10 Тамыз, 2011

Жаңа кәсіпорындардан жақсылық мол

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасы, «Жұмыспен қамту-2020», «Биз­нестің жол картасы-2020», сондай-ақ басқа да аса маңызды мемлекеттік бағдар­лама­лар мен жобалар «Нұр Отан» ХДП-ның басты назарын­да тұрған мәселелер. Осыған орай, партия Төр­аға­сы­ның бірінші орынбасары Нұр­лан Нығматулин Ақмола облы­сы­на жа­са­ған жұмыс сапары бары­сында  «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы бойынша іс­ке асыры­лып жатқан бірқатар нысандарды аралады. Ақмола облысында осы бағ­дар­ламаның арқасында өндіріс қуатын жыл сайын еселеп келе жатқан 20-дан астам кәсіпорын жұ­мыс істеуде. Мемлекеттің қол­дауы­на ие бол­ған кәсіпорындар өзінің материал­дық-техникалық базасын жаңар­тып, жаңа өнімдер өндіруді қолға алды. Осындай кәсіпорындардың бірі – «Тыныс» зауыты. Кәсіпорын өрт сөндіру құралдарын, газдық тұйықтау арматурасын, газ және су құбыр­ла­рын салуға арналған әр­түр­лі диаметр­лік полиэтилен құбырлар шығарады. Зауыт өнім­дері қазақстандық ры­нок­пен қатар, алыс және жақын шетелдерге де жіберіледі. Сонда-ақ, аталған зауыт 560-1000 мм. диаметрдегі полиэ­ти­лен құбырлар шығару жөніндегі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оған «Бизнестің жол кар­та­сы-2020» бағдарламасы бастамашы болған. «Мен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы туралы жиі естимін. Біздің кәсіпорында осы бағдар­ла­маның іс жүзінде қалайша жұмыс істеп жатқанын көрдім. Бағдар­ламаның арқасында біздің зауыт жай ғана жұмыс істеп қоймай, сондай-ақ, біз де өз біліктілігімізді арттырып жатырмыз. Адамдардың жұмыс орындары бар. Отбасы­лары­мыздың амандығы да осыдан. Бұл біздің Президентіміздің қара­пайым азаматтарға деген қам­қор­лығы деп білемін», – деп атап өтті кәсіпорын жұмысшысы Владимир Куляс. Бұл игіліктің жалғасы ретінде күзде Көкшетау қаласында жаңа кәсіпорын – заманауи диірмен кешенін ашу жоспарланып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлінген 60 млн.теңгеге қазірдің өзінде қа­жет­ті жаңа құрал-жабдықтар алынып, өндіріс оңалып келеді. «Біздің облысымыз еліміздің басты сарқылмас қорының бірі болып табылады. Сондықтан диірмен кешені сияқты өндіріс ошағы өңір үшін аса қажет. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы осыған қол жеткізуге мүмкіндік берді. Кәсіпорынның арқасында адамдар жұмыс орындарымен, ал облысымыз сапалы ұнмен қамта­масыз етіледі», – деді «Рамадан Про» ЖШС директоры Әділхан Ерназаров. Аталмыш бағдарлама бойынша дамып келе жатқан нысандарды аралап, олардың тыныс-тірші­лігімен танысқан партия Төраға­сының бірінші орынбасары оның маңыздылығы мен қажеттілігіне тоқталып өтті. «Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша қа­был­данған «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы қазірдің өзінде нақты нәтижелерін беріп жатыр. Мысалы, бүгінгі күні осы бағдарлама бойынша  176 миллиард теңгені құрайтын 480 аса маңызды жоба мемлекеттік қол­дау­ға ие болды. Осы бағдарламаның арқасында еліміздің жүздеген кәсіпорындары одан әрі дамуына мүмкіндік алып, ал мыңдаған отан­дастарымыз жаңа жұмыс орын­дарымен қамтамасыз етілді. Бұл жоба әрбір қазақстандық отба­сы­ның болашағына тікелей бай­ла­нысты болғандықтан, «Нұр Отан» ХДП осы маңызды бағдар­ламаны іске асыруды өзінің ерекше ба­қы­лауына алып отыр», деді Н.Ны­ғ­матулин. «Егемен-ақпарат».