғырығын жеп, уланып өлген ғой, мен білсем...
Мұрсәлім тырс демеді. Әйелінің сөзін мүлдем естімеген адамдай, шайын асықпай сораптай берді.
– Енді аулаға саңғымайтын болады, – деді Күнайым, тағы да бір әңгіменің шетін шығарып. – Ғабдрахим көршінің артық бір тор үйшігі бар екен, соны арзанға сатып алып, ішіне қамап қойдым бақ құсыңды. Бір жағынан, ұшып кетпейтін болады, кім білген, күз жақындап қалды, түздің жабайы құсы ұшып та кетуі мүмкін ғой!..
– Не дедің, сен қатын! – деп бар даусымен зірк етіп, орнынан атып тұрған Мұрсәлім алқын-жұлқын есікке қарай ұмтылды. – Торға сені қамау керек, құсты емес, сені, сендейлерді!..
Өзі білетін Мұрсәлімнің бұлайша тосын мінез көрсеткенін өмірі көрмеген Күнайым, тілі байланып, меңірейген қалпы есеңгіреп отырып қалды. Бұл бұрынғы Мұрсәлім емес, басқа Мұрсәлім еді...
Ауланың көзден таса бір түкпіріне орнатылған тор үйшіктің есікшесін қирата-мирата, топсасымен қоса жұлып алған Мұрсәлімнің әнтек шалт қимылынан секем алған отүйрек-сарыала қаз үргелектеп, бұрыштан-бұрышқа тығылды.
– Шыға ғой, бақ құсы, шыға ғой өзіңнің бұрынғы еркіндігіңе, мінекей жолың ашық!..
Қамалған тор-қапастан құс емін-еркін үркектемей шықсын деп Мұрсәлім кәрі үйеңкінің көлеңкесіндегі сәкіге қарай кетті.
Отүйрек-сарыала қаз тор үйшікті тастап еркіндікке шыққанымен, аула ішіндегі кеңістікке бұрынғыдай емес, бойын үйрете алмады. Қойтастың үстіне жайбарақат барып қорғалап отырса да, кеше өзін торға қамаған, бұл аулаға жат, бөгде жан тағы да бұған таяп келіп қалардай, селт етіп үргелектей берді. Тып-тымық, мамыражай тыныштықтың бәзбаяғы кенеуі кетіп, аула іші әлденеге құлазып тұрды.
* * *
Отүйрек ендігі бір мезетте дүр сілкініп қалып, қанатын бірер қомдай түсіп, әуеге сусыл қағып көтеріле берді. Темекісін шегіп, өз-өзінен тынып, ойға батқан Мұрсәлімге ғана қош-қош дегендей, ауланың, кәрі үйеңкінің үстінен бір айналып ұшты да, тамыз аспанындағы бұлтсыз, көгілдір ұлы кеңістіктің аясына қарай самғай жөнелді.
... Бақ құсы басынан біржола ұшып кеткенін бүкіл болмысымен, жан-толқынысымен сезген суретші Мұрсәлім өзінің өмірден жолы болмай жүргеніне осы бір сәтте алғаш рет балаша қамықты.
Ал отүйрек-сары ала қаз болса, сол кеткеннен жападан-жалғыз ұзақ ұшты. Мейірбан, аялы мекендерді іздеп, қанаты талғанша ұзақ ұшты...
Мәди АЙЫМБЕТОВ.