...институтқа ректор таныстырылды
Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Атырау мұнай және газ институтының ректоры қызметіне тағайындалған профессор Дүйсембек Құлжанов әріптестеріне таныстырылды. Ол бұрынғы Гурьев педагогика институтының физика-математика факультетінің түлегі, оқытушылық еңбек жолын да осы оқу орнында бастаған. Атырау мұнай және газ институтында табан аудармастан еңбек еткен ол әр жылдары кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректордың орынбасары, проректор, бірінші проректор сияқты жауапты жұмыстарды абыроймен атқарды. Еңбек ете жүріп, ғылыми ізденісін де тоқтатқан жоқ. 2004 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де физика-математика ғылымдары бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 2010 жылы оған аталған жоғары оқу орнының профессоры ғылыми атағы берілді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы.
...гүлдер фестивалі өтті
Осымен 8-ші рет ұйымдастырылған бұл байқауға қарағандылық гүл өсірушілердің үлкен тобы қатысты. Әсем өсімдіктің сан алуан түрі оны қызықтаушылардың назарына ұсынылды. Байқау көз жеткізгендей қалада гүл баптаудың шеберлері аз болмай шықты. Олардың арасында Венера Бекмағамбетова, Светлана Орлова сияқты осынау істі сүйермендерің өзіндік қолтаңбалары көрушілер көңілін баурады. Жеңімпаздар марапатталып, сыйлықтар тапсырылды.
Фестивальде жұртшылықтың көзін қуандырған гүл шоқтарының біразы көп балалы аналарға, сол күні отау тіккен жас жұбайларға, балабақшаларға тарту етілді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды.
...насихат тобы жұртпен жүздесті
Астанадан арнайы келген ақпараттық-насихаттық топ өкілдері аймақ тұрғындарымен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев қатысты.
Осыған дейін Дін істері жөніндегі агенттік құрылғаны бел-гілі. Оның құрамына екі ғылыми орталық кіреді. Сонымен қатар, облыстардағы дін істері жөніндегі департаменттер де осы агенттіктің құзырына берілген. Аталған ақпараттық-насихаттық топтың құрамында Дін істері жөніндегі агенттіктің сарапшысы Оспан Ахметов, дінтанушы Бахадыр Абдулла, халықаралық мәдениет және дін орталығының бас ғылыми қызметкері Мейрам Иманбаев және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілі Самат Мұнарбаевтар бар. Топ мүшелері республикадағы діни ахуал мен діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша хабарлама жасады.
Ержан БАЙТІЛЕС,
Қызылорда.