Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының директоры, Тәуелсiз Қазақстанның бiрiншi Сыртқы iстер министрi, саяси ғылымдарының докторы, профессор Сүлейменов Төлеутай Сқақұлының Қазақстан Республикасының Шығыс Еуропа елдерiмен ынтымақтастығына арналған «Қазақстан және Шығыс Еуропа елдері: негізгі бағыттары мен ынтымақтастық басымдықтары» атты монографиясы 2010 жылы қазақ тілінде жарық көрді.
Т.Сүлейменов Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Шығыс Еуропа елдері астаналарына жасаған ресми сапарлары барысындағы келiссөздерге, сонымен бiрге, Үкiмет басшыларының жауапты сапарларына қатысқан. Белгілі ғалым, саясаттанушы Т.Сүлейменовтің жоғарыда аталған кітабы қазіргі таңдағы құнды басылым. Мемлекетіміздің елшiсі ретiнде Шығыс Еуропада тоғыз жылдан астам еңбек еткен монография авторы өзінің қызметі кезінде жинақтаған тәжiрибесiн молынан қолданып қана қоймай, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда шетелдердің біздің елмен екiжақты және көпжақты қатынастары мен ынтымақтастығына саяси талдау жүргiзген.
Еңбек қазақстандық-шығысеуропалық өзара әрекеттесудің қалыптасуы мен дамуының тарихына арналған. Онда жоғары деңгейдегі келiссөздердiң ресми жазбалары мен құжаттары (келiсiм, нота, халықаралық хаттамалар, меморандумдар, сараптамалық жазбалар, саяси портрет пен хаттар, шолу), сонымен қатар, елші өзінің дербес бақылауларын көрсетеді. Отандық әдебиетте өзінің геосаяси жағдайымен ғана емес, саяси, экономикалық және әлеуметтiк даму деңгейімен жеткен Қазақстанның шығысеуропалық өлкемен қатынастарының негiзгi даму кезеңдерi тұңғыш рет сипатталып, талқыланған.
Венгрия, Польша, Словакия, Чехия, Болгария және Румыния Еуропалық Одаққа еніп, НАТО мүшесі болғанына он жыл өттi. Автор олардың әрқайсысының бұл еуропалық құрылымдарға енудегі кедергілер мен қиындықтарға толы жолдан қалай өткендігі жайлы жан-жақты суреттеген. Қысқа мерзiмде аталған елдермен саяси, құқықтық, экономикалық жүйелердiң өзгеруін iске асырды. Олар үшiн демократиялық формаға, азаматтық қоғамның кезеңіне өту байсалдылықпен ерекшеленді.
Қоғамдық-саяси өзгерулер саласында Венгрия, Польша мен Чехия тәжiрибесi Қазақстанға пайдалы болды. Соның ішінде жекешелендiрудi жүзеге асырудың чех бағыты, ауылшаруашылық саласын реформалаудың поляк тәжiрибесi, сыртқы борышты төмендету және ағымдағы төлем балансы тапшылығын қысқартудың венгрлік жолына Қазақстан Үкiметi iлтипат білдірді. Осыған орай автор Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бұл елдерге жасаған ресми сапарларының маңыздылығына ерекше назар аударады. Өйткені, Президенттің сапарлары Қазақстанның сыртқы саяси мүддесі жағынан тек аталған мемлекеттерде ғана емес, бүкіл Шығыс Еуропа аумағында табысты болды. Президентіміздің сапарларына Еуропалық Одақтың барлық елдерiнің назары ауып, келiссөздер қорытындысы талданып, ол қорытындылардың еуропалық мүдделерге сәйкестiлігi анықталды.
Польша мен Венгрияда Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі болып, сонымен қатар Чехия, Словакия, Румыния мен Болгарияда (1996–2005 жж.) қосымша қызмет атқарған ғылыми еңбектің авторы Қазақстан мен Шығыс Еуропа елдері арасындағы екіжақты қатынастарды іске асыруға тікелей қатысқаны еңбектің құндылығын арттыра түскен.
Т.Сүлейменовтің еңбегі Қазақстан Республикасының Шығыс Еуропа елдерімен ынтымақтастығының негізгі бағыттарына арналған. Сыртқы саясаттың шығысеуропалық векторы мемлекетіміздің жаһандық сыртқы саяси стратегиясы контексінде Қазақстанның еуропалық саясатының басым бағыты болып табылатыны мәселенің өзектілігіне күмән тудырмайды. Зерттеу барысында автор мемлекетаралық ынтымақтастықтың теориялық негіздемелерін зерделей келе, мемлекетаралық ынтымақтастық үлгілерінің классификациясын ұсынған.
Автордың жасаған тұжырымдарын Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақтың сыртқы саяси стратегиясын жасағанда қолдануға болады. Отандық саясаттану ғылымында Қазақстан мен Шығыс Еуропа мемлекеттері арасындағы қарым-қатынасқа алғаш рет біртұтас зерттеу жасалғанын, жалпы Орталық Азия елдерімен, әсіресе, Қазақстан үшін Шығыс Еуропа елдеріндегі саяси-экономикалық реформалардың теориялық-методологиялық және практикалық маңыздылығы мәнді тәжірибе екенін ерекше атап өткіміз келеді. Еңбекте Қазақстан Республикасының Еуропа аумағындағы ұлттық мүдделерді жүзеге асыру жүйесі де ұсынылған.
Қазақстанның Еуропа құрлығындағы іс-әрекетін бүгінгі заман және әлемдік тенденциялар жағдайында іргелі талдау қажет ететінін атап өткен орынды. Сол себепті ғалымның еңбегі жаһандық үрдістер заманында еліміздің қауіпсіздігі мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуде халықаралық қатынастардың ықпалы ғылыми негіз беретіні саяси ғылымның басты бағытына арналған.
Автор монографиясында Шығыс Еуропа елдерiнiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы және ондағы елдердің Қазақстанмен ынтымақтастығының табысты кеңею бағытын ғана айтып өтпей, әртүрлi салалардағы бұдан кейінгі өзара әрекеттесудiң жолдарын көрсеткен. Атап айтқанда, автор Қазақстанның Шығыс Еуропа елдерiмен ынтымақтастығының 2020 жылға дейiнгі даму бағдарламасын ұсынады. Ғалымның пікірінше, бұл бағдарлама жүзеге асса, стратегиялық әрiптестiкке шығуға мүмкiндiк ашылады.
Қазақстанның Шығыс Еуропа елдерімен 2020 жылға дейінгі қарым-қатынастарының даму бағдарламасының автор дайындаған жобасы айтарлықтай қызығушылық туғызады. Онда саяси, экономикалық, энергетикалық, гуманитарлық және басқа да екіжақты қатынастар нақтыланған.
Шығысеуропалық тәжірибе – Қазақстан үшін үлгі боларлық. Қазіргі Қазақстанның саяси жүйесінің ауысуына байланысты көптеген мәселелерді шешу үшін Шығыс Еуропа елдері тәжірибесіне жүгінуге тура келеді. Оның себебі, жоғарыда аталған елдер бұрынғы социалистік жүйеге ұқсас жағдайда бола тұра, даму парадигмасын түбегейлі түрде ауыстыруға қол жеткізді, яғни билік арқылы басқару жолынан демократиялық даму жолына ауыса алды. Соның ішінде Шығыс Еуропа елдерінің НАТО мен ЕО-ға кіру тәжірибесі, қоғамның трансформациясы өтпелі кезең мәселелерін шешіп жатқан басқа елдер үшін қызығушылық тудыратыны сөзсіз.
Автор осы топтағы елдердің ішкі саяси жағдайын тұрақтандыратын және де осы аумақта алдағы көзге түсер көрініс мүмкіндіктерін анықтайтын ықпалдастық бірлестіктерінің қызметін жаңаша ойластыру қажеттілігіне ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, біздің мемлекет үшін осы үрдістің озық тәжірибесі қазіргі кезеңде өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Аталған еңбектің құндылығы – автордың Шығыс Еуропа елдерімен Қазақстан ықпалдастығының келешегі бар бағыттарының жан-жақты зерттелуінің талпынысында. Алғаш рет Ортаазиялық аумақтағы Шығыс Еуропаның қызығушылығы саяси аспектіде оңтайландырылды, екіжақты негіздегі құқықтық келісім-шарттық қатынастар, саяси-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың басым бағыттары негізделген. Осының бәрі Қазақстан мен Шығыс Еуропа елдері заңнамаларының құқықтық-нормативтік актілерінің бекітілуін қажет етеді.
Автор Шығыс Еуропа елдерiнiң бізбен өзара тиiмдi ынтымақтастығының да мүдделiлігін баса айтады. Басылымда Шығыс Еуропа елдерi Қазақстан Республикасын сенiмдi, әрі жауапты саяси және экономикалық әрiптес, өңірлік жетекшi, халықаралық қауiпсiздiк мәселелеріндегі, әсiресе ядролық қаруды таратпауда Орталық Азияда бастаушы ел ретінде қарайтынын көрсеткен.
Бұл кітапты студенттер, магистранттар, оқытушылар және сыртқы саясат мәселелеріне қызығушылық танытқан қауым қолдана алады.
Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, экономика ғылымдарының докторы, ҚР дипломатия қызметіне еңбек сіңірген қайраткер.