12 Тамыз, 2011

Сайлаудың ашық әрі айқын өтуіне мүдделіміз

466 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Б.С.Мелдешовпен әңгіме – Бақыт Сәрсенбайұлы, Парламент Сенаты­ның депутат­та­рын сайлау бойынша сайлау нау­қаны кезең-кезеңімен өтіп жа­тыр. Қазір сенаторлықтан үміт­кер­лердің саны қанша? – Парламент Сенаты депутат­тарының сайлауын әзірлеу мен өт­кізу жөніндегі негізгі іс-шара­лар­дың Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарына сәйкес, кандидаттарды тіркеу негізінен 29 шілдеде, ал Ақтөбе облы­сында 5 тамызда аяқталды. 29 шілдедегі жағдай бойынша, аумақтық сайлау комиссиялары бар­лығы 52 кандидатты тіркеген бо­латын, 5 тамыз күні Ақтөбе облы­сында тағы бір үміткер тіркеуден өтті. Тіркелу мерзімі аяқталған­нан кейін бірқатар үміткер өз канди­да­тураларын алып тастады. Нәти­же­сінде, бүгінгі күні еліміз бойынша 47 депутаттыққа кандидат сай­лауал­ды үгіт жүргізу мүмкіндігін алып отыр. Үгіт кезеңі 17 тамыз күнгі сағат 24.00-де аяқталады, өйткені, заң бойынша дауыс беру алдындағы күні – «тыныш­тық күні» – үгіт жүргізуге болмайды. Бұл осы 47 үміткер міндетті түрде 19 тамыз күні дауысқа түседі деген сөз емес, себебі, кандидат­тар­дың додаға қатысудан бас тар­туға, өз кандидатурасын алып тастауға құқы бар. Сондай-ақ, мәслихаттар аумақтық сайлау комиссиясына тиісті ұсыныс жасау арқылы кандидат ұсыну туралы өз шешімінің күшін жоя алады. Алайда, дауыс беру күніне екі күн қалғанда үміткерді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға заң тыйым салады. Айта кетейін, сайлау туралы Конс­­титуциялық заңға сәйкес, сайлау баламалы негізде ғана өтуі тиіс, яғни әрбір облыс пен Астана және Ал­маты қалала­рын­да бір депутат­тық мандатқа кемінде екі үміткер болуы керек. Біздегі мәліметтер бойынша, қазір бұл талап сақталып отыр. – Аумақтық сайлау комиссия­ларының осы кезеңдегі міндеттері мен мақсаттары қандай? – Сайлауды ұйымдастырушы­лар, соның ішінде, әсіресе, аумақтық сайлау комиссиялары, қазіргі уа­қыт­та мәслихат депутаттарының бір­лескен отырыс­тарын­да дауыс беруді өт­кізу­ге қатысты ұйым­дас­тыру мә­се­­ле­лерін шешу үстінде. Барлық об­лыс ор­та­лықтарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қала­ларында 2011 жыл­ғы 19 тамызда таңдаушы­лар­дың оты­рыстары өтетін орындар мен уақыты анық­тал­ған. Сайлау науқа­нын жан-жақты ұйымдас­тыру­ға, со­ның ішінде, оны материалдық-тех­никалық жағы­нан қамта­масыз етуге, дауыс беру пункттерін жаб­дық­тауға қатысты шаралар қолға алынды. Бұған қа­тысты материал­дық, қаржы­лық мәселелер толық шешілген. Орталық сайлау комиссиясының 30 шілде күнгі отырысында «2011 жылғы 19 тамызға тағайын­дал­ған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары сайлауын­дағы сайлау бюллетеньдері тура­лы» қаулы қабылданды. Осы қау­лыға сәйкес, қорғалу деңгейлері бар сайлау бюллетеньдері бланкі­­лері­нің қажетті саны бір орта­лық­тан дайын­далып, кейін өңірлерге заңмен көзделген мерзімде және мөлшерде жеткізілетін болады. Сайлау күні дауыс беру еркіндігі мен құпия­лығы қатаң сақталуы тиіс. Бұл – сайлауды ұйым­дастыру­шылардың әрі мақсаты, әрі міндеті. – Дауыс беруді өткізу тәртібі туралы айта кетсеңіз. – Сайлау туралы Конституция­лық заңға сәйкес, тиiсiнше об­лыс­тық, Астана мен Алматы қала­лық мәслихатының хатшысы төр­аға­лық ететін мәсли­хат­тар депутаттары­ның бiрлескен отырысына аумақ­тық сайлау комиссиясының төраға­сы мен мүшелері де қатысады және дауыс беруді ұйымдастырып, өт­кізеді. Дауыстарды санауды және дауыс беру нәтиже­лерін жария етуді ау­мақ­тық сайлау комиссия­лары бір күннің ішінде – 19 тамызда жүр­гізуі тиіс. Дауыс беру рәсімі аяқ­талған соң сайлау комиссиясы сол дауыс беру ор­нын­да өз мәжі­лі­сін өткізеді. Онда дауыс беру нәтижесі анықталып, тиісті хаттама жасалады. Бұдан соң сайлау нәти­жесін сайлау комиссия­сы­ның төр­ағ­асы жариялайды. Осы­дан кейін ғана бiрлескен отырыс жа­бық деп жарияланады. Сайлаудың түпкілікті нәтижесін Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн­нен, яғни 2011 жылғы 25 тамыз­дан кешіктірмей анықтайтын болады. – Сенаторларды жанама сайлау жүйесі бойынша мәслихаттар депутаттары өздерінің бірлескен отырыстарында сайлайды емес пе. Бұл отырыстарды өткізуге қойылатын талаптар қандай? Қайта дауыс беру, қайта сайлау өткізу ықтималдығы бар ма? – Қазіргі кезде Отанымыз бо­йын­ша таңдау­шы­лар тізімдері нақ­тыланып жатыр. Елімізде әр түрлі деңгейдегі 213 мәслихат бар. Мәс­ли­хаттардағы 3335 депутаттық мандаттардың бүгінгі күні 44-і – бос. Сөйтіп, 10 тамыздағы жағдай бойынша таң­дау­шылар тізімдеріне барлығы 3291 адам енгізілген. Мәслихаттар депутаттарының бірлескен оты­ры­сына тиiстi өңірдің мәслихаттары депутатта­ры­ның 50 пайызынан астамы қатысуы шарт. Егер қатысушылар саны одан кем болса, бірлескен отырыс өтпей қалған болып есептеледі. Дауыс беру, егер оған бірлескен отырысқа келген таңдаушылардың 50 пайыздан астамы қатысса, өт­кі­зілген болып есептеледі. Дауыс беруге қатыс­қан таңдаушылардың 50 пайызынан астамының дауы­сын ал­ған кандидат сайланған болып саналады. Егер сайлау бюллетеніне екіден астам кандидат енгізілген болса, олардың бірде-бірі бірінші дауыс беру нәтижесінде сайланбауы мүм­кін. Мұндай жағдайда тиісті сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екі кандидат бойынша қайта дауыс беруді тағайындайды. Екінші турда басқа кандидатпен салыстырғанда көбірек дауыс алған кандидат жең­ген болып табылады, яғни дауыс­тар­дың қарапайым арифметикалық артықшылығын алған үміткер же­ңеді. Егер екінші турда дауыстар кандидаттар арасында тең бөлінсе, қайта сайлау тағайындалады. Сондай-ақ, бірінші турда дауыс беру екі кандидатура бойынша жүр­гізіліп, олардың ешқайсысы таңдау­шылардың 50 пайызынан астамын алмаса, қайта сайлау тағайын­да­ла­ды. Қайта дауыс беру сол күні, яғни 19 тамыз күні, заңмен көзделген тәртіпте өткізіледі. Ал, қай­та сайлау бастапқы сайлаудан кейін екі ай мерзімнен кешіктірмей өткізіледі. Бұл – заңнамамен реттелген мәсе­ле­лер. 19 тамыздағы сайлаудан соң қайта дауыс беру, қайта сайлау бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. – Сенат депутаттарын сайлау науқанын байқауға халықара­лық байқаушылардың қатысуы көзделіп отыр ма? – 2005 жылғы сайлауға 52 ха­лық­аралық бай­қаушы аккредиттелген болатын. 2008 жылғы сайлау кезінде де бұл көрсеткіш осы шамада болды. Биылғы жылы да шет мемлекеттер Қазақстандағы Сенат сай­лауын назардан тыс қалдыра қоймас деп ойлаймын. Қазірдің өзін­де ТМД елдері сайлауға айтар­лық­тай қызығу­шылық білдіріп отыр. 30 шілде күні біз халықаралық байқаушылардың Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенаты де­путат­тары сайлауындағы қызметіне қатыс­ты бірқатар шешімдер қабыл­дадық және сайлауды байқауға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Миссия­сы­ның құ­рамында қатыса­тын ТМД Парламентаралық Ассам­б­леясының 8 байқаушысын тіркедік. Жақын күн­дері тағы бір топ халықаралық бай­қаушыны тіркемекпіз. Олардың ұзын саны 70-ке тарта болатын шығар. Шет мемлекеттер мен халық­ара­лық ұйымдар­дың байқау­шы­ларын аккредиттеу 2011 жылғы 13 та­мызға дейін жүргізіледі. Өз тара­пымыздан біз халықаралық және жергілікті байқаушылардың сайлау барысын байқауға қатысу ниетін тек құп көреміз, өйткені, бұл, біріншіден, сайлау туралы заңнамамен көзделген, екіншіден, кез келген сайлау науқанының ашық әрі айқын өтуіне, оларға деген халықтың да, халықаралық қоғамдастықтың да сенімі жоғары болуына біз өте-мөте мүдделіміз. – Орталық сайлау комиссия­сының сайлау нау­қа­нындағы мін­деттерін тағы бір нақтылап өтсеңіз. – 1995 жылдан бері біздің елімізде осымен алтыншы рет Парламент Сенаты депутаттарының сай­лауы өткізіліп отыр. Осы кезеңде еліміздің жоғары заң шығарушы органдары депутаттарын сайлаудың әлемдік демократиялық стандарт­тар­ға сәйкес жүйесі қалыптасып, біраз тәжірибе жинақ­тал­ды. Соның ішінде биылғы Сенат депутаттарын сайлау науқанының да сүбелі үлесі бар. Ал сайлау комиссиясының бір­тұ­тас жүйесіне басшылық ететін орган ретінде Орталық сайлау ко­миссиясы­ның сайлау науқанын ұйымдастыру­дағы жұмысына көп­ші­лік қауым бұ­қаралық ақпарат құралдары арқылы қанық болар деп ойлаймын. Сайлау тағайындалғаннан бергі уақытта біз қа­жет­ті сайлау құжат­та­рын, нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ әдістемелік мате­риал­дарды дайын­дап, об­лыстық, Ас­тана және Алматы қалалық ау­мақ­тық сай­л­ау комиссияларына жол­дадық. Мысал­ға, сайлау үде­рісіне қатысу­шы­ларға, соның ішінде сай­лау ко­мис­сиял­арының мүшелеріне, Сенат депут­ты­ғына кандаидаттар мен олар­дың сенім білдірілген адамдары­на, сондай-ақ сайлауды байқаушыларға арналған жадна­ма­­ларды, сайлау ту­ралы заңнаманы бұзу фактілері орын алған жағдайда азаматтардың мемлекеттік орган­дар­­ға шағыну тәр­тібі туралы ақпараттық мате­риал­дар­ды дайындап, барлық өңір­лерге жібердік. Бұл – сай­лау­ды ұйым­дастырушылар үшін ғана емес, барлық сай­лау­ға қатысу­шы­лар үшін де үлкен әдістемелік көмек. Оның сыртында Парламент Се­наты депутат­тары­ның сайлауын ұйым­дастыру іс-шараларының күн­тізбелік жоспарына сәйкес, Ортсай­лаукомның күнде­лікті ағымдағы қыз­меті бар. Ал, республика хал­қын сайлау науқаны барысы туралы күнделікті хабардар етуге қатысты ақпараттық жұмыс өз алдына. Әңгімелескен Самат МҰСА.