Сәрсенбі күні «Астана-Арена» стадионында футболдан Қазақстан мен Сирия құрамалары арасында жолдастық кездесу өтті. Бұл күні алдағы Еуропа чемпионатының күзгі шешуші іріктеу кездесулеріне дайындық шеңберінде көптеген матчтар ұйымдастырылды.
Ал Астанадағы бәсеке 1:1 есебімен тең аяқталды. Сөйтіп, біздің Сириядан үш рет жеңілгеніміздің есесін қайтарудың реті тағы келмеді. Дегенмен, есепке қарап біздің құрама нашар ойнады деп айта алмаймыз. Бұл матч чех маманы Мирослав Беранектің ұлттық құраманың бас бапкері ретіндегі екінші ойыны болды. Бірінші ойында Әзербайжан командасын 2:1 есебімен жеңіп, жанкүйерлер алдында біраз бедел жинап алғаны белгілі.
Соған қарап кешегі матчта бапкер Беранек тағы да Әзербайжанмен болған ойынды қайталап, Сирия сияқты Азияның ортаңқол командасын жеңеді деп ойлаған едік. Бірақ, осы ойында жеңбесек те команданың жеңіске деген жігері, кәсіби өсуі байқалды.
Матчта есепті бірінші болып қонақтар ашты. Одан кейін құрамаға қайта келген Жамбыл Көкеев есепті теңестірді. Осы кездесуде бізге оның ойыны ұнады. Сонымен бірге, Ұлан Қонысбаев, Таңат Нөсербаевтың қимылдарына да жанкүйер қауым риза болғандай. Ойында Гридин, Остапенко, Хижниченко да барын салғанын атап өткен жөн.
Дастан КЕНЖАЛИН.