12 Тамыз, 2011

Кездесуге дайындық пысықталды

334 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бұрнағы күні Қазақстан Респуб­ли­касының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Астанада өтетін ҰҚШҰ мемлекет басшыларының бейресми кездесуі қарсаңында осы ұйымның Бас хатшысы Николай Бордюжаны қабылдады. Әңгіме ауаны бүгін болатын жо­ғары деңгейдегі кездесуге дайын­дыққа арналды. Сонымен қатар, өңір­лік және жаһандық мәселелер барысына назар аударылды. Әсі­ресе, қазіргі кездегі қауіп-қатер­лер­ге қарсы тұру бағытында атқа­ры­лып жатқан жұмыстарға қанағат­тану­шылық білдіріліп, мүше мем­лекеттердің ҰҚШҰ шеңберінде әс­кери және саяси саладағы өзара ықпалдастығын арттыру жайы сөз болды. Осы ретте еліміз сыртқы сая­сат ведомствосының басшысы Астана ҰҚШҰ-ның қазіргі заман қауіптерімен күресін және жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» операцияларын оң бағалайтынын жеткізді. Н.Бордюжа өз кезегінде ұйым­ды өңірлік қауіпсіздіктің көпфунк­циялы құрылымына ауыстыру оның нормативтік-құқықтық базасын ай­тарлықтай кеңейтуге, сонымен бір­ге, оң өзгеріске ұшырауына мүм­кін­дік туғызғанымен бөлісті. Сондай-ақ ҰҚШҰ шеңберінде терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі өзара әрекеттесу мәсе­ле­лері бойын­ша практикалық тетіктерді құру қажеттігін де ескерте кетті. Кездесу бейресми болатындық­тан, онда ешқандай құжаттарға қол қойылмайды. Есесіне жаһандық жә­не өңірлік проблемалар барысы бо­йын­ша жан-жақты талқылаулар мен жарыссөздер орын алады деп кү­тілуде. Бас хатшы осы орайда бейресми кездесуге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қыр­ғыз­стан президенттері қатысатын­дығын алға тартты. Ал Өзбекстан басшысы басында келісім бергенімен, соңынан келе алмайтынын мәлімдепті. «Егемен-ақпарат».