Астраханьдағы Нұржан, Элистадағы Хатимолла мен Санкт-Петербургтегі Сәрсенғалидың айтар сыры көп
«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қалалық филиалының бастамасымен, қалалық әкімдігі және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің қолдауымен ұйымдастырылған халықаралық «Ұлы мұра» байқау-фестивалі өтті. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бұл шараға Ресейдің түпкір-түпкірінен келген қандастарымыз алдымен Алға ауданындағы Есет Көкіұлы бабамыздың кесенесінде болып, аруаққа құран бағыштады. Есет батыр кесенесінен кейін қонақтар Ақтөбедегі Достық үйіне келіп, осындағы этномәдени орталықтардың жұмысымен танысты. Алыстан ат арытып келген ағайындар «Нұр Ғасыр» мешітінде, қаламыздың басқа да көрнекті орындарында болып, «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешенінің кинозалында Елбасы шығармаларының желісімен «Қазақфильм» түсірген «Балалық шағымның аспаны» көркемфильмін тамашалады.
Келесі күні Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара, Қалмақия, Астрахань, Орынбор, Башқұртстан, Саратов өңірлерінен келген қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының жетекшілері, «Нұр Отан» партиясы ХДП облыстық, қалалық филиалдарының басшылары және облысымыздың этномәдени бірлестіктері өкілдері «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының күмбезді залында өткен «Мәдениет: дәстүрлер мен жаңалықтар үйлесімі» атты дөңгелек үстелде бас қосты. Байқау-фестивальға келген қандастарымыздың әңгімесі өздері тұратын жерде қазақ тілін сақтап қалу, жастарға ана тілін үйрету, салт-дәстүрді ұстану, Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайту төңірегінде өрбіді. Олардың пікірлерінен ұлтжандылық, ұрпақ тәрбиесіне деген ұлттық ұстаным айқын сезілді. Алыста жүрсе де Қазақстанды атамекен ардағым, тарихи Отаным деп арқа сүйейтіндей мақтаныш сезімі аңғарылды. «Ұлы мұра» байқау-фестивалі аясында өткізілетін шаралардың көптігіне және уақыттың тығыздығына қарамастан, өздерін толғантқан мәселелерді кеңінен қамтыды. Сонымен, алыста жүрген ағайындарымызға сөз берелік.
– Саратов өңірінде қазақтар баршылық. Кей мектептерде оқушылардың 40-50 пайызы қазақ балалары болып келеді. Дүние жүзі қазақтарының ассоциациясы жіберген СD диск, оқулықтарды пайдаланып, облыстық үкіметтен бөлінген қаржыға факультатив ретінде қазақ тілін оқытып жүрген мектептер бар. Бірақ ондай мектептер бірен-саран ғана. Тіл үйрететін маман оқытушы жоқ. Қазақстаннан келемін, оқытамын дейтін еріктілер табылып жатса, қуана қарсы алар едік, – дейді Саратов облыстық «Қазақстан» мәдениет орталығы» қоғамдық ұйымы басқармасының тең төрайымы Үмітхан Жөнелбаева.
Мәскеуден шығып, Ресейдің 33 аймағына таралатын «Қазақ тілі» газетінің редакторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Орынбасар Қуандықов жастарды қазақ тілін үйренуге тарту үшін қазіргі заманға лайық тәсілдерді пайдалану керектігіне тоқталды. Жастардың интернетке деген ықыласын ескеріп, онлайн режімінде қашықтықтан оқыту секілді тәсілдерге ден қойған дұрыс деген ұсынысын да алға тартты.
Ақтөбемен барыс-келісі, қарым-қатынасы бұрыннан қалыптасқан көршілес Орынбор қазақтары ассоциациясы төрағасының орынбасары Кенжеғали Дусалиннің сөзінен аңғарылғандай, бұл мәселеде ауыз толтырып айтарлықтай істер бар. Оның айтуынша, Орынбор өңірінде 39 мектепте қазақ тілі пән не факультатив ретінде оқытылады. Орскідегі педагогикалық колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлайтын бөлім бар екен. Мұнда қазақ тілінде газет шығады. Өзара байланыстың арқасында біздің облыс орынборлықтарға қазақ ауылын жасақтап беріпті.
Дөңгелек үстелде облыстық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев қазір Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстар өкілдерінің тату-тәтті тұрып жатқанын еліміздің басты жетістігі ретінде бағалай келіп, сыртта жүрген қандастарымызға мүмкіндігінше тілді, дәстүрді сақтау мәселелерінде қолдау көрсету жайын сөз етті. Осы байқау-фестивальді өткізудің негізгі мақсаты да осы бағыттағы мәселелерді ортақ ойласу екенін атап өтті.
Ақын, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы Ресейдегі ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысына бас-көз болып, ондағы қандастарымыздың ұлттық құндылықтардан қол үзіп қалмауы үшін шыр-пыры шығып жүрген азаматтарға ризашылығын жасырмады:
– Адам өзінің туған тілінен, мәдениетінен, ұлттық тамырынан ажырамауы тиіс. Ресейде тұрып жатқан қандастарымызды, әсіресе, жастарды сондай қасіреттен сақтап қалу жолында сіздер үлкен шаруа тындырып жүрсіздер. Біздің серіктестікке қарасты екі облыстық газет, бірнеше аудандық газет шығарылады, кітаптар шығаруға да атсалысамыз. Біздің нақты көмегіміз осыларды Ресейдегі ұлттық-мәдени орталықтарға жібере аламыз. Бұл қандастарымыздың Қазақстан өмірінен ақпараттық хабардар болуына, қазақ тілін үйренуіне септігі тиеді, – деді ол.
Астрахань аймақтық «Жолдастық» қоғамдық бірлестігі төралқасының мүшесі, «Құрманғазы» мәдениет орталығының директоры Нұржан Медетов: «Біз Қазақстандағы өмірді қадағалап отырамыз, Қазақ елінің әр жетістігіне көңіліміз марқайып қалады. Біз алыста жүрсек те Қазақстаннан әрдайым қолдау көріп келеміз. Сол өңірде жерленген атақты бабамыз Құрманғазы күйшіге Қазақстанның тікелей қолдауымен Астрахань облысы Володар ауданында кесене тұрғызылды. Сондай-ақ Астрахань қаласында ескерткіш орнатылды. Құрманғазы кесенесіне мыңдаған адам келеді. Бес жыл ішінде 150 мыңға жуық адамды қабылдадық. Солардың көпшілігі: «Біз Қазақстанды, қазақты таныдық» деп кетеді», – дей келіп, Астрахань өңірі тұрғындарының 14 пайызын қазақтар құрайтынынан хабардар етті.
Элистадан келген Хатимолла Ідірісов те, Санкт-Петербургте елу жылға жуық уақыт тұрып жатқан қазақтардың «Атамекен» қоғамының президенті Сәрсенғали Құспанов та қашықта жүрген қандастарымыз қайткенде қазақ болып қалады деген ойларын ортаға салды. Қазақша шешен сөйлейтін Сәрсенғали ағамыздың Санкт-Петербургте қазақтың қамы үшін жасаған шаруалары көңілге мақтаныш сезімін ұялатып қана қоймайды, нағыз қазақ осындай болуы керек дегендей ойға қалдырады.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған облыстық өнер музейінде ашылған халықаралық көрме және Ғазиза Жұбанова атындағы филармониядағы гала-концерт те бұл шараны байыта түсті. Халықаралық көрмеге 49 автордың 80-ге жуық еңбегі қойылды. Жәния Бархамурова (Элиста қаласы), Дариға Аманшиева (Орынбор облысы) сынды шеберлердің, ресейлік жас талант иелерінің, сондай-ақ Қазанғап атындағы өнер мектебі оқушыларының қолынан шыққан түрлі жанрдағы тамаша туындылар жұртшылықты үлкен әсерге бөледі.
Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияда жеңімпаздар марапатталып, топжарған талант иелері қалалықтар мен қонақтарға өнер көрсетті. Бес номинация бойынша байқау-фестивальдің гран-при жеңімпаздары болып Саратовтан келген Нұрғаным Нұрышева («Вокалдық орындаушылық өнер»), башқұртстандық Самат Медетов («Аспаптық жанр»), Самарадан келген «Айгүл» қазақ би ансамблі («Хореография»), Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Ювентус» хор ұжымы, самаралық Мөлдір Сұлтанова («Вокалдық орындаушылық өнер»), қалмақиялық Эсен Доржиев («Графика, живопись») танылды.
Тағдырдың жазуымен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды бауырымызға тартып, бірлігімізді бекітіп, тұтастығымыздың тұғырын нығайтып жатсақ, ол жиырма жылдығын мерекелегелі отырған тәуелсіздігіміздің арқасы, егемендігіміздің еншісі деуіміз керек. Алыста жүрген ағайынның ана тіліне, ата-баба салт-дәстүріне деген ынтызар көңілін көріп сүйсіндік. Осындай шаралар арқылы байланыс жақсарып, қарым-қатынас нығая түсетініне сенім мол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.