Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы са_ласына бұрын-соңды болып көрмеген қаржылық қолдау көрсетілуде. Мемлекет басшысы еліміздің агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамытуға және бүгінгі әлемде қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты берік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша басымдық беру қажеттігін үнемі басты назарға қойып келеді. Міне, осындай басымдық берудің нәтижесінде ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында барлық деректер бойынша, еліміздің АӨК экономикалық тұрақты даму саласына айналып, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алғышарттар жасауда.
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың деректері бойынша, 2011 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша АӨК қаржыландыруының жалпы көлемі 80,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 105,9 пайыз болды. Несиелеу және лизинг арқылы АӨК саласын қаржыландыруға барынша басымдық берілуде. Мәселен, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін холдинг тарапынан АӨК-ті несиелеуге 68,2 миллиард теңгеден артық қаржы бөлінді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6 пайызға артық.
Несие серіктестіктерінің (НС) желісін дамытуға және оларды несиелеуге ағымдағы жылдың басынан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 4377,5 млн. теңге сомасына 81 НС несиелендірді. Ауылдық жерлерде барлығы 161 ауылдық несие серіктестіктері құрылды, оның құрамына 6 мыңнан астам ауылшаруашылық құрылымдары кірді.
АӨК субъектілерін несиелеу бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу және тамақ өнімдерін өндіруге арналған 3 жоба 1305 млн. теңге сомасына қаржыландырылды.
Лизинг және несиелеу бағдарламалары аясында «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауылшаруашылық техникасын, арнайы техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға 18,6 млрд. теңге несие берді. Жылдың басынан бастап барлығы 1027 бірлік ауылшаруашылық техникасы, оның ішінде 504 трактор, 127 тұқымсепкіштер, 141 комбайн, 235 ауыл шаруашылығының арнайы техникалары және басқа техникалар мен жабдықтар сатып алынды.
Ауыл еңбеккерлерінің шағын несиелерге барынша қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында және ауыл тұрғындарын шағын несиелеудің тұрақты жүйесін құру үшін 2007 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-тың жарғылық капиталға 49 пайызға дейінгі қатысуымен ауылдық жерлерде жұмыс істейтін 51 шағын несиелеу ұйымы құрылды. Ағымдағы жылдың басынан аталмыш қор 514 млн.теңге сомасына 18 шағын несие ұйымдарын қаржыландырды.
Шағын несиелеу бағдарламасының аясында табыстарының деңгейі орта және ортадан төмен ауыл тұрғындарына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалдары мен өкілдіктері арқылы жалпы көлемі 1521,7 млн. теңге болатын 2097 шағын несие берілді, оның ішінде 1299,5 млн.теңге болатын 1824 шағын несие мал шаруашылығын дамытуға, 84,8 млн.теңге болатын 108 шағын несие өсімдік шаруашылығын дамытуға, 137,3 млн.теңге болатын 165 шағын несие бизнестің басқа түрлеріне бағытталды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қаржылай көмек көрсету шаралары, біріншіден, бұл саланың жұмысын жандандырып, ішінара көктемгі егіс және орақ жұмыстарын қаржыландыру арқылы жүзеге асырылса, екіншіден, ауыл шаруашылығына және қайта өңдеу кәсіпорындарына тартылатын инвестицияны ұлғайту және ынталандыру арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, 2011 жылғы 18 шілдедегі жағдай бойынша бұл салада жалпы құны 7 185 миллион теңге болатын 16 жоба пайдалануға берілді. Оның ішінде жалпы құны 3962,2 миллион теңгенің үш жобасы Ұлттық қордан, 3222,8 миллион теңгенің 13 жобасы республикалық бюджеттің қаражаты есебінен қаржыландырылды. Осы жобаларды іске қосу нәтижесінде 325 жаңа жұмыс орны ашылды.
Қазір «ҚазАгро» АҚ компаниялар тобы жалпы құны 54146,88 миллион теңгенің 49 инвестициялық жобасын жүзеге асыруда. Оның ішінде 41 жоба Ұлттық қордың қаражаты есебінен пайдалануға берілмек.
Жалпы алғанда, холдинг 2011 жылы бюджеттік несие қаржылары шеңберінде және өзінің серіктес компанияларының қаржылары есебінен көктемгі егіс жұмыстарына 78 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлді. 2011 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша көктемгі егіс жұмыстары 25,4 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылған.
Болашақта еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шешуші үлес қосатын мал шаруашылығы саласы екендігі анық. Сондықтан Елбасының тікелей тапсырмасымен елімізде барлық ауылшаруашылық малдарының тұқымын асылдандыруға айрықша мән беріліп, мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінуде. Бұл ретте холдинг ірі қара мал етінің өнеркәсіптік өндірісі инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында ауқымды шараларды қолға алды. Бұл бағдарлама бойынша жер-жерлерде бордақылау алаңдарының желісін құру, репродуктор-шаруашылықтар жүйесін жасау және фермерлік шаруашылықтар құру жобалары жүзеге асуда.
2011 жылғы 18 шілдедегі жағдай бойынша, мал бордақылау алаңдарын құру мақсатында жалпы құны 6,9 миллиард теңге болатын 5 жоба қаржыландырылған. Бұл жобалар биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Сонымен бірге «ҚазАгроҚаржы» АҚ шетелдерде селекцияланған асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға арналған қаржы лизингі бағдарламасын және «Асыл тұқымды шаруашылықтар желісін құру» бағдарламасын қаржыландыруда. Жоғарыда аталған бағдарлама шеңберінде 2010 жылы холдингтің қаржыландырумен 2,4 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал импортталды, одан бүгінге дейін 1,7 мың бұзау алынды.
Ағымдағы жылы арнайы қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша етті мал тұқымын төлдері есебінен өсіру үшін аналық ірі қара мал мен бұқаларды сатып алу үшін АӨК субъектілерін несиелеу бағдарламасы іске асырыла бастады. Бағдарламаның мақсаты етті мал шаруашылығын дамытуға шағын және орта бизнес субъектілерін тартуды ынталандыру болып табылады. Аталған бағдарлама дамыған инфрақұрылымы бар мал бордақылау алаңдарын асыл тұқымды ірі қара мал төлдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның операторлары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ болып табылады. Несиелер 7 жыл мерзімге беріледі, жылдық сыйақы ставкасы – 6%.
«Сыбаға» бағдарламасының аясында 2913,2 млн. теңге сомасына 420 жоба қаржыландырылды, оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жалпы құны 863 млн. теңге болатын 46 жоба, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жалпы құны 2050,2 млн. теңге болатын 374 жоба қаржыландырылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік сатып алуды қаржыландыру мақсатында ұлттық холдингтің еншілес акционерлік қоғамдары АӨК субъектілеріне сатып алу операцияларын жүргізу арқылы қолдау көрсетеді.
2011 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «ҚазАгроӨнім» АҚ арқылы мал шаруашылығы өнімдерін сатып алуға, қайта өңдеуге, сақтау және тасымалдауға 658,7 млн. теңге қаржы бөлінді. Ал Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы 1080,4 млн. теңге қаржыға мемлекеттік қорға астық сатып алуды іс жүзіне асырды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.