Кореяның Инчхон қаласында бокстан Азия чемпионаты туын түсірді. Айтулы додағы қазақтың былғары қолғап шеберлері де барған. Ақжолтай ағайын! Екі жігіт алтыннан алқа тағынып, тағы екі азамат күмісті күлімдеп алып, бір спортшы қола медальмен елге оралды. Жасыратыны жоқ, біраздан бері құрлықаралық бәсекелерде бәсіміз төмен болып жүрген. Бұл жолы желбіреп барған ту, желбіреп қайтты.
Жартылай финалға қазақтың гүрзі жұдырықты бес жігіті жолдама алған. Олар: Ілияс Сүлейменов, Айдар Әмірзақов, Арман Рысбек, Рустам Сыбаев және Досжан Оспановтар болатын. Аталған жігіттердің арасынан Арман Рысбек қана жеңісті жолын жалғай алмай қалды. Қалғаны финалға алқынбай жетті. Сонымен – финал.
Алдымен шаршы алаңға 52 кило салмақ бойынша сынға түскен Ілияс Сүлейменов көтерілді. Оның қарсыласы қытайлық Ионг Жианг. Бірінші раундтың алғашқы секөнттерінен бастап Ілияс шабуылға басты. Соған қарамастан, қапталдағы төрешілер бірінші раундты тең деп санады. Есеп – 6:6. Сол сәттен-ақ төрешілердің кімге бүйрегі бұратыны анық болды. Екінші раундта Ілиястың екпіні басылып қалды. Бірақ төрешілер біздің жігітті бір ұпаймен алға шығарды. Бір соқыр үміт сол сәтте әлсіз ғана тұтанған. Десек те, жекпе-жектің соңында Жиангтың қолы көкке көтерілді. Сөйтіп, Сүлейменов күміс жүлдені қанағат тұтты.
Қазақ жігіттерінің қатысуымен өткен екінші кездесуде де қарсыласымыз қытайлық болды. Ол – Лю Джианг. Бұл кездесудегі көрініс те алғашқыдағыдай қайталанды. Осы айқаста біздің жігіт басым болды. Солайша, Айдар Әмірзақов қазақ қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды.
Келесі кезек 69 кило салмақ бойынша өнер көрсететін Рустам Сыбаевта. Оның бұл жолғы қарсыласы Қытайдың Қашқар аймағынан шыққан азамат. Бойы Рустамнан ұзын. Сондықтан арақашықтықты алшақ ұстап, алыстан соққы жасап жүрді. Соның нәтижесінде жеңіске жетті. Рустам Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Аса ауыр салмақта қытайлық алып Жанг Жилейге қарсы Досжан Оспан шықты. Жүрек жұтқан жігіт екен. Бұл кездесуде Досжан жеңді. 6:4 есебімен қытайлық қарсыласын қапыда қалдырды. Ал финалда Досжан ирандық Мәжит Абдол Сепахвандиді 18:13 есебімен ұтты.
Қыркүйекте бокстан әлем чемпионаты өтеді. Онда Лондон Олимпиадасына жолдама таратылады. Ұлттық құраманың бапкері Мырзағали Айтжанов бірінші нөмірлі боксшыларды жабудың астында баптап жатыр қазір. Сондықтан олардың бірде-біреуін Азия чемпионатына жіберген жоқ. Есесіне, құрамадағы екінші нөмірлі жігіттердің жолы ашылды. Сөйтіп, Инчхонда біздің қосалқы құрам өнер көрсетті. Нәтижесі жоғарыдағыдай. Бес азаматымыз жүлдемен оралды. Осыдан-ақ қазақ боксының қайта түлеп жатқанын көруге болады. Екінші нөмірлі жігіттердің өзі Азия құрлығында Қытай құрамасын ғана алдына жіберіп жалпы есепте екінші орынды иеленді. Бұл қуанарлық табыс.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда.
Суретте: Досжан Оспанов (сол жақта) пен Айдар Әмірзақов.