16 Тамыз, 2011

Күлесің. Кейде күрсінесің...

517 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
БОЛАШАҚТЫҢ БАЛАСЫ Бүгінде жоңышқаңызды да, жай пішенді де престеп, бума-бумалап, тең-тең етіп түйіп, үлкен-үлкен кірпіш секілдендіріп жинайды. Бұрынғыдай қобыраған бос шөмеле, жалбыраған мая жоқтың қасы. Міне, мөлдір махаббатты Машат өзені мен айналайын арда Арысыңыз қосылып қуанатын маңайдан өтіп бара жатқаны­мыз­да, престелген, бумаланған, жап-жасыл өңінен өзгермеген жоңышқаңыз тиелген жүк мәшинесін көрдік. Қызыға қарадық. − Қандай келісті! Темір көлік үстіне қыз жинаған жүктей екен, − дедік. − Тоқтай тұрыңыздар. Бұл қызыққан жүгіңіз ары кеткенде жүз елу бума. Сонау төбеден түсіп келе жатқан мәшинеге қараңыздар, − деді Елікбай ағамыз. Бәріміз Елекең иек қаққан қияға қадалғанбыз. Тау жақтан тау түсіп келе жатқандай көрінді. − Әне, ол енді жүз емес, жүз елу емес, екі жүз жетпіс бума тең, престелген кірпіш шөп. Өстіп артып берген кім демейсіздер ме? − дейді Елекең. − Кім десе­ңіздерші. − Кім ол? Қандай кісі? − дейміз біз таңдай қағып. Елекең қолын күнге көлегей етіп, сұлуша мұртын сипап, сыпайы мақта­ныш­пен күлімсірейді: − Ол кісіңіз − он бірінші сыныптың озат оқушысы. Біздің жиен баламыз. Он жетідегі бозбала Мақсұтжан, − дейді Елікбай ағамыз рахаттана әуендетіп. − Әнеу­күні ұлттық бірыңғай тест тапсырудан мектеп бойынша бірінші орын алды. Екі-үш жылдан бері осы өнерді шығарып жүр. Бума шөпті мәшинеге тиеуден алдына жан салмайды. Қандай қиялмен, нендей есеппен қалайтынын бір Құдайым білер. Екі жүз жетпіс буманы қалап береді. Сол тест тапсырып келген күні ше, екі жүз сексенін сыйғызып жіберді. Және ешқашан қисаймайды да, аумайды да. Қанша жерге апарсаң-дағы, аман-есен жетеді. Бірақ... − Бірағыңыз қалай? − деді сіздің тілшіңіздің жанындағы серіктерінің бірі. − Әр мәшинеге бір жарым мың теңге алады. Арзиды, алайда! − Алса, еңбегі ғой, Елеке. Сен екеуміз елу жыл оқып-үйренсек те, олай тией алмаймыз, − деді Қойшыбай деген құрдасы. − Ай, айналайын-ай, болашақтың баласы екен ғой! − дестік бәріміз. Тап осы тұста таудан түскен тауыңыз жанымыздан өте берген. − Нағашыларына тартқан ғой, өзі кабинада жоқ, анау тауда жүр, − деп қояды Елекең. БОЛЫМСЫЗДАУ БАЛАЛАР Балбұлақтың басындағы ауылдан қан­ша іздесеңіз де, қымыз таба алмайсыз. Қайбір жылдары әр үй сайын бие байла­натын.  Қымыздың иісі аңқитын. Бір бөл­ме­ні әдейі қараңғылап, еденіне су сеуіп, салқындатып, есік-терезелеріне үлдірек перде тұтып, тап-таза, мұнтаздай етіп ұстайтын. Бірер күбі тізіліп тұратын. Кір­ген-шыққандар кезек-кезек пісетін. Күрпілдетіп. − Бірде-бір үйде қымыз жоқ, айран да аз, бие де бар, сиыр да көп-ақ, амал нешік, − деді жиденің көлеңкесінде карта ойнап отырған отағасылар. − Машаттың бойындағы ауылда бір әңгіме естідік, Мақсұтжан деген бала шығыпты, − деп болашақтың баласы туралы мағлұмдадық. − Ой, біздің балалар болымсыздау боп тұр, − деді алтылық қарғаны  тұзбен бас­қан көсе шалыңыз иегін ысқылап отырып. − Екі жүз жетпіс бума түгілім жүз жиыр­ма­сын да жөндеп арта алмай, Сейдуалы­ның сайында мәшинеден жартысы сусып түсіп қап, екі мәрте қатынап, ит рәсуа қып жеткізді. Төрт-бес күн жиналмай, жаң­бырға ұрынды. Әкелгенін  жуып, әлі есін жинай алмай жүр ғой, атаңа нәлет. − Менің жуәрмегім ше, мәшинені өзім жалдап жалынғам. Сексен «түкті» зорға артыпты, жарты жолда аударып ап, ақша сұрап кеп тұр. Ақыға арттыр­мақшы ғой, баяғы, − деді ұтылып, карта таратқан тара­мыс қара. − Өзімізден де бар. Уақы­тысын­да ойланбадық. Тірлікке икемдемедік. Қазір бәрін біліп-ақ тұра­сың. Жапырып істеп-ақ тастайтындай жұлқына ұмтыла­сың. Жұмысқа. Бірақ, қауқарың қашқан. Қайрат-қажырың қайт­қан. Кетпенді бас-аяғы бес-алты мәрте сілтеп, сылқ түсесің. Баяғы көкі­рек текіректенер, амал қанша... Балалар­дың сиқы жаңағы. Жүрсеңші-әй, жүреті­нің­ді. Көзірің көп қой. ҚҰНСЫЗДАНҒАН ҚЫРЫҚҚАБАТ Шаймерден кешегі кеңестің кезінде де бейнеттен қашатындардың сұрпынан емес-ті. Осы заманда жаңаша тірлікке икем­деліп, өз ауыл-аймағы бойынша ал­дың­ғы қатардан табылып жүріпті. Сол Шәкеңнің ренжитін бір ғана нәрсесі бар. Жоғары жақ пен төменгі жақтың буын-бунақтарында шынайы үйлесім азырақ. Айналып келгенде, қара шаруа қатты қи­на­лыстан арылмай жүр. Шәкеңнің өз ауылы − диқан ауыл, бейнетқор жұрт. Ішім-жем, киім-кешек, бала-шаға оқыту − осылардың бәрін теп-тегіс, көсіліп жатқан берекелі егістік жерден және малдан айы­рып отырыпты. Қалқоз тарап, қоғам мүлкі, мал мен мүкәмал «бартер» деген бәлеге кеткенде қатты қапаланып, қинал­ған жылдар артта қалды ғой. Енді, міне, үйлесім жетіспейді дегеннен шығады, орта деңгейден көтеріліп, байлар қатарына қосылайын дегендердің мысын басар мысалдар аз болмай тұр. − Былтыр қырыққабат қырғын қым­бат боп, ауыл-аймақ адамдары ала­қан­дарын ысқылаған. Соған елтіген ел түп-түгел қырыққабат өсірген. Биылғы ерте көк­темнен бастап. Обал-ай, обал-ай! Бес теңгеден берсең де, қырыққабатқа қарай­тын адам жоқ қазір. Ауыл-аймақта. Алыс­тан келетіндер мұқым-мүлде көрін­бейді. Несиеге де ала­тын­­дар­ды табу қиын, − дейді Шәкең күрсініп. − Жоспарлы жұмысты һәм біржолата ұмытуға бол­майды екен. КӨКТЕМГІ КӨШЕТТЕР. Күз келер... Қайбір жылы сіздің тілшіңіз Манкент санаторийінде демалып жүріп, бір топ ақсақалдың ортасында Манасбай қария­дан сөз естіген. Оңай сөз емес-ті. − Осы сен, шырағым, тілбезерден жиі көрінесің, әжептәуір әңгімелер айтасың. Байқаймын, әкімшіліктің айналасында ай­налысатын қызметің бар секілді. Мен қай­ран қалам. Он алты аудан-қала түгелдей жыл сайын пәлен жүз мың, пәленбай миллион түп ағаш көшетін отырғыздық деп есеп беріп жатады. Солардың бәрі өсіп-өнгенде, осы күні облыстарың орманға айналып кететұғын еді. Көктемде отыр­ғызатын пәленбай миллион көшеттеріңнің бәрі дерлік қурап кетеді. Еккен көшетке емес, күзге жеткен көшетке есеп беретін тәртіпті неге енгізбейсіңдер?! − деп ұрысты Манасбай қарт таяғын безеп. − Ойбай, ақсақал, мен әкімдік жағында емеспін, тіл жағындамын ғой, − деп қашқақтағам сонда. Манасбай ақсақал орнынан атып тұрды. − Әй, тіл жағында болсаң, тілің бар екен ғой! Айтпайсың ба әкімқараларға?! − деп таяғымен ұра жаздаған. Биылғы ұлыстың ұлы күнінде, Әз-Наурызда облыстық дәстүрлі «Ырыс алды − ынтымақ» жиыны Мақтаарал ауданында, жер жәннаты Жетісайда өткен. Сонда Манасбай қарттың әңгімесін әсірелеп, әдемі­леп-ақ жеткіздік. Жұртқа. Облыс әкімі, аудандар мен қалалардың әкімдері, мәсли­хат­тардың хат­шы­лары, құқық қорғау ор­ган­дарының бас­шы­лары, «Нұр Отаннан» бастап, барлық пар­тия­лардың, басқа да алуан түрлі қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, жастар өкілдері, ардагерлер кеңес­терінің төрағалары, зиялы қауым − бар-баршасы қатысқан. Өкінішке қарай, биыл да мыңдаған, миллиондаған түп көшет отырғызылды деген есеп берілді. Көктемде. Көптеген аудандар мен қалаларда солардың жарты­сы­нан астамы, кей жерлерде тіпті түгел­дей дерлік қурап кетті. Жазда. Біз көктемде, сәуірдің ортасында Қанай­тау­дың баурайындағы Абай ауылында негізі қаланған шағын саябаққа тікелей куә болып ек. Міне, тамыздың басында әдейілеп келдік. Көрдік. «Абай паркі» деген жазуы жақ­сы. Ал көшеттер түгел дерлік қурап  кеткен. Мұндай көріністер қай-қай қала мен ауданнан да кездеседі. Көз алдымызға ашуланған Манасбай шалдың әлемтапырық кейпі мен тарғыл таяғы елестейді. «Айтпайсың ба, тілің бар ғой!» деп едіңіз. Айттық та. Мінекиіңіз, жазып та отырмыз, Манасбай көке. АЛАҚАНАТ. АЛАЯҚ. АЛАПАТ Құлбайшоқының етегін жиектеп Үлкен Көкбұлақ өзені ағады. Суы мүлдем азайыпты. Елуінші жылдардың соңына таман Қаратаудағы Бекі көлі құлап, алапат тасқын жасыл барқыттайын жағалауларды жыра-жыра жарлауыттарға, биік-биік жар­ларға айналдырып кеткен. Сол жарлардың реңін алуан түрлі құстар кіргізуші еді. Мінекиіңіз, шілденің соңында құс ба­зары қызып жататұғын Құлбайшо­қы­ның бау­райын аралап жүрміз. Киелі саналар көкқұс, құрқылтай, қарлығаш, нәурі­зек, кептер атау­лыдан түк те жоқ. Бәрінің ұя­ларын да, үй­лерін де, қуыстарын да ала­қанат, қоңыр­қош­қыл құс жайлап алған. Алақанат, алаяқ, аяр құс. Алапат құбылыс. Бұрын бұл өңірде, қала берді қазақ жерінде жоқ еді. Алпысыншы жылдардың ая­ғын­да пайда болды. Қырық шақты жыл­дың ішінде қыр­ғын көбейіп кетті. Қала­лар­да да, ауылдарда да, бауларыңыз бен тауларыңызда да тек сол құс сайран са­лады. Қараторғайды, қарлы­ғаш­ты, кө­гер­шінді, нәу­різекті түп-тұқияны­мен құртып бітірді. Қайда қарасаңыз да сол алақанат. Сол алаяқ. Қо­ңырқошқыл, қас­кү­нем құс, бетпақ бәлекет. Тоқсаныншы жылдардың соңына таман Тынымбай Нұрмағамбетұлы мен Жүсіпбек Қорғасбек сынды суреткерлеріміз осы қас­көй құс туралы керемет әрі қорқы­ныш­ты көркем әңгімелер жазған­тұ­ғын. Ғалым­дар мен мамандар арнайы зерт­теп-зерделеп жүр ме, жоқ па, бізге белгісіз. Бірақ, бар дүниені жымысқы, жыртқыш жаратылыс басып ба­рады. Жан-жақты, жоғарылы-тө­мен­ді жай­лап алған. Жүсіпбек пен Тыным­бай жазға­лы бергі кезеңде бұрынғыдан да бетер жетіліп, өңдене, өзгере түскен. Бүгін­де бұлар бұл­бұлша сайрайды, қараторғай мен қарлығаш секілденіп құйқылжыта әндетеді, нәурізекке ұқсап «сүт-сүйт, сүт-сүйт» деп қояды. Әсіре­леп, немесе әзілдеп отырған жоқпыз. Шын­ды­ғы осылай. Бар-барша қасиетті құстар­дың орнына жайла­нып, сайланып, орнала­сып, орнығып алған. Алақанат. Алаяқ. Алапат. Бүйте берсе, не болар екен... Күлесің. Кейде күрсінесің... Мархабат БАЙҒҰТ. Оңтүстік Қазақстан облысы.