Жамбыл ауданына қарасты Шоқай ауылында дүниеге келген Тәліпбек Сапарбекұлы еңбек майданына тым ерте араласты. Қатарластарының алды болған азамат 1942 жылы, яғни 16 жасында «Октябрь-Жеміс» ұжымшарында қызылша бригадасының бригадирі және ұжымшар басқармасының мүшесі болып тер төкті. Соғыс жылдарында балалық шағын ұмытып, ерте есейген азаматтың қажырлы еңбегі қалтарыста қалған жоқ, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Бала күнінен ізденіс ізіне түскен Тәліпбек Сапарбекұлы бақытын ағарту саласынан тапқысы келді. Асқақ арманына қол созған азамат ақыры ұстаздық жолды таңдады. 1947 жылы сол уақыттағы Жамбыл қаласында педагогикалық училищені тәмамдап, Билікөл кеңшарының №3 фермасындағы бастауыш мектептің меңгерушісі ретінде еңбек етіп, мектеп оқушыларын білім нәрімен сусындатты.
Қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің туындыларынан қанаттанған Тәліпбек Сапарбекұлы танымын кеңейтіп, білімін тереңдету мақсатында 1955 жылы Шымкент қаласындағы Н.Крупская атындағы педагогикалық институтын бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі маманы болып шығады.
Мұғалім ретінде тың әдістемелік тәсілдерімен дараланған ол 1955–1963 жылдары Жамбыл және Жуалы аудандарындағы Чапаев және Амантүбек, Тоғызтарау орта мектептерінің директоры ретінде табысты еңбек етті. Бұдан соң Билікөл ауылындағы, Шоқай елді мекеніндегі білім ордаларын басқарды. Туған ауылындағы білім ұясын бастауыш мектептен орта мектепке айналдыруға бастамашы болды. Мектептегі оқушылардың білім сапасын көтеруге айрықша назар аударды. Сондай-ақ елді мекенге газ құбырын тартуға ықпал етті. 1973–1993 жылдары шалғайдағы Мойынқұм ауданындағы «Екінші тың» деп аталған мектеп-интернатта да жемісті қызмет еткен ол жергілікті балалардың сапалы білім алуына барынша тер төкті.
Көнекөз қариялардың айтуынша, ол ауыл мектептерінің техникалық-материалдық базасын нығайтуға, оқу-тәрбие үдерісін лайықты деңгейде ұйымдастыруға айрықша ден қойған. Ал шалғайдағы мал жайылымындағы мектеп-интернат жұмысы ел көлемінде кеңінен насихатталған. Аталған білім ұясына Африканың елдерінен келген меймандар білім ордасының тәжірибесімен танысып, Тәліпбек Сапарбекұлының еңбегін жоғары бағалапты.
«Ол кісі жастармен де, үлкендермен де мәжіліс құрып, мазмұнды әңгімелер айтып отыратын. Құмды жерді жайнатқан азаматтың еңбегі назардан тыс қалған жоқ. Шетелден келген делегаттар сол құмдауыт далаға барып, әкеміздің білім беру ісіндегі үздік әдістемесімен танысуының өзі көп жайттан хабар берсе керек.
11 баланы тәрбиелеп өсірген әкеміз бәрімізге бірдей мейірім шапағатын төгіп жүрді. Зейнетке шыққан соң да тыным тапқан жоқ. Қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Тараз қалалық әкімдігі жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы болды. Сонымен қатар «Асыл әжелер» ансамблін ұйымдастырып, үлкен кісілердің өнерін өрістетуге ден қойды.
Ол кісі оқушыларымен көркем әдебиет туралы әңгіме айтқанда, әдеби шығармалардың кейіпкерлері туралы толғанғанда шәкірттері ұйып тыңдайтын. Сол шәкірттерінің дені тау тұлғалы азамат ретінде қалыптасты», дейді Тәліпбек Сапарбекұлының қызы Рабиға өз ойымен бөлісіп.
Ұдайы турашылдығымен дараланған азамат талай алқалы жиындарда облыс басқарған азаматтарға елдің жайын айтып, қайраткерлік қырын да көрсеткен. Осылайша, кісілік келбетін жоғалтпаған Тәліпбек Сапарбекұлы айналасына сыйлы болған.
«Әкемнің ақиқатты айтатыны кейбір шенеуніктерге ұнай бермейтін. Сондықтан ол кісіні қандай да бір іс-шараға апарғанда: «Әке, осы жолы сөйлемей-ақ қойыңызшы», дейтінмін. Қайбір жылы қала орталығында Абайдың ескерткіші ашылды. Әудем жерде тұрсам, әкемнің саңқылдаған даусы шығып жатыр. Сөйтсем, ол кісі адамзат ақыл-ойының алыбы атанған ұлы тұлғаның ескерткішінің ашылу рәсімі қарабайыр түрде аздаған адамның қатысуымен ұйымдастырылғанына ренішін жеткізіпті.
Ол кісі қандай да бір жиынға қатысып келген соң, үйдегі телефонға тыным болмайтын. Әкімдік адамдары әкем көтерген мәселеге қатысты ойларын айтып, атқарылып жатқан жұмыс туралы пікірін жеткізіп жататын. Әкем бертінде «Шымыр атаның Шынқожа ұрпақтары: Қобыланды, Марсым» атты танымдық еңбек жазды. Атаулы қордың негізін қалаушылардың бірі болды. Қалай десек те, бекзат болмысымен, терең білімімен жұрт алдында ұдайы маңдайы жарқырап жүргені анық», дейді ұлы Ғиззат Тәліпбекұлы өз ойын ортаға салып.
Кеңестік кезең кезінде ізденімпаздығымен көзге түскен ол шәкірттеріне Алаш арыстары аманаттаған адалдықты жиі насихаттайтын. Көркем әдебиеттің қайнарынан қанып ішкен азамат оқушыларының бойына қазақ әдебиеті алыптарының шығармаларындағы ізгі қасиеттерді дарытуға тырысты.
Қатарластарының алды болған Тәліпбек Сапарбекұлының еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Еңбектегі ерлігі үшін»,«Ұлы Жеңіске – 30 жыл» секілді мерекелік медальмен марапатталған. Сондай-ақ «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін де иеленген. Жергілікті атқарушы билік өкілдері де ардақты ардагердің еңбегін назардан тыс қалдырмай, «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағын беріпті.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу ісіне арнаған ардақты азаматтың өнегелі өмір жолы жұрт жадынан өшкен жоқ. Өзі өмірден өтсе де, замандастары, көзін көрген азаматтар Тәліпбек Сапарбекұлының кісілік қасиеті туралы ерекше бір толғаныспен әңгімелейді. Жақсының аты өшпейтінін осыдан да байқаймыз.
Жамбыл облысы